Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3828 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:58

Жарасбай Сүлейменов, Мәжіліс депутаты, жазушы: Мағжанның бойында біртұтас қазақ халқының рухы тұр

- Жарасбай Қабдоллаұлы, Мағжан мұрасын зерттеуді қашан қолға алдыңыз? Ақын өміріне тереңірек үңілуге не ықпал етті?
- Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев 1893 жылы 25 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысында дүние келгені белгілі. Әрине, оның аты көпке дейін қалың жұртшылыққа беймәлім болып келді. Өйткені ақынға қуғын-сүргін жылдары жала жабылып, 1938 жылы атылып кетті.
Мен 1972 жылы облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде жұмыс істеп жүргенімде бөлім бастығы, журналист Мұхаметқали Нұрғожиннің аузынан Мағжанның есімін бірінші рет естідім. Бірақ ол кісі әңгімені ширатып айтпайтын еді. «Кезінде осындағы педагогикалық училищеде Мағжан орыс тілінен сабақ берді» дейтін де қоятын.
Екінші рет тағы бір кездейсоқ оқиға болды. Жас кезім, отбасыммен жалдап тұрған үйдің келіні бір күні «Менің атам Мағжанмен бірге оқыған», - деді. Атасының есімі Бейсен еді. Бұл әңгіме мені біраз қызықтырды. Кейін Бейсен атадан «Сізді Мағжан Жұмабаевпен бірге оқыпты деп айтады ғой, рас па» деп сұрадым. Ол кісі көп сөйлемейтін, өте бір тұйықтау адам еді. «Иә, оқыдық қой», - деді де, ары қарай әңгімені жалғастырмады.
1988 жылы Мағжан ақталғаннан кейін маған сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) облыстық департамент төрағасының орынбасары, полковник Едіге Қайырбеков телефон шалды. Ол қысқа да нұсқа «Уақытыңыз болса, келіп кетсеңіз», - деді. Менің ол кісімен ешқандай таныстығым да, байланысым да жоқ. Аң-таң болып ертеңінде кеңсесіне келдім. Ол менімен жылы амандасып, орындыққа отыруымды өтінді. Алдында бір сарғайған іс жатыр екен. «Бұл - қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың ісі. Осыны бірінші рет мұрағаттан тауып алдық, ол әлі ешкімнің қолына тиген жоқ. Осы істі сізге ұсынайын деп отырмын. Іспен танысып көріңіз, халыққа Мағжанның шындығын жеткізудің мүмкіндігі туып отыр», - деді. Алаң көңілде барған мен Мағжанның ісін көргенде ерекше сезімде болдым. Не қуанарымды, не суық істі қарап, қайғырарымды білмедім. Әрине, бірден келісімімді бердім.
Ол мекеменің ішінен ешқандай құжатты алып шығуға болмайды, сонда апталап жүріп, өзіме қажетті жерлерін жазып алып, Мағжанның көп жағдайымен таныстым. №3881 істің оң жақ шекесінде «құпия» деген жазуы бар.
- Қай жылғы тұтқындалғандағы тергеу ісі?
- Екінші рет ұсталған кезіндегі құжаттар. Ал 1929 жылы Мағжан бірінші ұсталғанында 10 жылға сотталды. Карелия аралында болып келді. Ақынның жары Зылиқа шешейдің Карелиядағы Мағжанға 14 рет баруы ерлікпен тең әрі жарына деген шынайы махаббатын білдіреді. Кейін жазушы Максим Горькиймен танысып, оның әйелімен байланыс жасап, ақырында, Мағжанды мерзімінен бұрын босатып алды ғой. Мағжан елге келіп, Петропавлда аз ғана уақыт қызмет істеген. Жалғыз Мағжан емес, туыстарының бәрі қуғынға ұшыраған ғой. Бұл жағдайды елдің бәрі біле бермейді. Мағжанның әке-шешесі де, аға-інілері де, тіпті жамағаттары да қуғынға ұшыраған. Әкесі Бекеннің сол заманда дәулеттеріне сай салған үйлері болған, бәрін быт-шыт еткен, тіпті бұлардың зираттарын да жыртып тастаған ғой. Әкесі жиен келінінің үйін паналап, сонда қайтыс болған. Кейбір бауырлары Қырғызстанға және басқа әр өңірге бас сауғалап кеткен.
