Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3798 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 07:25

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. Сұлулық құпиялығымен құнды…

 

...Ұзақ та ұлы жорыққа аттанған Ақсақ Темірдің нақсүйері Бибі ханым әміршісінің жолын сарыла күтеді. Ханды жалғыз иемденуге Алладан жәрдем тілейді. «Аллаға ісім жақсын» деп, хан келгенше жер жүзінде жоқ сұлу мешіт салдырмақ болады. Жұрттан асқан шеберді іздегенде ханның бір бегі тұтқын арабты тауып береді. Бибі ханым шеберге: «Өнеріңді көрсетіп, көңілімнен шығатындай мешіт сала алсаң, басыңды азат етемін» деген шарт қояды.

 

...Ұзақ та ұлы жорыққа аттанған Ақсақ Темірдің нақсүйері Бибі ханым әміршісінің жолын сарыла күтеді. Ханды жалғыз иемденуге Алладан жәрдем тілейді. «Аллаға ісім жақсын» деп, хан келгенше жер жүзінде жоқ сұлу мешіт салдырмақ болады. Жұрттан асқан шеберді іздегенде ханның бір бегі тұтқын арабты тауып береді. Бибі ханым шеберге: «Өнеріңді көрсетіп, көңілімнен шығатындай мешіт сала алсаң, басыңды азат етемін» деген шарт қояды.

Содан бастап-ақ бейнеусіз тас пен балшық заматта дуал болып өсіп, көркем мешіт бой көтеріп келе жатады. Бірақ ойламаған жерден ханымға ғашық болып қалған жас жігіт бітуге сәл-ақ қалған мешіт жұмысын кенеттен күрт тоқтатады. Мәнісін сұраған ханымға: «Cүйгенімнің сүйгеніне бола мешіт соққым келмейді» деп шынын айтады. «Сонда менен не тілейсің?» дегенде, «Ерніңнен бір сүйгізсең, болды» дейді. Ұзақ айлар бойы аңсап, шөліркеп, Ақсақ Темірді ғана күтіп жүрген ханымға бұл қорлық болып көрінеді. Дегенмен қанша дүре соққызып, таяққа жыққызса да, жігіт бастапқы сөзінен танбайды. Содан «мешіт бітпей қалса, ханның махаббатынан айырыламын ғой» деп қауіптенген ханымның ойы сан-саққа жүгіреді. Дегеніне көнбесе, жігіттің мешіт құрылысын аяқтайтын түрі жоқ. Ханым «мешіт бітпесе, ханның махаббатынан айырыламын» деп қорқады. Сондай-ақ «шебердің көңілін тапқанымды хан біліп қойса, не болады?» деп те ойлайды. Онда, әрине, хан әйелдің басын алады. Бірақ Бибі ханым ажалдан бәлендей қорықпайды. Өйткені, оның ойынша, «махаббат қуанышымен салыстырғанда өмір соншама қымбат нәрсе емес». Сөйтіп, шебердің шартына көнеді. Шебер де сөзінде тұрып, хан келерден бір күн бұрын көздің жауын алардай керемет сұлу мешітті дайын етеді. Риза болған ханым жігіттің басына азаттық беріп, сый-сияпатымен ырғап-жырғап жөнелтеді. Бірақ артынша айнаға қараған ханым үлбіреген ұртында жігіт ернінің ізі қалғанын көреді. Содан ары ойланып, бері ойланып, қылмысын жасыру үшін бір айла табады. Әміршісінің болат білегімен бауырына қысқанын аңсаған әйел тым болмаса бір түнге бетімді көрсетпеуім керек» деп ұйғарады да, бүкіл шаһарға: «Әйел біткен бетіне перде тағып жүрсін. Жүзін көрсетіп, еркекті қызықтырып, аздырмасын. Өйткені еркектің ойы әрдайым қасиетті, зор жұмыста болуы керек» деген жарлық шашады. Бибі ханым дегеніне жетеді. Сүйгенін құшып, құмарынан шығады. Қылмысын біліп қойған Ақсақ Темір артынша мешіт мұнарасынан құлатуға әмір еткенде де жымиысын еш жоғалтпайды...

...Жүсіпбек Аймауытовтың «Пәренжі ертегісі» атты әдеби мұрасының қысқаша мазмұны осылай өрілетін-ді. Бұл - әрине, жай тәмсіл. Дегенмен жүрегі қаламай тұрса да, ерінің махаббатын, сүйіспеншілігін иелену ниетімен ғана күнәға барған әйелдің осы қылығы қылмыс па? Бірақ ол мешіттің өзін аса бір діндарлықтан емес, «Ісіме Алла жақ болсын, сүйгенімді жеке дара иеленуге жәрдем етсін» деген мақсатпен салғызды. Яғни нәпсіге құл болды. Шайтанның азғыруына ерді. Ал қасиетті ислам нәпсіқұмарлықтың қай түрін, қандай көрінісін болса да құптамайды. Иманы әлсіз пенденің жолдан тез таятынын тәпсірлей отырып, соған себепкер болатын кез келген көріністің алдын алуды міндеттейді. Және бұл орайдағы көп мәселенің әйел затына келіп тірелетінін ұқтырады. Дінтанушыларға жүгінсек, «сол себепті де Құранда еркектерге арналған арнайы сүре жоқ, ал «Әйелдер» деген сүре бар».

Қарапайым түсінікке салып қарасақ, адам жақсыны да, жаманды да ең әуелі көзбен көреді. Күнәға ең бірінші итермелейтін де - көз. Сондықтан әйелдердің сырт көзді еліктіріп, жолдан таюға итермелейтіндей қылықтардан аулақ болуын ескерткен дініміз оларға бүркенуді бұйырды. Яғни Аймауытов кейіпкері айтпақшы, әйел ашық-шашық жүріп, еркекті қызықтырмауы, көңіліне құрт түсірмеуі тиіс. Сайып келгенде, әйел затының пәренжі жамылу, хиджаб кию үрдісі тап осы мақсаттан туындағаны бүгінде екінің біріне аян. Және мұндай киім үлгісіне көшкен әпке-сіңлілеріміздің көбейе бастағаны да шындық. Діни үгіт-насихаттың құлағымызға сіңіп, көңілімізге қона бастағанынан болар, қазір мейлі көшеде, мейлі кеңседе болсын, омырауын, арқасын ашып, санын жалтыратып жүретін қыз-қырқынға жұртшылық шайтан көргендей шошына қарайтын болды. Жалпы, әйел затының жартылай жалаңаштануының көзге соншалықты ерсі көрінетіндігі - дінімізге қайшы екендігі өз алдына, бұл әдеттің қазақ мәдениетіне мүлде тән еместігінен де. «Қызға - қырық үйден, қала берді, қара күңнен тыйым» деген қағиданы берік ұстанған халқымыз қашаннан-ақ әйел затының тәрбиесіне үлкен мән берген. Қыз бала бөріксіз, тақиясыз, ал әйел адам кимешексіз жүрмеген. Жағасы жинақы, етек-жеңі ұзын көйлек киген. Сол дәстүрге адалдықтан болар, «Қыз Жібек» фильміндегі бір эпизод кезінде қатты сынға ұшыраған жоқ па? Яғни Төлеген мен Бекежанның жекпе-жекке бел байлағанын естіген Жібектің киініп те үлгерместен, жанұшырып жеткен сәтіндегі ішкөйлекпен тұратын тұрысы көп адамның жағасын ұстатқан. Теледидардан қазіргі беріліп жүрген кинолардағы әдепсіз көріністерді, кейбір бағдарламалардың жүргізушілері мен қонақтарының келеңсіз киім киісін көрген адам Қыз Жібектің сол тұрысымен жылап көрісері күмәнсіз.

Бұл ретте, бәрі адамның өз санасына, тәрбиесіне байланысты. Бірақ өмір - жалған, өлім - хақ. Және әркім фәнидегі іс-амалдары үшін бақи дүниеде жауапты болмақ. Бұл - менің шығарғаным емес, қасиетті Құран сөзі, ұлық Пайғамбар өсиеті...

Ойтамызық
Ұлттық киім үлгісі дегеннен шығатын бір ой - бізде әлі де мұсылман қазақ әйелінің бейнесі қалыптаспай отыр. Мысалы, хиджабты көп адам қабылдай бермейді. Ата дәстүрін қастерлейтін жандар үшін мұның тіпті «арабтарға еліктеу», «жат мәдениетке бас ұру» іспетті болып көрінетіні рас. Сондықтан хиджабтың орнына кимешек кию үрдісін қалыптастырсақ, қандай ғанибет болар еді! Әрі қазақы, әрі шариғатпен де үндес. Себебі әйел затына бүркенуді бұйырған ислам дінге қайшы келмеген жағдайда ұлттық киім үлгісінен бас тартуға міндеттемейді...

 


Роза РАҚЫМҚЫЗы

«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541