Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4146 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 07:19

Журналистің басты байлығы — позициясы

 

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:

- Аға, ең алдымен төл мерекеңіз құтты болсын! Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесін «маусым айының соңғы аптасының жексенбісі» деп күлдібадам белгілеу дұрыс па?

- Әрине, дұрыс емес. Кезінде депутаттар «БАҚ туралы» заңның қабылдануымен бірге осындай асығыс шешім қабылдады. Алғаш журналистер мерекесі белгіленген тұста маусым айының 28-не сәйкес келді. Одан бергі жерде осылайша аптаның әр күніне көшіп жүрміз. Төртінші билік өкілдерінің 365 күннің белгілі бір күнін өз мерекесі деп сезіне алмауы, әрине, өкінішті. Бірақ әзірге жағдай осылай болып тұр. Бұл жайтты депутаттармен кездесу кезінде де сан мәрте айттық. Атаулы бір күннің журналистер мерекесі болуын өтініп, ұсыныстар да айтылды. Алайда бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

- Журналистер күні белгіленген жағдайда қандай атаулы күнге орайластырғанын қалар едіңіз? Бір кездері алғашқы қазақ газеттерінің бірі «Қазақ» газетінің шыққан күнімен сәйкестендіру секілді мәселелер де сөз болып еді...

 

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:

- Аға, ең алдымен төл мерекеңіз құтты болсын! Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесін «маусым айының соңғы аптасының жексенбісі» деп күлдібадам белгілеу дұрыс па?

- Әрине, дұрыс емес. Кезінде депутаттар «БАҚ туралы» заңның қабылдануымен бірге осындай асығыс шешім қабылдады. Алғаш журналистер мерекесі белгіленген тұста маусым айының 28-не сәйкес келді. Одан бергі жерде осылайша аптаның әр күніне көшіп жүрміз. Төртінші билік өкілдерінің 365 күннің белгілі бір күнін өз мерекесі деп сезіне алмауы, әрине, өкінішті. Бірақ әзірге жағдай осылай болып тұр. Бұл жайтты депутаттармен кездесу кезінде де сан мәрте айттық. Атаулы бір күннің журналистер мерекесі болуын өтініп, ұсыныстар да айтылды. Алайда бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

- Журналистер күні белгіленген жағдайда қандай атаулы күнге орайластырғанын қалар едіңіз? Бір кездері алғашқы қазақ газеттерінің бірі «Қазақ» газетінің шыққан күнімен сәйкестендіру секілді мәселелер де сөз болып еді...

- Кеңес одағы кезінде алғашқы газеттердің бірі «Искра» жарық көрген 5 мамыр күні журналистер мерекесі болатын. Бізде де кейбіреулердің еліміздегі журналистер мерекесін «Қазақ» газетінің шыққан күнімен сәйкестендіруді айтып жүргені осыған байланысты болса керек. Бірақ, менің ойымша, 3 мамыр - Журналистер күні болуға лайық. Себебі соңғы 5-6 жылдан бері көптеген әлем елдері 3 мамыр - Дүниежүзілік сөз бостандығын қорғау күнін журналистер мерекесі ретінде белгілеп, тойлап жүр. Осы орайда жұртпен бірге біз де неге осы күні тойламасқа?

- «БАҚ туралы» Заң қоғамда ұзақ уақыт тартысқа түсіп барып қабылданды. Осы орайда заң жобасына енуге тиісті, бірақ енбей қалған ұсыныстарыңыз болды ма?

- Қазір баспасөзде жарық көрген мақала бойынша әркім «ар-ожданыма нұқсан келтірді» деген желеумен ойына келген соманы айтатын болды. Міне, жақында ғана «Время» газетінен 1 миллиард теңге өтемақы төлеу талап етілді. Мұндайлардың саны өте көп. Осы орайда БАҚ туралы заң жобасының талқылануы кезінде депутаттарға айыппұл талап еткен жақ міндетті түрде алған айыппұлының үш немесе бес пайызын мемлекеттік салық ретінде мемлекетке өткізіп тұруын өтіндік. Осы мәселені депутаттардың алдында бірнеше мәрте көтердік. Аузын ашып айыппұлдың көлемін айтуды біледі, бірақ мемлекетке бір тиын салық төлемейді. Егер салық төлейтін болса, кішкене де болса айыппұлдың жауапкершілігі артып, заңды болар еді. Мысалы, Азаматтық кодекс бойынша, бір тұлға екінші бір тұлғаны сотқа берсе, мемлекетке салық төлеуге міндетті. Осы заңдылықты біздің «БАҚ туралы» Заңға да енгізу керек. Тағы бір мәселе - типографияны лицензиялау мәселесі. Мұның аржағында газетке бола типографияны жауып тастау қаупі де тұр. Бірақ бұл да кірмей қалды.

«Ақпараттық-коммуникациялық желі мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасында ұзақ уақыт тартыс тудырған мәселе интернет ресурстары, яғни веб-сайттар, блогтар, интернет-дүкендер мен интернет-кітапханалардың бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестірілгені болды. Яғни олардың құқықтық жауаптылығы да БАҚ-пен бірдей деңгейге көтеріледі. Осы орайда депутаттар егер бір сайттан дұрыс емес нәрсе табылса, дереу жауып тастауды ұсынып отыр. Интернетке қолданылған бұл норма алдағы уақытта ақпарат тарату құралы болғандықтан, газеттерге де, телеарналарға да қолданылады. Үш күннің ішінде сайтты жапса, газетке де осындай шара қолданады. Меніңше, депутаттар интернетті түсінбейді. Маңыздылығын да сезінбейді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ауылдық жерлерге дейін мектептердің бәрін компьютерлендіріп, жастардың интернетті игеруі үшін күш салды, осы үшін көптеген қаржы аударылды. Қазір әрбір үйде интернетке қосылған компьютер бар. Енді бүгінгі күні жастардың интернетті игеріп, оның қажеттілігі артқан уақытта қайтадан интернетті жауып тастау қажет дейді. Мұндай болса, интернетті игеруге неге ақша құйдық кезінде? Осыны мүлдем түсінбеймін. Олар Кеңес заманында компьютер мен интернетсіз маманданған адамдар болғандықтан, олардың қажеттілігіне мән бермейді. Бірақ замана талабына сай, біз интернетті меңгеруден қашпауымыз керек. Рас, мен де экстремизм, порнографияны насихаттайтын сайттарға қарсымын. Бірақ осыларға бола, бүкіл интернетті тұмшалау ағаттық. Әлгіндей жамандыққа үндейтін сайттарды құрықтауға біз де атсалысудан қашпас едік. Осы орайда интернетке бостандық та, қатаң бақылау да қажет секілді.

- Бостандық деп қалдыңыз, жалпы, бізде сөз бостандығы бар ма? Жақында халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының төрағасы «қазақстандық журналистердің сөз бостандығына көңіл бөліну керек», - деді...

- Сол халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне өз басым сенбеймін. Жылда өздерінше бір рейтинг жасап жатады. Ішкі жағдайымызды өзіміз білеміз ғой. Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларына жиі барамын. Оларда сөз бостандығы мүлдем жоқ. Оларда бір ғана көзқарастағы газет шығады. Оларға барғанда ең аяғы әуежайда тексеріп, өзіңмен бірге жүрген газеттеріңнің бәрін алып қалады. Кетіп бара жатқанда ғана қолыңа ұстатады. Яғни елдегі сөз бостандығы қатаң бақылауда. Ал бізде сөз бостандығы бар. Мысалы, бізде Президентке де қарсы шығатын газеттер бар. Тағы бір атап өтер жайт, бізде адамдардың ақпарат алу мүмкіншілігі, таңдау еркіндігі бар. Дүңгіршектерде де газеттің неше түрі толып тұрады. Қолыңыздағы газеттің стилі ұнамаса, қалаған газетіңізді ақтаруға мүмкіндігіңіз бар. Бұл адамдардың еркіндігінің, сөз бостандығының сақталғанының көрінісі. ТМД мемлекеттерінің ішінде Ресей, Украина, Қазақстандағы БАҚ-тың жағдайы жақсы. Газеттері де, телеарналары да жетерлік, осыған сай түрлі көзқарастағы ақпарат көздерімен сусындау мүмкіншілігі де жоғары.

- Осыдан біршама уақыт бұрын қайсыбір қоғамдық ұйымдар «елімізде таратылатын газет-журналдардың 80 пайызы Ресейден келеді» деп мәлімдеп еді. Идеология құралының көрші елден тасымалдануы қорқыныш тудырмай ма? Бұған шектеу қоя аламыз ба?

- Рас, «орыс тілді басылымдар жаулап алуда» деген әңгіме жиі айтылуда. Бірақ олар қажеттілік болмаса келмес еді. Сондықтан ең алдымен, азаматтарымызды қазақыландыруымыз керек. Қазақ тілін дамыту үшін талай ақша бөлінді, талай уақыт та өтті. Бірақ нәтиже жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылға жуықтаса да неге қазақ тілі дамымайды? Қазақ басылымдары мен қазақ тілін дамыту үшін ең алдымен, жоғарыдағы билік басындағыларды қазақыландыру керек. Мемлекеттік қызмет атқаратын адам қазақ тілін міндетті түрде білуі керек деген заң қажет. Біздің биліктегі азаматтар қазақша сөйлеп, қазақша ойламай қазақ тілінің жағдайы өзгермейді. Қазір олар қазақ тілін білмегендіктен қазақша оқымайды, ойламайды да. Олар таңертең жұмысына келген соң қолына орыс тілді газеттерді алып оқиды. Қазақ тіліндегі газетті қолына ұстамайды да. Себебі газеттің бетін ашқанмен ол түсінбейді. Ал, шын мәнінде, қазақтың жанын түсініп, Алаш мәселесін қазақ тілді басылымдар жазады. Ал орыс тілді басылымдар бір күндік сенсация, криминалдық мақалалар мен секс туралы жазып, тиражын көбейтуді ғана ойлайды. Қазақтың мүддесін қорғай бермейді. Шенеуніктер қазақ газетін оқымаған соң, қазақ мәселесін де түсінбей, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді де солай атүсті шығарады. Тіпті оқымаған соң, қазақ тілді газеттердің сынына шенеуніктер жауап та бермей жатады. «Тыңдалмаған сөз жетім» дегендей, одан соң газет сөзінде қадір қала ма? Ал қаракөздердің мәселесін, әлеуметтік жағдайын, негізінен, көп қозғайтын қазақ тілді басылымдар. Мен күнделікті қазақ тілді басылымдармен қатар, орыс тілді басылымдарды сатып алып отырамын. Соларға көз жүгірте отырып, осыған көзім жетті. Кезінде «мемлекеттен қаржыланбаса, газеттер жарық көре алмайды» деген түсінік те болған. Осы орайда қазақ тілді тәуелсіз басылымдардың өз бетімен тиражын көбейтіп, өз күндерін өздері көріп жатқанына сүйсінемін. Бұл олардың халық арасында беделінің барын, нарық кезеңінде қазақ тілді басылымдардың өзіндік орнын таба алатынын көрсетеді.

- Негізі, ҚР «БАҚ туралы» Заңының 20-бабында журналистердің құқықтары туралы «құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпия саналатын мәліметтері бар үзінділерін қоспағанда, олармен танысуға құқылы» деп жазылған. Әйтсе де қарапайым нәрселердің статистикасына қол жеткізе алмай, «жекеменшік» деген желеумен суретке де түсіртпей, журналистердің құқықтары бұзылып жататын кез аз емес. Осындай күнделікті қайталанатын құқық бұзылушылықтарға қалай тыйым салуға болады?

- Ия, мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Мұндай әрекеттермен үздіксіз күресу керек. Сонда ғана қоғамда еркін ақпарат алуға қол жеткізе аламыз. «Әділ сөз» атты журналистердің құқын қорғайтын қоғамдық ұйым қазіргі таңда осы істермен айналысып келеді. «Жекеменшік» деген уәж ақпарат алуға кедергі болмауы тиіс. «БАҚ туралы» заңнан «өзінің рұқсатынсыз суретін газетке басуға болмайды» деген тарау да қазір алынып тасталды. Осы үшін де біз ұзақ күрестік. Қазір адамның жеке басына байланысты құпия суреттерден басқасын жариялай беруге болады.

- Шынын айту керек, қазақ тілді журналист пен орыс тілді журналистің ақпарат алу мүмкіншілігі екі түрлі. Қазақ тілді журналистердің баспасөз мәслихатына барған кезде, қазақ тіліндегі баспасөз мәлімдемесін де таба алмай қалып жататын кездері де кездеседі...

- Не айтпақ болғаныңызды түсіндім. Мен осы жерде баспасөз мәслихатын өткізем деушілерге қазақ тілін насихаттаймын деп шаршадым. Олардан орыс тілімен қатар, қазақ тілінде де баспасөз мәлімдемесі болуларын қатаң талап етемін. Бірақ аяқ астынан баспасөз мәслихатын өткізетіндер «асығыс болды» деп тек қана орыс тілді мәтінін алып келіп тұрады. Негізі, заң бойынша «қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ресми тіл» деп жазылған. Осыған қарап, екі тілдің анау айтқандай айырмашылықтары да жоқ деуге болады. Осыған сүйенген азаматтар қазақ тіліне иек арта қоймайды. Сондықтан ең алдымен, «барлық құжаттар қазақ тілінде жүруі керек» деп заң жобасына өзгерту енгізу керек. Талап болмайынша бұл жүйеге өзгеріс енбейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын телеарналардағы 50х50 талабына қарсы шығып, біраз адамдар шулады ғой. Бірақ қазір басылды. Яғни жұрт та үйреністі. Осындай шу тудырса да, қазақ тіліне деген бетбұрыс керек.

- Биылғы жылдың басында бірнеше журналистің соққыға жығылуының куәсі болдық. Жалпы, олардың соққыға жығылуының кәсіби қызметіне қатысы бар деп ойлайсыз ба?

- Оларды кезінде тергеп-тексердік. Бірақ мамандығына қатысты екенін дәлелдей алмадық. Осы орайда дағдарысқа байланысты әлеуметтік жағдайдың нашарлауынан бұзақылардың да қатары өсіп келе жатыр. Бұзақылардан зәбір көрушілердің ішінде бірлі-жарым журналистер кездесіп қалады. Ал олар елден бұрын дабырлап, жұрттың назарын аударып үлгереді-ау деп ойлаймын. Рас, негізі, әлем бойынша қауіпті мамандықтардың бірі - журналист мамандығы. Жасына жетпей инфаркт алып жатқандары да бар. Өйткені бұл жұмыс миға ауыртпалық түсіреді. Үнемі ой үстінде жүріп, үйге келген соң да мақала жазып, жол үстінде де көп жүруі адамға физикалық және психологиялық жағынан әсер етпей қоймайды. Негізі, журналистерде көп ақша да жоқ. Олардың басты байлығы - позициясы.

- Жалпы, қазақ телеарналарының көшірмеге жиі ұрынып жататынын байқаймыз. Бұл ізденістің жоқтығы ма, әлде...

- Ресейдің каналдарында шоу бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Олардың таратылу ауқымы да кең. Қаржы да көп бөлінеді. Ал бізде жеткілікті ақша бөлінбейді. Егер жеткілікті қаражат бөлінсе, сан түрлі ұлттық хабарларды ойлап табуға болатын еді.

- Журналистік салада жүргелі есте қалған оқиғаңыз бар ма?

- Президент Әкімшілігінің баспасөз хатшысы болып жүрген кезде кезекті бір брифинг өткізілді. Онда Кеңес одағының құлағанын мен хабарлауым керек болды. Сонда мен бірінші сөзді «Бүгіннен бастап сіздерге Кеңес одағының жоқ екенін қуанышпен хабарлағым келеді» деп бастадым. Сол кезде қуанышпен айтқан осы сөзім үшін қазір қатты өкінемін.

- Бұл Кеңес одағын аңсау ма...

- Жоқ, ол кезде бәрі біртұтас еді. Бәрі біріге жұмылатын. Күш бар еді. Қазір Еуропаның Еуроодақ құрып жатқаны жайдан-жай емес. Қазіргі заманда кім күшті болса, сол мықты, соны сыйлайды. Оның айтып тұрғаны дұрыс емес болса да, соны сыйлайды, тыңдайды. Мен соны аңсаймын.

Датым...
- БАҚ - төртінші билік, билік пен халық арасындағы алтын көпір деп жатамыз. Бірақ билік тарапынан немқұрайдылық басым. Осы орайда БАҚ сынына жауап беріп, билік БАҚ-пен санасса екен. Қазір шенеуніктердің газетте жазылған сын мақалаға өздігінен оқып, жауап беруі өте сирек жағдай. Ол үшін арнайы жоғары жаққа қызмет-хат дайындап, қудалап, көзіне шұқып көрсету қажет. Осыған қатты қарным ашады. Бұл орайда БАҚ жұмысына қатысты шенеуніктерге қатаң талап қажет секілді. Халық арасына сауалнама жүргізу нәтижесінде көзіміздің жеткені - халықтың 60 пайызы БАҚ-қа сенеді екен. Халықтың сеніміне селкеу түсірмей, билік те БАҚ-пен санасып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Сұхбаттасқан Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір