Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4602 0 пікір 28 Қараша, 2011 сағат 07:39

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». «Дала қашқыны» (жалғасы)

Суретте - Ахмет Заки Уалиди Тоған

Д.Әділев (жалғасы): «Мәжілістен кейін Валидов екеуміз жасырын пәтерде үш айдай бірге тұрдық. Бұқарлықтар келіп-кетіп жүрді. Орынбор мен Ташкенттен байланыс үзілді. Мухиддиновпен бір рет әңгімелестім. Валидовке Түркиядан білім алған Қасым Шанханов (Қасым Шаңқа -?) жиі келіп жүрді. Оқымысты адам еді. Мен онымен Баншевтің (- ?) пәтерінде қонақта болдым. Олар: Қазақтар жауынгер халық, оларға сенуге болады - десті. Ол кейін Әулие-Атада тұрды, қазір Шымкенттің бір мектебінде меңгеруші. Заки Валидов оларға үнемі: Енжарсыңдар. Жұмысты тез шешіп үйреніңдер - деп ұрсып отыратын. Файзулла Ходжаев ораза ұстайды екен. Маған: ол Бұқарадағы миллионер адамның бірі, Бұқараға билік жүргізу үшін үнемі күресіп келеді, - деді білетіндер.

Суретте - Ахмет Заки Уалиди Тоған

Д.Әділев (жалғасы): «Мәжілістен кейін Валидов екеуміз жасырын пәтерде үш айдай бірге тұрдық. Бұқарлықтар келіп-кетіп жүрді. Орынбор мен Ташкенттен байланыс үзілді. Мухиддиновпен бір рет әңгімелестім. Валидовке Түркиядан білім алған Қасым Шанханов (Қасым Шаңқа -?) жиі келіп жүрді. Оқымысты адам еді. Мен онымен Баншевтің (- ?) пәтерінде қонақта болдым. Олар: Қазақтар жауынгер халық, оларға сенуге болады - десті. Ол кейін Әулие-Атада тұрды, қазір Шымкенттің бір мектебінде меңгеруші. Заки Валидов оларға үнемі: Енжарсыңдар. Жұмысты тез шешіп үйреніңдер - деп ұрсып отыратын. Файзулла Ходжаев ораза ұстайды екен. Маған: ол Бұқарадағы миллионер адамның бірі, Бұқараға билік жүргізу үшін үнемі күресіп келеді, - деді білетіндер.

Бұқаралық ұйымның жұмысы Азимходжаевтің үйіне ауысты. Өзбекке тән қоражай, алдына ағаш егілген. Азимхожаев орта жастағы өте жақсы адам. Үнемі заң қызметкерінің формасын киіп жүретін. Әңгіме сенекте өтті. Мен сол үйге қонып қалдым. Азимхожаевтің әйелі армянға, не грузинге өте ұқсас еді. Әдемі, жақсы киінеді. Жеміс-жидекті дастарханға толтырып тастады. Валидов келген жоқ. Бұл мәжілістің  тарихи маңызы бар еді. Есімде ерекше қалғаны Түрік үкіметі атынан қайдағы бір ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді деген желеумен еуропаша киінген Анкара ұлттық мәжілісінің мүшесі келді. Негізгі мақсаты астырытын ұйыммен байланысып, Кеңес өкіметінің орнына мұсылман республикасын құру еді. Азимхожаев пен Мухиддинов сөйлеп, белсенді іс-әрекетке шақырды. Бұдан кейін ұйым жұмысы жандана түсті. Кейін Орта Азия орталығында  тағы да бір үлкен кеңес өтті. Оған: Заки Валидов міндетті түрде қатысуы тиіс, онсыз кеңес өтпейді - десіп, қасыма бір жасақты қосып мені жіберді. Валидов қаланың шетінде оқымысты адамның кейпінде жасырын тұратын. Бізді елу-алпыс жас арасындағы қария қарсы алды, ол: Валидов қалаға кетіп қалды, табуға көмектесемін деді... Мәжілісте: басмашылармен байланыс жасау және олардың идеологиялық жетекшілігін қолға алу Орта Азиялық ұйымның қолына берілсін, - деген шешім қабылданды».

З.Валидов: «Біз партия бағдарламасы мен Ортақ мақсатнаманы реттестірдік, тек Орталық комитеттің құрамын бірден бекіте алмадық. Бұқаралықтар мен Ташкенттіктер қазақтарға сенім арта алмады. Көп тартыстан кейін біз башқұрттар ташкенттік Мунаввар Қариды ұсындық. Комитет төрағасы қажет болған жағдайда жасырын өмір сүруі талабына байланысты Мунауар Қари бұл ұсынысты қабыл алмады. Тәжіктер көсемі Садреддин Айниді ұсынғанымызда, ол да осы себеппен бас тартты. Оның үстіне оны қолдайтындар да аз еді (Бұл мәселеде екі жақ та ортақ мәмілеге келе алмады).

Шілдеде Анкарадағы Ұлы ұлттық мәжілістің мүшесі Исмаил Супхи Сойсаллыұлы Бұхараға келді. Ол өзін коммунистік партияны жақтаушы түрік депутаты ретінде жұртқа таныстырып жүрді. Түркістанда еркін жүрудің амалын осылай тауыпты. Өзі Мұстафа Кемал пашаның тапсырмасымен жүр екен. Менің өтінішім бойынша: бір-бірімен бәсекелес болып отырған тәжіктер мен өзбектерді ауызбірлікке шақырды. 30-шілде күні Әбдіқадыр мырзаның үйіне жиналдық. Супхи мырза Ортақ комитет төрағалығына мені ұсынды, бұл екі жақтан да қолдау тапты. Сонымен тамыздың екісінен бастап «Түркістанның ұлттық бірлігі» ұйымының Орталық комитетінің төрағасы ретінде жұмыс істей бастадым. Осындай қиын-қыстау күндерде М.Кемал паша тарапынан жіберілген арнаулы өкіл Түркістан үшін ұлттық күрес майданының бел ортасында жүрген қазақтардың «Алашорда» үкіметінің өкілдерін, соның ішінде Дінше мен ауған елшісі Әбдірасылханды көріп, қатты әсерленді»

Д.Әділев (жалғасы): Кеңестен кейін Түркияның өкілі Красноводскі арқылы Ташкентке кетті. Ол мен Бұқараға жүрер алдында Қожановтың, Қожаевтің, Тынышбаевтің әйелдері және басқа да адамдар ұлттық киіммен түскен суретті сұрады: Түркияға барғанда барлық газет-журналдарға басып шығарамын - деді. Мен одан Бірімжановқа хат беріп жібердім. «Ақжол» газетінің ресми редакторы Қожанов болғанымен, барлық жұмысты ол кезде Бірімжанов жүргізетін, беделді тұлға еді. Дулатов ол кезде Ташкентте жоқ болатын. Бұқараға башқұрт офицерлері мен Түраткомнан 2 қазақ келуге тиісті дегенді маған Валидовтің досы Банышев (?) айтты. Кездесу орнына арнайы шайхана белгіленді. Соның біреуі Орта Азия орталығының орынбасары болуға тиісті екен, атын ұмыттым. Екіншісі Константинопольде оқыған Ақтөбе уезінің қазағы Ақшалов (Ақжалов - ?) екен. Ол: Дүниежүзілік соғыстан кейін Түркияда 60 мың әскер жасақталыпты, ол Орынборға басып кіруге дайын екен - деді. Орынбор мен Ташкенттен пәрмен болмаса да Ақшаловты (Ақжаловты - ?) істің жайымен таныстырып, менің орныма Бұқарада қызмет істеуге қалдырды. Ақшалов мен Бұқарадан кеткеннен кейін сонда Әнуар пашаны көргенін айтты. Валидовтің Ташкенттегі басты қолдаушысы өте сауатты, өркениетшіл, Валидовтің жақын досы Әнуәрбек - «Қара өзбек» болатын. Мен оны Оқу-ағарту комиссариаты саласында істеп жүрген кезінде көрдім. Басына сәлде орап, өзбектің ала шапанын киіп жүретін», - деп көрсетеді.

Сол тұстағы саяси жағдайдан толық мағлұмдар болу үшін тағы да З.Валидовтің естелігіне жүгінеміз. Ол:

