Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2821 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:55

Неміс күйеу бала бес уақыт намаз оқиды

 

 

...Тағдырдың тәлкегімен алты жасында балалар үйінің босағасын аттауға мәжбүр болған Геннадий Франкпен мені әңгіме-дүкен құруға жетелеген жайт, оның ұлты неміс бола тұра, дәстүрлі ислам дінін қабылдап, мұсылманның бес парызын бұлжытпай орындауы еді. Әрине, қазақ жастарының кейбірі жат пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан қазіргі жағдайда балалар үйінде тәрбиеленген неміс жігітінің дәстүрлі исламды қабылдауы естіген кісіні бейжай қалдырмасы кәміл.
- Тоқсаныншы жылдардың ел-жұртқа қиын тигенін ұмыта қоймаған шығарсыз. Мекеме-кәсіпорындарда жаппай қысқарту, айнала жұмыссыздық, жұмысы барлардың өзі бірнеше айлап жалақыларын ала алмай ұнжырғылары түсіп жүрген кез. Сол кездері маған ел ішін экономикалыққа қоса, идеологиялық дағдарыс та кезіп жүргендей әсер қалдырды. «Өйту керек, бүйту керек!» деп өзеурейтін көсемсымақтар көп. Кімге сенеріңді, кімді пір тұтарыңды білмейсің. Сондай күндердің бірінде жолдас жігіттің үйінде кітап сөресінен Ю.Крачковский аударған Құранды алып, көз жүгірте бастадым. Қасиетті кітап санамды сәулелендіріп, бірден баурап ала жөнелді. Адам баласының алдынан шыққан қиындық та бір сынақ, сабыр сақтап, ақылмен харекет қылған адам қиындық-кедергіні еңсеретінін, ақ сөйлеп, адал жүргеннің жолы ашылатындығын Құран сөздері маған бірден ұғындырғандай болды, - дейді бүгіндері Гена мұсылман. Үйіндегі ата-анасы «Тәк-тәк!» деп отырғанның өзінде түзу жолдан тайқып кетіп жататын ұл-қыз аз емес. Ал бейнелеп айтқанда, «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» балалар үйі түлегінің тура жолды дәл табуы, біреулерге кездейсоқтық болып көрінуі де кәдік.
- Менің өмір жолымда жақсы адамдар көп жолықты. Әсіресе балалар үйіндегі ұстаздарым - Луиза Георгиевна, Мәлік Ғафуретұлы, Анатолий Иванович менің дүниетанымдық көзқарасымның қалыптасуына игі әсер еткен шуақты жандар. Мен бұл кісілермен әлі де хабарласып, амандық-саулықтарын біліп тұрамын. Бозбала кезімде грек-рим күресімен шұғылданғаным бар. Сол кездегі бапкерім Николай Вячеславович те менің оң-солымды танып, ақ-қараны, яки жақсы-жаманды айыруыма көп ықпал етті, - деді сөз арасында біздің кейіпкеріміз.
Бүгіндері Геннадий Франк - жоғары білімді заңгер, фармацевтикалық бағыттағы «Алуа» компаниясының біздің облыстағы ресми өкілі. Осыдан 10 жыл бұрын өзінің досы Болаттың қарындасы Жанармен көңілдері жарасып, шаңырақ көтеріп, ақ некелерін мешітте қиғызған Гена бүгіндері бір ұл, бір қыздың әкесі. Жарасымды отбасының бүгіндері қажетті жиһазы жеткілікті жанға жайлы пәтері бар. Ал отағасының тақымында шетелдік темір тұлпар. Әрине, отағасы балалар үйінің түлегі болып табылатын отбасы мұндай игілікке бірден жете қойған жоқ.
- Ретті жерінде айта кетейін, біздің отбасының түтіні бірден түзу ұшуына Жанардың анасы Айсұлу апа (бүгінде марқұм) әп дегеннен мүдделілік танытты. Мәселен, ол кісінің ұйытқы болуымен Жанардың тума-туысқандарының тойдан кейін біз жалдаған пәтердің ақысын жарты жылға алдын ала төлеп қоюы, жас отбасыға үлкен демеу болды. Дегенмен үйленгеннен кейін бір мамандықтың майталманы болмасам, өмірден өз орнымды түбегейлі таба алмайтыныма анық көзім жетті. Сол себепті БҚМУ-ға сырттай оқуға түсіп, 2007 жылы заңгердің «қызыл» дипломына қол жеткіздім. Оңай болған жоқ, әрине. Отбасын асырап, әрі өзімнің, әрі келіншегімнің оқуының ақысын төлеу үшін сол жылдары үш жерде жұмыс істеуіме тура келді. Сондай қиын сәттерде Жанар нағыз шығыс әйеліне тән шыдамдылық, пайым-парасат таныта білді. Ұл-қызыма аналық мейірімін төгіп, отағасының алдынан кесіп өтпейтін жұбайым менің шаңырағымның шамшырағы. Ол да исламның барша талабын бұлжытпайтын шынайы мұсылман, - деді сөз арасында Г.Франк.
Иә, араға жылдар салып адал еңбек пен ізденістің һәм ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығының арқасында қазақ қызы мен неміс жігіт бүгіндері кісі қызығатындай отбасыға айналды. Ең бастысы, Гена мұсылманның шаңырағында қасиетті дініміз исламның қағидаларына негізделген ынтымақ мығым. Ал ынтымаққа әуелден ырыс үйір.

 

 

Бауыржан Ғұбайдуллин, Орал қаласы

«Айқын» газеті, 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір