Жұма, 19 Сәуір 2024
Коронавирус 2284 3 пікір 14 Шілде, 2020 сағат 10:57

Карантин 2 тамызға дейін ұзартылды

Қазақстандағы карантин режимі 2 тамызға дейін ұзартылады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.

«Карантиндік қатаң шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Ауру өсуі тұрақталуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін республика бойынша шектеу шараларын 20 шілдеден 2 тамызға дейін тағы екі аптаға ұзарту туралы шешім қабылдаймыз», - деді Мамин.

Сонымен қатар, ол карантиннің ұзартылуына байланысты тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі көмекті нақты кімдер алатынын айтты.

«Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өтінімі негізінде жүргізіледі», - деді ол.

Асқар Ұзақбайұлы Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге, мемлекеттік органдарға карантин шараларының одан әрі сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдар карантинді одан әрі сақтаудың барлық шарасын іске асырсын. Дәрілік препараттардың қажетті қоры бар және үнемі толықтырылып отырады. Оларды дәріхана желілері мен стационарлар бойынша нақты бөлу бойынша барлық шараны қамтамасыз ету қажет»,-деп тапсырды премьер-министр.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев карантинді тағы екі аптаға созылатынын айтқан болатын.

Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 61 755 адамға жетті.

Abai.kz

3 пікір