Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
3853 3 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 13:07

Орыс-қазақ шекарасында тағы да мыңнан астам мигрант жиналып қалды

Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк аймағына мыңнан астам Қырғызстан азаматы, 200-ге жуық Өзбекстан және 30-дан астам Тәжікстан азаматы жиналып қалды. Олар Қазақстанға өтіп, әрі қарай отанына оралғысы келеді деп хабарлайды Orenday.ru.

Қырғызстанның Орынбордағы құрметті консулы Жандар уулу Таалайбек көрші елдің билік өкілдерімен транзит дәлізі жөнінде келіссөз жүріп жатқанын айтты. "Дипломатиялық келіссөз кемінде 20-30 күнге созылады" деген ол.

"Мигранттарға көмектесіп жатқан мейірімді жандар табылып жатыр. Оларға қазір жергілікті тұрғындар, волонтерлар мен қайырымдылық қорлары көмектесіп жатыр", – деп консул орынборлық басылымға пікір білдірген.

Басылым мәліметінше, мигранттар қазір тігілген шатырда тұрып жатыр. Арасында аяғы ауыр әйелдер, зейнет жасындағы қариялар мен балалар да бар.

Бұл осымен орыс-қазақ шекарасына жиналған үшінші топ. Бірінші топтағы 541 адам 7 мамырда шекарадан өткен. Қырғызстанға барғанда, олардың жүзден астамынан коронавирус анықталған. Екінші топтағы 500 адам мамыр айының ортасында шекарадан өтіп, еліне оралған.

Abai.kz

3 пікір