«5-7 қыркүйек күндері Самарқанда «Түркістан ұлттық бірлігінің» келесі құрылтайы ашылды (Қадыр Айдар есімді бір оқыған азаматтың бақшасында). Тағы бір жиналыс Матрид елді мекенінде болды. Матрид жиналысына қазақтардан Дінше қатысты.  Дінше безгекке шалдығып, қатты ауырып қалды. Кейде есінен танып қалса да құрылтайды тастап кетпеді. Маған: «Өртеніп барамын. Шымбурыннан бір құмыра су әкеліп берші», - деп сандырақтай өтінді. Шымбурын - Балқаштың солтүстігіндегі Бетбақдаланың шөліндегі туған ауылындағы тереңдігі жүз құлаш, суы мұз құдық екен. Кейін: «Шымбурыннан бір ұрттамасам емделмеймін», - деп, ауылына қайтты. Ол бір жақсы ақын және әртіс жігіт еді. Өзінің қыдырма труппасымен түрлі жерлерде театр ойынын қойды (Қазақ театрының труппасын айтып отыр - Т.Ж.). Сойсаллыұлы Ысмайыл Супхи Бей Түркістанға сапары кезінде Қызылмешітте (Қызылорда - Т.Ж.) Дінше қойған сахнаны тамашалап, труппаның үлкен бір суретін Ыстамбулға алып келіп, жариялады. Башқұртстаннан келген Башқұрт ұлттық әскерінің бір батальонын басмашылар жағына өткізіп жіберудің мүмкіндігі бар еді. Оған Рысқұлов және басқалар қарсы болып, әскерді басмашыларға емес, кеңестің ресми әскері қатарына қосылуын жақтады. Зара вшан өлкесінде «Ұлттық бірлікке» тән басмашы Ашылбек - найманның әскері болды. Ол өзбектердің Қоштамғалы руынан, отыз сегіз жастағы айтулы батыр, адамгершілігі мол, салмақты, ақылды әрі шаруалы тұлға. Ресей мен дүние саясатын газеттерден үйренеді. Жанында жалынды жиені жас Дәурен Ашыл бар еді», - деп жазды.

Д.Әділев (жалғасы): «Сол жылы, яғни, 1921 жылы Қоқаннан бір түрік офицері Бұқараға шәкірттерімен келіп, оқушыларын қаланың тарихи орындарымен таныстырды. Ол орыс, француз, неміс тілдерін білетін. Сол кезде Валидовтің ескі танысы Жанұзақов бастатқан қырғыз жасағымен (басмашыларымен) байланыс жасау үшін мені Қосмамбетовпен бірге Ферғанаға жүріп кету керек деп шешті. Солардың арнайы вагонымен мен Қоқанға кеттім. Сонымен қатар Валидов Жанұзақовтан халық дастанының («Манастың» -? - Т.Ж.) қолжазбасын тауып беруді өтінді. Соны ала келуді тапсырды. Жаңағы оқытушы менің жеке басымды растайтын куәлік тауып беруге келісті. Мен әлгі түріктің мектебіне орналастым. Ол маған өзінің бір шәкіртінің құжатын берді, керек адамға жолықтырды. Қоқанда мен сол кездегі Түркістанның төрағасы Төреқұловты (-? Т.Ж.) бір үйден көріп қалдым. Ол мені, мен оны таныдым. Екеуміз де тіл қатысқанымыз жоқ. Ұйымның жайын Болғанбаев оған айтуға тиісті болатын және Жанұзақов сияқты ірі қайраткерлермен таныс еді. Үш-төрт күннен кейін поезбен Әндіжанға бардым. Онда мен мұғалім өзбекке тап болдым. Келесі күні Әндіжандағы ұйымға барып Жанұзақовпен жолықтыруды өтіндім. Маған ат және жол көрсетуші берді. Түнімен жүріп отырып таңертең Құрбашыға келдік. Құрбашыға: тек Жанұзақовпен ғана сөйлесемін, - дедім. Қаруланған басмашылар мені күзетке алып Жанұзақов орналасқан штабқа әкелді. Аулаға кірдік. Екі-үш адамның ортасында тұрған Жанұзақовты бірден таныдым. Ол: менің келуімнің мақсатын білген соң өзінің жағдайымен таныстырды. Мен Валидовтің қырғыздардан жасақ ұйымдастыру туралы жазылған хатын бердім. Мен жаяу жүргендіктен де қырғыздарға маған ат тауып беруді тапсырды. Ол мені Білібаев деген қазақпен таныстырды. Құрбашы Исраил шығып кеткен соң ол Мухиддин деген Құрбашыны Ошқа жібергеннін айтты. Қызылдар сол маңға торуыл жасап жүр десті. Мұхиддинов бұрын Әулие-Ата уезінің милициясының бастығы болатын. Қазір не Шымкентте, не Қырғызияда жүр. Мен оны Ташкентте көргемін. Мен Жанұзақовтың жасағының ішінде қалдым. Бірде түн ортасында атыс басталды. Ешкім ешнәрсені біліп болмады. Бет-бетімізге кеттік. Жанұзақов атына мініп асығыс аттанды. Содан кейін оны көрген емеспін. Сөйтсем қызылдар Құрбашының жасағына шабуыл жасапты».

Астыртын ұйымды басқарып, қауіп пен қатердің қасында жүрсе де З.Валидов өзінің ғылыми жұмысын ұмытпайды. Д.Әділевтің айғағында көрсетілген «Манас» жыры туралы дерек «Қатиралардың» бетінен де орын алыпты. Д.Әділевтің «Жанұзақовты бірден тани кетуі» орынды, оны Алматыға оқу-ағарту саласына барған алғашқы сапарында көрген. З.Валидов сұратқан «Манас» дастанының қолжазба тарихы былай екен:

З.Валидов: «Ташкент қаласындағы сондай бір кеште (бұл кездесу З.Валидов бірінші рет Ташкентке келген 1913-1914 жылғы сапары кезінде өткен. Оқымысты ғалымның тағдыр талқысында жүргенде де ғылымды ұмытпағанын көрсету үшін және Д.Әділевтің көрсетіндісінің растығын тиянақтау үшін әдейі осы араға кіріктіріп отырмыз - Т.Ж.) мен қырғыздың тағы бір оқыған зиялысы Ибрагим Жанұзақовпен таныстым. Оның алдында қырғыздың тағы бір зиялысы манасшы Сарықұлмен Қазанда танысқамын. Бұл таныстығымыз әбестеу бір оқиғадан басталды. Студенттердің асханасында екі масаңдау студент - біреуі секпіл бет, екіншісі сарышашты орыс, қырғыз не қазақ тілінде дөрекі сөйлесіп отырды. Менің жақтырмағанымды біліп, екеуі маған тиісуге айналды. Мен тіс жармадым, бұл оларды одан бетер ызаландырды. Аспұзылға: мыналарға тоқтау айт, әйтпесе маған басқа орын беріңіз, - дедім. Олар маған балағаттай ұмтылды. Мен секпіл бетке қарап: «Кет дегенде ит те кетеді, Алмамбет қалмақ неге кетпейді?», - дедім. «Манастан» алынған осы сөзді ести сала секпіл бет орнында қатты да қалды: «Кешір, сен кімсің, қайдан келдің, «Манасты» қайдан білесің?», - деді. Студент қырғыз табан астында есін жиып алды. Біз сөйтіп таныстық. Сөйтсем ол мен туралы да естіпті, менің кітабімді де оқыпты. Ертеңінде әлгі қырғыз жігіті асханаға келіп, менен кешірім сұрады. Содан кейін «Манас» туралы әңгімелестік. Ташкент қаласында жоғарыда аты аталған Әубәкір Диваев маған ХІХ ғасырда араб әрпімен хатқа түскен, Радлов жариялаған белгілі нұсқадан мүлдем басқа  дастанның бір нұсқасын берді. Жазудың көптеген жері өшіп кеткен, қалпына келтіру мүмкін емес еді. Сарықұловтың айтуы бойынша бұл нағыз манасшының ауызынан жазылып алынған нұсқа екен. Бұл қолжазба менің қолымда сегіз жыл сақталды. 1920 жылы Бакудегі шығыс халықтарының құрылтайы кезінде Жанұзақов (Төреқұл - Т.Ж.) менен уақытша сұрап алды, алайда ол бір жылдан соң Ферғанада кеңес өкіметінің әсерімен болған шайқаста қаза тапты. Сөйтіп, Жанұзақовтағы қолжазба да жоғалып кетті... 1924 жылдан бастап кеңес өкіметі дастанды өзінің саясатына бейімдеп басуды қолға алды. Түркістандағы мен алған нұсқа орыстардың жаулап алуынан бұрын, Қоқан хандығы тұсында жазылған, 60 мың жол болатын. Сарықұлов екеуміз халық мұрасын араб әрпінде жариялаудв ойластырып жүргеміз. Жанұзақовтың да тілегі сол еді. Алайда қырғыз халқының бұл екі азаматы да орыстарға қарсы күрестің құрбандығы болды. «Манасты» бірігіп жариялаймыз деген жоспарымыз жүзеге аспады», - деп еске алады.

Д.Әділев арқылы Төреқұл Жанұзақовқа сәлем айтып, «Манастың» қолжазбасын сұратуы жайы осылай. Сөйтіп, қарапайым ғана бұрынғы ауыл мұғалімі ұлты үшін жанын қиды. Мұны сол кездегі Түркістанның басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов та өкінішпен еске алады. Сталинге жазған хатында Т.Рысқұлов та:

«Менің ол кеңеске (ұлтшылдардың - Т.Ж.) қатыспағаныма қазір нақты көз жетіп отыр. Бір кездері менің атымды Жанұзақов пен (қырғыз, алғашқы кезде кеңес өкіметіне қызмет еткен) байланыстырып, жанықтырып жүрді. Осы Жанұзақов та Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына қатысты. Маған ол: Түркістанға қайта оралысымен өкпе ренішін бас алмай, қызу-қандылыққа салынып, жолдан тайып кететіндей көрінді. Сондықтан да оған: менімен еріп Бакуден бірден Москваға жүріп кетуді ұсындым, Москваға барған соң аптығы басылар, одан жақсы қызметтер шығар - деп ойладым. Мұны естіп отырғандардың ішіндегі куәлар да қазір тірі. Бірақта ол бас тартып, Ташкентке қайтып кетті. Онда мұның өліспей-беріспейтін дұшпаны Манап Әлімбеков «қарсы алды», басшы қызметкерлердің оны тұтқындау туралы құпия шешімі шықты (оны біреу жеткізді), мұны ести салып Жанұзақов (менің өзім мұны оқиғаға қатысқан біреудің аузынан естідім) таудағы қырғыздарға қашып кетті, кейін басмашыларға қосылды. Біздің онымен Бакуде айрылысқанымызға қарамастан, елеспен бірге кезіп: оны басмашыларға мен жіберді - деп қауесет таратыпты», - деп баға берді.

Ыбырай (Ибрагим) және Төреқұл Жанұзақовтар қырғыз елінің азаттығы жолында қару алып қаза тапқан қайраткерлер. Орысшыл «қаражүзділердің» қырғыз жұртына көрсеткен қысымынан кейін ызаға булығып Төреқұл басмашылар жағына шығып, сонда шаһит кетті. Қырғыздың аса өжет қайраткері, Жетісу губкомының жер мәселесі және ұлт істері жөніндегі комиссияның төрағасы Т.Жанұзақов жер реформасы тұсында «отаршыл коммунистердің» жағасын жыртып жүріп 1916 жылғы жазалау кезінде тартып алынған жерді қырғыз бен қазаққа қайрып беріп еді. Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде қазақ-қырғызды жүздеп қырып, «бала-шағасын» қылыштап өлтірген казактар мен қоныс аударушыларды да жазаға тартқан болатын.

Осынау күрделі тұлғаның тарихтағы орынына қырғыздар да, қазақтар да, өзбектер де әлі де толық баға бере алмай келеді.

Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша бұл оқиға былай аяқталған: «Менің ешқандай танысым да жоқ, денсаулығым да нашар еді. Бір өзбекті тауып алып өзбек шапанын киіп, соның үйінде бірнеше күн жаттым. Ол мені бір адамдармен байланыстырып, мені Наманганға әкеліп, поездің терезесінен вагонның ішіне итеріп жіберді. Поезд Ташкентке келгенде мен есімнен танып қалдым. Есімді жиған соң Уәлихан Омаровқа жолықтым. Ол Халел Досмұхамедовке сүйемелдеп әкеліп емдетті. Есімді жиған соң сол кездегі ТурЦИК-тің орынбасары Қожановтың қабылдауына кірдім. Ол: «Біз сені өліп қалды деп жүрсек, тірі екенсің ғой», - деп қарсы алды. Айырылысарда Жанұзақов Төреқұлов пен Қоджановқа хат жазып берген. Соны тапсырдым. Осыдан кейін Ферғанаға қайта кетемін деп едім, ол: «Жанұзақов сені сатқын деп жариялап, өлім жазасына бұйырыпты. Ешкімге көрінбегенің дұрыс болған. Сенің Ташкентте қалуыңа болмайды, одан да Түркістанға бар», - деп ақыл берді. Лазеретке жатып емделуімді өтінді. Онда мені Досмұхамедов және тағы бір орыс дәрігері емдеді...»

Д.Әділевтің «басмашылыққа ауысқан жолы» туралы оның сабақтас әрі партизан кезіндегі «жауынгер досы» Ә.Байділдин:

«Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол съезіне бардым. Байтұрсынов маған Бірімжановқа тапсыр, - деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғанбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановқа қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.

Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғанбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басып, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалмауын қадағалапты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты», - деп өзіне де, Әділевке де мінездеме беріпті.

Д.Әділев (жалғасы): «Науқасыма байланысты Орта Азиялық Ташкент ұйымының бұдан кейінгі отырыстарына қатыса алмадым. Қазақ ағарту институтында оқытушы боп істейтін Кәрім Жәленов пен Ғазымбек Бірімжанов ауруханаға жиі келіп тұрды. Біз ұзақ пікір алысатынбыз. Қожановтың әйелі де жиі келіп жүрді. Ісік қайтқан соң Халел Досмұхамедов укол салып берді де мен лазареттен шықтым. Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Омаров Уәлихан отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан - Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты - «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады - десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті.

Қыста Атбасар ауандық милициясының бастығы үлкен ағам Байсейіт Әділов келді. Ол жолай ауылға соғыпты. Ауылдағылар: бізді Түркістан республикасының қармағына қайтадан қабылдасын. Соны республика басшыларымен келісіп қайт - деп тілек білдіріпті. Мен ағаммен бірге Түркістан қаласында екі-үш күн болып Шуға кеттім».

Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.

Д.Әділев (жалғасы): «Ақмолаға 1922 жылы Сәкен Сейфуллин халық комисариатының төрағасы болған кезде бардым. Омаровпен сонда кездестім. Көңіл-күйі түсіңкі екен. Ташкентке барған кезінде әлде бір ұйымның ашылғаны туралы естігенін, ал Сарысу ауданының милиция бастығына... (Геишаков?) тағайындалғанын айтты. Сарысудан кетіп Ақмолаға қарасты Атбасар уезінің бастығы болып тағайындалғанына ренжіп жүрген менің ағам Байсейіт Әділов: өзінің жағдайы келмей, әрі-сәрі болып жүргенін жеткізді. Мен оны одан әрі түңілдіріп, Атбасарға қайтып бармауға үгіттедім. Айтқаныма көніп ауылда қалды. Біздің ұйым туралы ол ештеңе білмейді».

Оның бұл сапарын «Алашордашылардың» қайда, қашан, қай күні, кіммен жолығып, не дегенін тыңшылары арқылы біліп отыратын ОГПУ-дің Қазақ Өлкесіндегі төтенше өкілі Каширин мен Якубовскийдің назарынан тыс қалмаған. Олар 1922 жылдың 1 қазанынан бастап 1923 жылдың 1 қаңтарына дейінгі оқиғаларға баға берген мәліметінде:

«Есепті уақыттың арасындағы ұлтшылдардың белсенділігін танытқан аса елеулі оқиға ІІІ жалпықазақтық съезд болып табылады... Кеңестердің Уездік съездің қарсаңында Ақмола қаласына Түркістан республикасындағы алашордашылар Әшім Омаров, Дінмұхамед Әділев және Аштарға көмек комитетінің мүшесі Токжанов келді», - деп хатқа түсірген.

Д.Әділев (жалғасы): «Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп  Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман станциясындағы Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүреді».

Ал бұл кезде Т.Рысқұлов Сталиннің тікелей қарауында бір жыл жұмыс істеп, 1922 жылы Түркістан халық комиссарлар кеңесінің төрағасы боп тағайындалып еді. Міне, сол кезде Бұқарада астыртын ұйымда жүрген З.Валидов Ташкент өтетін құрылтайға қатысу үшін «Қызылқұм арқылы салт атпен жасырын келеді». З.Валидов өзінің «Қатирасындағы» естелігінде:

«Менің досым Убайдолла Хожаев заңгер ретінде: «Құрылтай жиналысына мүше болу үшін үміткердің қандай да бір жылжымайтын дүние-мүлкі бар екенін көрсететін бап бар. Бір нәрсе сатып алып қойыңыз», - деп кеңес берді. Оның ақылын тыңдап, Ташкенттің жанындағы Ахангарен өзенінің жағасындағы Аблық деген жерден бақшасы бар үй сатып алдым. Үйдің тұрған жері керемет еді, одан Шатқалдың қарлы шыңдары көрініп тұратын. 1917-жылы сатып алған мүкаммалыма көз қырын салудың реті түспеді, оның есесіне 1922 жылы басмашылар қозғалысына қосылғаннан кейін Башқортстаннан келген біздің жігіттер осы үйде айлап тұрды. Сол кезде мен де көрсең көз сүйсіндіретін бақшасы бар, суы мол, жемісі төгіліп тұрған осы үйде бірер күн тұрдым», - деп жазғанына қарағанда, оның бұл қалада ұзақ тұрақтап қалу ойы болса керек.

Ал  Заки Валидовтің 1922-жылы Ташкентке жасырын келгенде оның қайда тұрақтағаны туралы сұраққа ешкім де жауап бере алмаған. Бұл кәдімгідей бас қатырған мәселе болған. Ал оның жауабы оп-оңай осыдан бес жыл бұрын шешіліп қойыпты.

Шындығында да ол бұл үйдің қызығын көре алмады. «Түркістан ұлттық бірлігі» астыртын қозғалысы төрағасының Ташкентке жасырын келуі, құрылтай өткізуі, Ғ.Бірімжановпен, М.Тынышбаевпен, Т.Рысқұловпен кездесуі тергеу ісінде дәлелденбей қалды. Тергеушілер қанша шұқшия тексеріп, шындығын аша алмаған бұл сапарды З.Валидовтің өзі былай еске алады:

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі - осы бақ; екіншісі - Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі - Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі - Аблықтағы өзіміздің қора -жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, жиындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік. Маған кеше кешке таяу маңызды хабар айтпақ ойлары болған екен, бірақ есітсе жалғыз өзі ұйықтай алмас деп ойлапты. Ол хабардың бірі - Әнуар пашаның осыдан екі күн бұрын Кулябта қызыл әскерлердің қолынан қаза табуы, екіншісі - Самарқан ауданының төрағасы қари Кемелдің өлтіріліп, басының орыстарға тапсырылуы еді. Әнуар пашаның өліміне сенер-сенбесімді сұрағандарға:

«Басмашылардың бекіністері жоқ. Бір күнде бірнеше рет ажалмен беттесесің. Ал қари Кемелді осыдан 5-6 күн бұрын біз Үстірттен өткенде бізге берілуі тиісті аттарды бермеген сатқын Мұстақ өлтірген. Себебі сол күні қари Кемел ешбір сақтық шараларынсыз отбасына кетіп еді. Сатқын Мұстақ бұл мүмкіндікті пайдаланып, намаз оқып отырғанда оны алыстан тапаншамен атқан да, басын кесіп Жизаққа әкеткен. Содан кейін ол басты Ташкентте болатын Коммунистердің құрылтайына жіберген», - деп жауап бердім.

Мұны естіген жастар қатты әбігерге түсті. Қалай болғанда да енді сатқын Мұстақтың тірі жүруі екіталай еді... Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шәһит  болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістан тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім», - деуі оның шын жүрегінен шығып еді», - дейді.

Иә, тек қана Түркістан мен Түрікменстан, Бұқара мен Хиуа, Тәжікстан, Қазақстан республикасындағы жұртшылық емес, Ресейдің ішкі бөлігіндегі түркі тектес ұлттар үлкен үміт артып отырған «жалпытүріктік азаттық армиясы» туралы шындық та, аңыз да осылай аяқталды. 1917-1922 жылдардың аралығында түрікшілдік идеясы түркі халықтарының арасында кәдімгідей мақсатты қозғалысқа айналып еді. Түркістан республикасының жариялануына байланысты бұл нақты саяси күшке бастаған болатын. Заки Валидовті де астыртын қозғалысты басқаруға ынталандырған сол «жалпытүріктік азаттық идеясы» мен Әнуар паша басқарған «жалпытүріктік азаттық армиясы» еді.

Үміт бір сәтте кесілді. Ташкентте Д.Әділевпен тағы да кездескенін Заки Валидов:

«Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты», - деп еске алады.

Бұқара мен Қоқан «іссапарынан» қатты науқастанып келген Д.Әділев ауылына қымызбен емделуге, З.Валидовтің айтуынша, «Шымбурынның шыңырауының суын ішіп», ауруынан айығу үшін ауылына кеткені жоғарыда айтылды. Тергеушіге: сол жазда Т.Рысқұловтың «пәрмен қағазымен» жастарды оқуға тарту үшін үгіт-насихат жүргізгенін баян етеді. Оның:

«Жастармен тығыз әрі қызуқандылықпен жұмыс жүргізгенін», "әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтынын", - М.Дулатов және тағы да басқа куәлар баса көрсетеді.

Сонда, ол шынымен де астыртын әскер жасақтады ма? Өзінің көрсетіндісінде:

«22 жылы күзде маған жас шәкірттерді мектепке орналастыру тапсырылды. Рысқұловтың және Сырдария облыстық атқару комитетінің мандатын пайдалана отырып баспанасыз балаларды әртүрлі оқу орындарына орналастырдым!», - деп түсініктеме берген.

Ташкентке астыртын келген З.Валидовке сол шәкірттерді көрсетті ме екен. Сенуге қисыны келмейді, сенбеске тағы лажың жоқ. Дегенмен де мұндай көңіл-күйдің жастар арасында болғаны анық. Оған тергеуге тартылған С.Өтегеновтің:

«Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашамыз. Жасақ құрамыз», - деп жұртты үгіттеп жүргені дәлел.

Айыптау қорытындысында: «Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшін жетекші мамандардаярлауды ойластырған», - деген баптың бар екенін ескерсек, бұл да шындыққа жақын екені анықталады.

Д.Әділев (жалғасы): «1922 жылы қазан айында Қашқынбаевтың үйінде ұйым отырысы өтті. Оған Досмұхамедов, Қашқынбаев, Рысқұлов және Валидов өз адамдарымен қатысты. Валидовтің көңіл-күйі нашар еді. Сондықтан да Валидовтің бұдан кейінгі тағдыры не болатыны туралы әңгімеленді. Сонда Валидов өзінің басынан кешкен хикаяларын айта келіп: Әнуар пашаның Самарқан майданында жеңіліске ұшырағанын, Файзулла Қожаевтің ішегі жіңішке жігіт екенін, сондықтан да онымен бірге қызмет істесуден бас тартқанын, өткен іске өкінетінін, Кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, бұған сенім көрсетіп, қызметке алуын өтінетінін айтты. Сонда менің есіме бірде өзінің пәтерінде Жаһанша Досмұхамедовтің: «Егерде жүз мың әскеріміз болса, онда орыстарды Жайық өзенінен ары қуып тастар едік қой», - дегені түсті».

Сондай қысылтаяңда жүріп «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылғанын Заки Валидовтің естелігі растайды.

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары - Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы - «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».

Әнуар пашаның қазасы және басмашылардың талқандалуы «Түкістан ұлттар бірлігі» орталығының азаттық күресінің тұйыққа тірелгенін анық байқатады. Сондай құсалы сәтте З.Валидов Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Оның бұл тілегі туралы тергеушіге берген жауаптарында:

Д.Әділев (жалғасы): «Рысқұлов Валидовке: Түркістанның төрағасын боп тұрғанда Біріккен Түркістан республикасын құру туралы ешқандай да пікір білдірмегенін, бұдан әрі Валидовті қорғай алмайтынын, Валидовке бақыт силаймын деп басына пәле тілеп алатын жайы жоқтығын айтты. Жалпы Рысқұлов өте сақ адам болатын. Ұйым мүшелері: Кеңес үкіметі Валидовтің өткендегі қайраткерлігіне бәрібір кешірім жасамайтындығын, сөзсіз жазаға тартылатындығын, отырыс бітісімен жасырын із тастап ешкім білмейтін басқа жаққа кету керектігі туралы кеңес берді. Оған дейін де Қажыбеков, Талғатов сияқты адамдар шетелге рұқсат алып кетіпті. Валидов: қаражатының жеткілікті екенін, Рысқұловтың мұны арандатып кеткенін, соның сөзіне сеніп Ташкентке келгенін айтты».

Осы арадағы дәлелденбеген бір айғақ - Валидов пен Рысқұловтың Ташкенттегі кездесуі. Д.Әділев: З.Валидовтің Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін Т.Рысқұловқа ренжігенін айтады. Ал бұл жайды «Қатираларда»:

«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын», - депті. Хаттың соңында: егерде  кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болса, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді», - деп баяндайды.

Бұл естеліктің астарына қарағанда олар бір-бірімен кездеспеген. Сақтанған. 1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12 маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінң Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Оған жауап ретінде:

1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкешті оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде  ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі - менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақта құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариатта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ», - деп сөйледі.

З.Валидовтің бұдан кейінгі тағдырын жоғарыдағы астыртын өткен құрылтай шешті. Құрылтайда:

«Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетінежазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді», - деп жазады З.Валидов.

Суретте - Закс

Д.Әділев (жалғасы): «1923-24 жылдары Валидов Ташкентте болған жоқ. Кейін шетелге барып келген Мұңайтпасовтан білгенім: Валидов өзінің серігімен қазақтың саптамасы мен тымағын киіп әуелі адайларға барған, одан түрікмендерге өткен, содан кейін Ауғанстан арқылы Персияға, Персиядан Түркияға жеткен. Анкарадан Константинопольге (Станболға) келіп параходқа отырып Марсельге, одан темір жолмен Парижге келген. Онда Мұстафа Шоқаймен жолыққан. Ол Берлинге баруға кеңес берген. Берлинде бізден оқуға барған шәкірттерге кезігіп, солардың пәтерінде тұрған. Берлин кітапханасындағы тарихи құжаттарды зерттейді. Сондағы ғылыми жетістіктері үлкен назар аударып Түрік үкіметі  Константинополь университетіне профессорлыққа шақырады, онда түрік-татар тарихынан дәріс береді. Мұңайтпасов Валидов туралы жақсы пікір білдірді. Сол арқылы маған да сәлем айтыпты. Сондай-ақ Мұңайтпасовқа: әйелін Башкирияға жеткізіп, одан Москва арқылы шетелге өткізіп жіберуді өтініпті. 1927  жылы жазда Мұңайтпасов екеуміз ескі Ташкент шаһарына барып, Валидовтің әйеліне жолықтық.  Әйелі өзбекке ұқсайды екен, өзін тағдырдың тәлкегіне тастап кеткені үшін күйеуіне реніш білдірді. Ешқандай шет елге бармайтынын, Башкирияға кететінін айтты. Сонымен біз тарқастық. Кейінгі тағдырын білмеймін».

Дінше (Дінмұхамед) Әділовтің екінші жауабы осымен аяқталады. 1923 жылғы партиялық тазалау кеңесінде Т.Рысқұлов бұл көрсетіндідегі оқиғаларды жоққа шығарады.

Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың", яғни, лақап - аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577