Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Дін 8480 13 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 14:36

Кеңес заманында Айт мерекесі қалай тойланды?..

Мұсылмандардың екі үлкен мерекесі бар. Ол Ораза айт пен Құрбан айт. Аллаға шүкір, қазір діни мерекелерді атап өтуде ешқандай кедергі жоқ. Керінше мемлекеттік дәрежеде мол қолдау бар. Ал Кеңес уақытында қалай еді? Мұсылман мерекелері өткен ғасырда қалай атап өтілді? Ол туралы архив деректері не дейді? 

Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінің №6991-қорының, 3-тізімі, 377-ісінде Атырау аймағындағы діни ахуал және дін өкілдері жөнінде «құпия» грифі соғылған құжаттар сақталған.

...1948 жылдың 20 қарашасында Гурьев облыстық Дін істері жөніндегі кеңестің уәкілі Габдрахманов КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесінің төрағасы Полянскийге жолдаған мәлімдемесінде Гурьев облысы көлемінде 4 мұсылман және 1 ескі дәстүршіл (христиан) қауымы болған. Қалада 1 мұсылман және ескі дәстүршіл қауымы, Мақат ауданында Доссор, Мақатта – бір, Жылыой ауданы Құлсары да бір мұсылмандар қауымы болды. Уақытында қаладағы екі діни қауым өкілдері тарапынан жергілікті үкімет органдарына мешіт пен Успен  шіркеуін діни жоралғыларды өтеу үшін қауымға қайтарып беру туралы өтініштерін бергенімен, оларға рұқсат берілмеген.

1948 жылдың ІІІ тоқсанында КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесі өз тарапынан Гурьев қаласындағы мұсылмандар қауымының өтінішін орындаған, яғни сол жылдың 15 қыркүйігінде барлық ережелер мен нұсқаулықтарды сақтай отырып қаладағы мұсылмандар қауымы тіркелуден өткен. Сөйтіп қалада ұзақ жылдар бойы өкімет тарапынан тыйым салынып келген мұсылман діни қауымдастығы заңды түрде тіркеліп, мекен-жайы Самарқан көшесі, 45-үй болып белгіленді.

1947 жылы облыста 3446 адам дін жолын ұстанған, оның ішінде Никольский (христиандар) қауымында 646 адам, мұсылмандар қауымында 2810 адам болған. Қалада 1000 адам дін жолын ұстанған. Мәлімет бойынша облыстың барлық аумағында халықтың жасы келген дін жолын ұстанған өкілдері үйлерінде күнделікті намазын оқитынын, Ораза және Құрбан айт күндері ашық аспан астында жиналып намаз оқитыны назарға берілген. Облыста есепке алынған 3 молда болған. Олар: Атырау қаласында – Құспан Нұрмұқашев, Доссорда – Ғабдеш Қарғанбаев, Жылыой ауданында – Қарабала Бисембаев. Олар жергілікті жерге мүлдем салық төлемеген және діни жоралғыларды атқару кезінде ақы алмаған. Ал 1949 жылғы 29 наурыздағы берілген есеп бойынша 1947 жылы Қарабала Бисембаевтың ұйымдастыруымен Жылыой ауданында діни қауымдастық ашу жөніндегі өтініші кеңес органдары тарапынан кейін қайтарылып, құжаттарын қайтадан жасақтауға берген. Молда Қ.Бисембаев еңбекақы табу үшін жұмысқа кеткен болса, доссорлық молда Ғ.Қарғанбаев та дін жолындағы қызметін тоқтатқан және қайда кеткені белгісіз делінеді.

Бір қызығы өкімет тарапынан дінге қанша қысым көрсетілсе де, бұқара халық діни жоралғыларға қатысуда белсенділік танытқаны мәлімдемеде ерекше атап өтілген. Ораза айт, Құрбан айт уақытында өткізілетін айт намаздарына жұртшылық көп жиналған. Мысалы, 1948 жылдың 14 қазан күні қалада өткен Құрбан айт намазына 1500 адам қатысқан. Оның 70-ке жуығы әйелдер болған. Айт намазына негізінен 50 жастан асқан азаматтар қатысқан.

Құрбан айт күні қалада 400 қой, 50-70 мүйізді ірі қара мал құрбан шалынған. Ауылдық жерлерде де құрбан шалынған, оның есебі белгісіз болғанымен, жоғарыға берілген мәліметтен аңғаратынымыз, 1947 жылға қарағанда аталған жылы құрбандыққа көп мал шалынған. Өкімет тарапынан бұл күні Құрбан шалуды азайту және оның міндетті еместігі жайлы мәлімдемесіне қарамастан қала халқы тарапынан құрбандық шалу кең көлемде жүзеге асқан. Бұл жағдай үкімет органдары тарапынан Құрбан шалу барысында мал басының кеміп кетуіне соқтыратыны, үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмей отырғанымен түсіндірілді. Сонымен бірге жергілікті жерлердегі діни ахуалдың хал-жағдайын білу жөнінде іс-сапарларға шығу үшін қаражат жоқ екендігі тілге тиек етілді. Ислам дінінің жоралғылары мен мерекелері ауылдық жерге қарағанда қала халқы арасында кеңінен атап өтілді. Оның себебі Ораза және Құрбан айт күндері көптеген колхозшылар жұмыста болған және жұмыс орынын тастап кете алмаған, осылайша ауылдық жерлерде айт мерекелерін тойлау көрінісі байқалмаған.

Қаладағы мешітке жай күндері 10-15 адам намазға келсе, жұма намазына 60-70 адам қатысқан. 1949 жылы үкімет тарапынан рұқсат алған дін қызметкерлері халық арасында өз жұмысын нәтижелі жүргізе бастады. Содан болар, облыстық дін істері басқармасы мәліметі бойынша, 1949 жылы дінге бет бұрған мыңнан астам адам есепте тұрған.

1950 жылдың 16 шілдесі күні Ораза айт мейрамын облыс жұртшылығы атап өткен. Ораза айт намазы қала сыртында оқылып, оған 250-300 адам қатысқан. Қаладағы мұсылман мешітіндегі тіркеуден шығарылғаннан кейін молда Құспан Нұрмұқашевқа мұсылман жамағаттың бес уақыт намаз, жұма және тарауық намаздарын оқуға, Ораза және Құрбан айт намаздарын оқуға  шақыруға болмайтыны ескертілген. Дегенмен Құспан молда жұма және тарауық намазын оқуға шақырмаса да, Ораза айт намазын оқудан бас тарта алмаған. Кейін тиісті органдар Құспан молданы шақыртып, түсінік алған. Ол берген жауабында Гурьев мұсылмандар қауымының бұрынғы молдасы екенін, мұсылман жамағаты айт намазын оқуға шақырған соң, бас тарта алмағанын, бұл жұмысы үшін оған ешкім ештеңе бермегенін алға тартқан.

Ал Құрбан айт намазы қалада 22 қыркүйек күні атап өтілді. Оған 700-800 адам қатысқан. Оның 100-ге жуығы әйелдер болды. Ашық аспан астында оқылған Құрбан айт намазына Құспан молда Нұрмұқашев имамдық жасады. Бұл жолы да қырағы органдар молданы түсініктеме алуға тағы шақырған. Құспан молданы діни мерекелер қарсаңында қаладағы және қала маңындағы ауылдардағы дінге сенетін адамдар арасында үгіт-насихат жүргізді, Ислам дінін насихаттады, үкімет айт намазын оқуға кедергі келтірмейді, намаз оқыған жұртты қуып таратпайды деп сендірді, мұсылмандардан мол көлемде садақа жинады деп айыптаған. Үкімет орындары қалада құрбандыққа шалынған малдың көп болуы, Құспан молданың жүргізген насихатының нәтижесі деп бағалаған.

Ал 1951 жылы 11 қыркүйекте қаладан үш шақырым жерде Құрбан айт мейрамы атап өтілген. Оған қаладан және қала маңындағы ауылдардан мыңдаған адам қатысқан, оның 152-сі әйел адам болған. Бұл жолы айт намазын оқыған, бұрын есепке тіркелмеген, 1937 жылдан қалада тұратын молда Ахмет Қалимоллаұлы болатын. Ол 1880 жылы туған, ұлты татар, қаладағы ауруханада қоймашы болып жұмыс істеген. Мәлімет бойынша бұл күні құрбандыққа 100 қой, 20-30 сиыр малы шалынған. 25 қыркүйек күні Ахмет молданы тергеуге шақырған. Әңгіме барысында ол өзінің дінге сенетінін, бірақ молда емес екенін, Құранды өзі оқып, үйренгенін айтқан. Құрбан айт мерекесінде оған Құран оқуға кім рұқсат бергені жөніндегі сұраққа төмендегіше жауап берген. Намазға жиналған жамағат молда Қуатбай Бөбекбаевқа сенімсіздік білдірді, ал молда Құспан Нұрмұқашев болмады. Көпшілік тарапынан маған өтініш білдірген соң оқуға тура келді деп жауап берген. Тергеу соңында Ахмет молданың бұдан былайғы жерде әр түрлі діни жоралығыларды өткізбеуге және облыстық қаржы басқармасы мен қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесіне салық төлеуге міндеттелген.

Үкімет органдары жергілікті дін өкілдері Құспан Нұрмұқашов, Ахмет Қалимоллаұлы, Қуатбай Бөбекбаевқа «қаңғыбас молдалар» деген айдар тақты. Құспан мен Ахмет молдаларды еш жерде жұмыс істемейді, 1-3 басқа дейін мал ұстайды, діни жоралғылар арқылы, капиталистік сарқыншақ тоғышарлық, масылдық жолмен ақша тауып жүрген арамтамақтар, жатыпішерлер деп айыптады. Дегенмен дін жолын ұстанған бұл азаматтар сол замандағы адамдардың нәпсісін тыйып, рухани өсуіне, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін қалыптастыруға, тақуалыққа жетіп, Құдайға жақындай түсуіне айтарлықтай ықпал еткен еді.

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

«Мұнара» гәзеті, №14. 2020 жыл.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530