Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 3022 13 пікір 11 Шілде, 2020 сағат 13:19

Нақты іске ұласпаған сын құрғақ сөзден аса алмайды

Коронавирус елдің қалыпты әлеуметтік-экономикалық өмірімен қатар, қоғамдық тіршілігін біршама бұғаттап тастады. Есесіне халықтың күйзелісі іштегі наразылықты күшейтіп келеді. Бұның арты неге әкелетіні кімді де алаңдатады. Айналып келгенде кез-келген елдің алға басуы мейлінше өркениетті жолмен іске асқаны маңызды.

Осындай тетіктердің бірі - алда келе жатқан Мәжілісі мен Мәслихаттарға сайлау. Аталған науқанға небары жарты-ақ жыл қалды. Өкінішке орай оппозициялық бағыттағы тіркелгені бар, тіркелмегені бар саяси күштердің жағдайы көңіл көншітпейді. Бірі сайлау алдында бір ай қалғанда ғана оянатын дағдысымен әлі қалың ұйқыда жатса, енді бірі жік-жікке бөлініп ортақ мәмілеге сол күйі келе алмауда. Екі ортада көріп отырғанымыз – билік партиясының әрекеттері.

Коронавирустан жапа шеккен азаматтарға қол ұшын созған “Біргеміз” қоры иә партия ішіндегі бәсекелестікті ашық түрде жүргізуді көздеген Праймериз өткізу жайындағы бастама соның бір көрінісі. Рас, бұны әрқалай бағалауға болар. Десе де атауында “халықтық” деген сөз бар билеуші партия іштей реформаланып сол халықтың сенімін қайтаруға күш салып отырғанын да жоққа шығаруға болмас.

Бұл тұрғыда өткен жолы бір топ қоғам белсенділерінің Нұр-Отан партиясын жақтаушылары Лигасын құрғанын оң бағалауға тұрарлық. Олардың жасаған мәлімдемесіне қарағанда Лига билеуші партияны көз жұма қолдау үшін емес, бірінші кезекте оған әлеуметтік теңдікті орнату бойынша елдің талабын жеткізуді алға тартады.

Әлбетте, бұдан ешнәрсе шықпайды, бәрі тек алдап-арбау деген баяғы әнге қайта басуға болады. Тек нақты іске ұласпаған сынның өзі құрғақ сөзден аса алмағанына қай заман? Сабақ шығарар кез келді.

Расул Жұмалының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

13 пікір