Мұғалімдер даярлайтын училищеде жұмыс істейді. Онда да оған маза бермейді. Жүрегінде шығамын деп жыр бұлқынып жатқан Мағжан Сәбит Мұқановқа хат жазып, Алматыға барғысы келетінін жеткізеді. МҚК-нің мұрағатында сол хаттың көшірмесі бар.
- Өз қолымен жазылған ба?
- Иә, Мағжанның өзі жазған және Сәбеңнің оған жазған хаты да бар. С.Мұқанов: «Енді дұрыс түссең, Үкімет пен партия сені қорғайды, қолдайды», - деп жазады. Содан ақырында 1937 жылы Мағжан Алматыға келеді. Вокзалда Сәбең қарсы алады. Ондай аласапыран заманда осындай бір қадамдар жасаудың өзі Сәбеңе де, басқа адамдарға да қауіпті болатын. Оны біз қазір сезінбеуіміз мүмкін. Ал шын мәнінде, ол оққа басын байлағанмен бірдей. Артынан оның зардабын Сәбең де көрді. Осы оқиғалар белгілі болып, сол кездегі билік Сәбеңді Жазушылар одағы басшылығы қызметінен алып, өзін партиядан шығарып, әуре-сарсаңға салды.
Сәбең Мағжанды вокзалда қарсы алады, амандасқан соң, «Енді қонақүйге ме, әлде менің үйіме барасың ба?» деп тұрғанда, Мағжан өзін Сәкен Сейфуллинге алып баруын өтінеді. Мағжан мен Сәкен екеуі кезінде Омбыда бірге оқыған ғой. Бірақ араларында бір түсініспеушілік болып, екеуі араздасып кеткен екен. Екеуі де қазақтың бір керемет азаматтары ғой. Екеуі де сұлу, екеуі де білімді, екеуі де ақын. Сол жайсыз жағдай Мағжанның көңілінен шықпай жүрген ғой. Сәбең ешқандай сөз айтпастан Сәкеннің үйіне алып барады. Амандасқаннан кейін Мағжан Сәкенге «Мені кешір, менен қателік болды», - дейді. Сонда Сәкен: «Жоқ, сенен қателік болған жоқ, сен кешірім сұрама, уақыт өзі оның бәрін орын-орнына қойды, сенің кінәң жоқ», - депті. Сөйтіп, екеуі қайтадан тбысып, біріне-бірі қамқорлық жасап, Алматыда тұрып жатады. Ол кезде Мағжан төселген қаламгер, тұрақты жұмысы жоқ болса да, біраз дүниелерді аударуға қатысады. 1937 жылы ең нәубетті қуғын-сүргін басталып, бәрінің де басына бұлт үйіріледі.
- Қазақтың асылдарын жаппай тұтқындаудың басталған кезі ғой.
- Иә, күнде біреуін ұстап әкетіп жатады. Өмірдің өзі бейберекет болып кетеді, Мағжан да ұсталып, содан кейін атылған... бар болғаны 44 жасында...
Қазір халыққа Мағжанның аты мен жазған жырлары ғана бұйырып отыр. Әйтпесе оның қабірінің де қайда екенін білмейміз. Мағжан туралы айтқанда, тоқталмай кетуге болмайтын бір жайт бар. Ол да ерте ақталуы тиіс болған ғой. 1959 жылы Мағжанды саяси жағынан ақтайды. Содан кейін комиссия құрады. Ол комиссияға ақын, Жазушылар одағының хатшысы Әбділдә Тәжібаев жетекшілік етеді. Олар МҚК-нің сұрауы бойынша Мағжанның жырларына талдау жасап, оған теріс қорытынды береді. Бұл да Мағжанның халыққа ерте оралмауына бір кесірін тигізген жай. Кейіннен Әбділдә Тәжібаев 1988 жылы Мағжанның алғашқы жыр жинағының алғысөзін жазды. Сонда өзі мойындап: «Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да кешірілмейтін күнәсі» деп жазды. Кеш те болса өзінің қателігін түсінген Әбділдә Тәжібаевты да кінәлаудың қажеті жоқ шығар.
- Оған бүгінгі заманда тек қана түсіністікпен қарау керек дейсіз ғой?
- Иә, солай бағалағанымыз жөн. Мұхтар Әуезов Мағжанның көзі тірісінде, ол қуғын-сүргінге түсіп жүргенде өз ойын жаза білген ғой. Мұхаң қазақ ақындарынан Абайды сүйетінін айтып келеді де: «Мағжан - мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай... бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі», - дейді. Өткен ғасырдың 1927 жылдары осындай сөз айтқаны Мұхаңның көріпкел, ғұламалығы емес пе?!
- Ұлы жазушының ол пікірі сол кезде газетке шықты емес пе?
- Иә, 1927 жылы «Лениншіл жас» газетіне «Мен Мағжанды сүйемін» деген тақырыппен шыққан. Өз заманында Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның еңбектерін, жырларын әдеби тұрғыдан талдап, оның құндылығын ашып берген.
Мағжанның қайта оралуына көп еңбек сіңірген адамдар бар. Соның бірі - қарағандылық жазушы Жайық Бектұров.
- Ол да жазықсыз абақтыға жабылған азамат қой?
- Иә, ол да қуғын-сүргінді, зорлық-зомбылықты көп көрді. Ж.Бектұров алғаш рет 1928 жылы Мағжанмен Бурабайда кездескен екен. Қарағанды облысындағы Қазақстан Жазушылар одағының аймақтық бөлімшесін басқарды. Осы кісі Мағжанның ақиқатын ашуға көп еңбек сіңірді. Алматыда жағдайы қиындау болған соң, Зылиқа шешей Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келеді. Жайық аға оны тауып алып, кімдерге қалай хат жазу керек екенін үйреткен ғой. Содан Башқұрттың ақыны Сайфи Құдашқа да хат жазып, Мағжанның ақталуына ықпал етуін сұрайды. Соған орай, С.Құдаштың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жазған хаты бар. Ол 1969 жылы "Қазақ әдебиеті" газетіне жарияланған. Бірақ ол хат аса көп қозғау сала алмады. Дегенмен ол да бүгінгі ұрпаққа сол кездегі жағдайдың шырқыраған бір шындығы болып қалды.
- Зылиха апаймен кездесіп, сөйлесе алдыңыз ба?
- Мен ол кісімен бертін келе бірнеше рет кездестім. Мен МҚК-нің мұрағатындағы құжаттарды көргеннен кейін біржола Мағжанды зерттеу қажет екенін түсіндім. Ол кезде Мағжан туралы ақпараттың өзі аз еді. Мағжанның Бибізайып деген жиен келіні болған. Мен онымен де көзі тірі кезінде кездесіп, бірнеше рет сұхбат алдым. Мағжанның Қаһарман деген ағасынан туған Ғаділша деген Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат болған. Ол да Мағжан туралы көп мағлұматтар жинап, ізденіп, ақынның атын халыққа қайтаруға көп еңбек сіңірді.
Мағжанды көрген тағы бір адам - ақын Хамза Абдуллин. Ол Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһангез» деген поэмасын аударып, аты шыққан ақын. Х.Абдуллин соғыс кезінде тұтқында болып, көп жыл түрмеде отырып келген. Мағжан ұсталып кеткенге дейін кездесіп тұрған, бірнеше рет үйінде болған.
Оны көрген адамдар Мағжанның сұлу келбетін, жүзінде бір мейірім болғанын, шашы бұйра екенін айтатын. Бірақ кейбіреулер оны тәкаппар болған, өзін басқалардан жоғары қоятын еді дейді. Шын мәнінде, Мағжан кәдімгідей жаны бір жібектей үлбіреген таза адам болған.
- ХХ ғасырдың басында шәкірттерге орыс тілінде дәріс беруі ғажап қой!

<!--pagebreak-->
- Мағжан дәулетті адамның баласы болған соң, Омбыда оқыған. Әуелі 1912 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіреді. Медреседе оқып жүргенде ондағы мұғалімдері оның бойындағы қасиетін байқап, Омбыға баруға кеңес береді. 1914 жылы Мағжан Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарға оқуға түседі. Әкесі оны мұғалім, болмаса ақын ретінде көргісі келмейді. Бұл арада Мағжанды Шоқан Уәлихановпен тағдырлас деуге болады. Екеуі де әкелерімен тіл табыса алмаған. Мағжан «Мен оқу оқимын, Омбыға барамын, өлең жазамын, ақын боламын» дегенде, оған әкесі қарсы болған. Әкесі оны сауда-саттықпен айналыстырып, өз маңайында ұстағысы келеді, үйлендіреді. Мағжан жас әйелі Зейнепті ауылда қалдырып, Омбыға кетіп қалады. Алғашқы әйелінен жалғыз ұл туады, оның атын Граждан деп қояды. Граждан бір жасқа толмай қайтыс болады.
Бастапқыда Қызылжарда медреседе оқып жүргенде, Мағжан Ермек Серкебаевтың әкесімен бірге оқиды. Сол кезде екеуі ауылға атпен келіп жүреді екен. Ол кезде әкесінің Сәрсенбай деген атқосшысы болады. Ол асығады, ауылға тезірек жеткісі келеді. Сондай сәттерде «Айда атыңды, Сәрсенбай!» деген өлең жазып, жұртқа оқып береді. Ол біреуге айтылған арнау емес, елге деген сағыныш, алып-ұшқан жүрегінің лүпілі іспетті өлең. Сол сияқты «Сасықкөл» деген өлеңі бар. Ол Мағжанның туған жеріндегі көл, соның жағасында балалық шағы өткен. Өлеңде Сасықкөлдің жағасындағы өмірді суреттейді.
Мағжанға ғашық болған нәзік жандылар өте көп болған. Өзінің үйленген алғашқы жары, одан кейін Петропавлда педагогикалық колледжде сабақ беріп жүргенде Гүлсім деген арумен танысады. Оның «Гүлсім ханымға» деген өлеңін жақсы білесіз. Содан кейін өмірінде тағы бірнеше арулармен кездескен. Зылиха шешей де кезінде өте сұлу, оқыған адам, байдың қызы болған. Екеуі қосылғанмен, Зылиха шешейдің өз аузынан талай естігенім, бақыттары баянды болмай, көп қиындық көреді. Бірақ ол өмірінің аяғына дейін Мағжанды жүрегінде аялап, оның жырларын іздеумен өтті.
- Мағжанның халыққа жетпей қалған жырлары да көп пе?
- Аз емес сияқты. Өйткені ол кездері қорқып, кейбір жырларын жоқ қылып жіберген. Мұрат Әуезовтен естіген бір әңгімем бар еді. Зылиха шешей Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитқызымен араласып тұрған екен. Фатиманың жолдасы Ілияс Жансүгіров те ұсталып кеткен, сосын бұлар мұңдасады, кездеседі. Бұл кезде Мұрат Әуезовтің кішкентай кезі болу керек. Талай рет көріп, әңгімелерін тыңдап, аялдамаға шығарып салып жүреді екен. Кейін Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменов және Ғаббас Қабышұлы бірлесіп, Мағжанның жиналған жырларын түптеп, аз ғана таралыммен кітап етіп шығарған екен.
- Жасырын шығарған ба?
- Иә, жасырын. Әйтпесе бастары кетеді ғой. Ол кітапты біраз адамдар оқыпты. Мұрат: «Егер сол кезде Мағжанды оқыған адамдардың саны көп болса, онда біздің Қадыр, Тұманбай сияқты ақындарымыз көп болар еді», - деді. Оның себебін сұрағанымда, «Олар Мағжанды оқыды» деп жауап берді. Мағжанды оқыған ақындар мол рухани байлыққа кенелген, сыршыл ақынның үлкен бір мектебінен тәлім алған.
- Сіз Мағжан ісімен таныстыңыз. Ақынды тұтқындаған кезде қолжазбаларының бәрін алып кетеді емес пе? Сізге қолжазбалары кездескен жоқ па? Немесе МҚК-нің мұрағаттарында болған жоқсыз ба?
- Мен МҚК-нің негізгі мұрағатында болған жоқпын. Бірақ Едіге Қайырбековтің айтуына қарағанда, менің қолыма тиген іс Алматыдан келген құжат екен. Ол кәдімгі қылмыстық іс, басқа ештеңе жоқ. Ал жұрттың аузында Мағжанның еңбектерін тәркілеп, жоқ қылып жіберді деген сөз бар, бірақ менде оны дәлелдейтін нақты дерек жоқ.
Зылиха шешейдің естеліктеріне сүйенсек, Мағжанды соңғы рет тұтқындағанда Лесная көшесіндегі №89 үйде тұрғанда екі кісі келіп алып кеткен. Жазушы Дүкенбай Досжан кезінде «Мағжанды өлтіргендер» деген деректі хикаят жазды, бұл мәселе сонда айтылады. Бірақ тағы бір ескеретін жайт, Мағжанның жырлары алғашқы рет сотталып кеткеннен қайта оралғанға дейінгі аралықта он шақты жыл үзіліп қалады. Ақын қандай жағдайда жүрсе де, өлең жазбауы мүмкін емес деп ойлаймын. Соған қарағанда, оның осы кезеңде жазған өлеңдері қолды болған сияқты, не мұрағатта жойылды, не болмаса туыстары қорыққаннан өртеп жіберген болуы ықтимал.
- Алдағы уақытта Мағжан жырлары табыла ма? Бір жерлерде, мұрағаттарда қалуы мүмкін бе? Ақын мұраларын қай жақтардан іздестіруге болады?
- Негізінен, Мағжан еңбектерін Омбының мұрағаттарынан іздестіру керек. Біздің жерлес азаматтар «Асыл мұра» мәдени орталығын құрып, көп жұмыс істеп жатыр. Ізденіп, ақынның кітаптарын шығарып, өлеңдерін тауып алып, халыққа жеткізуде. Бірақ олардың да қолына Мағжанның түскен еңбектері шамалы. Мағжан шығармаларын Мәскеуден іздестіріп едім, бірақ таба алмадым. Ол Мәскеуде оқыды, қызмет істеді. Мәскеудегі өмірі туралы көп деректер жоқ. Мағжанның еңбектері Омбы мен Мәскеуде ғана болуы мүмкін. Ал алғашқы Уфадағы өткізген жылдары жазған жырлары аз шығар, ол жас шағы, өлеңді жаңа бастаған кезі еді.
- Мағжанның өлеңдерін кейбіреулер пайдаланды деген әңгімелер айтылады. Осы рас па?
- Ондай әңгімені менің де құлағым шалған. «Мағжан неге жарыққа ерте шықпады, неге ерте ақталмады» деген сұрақтар қойылғанда, «Оның еңбектерін пайдаланып кеткен адамдар оның ақталуына қарсы болды, кедергі келтірді» деген уәжді естіп жүрдік. Мен әдеби үлкен ортада жүрген, тура сөйлейтін азаматтардың бірі - Мұрат Әуезовтен сол жайында сұраған едім, ол: «Иә, ондай сөз бар. Бірақ қазір қайтеміз оны қозғап, болған іс болды ғой. Кімнің ондайға барғанын сол адамдардың өздері біледі», - деді. Бұл әңгіме шындық деп ойлаймын.
- Адалдық пен адамдықтан аттағандар енді Мағжан шықпайды деп көшіріп басқан шығар?
- Иә, енді өзіңіз де ақынсыз ғой. Мысалы, өлеңді тіпті көшірудің де қажеті жоқ. Өлеңнің мазмұнын, идеясын, басқа да қасиеттерін үзіп-жұлып пайдалануға болады ғой. Ертеректе біреу Мағжан мұрасы халықпен қайта қауышады десе, оған ешкім сенбес еді. Мағжан бір өлеңіңде «Менің шырағым сөнбейді, мен халыққа қайта ораламын» деп айтады ғой. Сол айтқан сөзі келіп отыр ғой.
- Мағжан мұраларының қайтадан жандануына сіз біраз үлес қосқан екенсіз. Жақында шыққан "Мағжан әлемі" жинағын шығаруға кімдер атсалысты?
- Мағжанды халық әлі толық танып үлгерген жоқ деп ойлаймын. Оның қайта оралуы елдің өміріндегі бір қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Өйткені 1990 жылдары біздің экономикамызда, елдің қоғамдық өмірінде де күрделі жағдайлар орын алды. Сондықтан Мағжанның алғашқы еңбектерін құрастырғанда таралымы аз болды. Одан кейін ақын Бақытжан Қанапиянов орысшаға аударып «Пророк» деген кітап шығарды. Оның да таралымы көп емес.
Біз бертін келе Мағжан жырларын орыс тілінде шығарайық деген ойға келдік. Мәскеуде «Мудрость веков» деген серия шығады. Оған бізден Абай мен Жамбыл жырлары енген. Ондай еңбектерге ресейліктер өте жоғары талаппен қарайды. Сол серия бойынша шығаруға Мағжанның орысшаға аударылған өлеңдерін ұсынған болатынбыз. Бірақ олар «Не Мағжан сіздер айтқандай ұлы емес, не аударманың сапасы төмен шығар» деп ақын мұрасын дұрыс қабылдамады. Содан кейін біз ойлана келіп, ғалым, ақын, философ Әуезхан Қодарға бардық. Ол жақсы аудармашы, Абайды тәржімалаған, басқа ақындардың шығармаларын да аударып жүр. Ә.Қодардың аудармасымен Мағжан кітабы Мәскеуден шықты. Оқыған жұртшылық жақсы бағалады. Оны құрастырған әдебиет зерттеушісі, Абай мен Жамбылдың еңбектерін шығарған, сосын Абай мен Пушкиннің шығармаларын жариялаған әдебиетші-ғалым Сәуле Әмірханқызы Мансұрованың еңбегі зор.
Мағжанды халық танысын деген ниетпен сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұровтың қолдауымен біз облыста 5 мың дана таралыммен қазақ және орыс тілдерінде Мағжанның екі кітабын шығардық. Ол жинақта ақынның жырлары жарияланды, Мағжан туралы жазылған еңбектер сұрыпталып енгізілді және жергілікті ақындардың Мағжанға арнаған өлеңдері берілді. Өткен жылы Мағжан туралы «Сөнбейтін шырақ» деген шағын кітап шығардым. Былтыр Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдығы жергілікті жерде жақсы аталып өтті ғой. 2007 жылы «Мағжан» әдеби көркем журналын жарыққа шығардық.
1988 жылдан бері Мағжан туралы көп адам жазды. Біздің білгір ғалымдарымыз, әдебиетшілер мен ақындар осы іске атсалысты. Мысалы, Шериаздан Елеукенов, Кәкімбек Салықов, Қадыр Мырза Әлі, Ұлықбек Есдәулет, Тұрсынбек Кәкішев, Мұзафар Әлімбаевтың мақалалары белді-белді басылымдарда жарияланды. Бірақ олардың көбі газетке, журналға шықты. Оның бәрі қазір қолда жоқ қой. Мағжанның тұтастай бейнесін ашатын бір кітап құрастырсам деген ойға келдім. Соның сәті туып, биыл Алматыдағы "Алтын кітап" баспасынан "Мағжан әлемі" деген кітапты құрастырып шығардық. Мұнда Мағжан туралы білгісі келетін адамға мол мағлұмат бар. Әбділдә Тәжібаевтың да мақаласын енгіздік. Ғалым, жазушы Бейсенбай Кенжебаевтың Кеңес заманында жазған өте бір құнды еңбегі де бар. Сол сияқты Рымғали Нұрғали, Серік Негимов, Темірбек Қожакеевтің мақалалары осы жинаққа енді. Бұл жинақты кітапханаларға, оқу орындарына таратып береміз деп отырмыз.
- Аға, үш-төрт жылдан кейін Мағжанның 120 жылдық мерейтойы келе жатыр. Соның қарсаңында қандай мәдени шаралардың атқарылғаны дұрыс деп ойлайсыз? Мысалы, өзіңіз білесіз, біздің елімізде Абай оқулары, Пушкин оқулары бар, бірақ Мағжан оқуы бар деп ести қойған жоқпын.
- Иә, Мағжанның оқуы жоқ. Мағжанды дәріптеп жатқан тек солтүстік облыс қана. Есіңізде болса, мен өткен жылы Мағжанға байланысты бір депутаттық сауал жасаған болатынмын. Онда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға «Мағжан туралы неге фильм түсірілмейді? Мағжанның кітаптары неге көп таралыммен шығарылмайды?» деп жазған едім. Мұхтар Абрарұлынан жақсы жауап келді. Министр ақынның есімін мәңгі есте қалдыру үшін Сарытомар ауылында М.Жұмабаевтың жеке мұрағаты ашылғанын, Мағжан туралы деректі фильм түсіру мәселесі 2009 жылы «Мемлекеттік ақпараттық саясатты өткізу» бюджеттік бағдарламасы аясында қарастырылатынын жазған еді. Мүмкін, соның да септігі шығар, осы үшінші жыл бір жақсы дәстүр қалыптасып отыр. Астанадағы Ұлттық кітапханада «Бір кітап - бір әлем» деген акция өтіп келеді. Биылғы жыл Мағжанға арналды. Ұлттық кітапханада үлкен бір шара өтті. Соған қарағанда, оқырманның, халықтың беті Мағжанға бұрыла бастаған сияқты.
- Осындай шараларды көбірек өткізу керек қой.
- Әрине. Өйткені Мағжан көптің бірі емес, ол - әдебиетке үлкен құбылыс әкелген ақын. Мағжанның бойында біртұтас қазақ халқының рухы тұр. Мағжанның күрескерлігі мен ойшылдығы, ақындығы мен білімі, ақынның толып жатқан қасиеттері қазіргі ұрпағымызға бұйырса, онда біздің елімізді ертеңгі күні аспанға көтеретін сол ұлы күш болар еді деп ойлаймын.
- Жарасбай аға, танымал ақын-жазушылардың атында көше, мектеп, елді мекендер бар. Ал Мағжанның атында қанша дегенмен аздау секілді. Жаңа сіз айтып отырған туған жеріндегі Сасықкөлді, мүмкін, келешекте «Мағжан көлі» деп өзгертсе, қалай болар еді? Ол халықтың құлағына жағымды естілер еді.
- Дұрыс айтасыз. Иә, көлдің атауы білмейтін адамдарға теріс әсер етеді. Айтуыңыз өте орынды. Мағжанға қандай жердің атын берсе де көп емес. Ақынның туған жерінде Мағжан атында аудан бар, оның атында көше де, оқу орны да бар. Мағжанға қойылған ескерткіштер бар. Сасықкөлді Мағжанның атымен атаса, ешкім оған қарсы болмас еді. Ол - орынды тілек. Бірақ біз тек туған жерімен шектеліп қалмауымыз керек қой. Көкейде жүрген бір арман - Мағжанның ескерткіші Астанада да болса ғой, шіркін! Елордада Мағжан атында шағын көше бар. Астана мен Алматыда, басқа қалаларымызда оқу орындарына, өнер ұйымдары мен театрларға немесе кітапханаға сыршыл ақынның атын берсе, халық құптарлық іс болары анық.
Мағжанды айтқанымыз - қазақты, адалдықты, ерлікті, өршілдікті, елжандылықты насихаттағанымыз, халқымыздың өнерін көкке көтергеніміз. Менің Мағжан туралы бір энциклопедия құрастырсам деген ойым бар. Біраз материалдар табылды, әлі де жинақтасам деп жүрмін. Жазылған дүниелер аз емес, бірақ соны қарап отырсаңыз, көп жерде сәйкессіздік бар. Ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген деректер болмауы керек. Ұрпаққа нақты елеуіштен өткен, дәйектелген дүниелер қалғаны абзал. Бұл бастаманы біраз азаматтар да қолдап жатыр. Мағжан энциклопедиясын шығарсақ, елдігімізді танытар едік.

 

 

Айбатыр СЕЙТАҚ, Астана

«Айқын» газеті, 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593