Жұма, 19 Сәуір 2024
5353 4 пікір 29 Маусым, 2020 сағат 18:48

Жазушы Жанат Ахмади бақилық болды

Белгілі жазушы Жанат Ахмади бақилық болды. Бұл хабарды Қазақстан Жазушылары одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан Facebook желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

- 21 ғасырдың Майқы биі – деп мәртебе тұтып жүрген Жанат Ахмади ағамыз да пәниден бақиға жол салыпты. Қазыналы қария болады-ау – деп жүргенде, бұ кеткені не еткені?! Қазақ қаламгерлері мен қабырғалы қалың жұртқа қайғыра көңіл айтамын. Баладай жетелеп, данадай құрметтеп, қадір-қасиетін қаймақтай қалқытып жүрген жеңгемізге құдай қуат берсін, – деп жазды Бақыт Беделхан.

Жанат Ахмади 1943 жылы 15 қазанда Шығыс Түркістанның Құлжа губерниясы, қазіргі Іле Қазақ облысына қарасты Қорғас ауданында Үш Ақсу–Мазы деген жерде дүниеге келген. Құлжа қаласындағы 3 жылдық шаруамалдәрігерлік мектебі деп аталатын техникумның зоотехникалық бөлімін 1961 жылы тамамдайды.

1962 жылы Қазақстанға келеді. ҚР Мемлекеттік Орталық Ұлттық мұрағатында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған.

2006 жылы «Есенгелді би» тарихи романы, 2008 жылы «Жарылғап би» тарихи романы, 2009 жылы «Қарадан туған хан Нұрабай» тарихи романы, «Уақыт ырғағы» атты рецензия, әдеби сын мақалалар кітабы жарық көрген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Дәурен Қуат, жазушы:

- Қазақ әдебиетіне «Дүрбелең» атты романымен дүбір сала келген кең тынысты, эпик жазушы, романист Жанат Ахмади дүниеден озды... Жәкеңнің осы бүгін, түс әлетінде бұрынғы соңғының жолына түсіп, қайтпас сапарға аттанғанына сене алар емеспін. Қайран Жанат ағаның қоңырау шалып, телефон тұтқасын көтерген бетіңде-ақ: «Құдыққа түсіп кеткен адамға ұқсап жоқ боп кететіндерің не осы?» деп еркелей ұрысып қоя беретін қоңыр дауысы құлағыма келіп тұр.

Қайыр-хош, ағайын! Өмірден әдебиетті шын сүйген, жазуға жан тәнімен берілген, қазақтың бай тіліне байлық үстеген, құнарына құнар қосқан, қалам мен кәламына алғаусыз сенген ақтаңгер жазушы өтті. Жаның жаннатта болсын, жақсы аға!

Abai.kz

4 пікір