Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3417 0 пікір 28 Қараша, 2011 сағат 05:34

Ноябрь Кенжеғараев. Неге Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың тасасында қалуы керек?

Алматыда Жаңа жылға бір айдан астам уақыт бар болса да, шыршалар орнатылып, түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, құттықтаулар мен символикалар ілініп, көптен күткен маңызы өте жоғары мерекедей дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Бұл тек Алматыға ғана тән дүние емес, Қазақстанның басым бөліктерінде осылай іске асуда. Ал ел болып тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы жылдағыдай Жаңа жылдың тасасында тағы да қалып қойғалы отыр. Неге десеңіз, Жаңа жылдық безендірумен салыстырғанда, қалалардың Тәуелсіздік күніне безендіріліп дайындалуы өте жұпыны, тіпті салыстыруға да келмейді. Мереке күні қарсаңында қала көшелері мен ғимараттарында, мекеме маңдайшаларында жалаушалар ілініп, атам қазақ армандап жеткен қастерлі күнге арналған электронды таблолардағы құттықтау жазбалар, ел рухын оятатын өлең-жырлар, Қазақстан халқын бірлікке шақыратын ұрандар мен елді бір тудың астына жинайтын жалынды сөздер жазылып, көздің жауын алып, менмұндалап тұру керек емес пе? Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңынан ба, неден екені белгісіз біздің ел Көк байрағымызды сүйіспеншілік пен отансүйгіштікпен желбіретуге неге именеді?

Алматыда Жаңа жылға бір айдан астам уақыт бар болса да, шыршалар орнатылып, түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, құттықтаулар мен символикалар ілініп, көптен күткен маңызы өте жоғары мерекедей дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Бұл тек Алматыға ғана тән дүние емес, Қазақстанның басым бөліктерінде осылай іске асуда. Ал ел болып тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы жылдағыдай Жаңа жылдың тасасында тағы да қалып қойғалы отыр. Неге десеңіз, Жаңа жылдық безендірумен салыстырғанда, қалалардың Тәуелсіздік күніне безендіріліп дайындалуы өте жұпыны, тіпті салыстыруға да келмейді. Мереке күні қарсаңында қала көшелері мен ғимараттарында, мекеме маңдайшаларында жалаушалар ілініп, атам қазақ армандап жеткен қастерлі күнге арналған электронды таблолардағы құттықтау жазбалар, ел рухын оятатын өлең-жырлар, Қазақстан халқын бірлікке шақыратын ұрандар мен елді бір тудың астына жинайтын жалынды сөздер жазылып, көздің жауын алып, менмұндалап тұру керек емес пе? Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңынан ба, неден екені белгісіз біздің ел Көк байрағымызды сүйіспеншілік пен отансүйгіштікпен желбіретуге неге именеді? Мысалы, Түркия Республикасының мемлекеттік мейрамдарында алқызыл туға қала көшелері көмкеріліп, әр мекеме мен ғимаратта түрлі плакаттар мен банерлер ілініп, теледидар мен радио тек ұлттық рухты және мерекені насихаттайтын бағдарламаларды таратып, жоғары деңгейде, әрі ұлттық рухты серпілтіп, ұлтына, мемлекетіне деген мақтаныш сезімді жоғарылатып қарқынды өткізеді. Тіпті аспаннан алқызыл ту жауғандай әсер қалдырады. Ал қазір Тәуелсіздік мейрамы атрибуттарынан гөрі, Жаңа жылдың рәміздері қалаларды жаулап алды.

Жаңа жыл демекші, ол да болса, біздің мемлекетіміздің санасының ұлттық сарында еместігін көрсетеді емес пе? Еуразиялық кеңістікте Европа мен Ресейден кейін Жаңа жыл десе, жанын беріп тойлайтын мемлекет Қазақстан шығар. Төл түркілік таным мен ислам қағидаттары бойынша да бұл мейрам бізге тән емес қой. Бұл біздің мемлекетіміздің төл келбетінің әлі күнге дейін қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Әншейінше ұлттық, мемлекеттік мәселелерде мойны жар бермейтін Алматы қаласы, т.б. қалаларымыз  бен оның тұрғындары Жаңа жылға сайлан деп пәрмен келмей жатып-ақ кәсіп иелерінің бәрі тұтынушыларды мейрам алдыңдағы сауда-саттыққа тартып, қызылды-жасылды шамдармен, түрлі жылтырауықтармен тартуға көшуінде пайда табудың көзін ойлайтын құлқынқұмар есеп те жатыр. Әрине, пайда таппа, кәсіппен шұбылданба демейміз. Сол экономикалық айлаңды, Қазақстан азаматы ретінде Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында неге көрсетпейсің? Неге сенің сауда-кәсіп мекеніңде Тәуелсіздік  мейрамының жұрнағы да жоқ? Қазақ жерінде, елінде тұрып, кәсібіңді дөңгелетіп отыр екенсің, осы елдің дәстүрі мен рухын сыйлауға міндеттісің!

Жалпы қала халқының басым өкілдері, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің де тек маргиналдық, нигилистік, космополиттік, либералдық санада, түсінікте екендігі жасырын емес. Үкімет пен партия хәл-қадірінше шаруалар атқарып, бетін бері тартқысы келіп жатыр-ақ, алайда әлі идеологиялық тұрғыдан патриоттық сезім алаулап тұр деп айта алмасақ керек. Дүниеқоңыздық, пайдакүнемдік, құлқынқұмарлық менталитет пен сана орын алған жерде, отансүйгіштік, патриоттық, ұлттық сезімдер шеттетіліп қалатындай.

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық келбетінің әлі орнығып қалыптаса қоймауының тағы бір себебі, бұқаралық ақпарат құралдарында жатыр десек болады. Мемлекеттік арналардан бөлек, коммерциялық арналарда Тәуелсіздік мейрамын насихаттау жетіспей тұр, ал шетелдік каналдарды ретрансляциялайтын арналар мүлдем Тәуелсіздік күні туралы бағдарламалар жасамайды. Жаңа жылдық мерекені тойлауды әзірдің өзінде қызу бастап, шоу-бизнес өкілдерімен ауыз жаласып, қызу дайындық үстінде, оны теледидар арқылы таратып та отыр. Мемлекеттің төл келбетін қалыптастыруда Мәдениет, Ақпарат министірліктері саясатты бақылаудан шығарып алған. Бізде жалпақшешейлік, плюреализмге жол берілген, тап біздің жағдайымызда ұлттық идеология мәселесінде плюреалзимнің ауылы алыс. Қазір Қазақстан халқы түрлі жүйелерге қосылып (3D, түрлі спутниктік арналар) мемлекеттік арналарды мүлде көрмейтін жағдайларға келді. Ең әрісі Қазақстан арналарын көрмейтін адамдардың қазақ баспасөзін оқып, қазақ ұлтының сойылын соғады дегенге сенбейсің.

Қазақстанның небәрі 16 жарым миллион халқының санасы біркелкі, бірізді емес. Ана тілін білмейтін, ұлттық санадан ада азаматтар қазіргі таңда космополит, маргиналдарды құрап отыр, жасырын емес, еліміздегі орыстілді  азаматтар бай саяси-бизнестік топты құрайды. Сондай-ақ әлі ұлтшылдық, шовинистік, ұлы империялық пікірден арыла алмаған, не тек экономикалық табысты ғана көздейтін өзге ұлт өкілдері тағы бар. Оған ұлттық санасы жетілмеген, күнкөріс қамымен жүрген қазақ азаматтарын тағы қосыңыз.

Тіл мен санаға келгенде    екіге жарылатын қазақ ұлты, қазіргі таңда діни тұрғыдан да алауыз болып жүр. Дәстүрлі қазақтық-түркілік танымға негізделген, ішкі адами тазалық пен иман тазалағын жоғары қоятын, Ханафи мәзхабы жолында ұлтымыз ұйысып келген және осы жолмен дамуымыз керек.

Тарих үшін жиырма жыл аз ғана уақыт дегенімізбен, «істің қалай басталғанына қарай бағаланатындықтан», идеологиялық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуы керек сынды көрінеді.   Ұлтымыз бен Мемлкетіміздің тізе қосып, арқа-жарқа болып, сезімдері тулап, еліміздің барша азаматтары шат-шадыман болып төс түйістіретін мейрам Тәуелсіздік мейрамы болуы керек. Әсіресе, еліміздің еңсе көтергелі атап өтуінің символикалық мәні бар Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын, мемлекетшілдік сананы, рухты оятатындай, көтеретіндей етіп өткізу керек. Бұл деген сөз аспанға қаншама миллиондар тұратын отшашу атып, дәстүрге айналған шетелдік жұлдыздарға қыруар қаржы беріп өткізу деген сөз емес, ұлттық рух пен рәміздер, ұлттық, мемлекеттік  идея насихатталуы қажет.

Кеңестік шекпеннен шыққан, ұлттық идея бойына сіңбеген, маргинал, космополит, либерал басшы-қосшылар мен депутаттардың қатарын құлшылық санадан ада, тәуелсіз ой ойлайтын жас азаматтар іске тартылуы керек. «Жас келсе іске» демекші, еліміздегі болашақ жасақталатын Парламент мәжілісі депутаттары қатарынан ұлттық санасы қалыптасқан, батыл, саяси сауатты, іскер жастар Жанболат Мамай, Дәурен Бабамұратов, т.б. азаматтарды көретін болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Аталмыш жастар, ұлттық, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруға бел шеше кірісіп, мемлекетіміз бен ұлтымыздың келбетін қалыптастыруға еңбек етеді деп сенемін. Ескерте кететін жәйт, мен бұл азаматтармен жеке таныс емеспін, жалынды азаматтардың ел ішіндегі атқарып жүрген істері мен бастамаларынан туындаған азаматтық пікірім.

Қазіргі таңда жаттанды, жасанды, пафосты сөздер мен ұрандардың ескіргенідігі көзге оттай басылады. Коммунистік жәдігөй психологияның сарқыншықтары біздің қоғамда өмір сүруі мен оның басқа санаға трансформациялануы жиреніш тудырады.

Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында, әрбір азамат мен Тәуелсіздікке не бердім, мен Тәуелсіз елдің ұланымын, Тәуелсіздіктің нығаюына қандай істер атқардым деп есеп беруі абзал. Күйбең тіршіліктен бір сәт жоғары көтеріліп, дүниеқоңыздық, пайдакүнемдік санадан шығып, адами болмысымен қатар, ұлттық болмысына көз жіберсе игі. Түптеп келгенде бұл іс әрбір жеке тұлғаның болмысына келіп тіреледі. Тұлғаның экономикалық-құқықтық санасымен қатар, тәрбиесіне де байланысты туындайды.

Сондықтан да, ел тұтқасындағы отырған азаматтар, БАҚ саласының басшылығы мен журналисттер қауымы, өнер, ғылым, білім, спорт саласының қызметкерлері төл мерекемізді тиісті деңгейде атап өтуге мұрындық болу керек. Ел болып жұмылғанда ғана ұлттық, мемлекеттік келбетіміз бірегейленеді, бірізділенеді. Қала әкімшіліктері Тәуелсіздік мейрамы өткенге дейін қала аймақтарында шыршалар орнатылып, Жаңа жылдық атрибуттармен безендірілмеуі керек деген қаулы қабылдау керек. Тиісінше, әрбір мекемені Тәуелсіздік мейрамына қарсы мемлекеттік рәміздер мен құттықтауларды іліп, безендірулерді міндеттеу қажет сынды. Олай болмаған жағдайда саяси-рухани-идеологиялық тұрғыдан оларды бірегейлендіруге тағы да жиырма жыл кететіндей көрінеді.

Ноябрь Кенжеғараев

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

доценті, ф.ғ.к.

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір