Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2995 0 пікір 25 Шілде, 2011 сағат 05:27

Өскемен өрлеп келеді

Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке

Осының алдындағы осы аттас мақаламызда Өскемен қаласының әлеумет­тік-экономикалық жағдайында үлкен өзгерістердің жүріп жатқандығын, соңғы екі жылдың айналасында ғана жеті мыңнан астам қалалықтың жеке үй салу үшін жер телімін алып, қалада жерге деген мұқтаждықтың жойыл­ған­ды­ғын, сондай-ақ көп­теген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың іске қосылып, бұл салада тұңғыш рет мемлекет-жеке меншік әріптестігінің сәтті жүзеге асырылып, жалғасын тапқандығын, дендробақтың, спорттық және демалыс орындарының іске қосылғандығын әңгімелеген болатынбыз. Олардың барлығы Елбасының өз Жолдауында Үкіметке, жергілікті билік органдарына берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Сонымен Өскемен қаласында әлеуметтік өмірдің алға басқандығын көрсе­тетін жағымды жаңалықтар уақыт өткен сайын жалғасын тауып, тың істерді туындатуда. Оны бұқаралық спорттың дамып, қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артып, халықтың жергілікті өзін өзі басқару ісіне араласа бастағандығынан да байқауға болады. «Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке» демекші, төменде осы мәселелер туралы да әңгіме қозғай кеткенді жөн санадық.

Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке

Осының алдындағы осы аттас мақаламызда Өскемен қаласының әлеумет­тік-экономикалық жағдайында үлкен өзгерістердің жүріп жатқандығын, соңғы екі жылдың айналасында ғана жеті мыңнан астам қалалықтың жеке үй салу үшін жер телімін алып, қалада жерге деген мұқтаждықтың жойыл­ған­ды­ғын, сондай-ақ көп­теген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың іске қосылып, бұл салада тұңғыш рет мемлекет-жеке меншік әріптестігінің сәтті жүзеге асырылып, жалғасын тапқандығын, дендробақтың, спорттық және демалыс орындарының іске қосылғандығын әңгімелеген болатынбыз. Олардың барлығы Елбасының өз Жолдауында Үкіметке, жергілікті билік органдарына берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Сонымен Өскемен қаласында әлеуметтік өмірдің алға басқандығын көрсе­тетін жағымды жаңалықтар уақыт өткен сайын жалғасын тауып, тың істерді туындатуда. Оны бұқаралық спорттың дамып, қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артып, халықтың жергілікті өзін өзі басқару ісіне араласа бастағандығынан да байқауға болады. «Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке» демекші, төменде осы мәселелер туралы да әңгіме қозғай кеткенді жөн санадық.


*Этноауылдағы қазақ үйі

Қала халқының 30 пайызы спортпен шұғылданады

Елбасы өзінің халыққа арнаған биылғы Жол­дау­ын­да «Туризм және спорт министрлігі әкім­дермен бір­лесіп, еліміздегі бұқаралық спортты дамытудың бір­лескен шараларын әзірлеп, оны нақты іске айнал­дыратын болсын. Қазақ­стан­дық­тардың 30 пайызына жуығы бұқаралық спортқа тартылуы қажет. Тек осындай жағдайда біз бұл істен прогресті көретін боламыз. Бұл - бүкіл Үкіметтің де міндеті» деп атап көрсеткен болатын.

Міне, Елбасы алға қойған осы міндетті жүзеге асы­руда да өскемендіктер алда келеді. Егер 2008 жы­лы спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға байла­ныс­ты қалада 95 шара өткізіліп, оған 30 560 адам тар­тылған болса, 2010 жылы 150 шара ұйымд­ас­ты­ры­лып, оған 72 340 адам тартылды. Ал үсті­міздегі жыл­дың І тоқсанының өзінде ғана 42 шара ұйым­дастырылып, оған 28 800 адам тартылды. Бұл 2010 жылдың І тоқсанындағыдан 10 мың адамға артық. Осы көрсет­кіш­тің өзі жыл соңына дейін 100 мыңнан астам өске­мендіктің бұқаралық спорт түрлерімен айналыса­тынын көрсетіп отыр. Егер қалада 300 мыңнан астам халық тұратындығын ескеретін болсақ, биылғы жылдың өзінде өскемен­дік­тердің 30 пайыздан астамы спортпен шұғыл­да­натындығына көз жеткіземіз.

Үстіміздегі жылдан бастап қалада әртүрлі сала қызметкерлерінің өз араларында спартакиада өт­кізу жүйелі жолға қойылды. Осындай спартакиадалар банк қызметкерлерінің, білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлерінің, журна­лис­тер­дің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, ардагерлер мен мүгедектердің арасында өткізілді. Бұрынғы «Әкем, шешем және мен» отбасылық жарысы жаңа мәнінде қайта жаң­ғыр­ды. Этно-мәдени ор­талықтар да осындай жарыс­тарға қосылды.

Әрине, спорт шаралары көбейген сайын қала­дағы спорт сарайлары мен алаңдарына, жаттығу залда­ры­на деген жүктеменің де ауырлай түсетіні белгілі. Соған сәйкес қалалық білім бөлімінің шешімімен мұндай мекемелердің жұмыстары кешкі сағат 9-ға дейін ұзартылды. Дене тәрбиесі оқытушыларына спорт алаңдарындағы және мектептен тыс жұмыс­та­ры үшін қосымша еңбекақы белгіленетін болды.

Cпорттың бұқаралық сипатын дамыту үшін Өскемен қаласында өткен жылдың өзінде ғана 25 шағын футбол мен хоккей алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Өскеменде үстіміздегі жылы теннис корттарының бүтін бір жүйесі іске қосылмақ. 2009-2010 жылдардан бері қолға алынып келе жатқан бұл жұмыстардың сметалық құны 600 миллион теңгені құрайды.

Биылғы жылы қала аумағындағы демалыс орын­да­рының қатарына тағы бір нысан келіп қосылған­ды­ғын ерекше атап айтуымыз керек. Қа­лалықтардың бос уақыттарын мәнді әрі денсау­лық­тары үшін пайдалы өткізуін көздеп, тау шаңғысын дамыту жө­нінде бастама көтерген қала әкімі Ислам Әбішевтің идеясы ШҚО Фристайл және сноуборд федера­ция­сының президенті, «Из­у­мрудный Алтай» ЖШС құ­рылтай­шы­сы Александр Чиликин­нің тара­пы­нан қол­дау тау­ып, Австралиядан шаңғы­шы­лар­ға арналған аспалы жол­дың құрал-жабдық­та­ры жеткізіліп орна­тылды. Тау шаңғысына ар­­налған бұл құлама жол­дың ұзақ­тығы 550 метрді, ал би­­іктігі теңіз деңге­йі­нен 400 метрді құрайды. Құ­лама би­іктігі - 100 метр. Жоба­ның жалпы құ­ны 20 миллион теңгеге ба­ға­ланып отыр.

Енді Өскемен қала­сын­­да әрбір тұрғынның қыс кезінде тауға отба­сы­мен ас­палы жол арқылы қи­нал­май шығып, рахаттана сыр­ғанауына толық мүм­кін­дік бар. Қазір осы­ған байланысты қала­да тау шаң­ғысы шеберлігіне ар­нал­ған балалар мек­тебі құ­рылды. Тау шаң­ғысы жөні­нен бұрын да алдарына жан салмайтын өскемен­діктер енді спорттың осы бұқаралық түрін одан әрі дамытудың толық мүмкін­дігіне ие болды.

Қалада соңғы кездері дәстүрге ене бастаған спорт­тың тағы бір түрі Аб­лакетка тауының басын­да­ғы «Қазақстан» деген үл­кен жазу мен соның қа­сын­да тігілген туға жету. Ол теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орналасқан. Жарыстың бұл түріне былтырғы жылы қаладағы жасы 11-ден 72-ге дейінгі аралықтағы 200 адам қатысты. Олар жоға­ры­дағы биіктікке жету үшін 2 шақырым 400 метрлік жолды басып өтті. Қазіргі күні биіктік басына электр желісі тартылып, «Қазақстан» жазуы мен еліміздің көк байрағы кешкі, түнгі уақыттарда алыстан жарқырап көз тартатын болды. Енді бұл биіктікке жету үшін автокөлік және аспалы жол салу жоспарға еніп отыр. Бірте-бірте бұл жер өскемендіктер күн сайын бас қосатын үлкен бір демалыс орны, бұқаралық спорт­тың өзіндік бір алаңына айналады деген сенім мол.

Қала әкімі Ислам Әбішевтің Елбасы тапсырма­сына сәйкес спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға ерекше мән беріп, бұл істе уақытының тығыздығына қарамас­тан жеке басымен де үлгі көрсетіп келе жатқандығын айта кетсек те артық болмас. Әкім қаладағы тәрбиесі қиын балалардан 30 баланы жеке қамқорлығына алып, өзінің спорттық командасын құрды. Олармен бірге спортпен айналысып, жиі кездесіп тұрады. Жаз айла­рында маусымдық жұмыс­тарға орналасуларына да көмек көрсетті. Қазір бұл балалардың 15-і мектеп бітіріп, жоғары оқу орында­рының студенті атанды.

«Әкім бол, әкім болсаң халыққа жақын бол» деген қағида бойынша жұмыс істеп келе жатқан азамат осындай істерімен халық арасында тез танылып, беделге ие болып келеді.

 

Қоғамдық ұйымдар серпіліс үстінде

Сапар барысында қаладағы қоғамдық ұйымдар тарапынан тың серпілісті байқадық. Елбасының үне­мі атап көрсетіп, жергілікті билік өкілдеріне кеңес ретінде жалықпай айтып келе жатқан үлкен бір талабы - жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мә­селесі нақ осы Өскемен қаласында ерекше ұшқындап тұр дей аламыз. Мұнда қаладағы бірнеше шағын аудандар бойынша жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері құрыл­ған. Олардың қала ішіндегі кенттер әкімдерінің жұмысына жасай­тын ық­па­лы өте үлкен. Бұл комитеттерді ха­лық пен қала әкім­ді­гінің ортасындағы қызметі демокра­тия­лық қағидаттарға негізделген жаңа бір буын деп айтсақ та артық емес. Қаланың Аблакетка ша­ғын ауданындағы №2 жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне жетекшілік етіп келе жатқан еңбек ардагері Владимир Семе­нов­ты әңгімеге тарттық.

- Біздің комитеттің қарауында 66 көп пәтерлі үй, көптеген жеке меншік тұрғын үйлер бар. Біз пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдардың жұ­мыста­рын үйлестіріп, оларды қоғам та­ра­пынан қадағалап отыруда қала бас­шы­лығы мен халыққа қолқабыс жасай­мыз. Халық қазіргі күні ең алдымен бізге келіп, өз өтініштерін айтатын болып жүр. Біз оны қолы­мыздан келгенінше өзіміз шешіп, ал қолымыздан келмегендерін тиісті мәсе­лелер бойынша жүйелеп, ретке келтіріп, қаладағы тиісті органдарға, мемлекеттік мекемелер мен шаруа­шы­лық жүргізуші субъек­ті­лер­ге тапсырамыз. Белгіленген уақытта тап­сы­рылған өтініш-шағымдардың жа­уа­бын күте­міз. Ол жауапты тұрғындарға жеткіземіз. Мәсе­ле­нің осы­лай жүйеге түсуі қала әкімдігіне де, ха­лық­қа да өте қолайлы болып шықты. Сондықтан біздің жұмы­сы­мызға алғыс айтушылар аз емес, - дейді ол.

Қаланың Аблакетка шағын ауданындағы осы жергілікті өзін өзі басқару комитеті аумағына кіретін, алдына гүл егілген көп қабатты үйлердің бірі «Титаник» деп аталады екен. Бұқтырма теңізіне жақын орналасқандықтан әрі бірнеше кіреберісті құрайтын ұзын үй болған соң солай аталған шығар деп жора­малдаған едік. Мұның тарихы мүлдем басқаша бо­лып шықты. Бұл шағын аудандағы көп пәтерлі үй­лер­ге жылу мен су келмей, жарық жиі өшіріліп жағ­дай қи­ын­даған осыдан біраз жыл бұрын осы үйдің тұрғын­дары асығыс өз пәтерлерін тастап шығып, қыраулы қыс­та басқа жерлерге барып жан сауға­лайды. Бұл жағ­дай «Титаник» кемесі суға бат­қан кезде ха­лықтың одан жаппай қашқан дүр­­белең оқи­ғасын көзге елестетеді де тұрғындар оған «Титаник» деген ат қояды. Ал қазіргі картина мүлдем бас­қаша. Су да, жылу да бар, жаз айларында тұрақты түрде ыстық су беру қолға алынған. Көгалдандыру жұмысы да жөнге қойылған. Осыған сәйкес кезінде сутегін қалған мұн­дағы пәтер бағасы уақыт өткен сайын қымбаттай түсуде.

- Мен осы үйден былтыр 25 мың долларға пәтер сатып алып едім. Енді қазір оны 35 мың долларға сатпай отырмын, - дейді бізбен әңгімесінде атын айтқысы келмеген бір тұрғын.

Қазіргі күні Өскемен қаласында 10 жергілікті өзін өзі басқару комитеті жұмыс істейді. Бұл республика бойынша осындай комитеттер құрудың алғаш­қы тәжірибесі. Олардың қызметтерін дамы­тып, жұ­мыс­қа шын мәнінде пәрменділік беру мақ­сатында ар­найы кәсіпорын құрылыпты. «Өскемен тәртіп» ата­ла­тын ол кәсіпорын қала әкімінің Істер жөніндегі бас­қармасына бағынады. Қолында тиісті қаржысы болғандықтан бұл кәсіпорын қала тұр­ғындарының өтініш-арыздарына қатысты кейбір мәселелерді шұғыл шешуге қабілетті. Қазіргі күні осы кәсіп­орын­ның және Өскемен қала­сын­дағы өзін өзі басқару комитеттерінің жұмыс тә­жіри­бесімен басқа өңірлер мен елдерден келіп таны­су­шылар да аз емес екен. Өйткені бұл тәжірибе көпші­лік үшін өзіндік бір тың үлгі есебінде қалыптасып, сыннан өтіп келеді. Оның нәтижесі де жаман емес.

- Біздің шағын ауданымыздағы халықты тол­ған­­дырып келген үлкен бір проблема осындағы жылу қа­зандығының жұмысы болатын. Бұл қазан­дықты ұстау шығындары осы уақытқа дейін 100 пайыз тұр­ғын­дардың мойнында болып келді. Қа­зандықтың жөн­деу жұмыстарының, қысқа қажетті көмір сатып алуының, мұндағы жұмысшыларды ұстаудың бар­­лық шығын­дары тұрғындар төлейтін төлемақы есебінен өтеліп отырды. Бірақ бұл қаржы көмір сатып алудың өзіне толық жетпей, жөндеу жұмыстары мүлдем назардан тысқары қалған еді. Қазандықты өз меншігіне қара­тып алған жеке тұлға оның жұмысын жандан­ды­ра алмай үнемі жұрт­шылықтың нара­­зы­лығына ұры­нып от­ыр­ды.

Міне, осы мәселені қала әкімдігімен бірлесе оты­рып, биылғы жылы сәтті шештік. Оны жы­­лыту қала басшы­лы­ғының араласуымен қала­дағы жылу жүйе­лері мекемесіне тапсырылды. Осы үшін қазан­дықтан жылу жүйелері мекемесінің магистралды құбы­ры­на дейін жаңа желілер тар­тылуда. Көп жылдардан бері тұңғыш рет жөндеу жұмыстары қолға алынды. Алғаш рет жаз айла­рында біздің шағын ауданы­мыз­ға да ыстық су келетін болды. Осы жағдайға бай­­­ла­нысты тұрғын­дардан жылу қызметіне ақы төлеу ісі де жақсарып отыр, - дейді бізбен әңгі­ме­сінде жергілікті өзін өзі басқару коми­тетінің басшысы.

Ал қала ішіндегі №13 жергілікті өзін өзі басқару комитетіне Наталья Цыкунова жетекшілік етеді. Ол - «Ақжол» партиясының мүшесі және оның осындағы филиалын басқарады.

- Қала әкімі біз секілді саяси партиялардың жергілікті жетекшілерімен кездесу өткізіп, бәрімізді ел мүддесі жолында бірігіп жұмыс істеуге шақырды. «Егер бәріміздің ойлағанымыз халықтың мүддесі екен­дігі рас болса, онда илегеніміз де бір терінің пұш­пағы ғой. Ендеше бірігіп жұмыс істеп, қала­мыз­дың көркейіп дамуына атсалысайық» деді. Бұл ұсы­ныс­ты мен қолдадым. Сөйтіп жергілікті өзін өзі бас­қару жұмысына араластым. Енді қала әкімдігінің ұсынысы бойынша Арматура зауыты шағын ауда­нын­дағы қирап тұрған балабақшаны сатып алып, одан мектеп пен балабақша жасасам деп жүрмін. Менің ойымша бұл қала әкімдігіне де, бәлкім, кәсіпкер ретінде маған да пайдалы болуы мүмкін. Ең бастысы, бұдан халық ұтатын болады. Мүдделер тоғысқан жерден ғана игілікті жақсы істер шығады», - дейді Наталья Федоровна.

Өскеменде қаладағы барлық қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, саяси партиялардың басын қосатын қо­ғамдық кеңес құрылған. Оған бай тәжірибелі, бұрын талай басшылық қызметтер атқарған Владимир Лопаткин жетекшілік жасайды. Осы қоғамдық кеңес ая­сында қаланың әртүрлі проблемаларына байланысты сарап­шы­лар топтары жұмыс істейді. Ол топтардың бірі қаладағы азық-түлік бағаларының қозғалысын бақы­лау­ға алса, екінші бір топ экология мәселесімен шұғылда­нады. Бұл қоғамдық кеңес Өскемен қаласы­ның әкімі Ислам Әбішев пен Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа дейін шығып, өз ұсыныстарын қойып отырады және аталған мәсе­ле­лерде басқа өңірлер мен елдерде қандай жақсы тәжі­ри­белер бар, соларды осы өңірге тартуға өз жәрдем­дерін тигізеді.

Экологиялық комиссияның жетекшісі бұрынғы атақты хоккейші Геннадий Корешковтың айтуы бой­ынша, ол басқаратын комиссия құрамына қа­ла­дағы барлық ірі кәсіпорындардың бас эко­лог­тары кіреді. Сондықтан бұл комиссия қала өмірінде өте маңызды рөл ойнайды.

- Бұрын біздің қаламызда эколо­гиялық жағ­дай­ды бақылайтын 5 бақылау бекеті бар еді. Қазір оның са­нын 15-ке жеткіздік және қала бас­шы­лы­ғының қол­дауы­мен олардағы құ­рал-жабдық­тар­ды жа­­ңа тех­нология­лар­мен жаңарттық. Енді біз 10-15 ми­нөт­тің ішінде қаланың эколо­гия­лық жағдайын дәлме-дәл білу мүм­кін­дігіне ие болдық. Сөйтіп, эколо­гия­ға кері әсерін тигізген кә­сіп­орындар сол сәтінде бірден айқын­дала­тын бол­ды. Ал бұрын гидромет бақы­лау­ында бол­ған кезде қаланың мұн­­­дай мүм­кін­ді­гі жоқ еді. Енді біз экологиялық қауіп­сіздік орталығын құ­­­ру­дың жобасын жасап, оны енгізу жө­нінде қала және облыс басшы­лы­ғына ұсыныс жасап отырмыз. Бұл жоба бой­ынша қаланың экология­лық жағ­дайына дереу талдау жасалып, осы­­­ның нәти­жесінде эколо­гия­ны бұз­­­ған кәсіп­орын­дарға айып­пұл белгіленеді жә­не бұл жағдай ха­лыққа дереу хабар­ла­нады. Менің ойымша осын­дай ашық­тық, жа­риялық жағдайда кәсіптік шеберлікпен жұмыс істеу қала тұрғын­да­ры­на олар­дың денсаулығын қорғауда үл­кен пай­дасын тигізетін болады. Мұн­дай жағым­ды нәти­желерге біз облыс пен қала басшылығының қол­дауы арқылы қол жеткізіп келеміз. Халық үшін жұмыс істеуге келген мұндай басшылармен ынты­мақтаса әрекет етудің пайдасы мол, - дейді Геннадий Корешков.

Осы жөнінде қала әкімі Ислам Әбішевпен әңгіме қозғаған кезімізде ол бізге Елбасының тапсырмасына сәйкес халық мүддесінен туы­н­дай­тын іспен шұғылданудың басшы ретінде жеке адамға беретін ләззаты барлығын да жасырмады.

- Рас, халықпен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ ат­қа­рып отырған ісіңнен сол халықтың пайдасына орай нә­тиже көрінсе, осының өзі адам ретінде мені қа­наттандырады. Осындай мәселелерде ең ал­дымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тыным таппай жұмыс істеп, жақсы іске жанашырлықпен қарайтын­дығын, ал бізге осының өзі үлкен қолдау екендігін жасырмаймын. Қазіргі күні біз қаладағы қорда­ла­нып қалған көптеген әлеуметтік пробле­маларды шеше бастадық. Ағымдағы жұмыстың барлығы өз ретіне түсті. Енді кезекте болашақтың мәселесімен шұғыл­дануға мүмкіндік алдық. Қаламызды қалайша көрік­тендіріп, дамытамыз? Өскемен қаласының атағын қалай шығарамыз? Міне, осындай сұрақ­тар­дың шешімін ойластыра бастадық. Қалада тұрғын үй-ком­муналдық саланы модернизациялау жөніндегі жұ­мыс­тар еліміздің қалалары арасында алғашқы­лардың қатарында бізде басталып кетті. 20 жыл бойы қолға алынбай келген Үлбі жағалауындағы кейбір қоқысты жерді жақсылап тазалаудан өткізіп, олардың жаға­сына демалыс орындарын ашпақ ойымыз бар. Бұл жобаны сәтті қорғап, оған республикалық бюджеттен қаржы да алып отырмыз.

АҚШ-та белгілі бір нәрсені шешерде уақыт­­тың 70 пайызы ойлануға, 20 пайызы әзірленуге, тек 10 пайызы ғана оны жүзеге асыруға жұм­са­ла­ды екен. Егер шындап ойлап, жүрегіңмен беріліп жұмыс істей білсең, бізде көптеген мәселелерді шешуге бола­тын­ды­ғына көзім жетіп келеді. Өйт­кені, ел басшылығы осы жолда барлық қажет­ті­ліктерді жасап отыр. Сон­дықтан менің ойымша басшы адам­дарға қазіргі уа­қыт­тағы ең қажеттісі креативті ой­лап, жаңа идеялар­ды айқындау және соған қол жеткізуде қоғамның, халықтың көмегіне сүйеніп, олар­ды осы іске жұмылдыра білу деп білемін, - деді.

 

Сәулеткерлік сән берген қала

Өскеменде мүсіншілердің халықаралық симпо­зиу­мын өткізу ісі осындай креативті ойлаудың жемісі секілді. Бұл симпозиум Өскемен қаласында был­­­тыр ұйымдастырылса, биыл тағы жалғасын тапты. Идея­сы өте тамаша. Әлемнің әр түпкі­рін­дегі атақты кә­сіпқой мүсіншілерге хабар жіберіліп, Өскемен қала­сын­да ол­ар­дың арасында конкурс өтетіндігі мә­лім­денеді. Симпозиумға әзірлік жасау, ұйымдастыру жұмыстарын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мойнына алады. Симпозиумға қатысушы әр жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей өзінің болашақта қалада орналас­ты­ратын мүсінінің суреттерін, мате­ри­ал­дың көлемін, эскиздік жобасын жібереді. Қа­был­даушы жақ (Өс­кемен қаласы­ның әкімдігі) симпо­зиум­ға қатысу­шының мүсінді қала­ға жеткізу, келіп-кету шығын­дарын өтейді. Әрбір мүсіншіге айына 100 мың теңге көлемінде стипендия тағай­ындалады. Ал мүсіншілер өзімен бірге ілестіре келетін адамдар­дың және олардың қалада болу шығындарын өз қар­жысымен өтеуге тиіс.

Жұмысқа қажетті материалдарды ұйымдас­ты­ру­­шы жақ бөледі. Ал әрбір қатысушының құрал-жаб­дықтары өзімен бірге болуы тиіс. Жұмыс әбден дайын болып, тиісті жерге орналас­тырыл­ғаннан кейін барлық қатысушы мүсіншілердің ара­сында конкурс басталады. Бір бірінші сый­лық­тың құны - 1 500 мың теңге. Екі екінші сыйлық - 750 мың теңгеден. Үш үшінші сыйлық - 450 мың теңгеден. Есесіне осы орнатылған мүсіндердің барлығы бұдан әрі Өскемен қаласының меншігі болып қалады. Әрине, мүсін­ші­лер­дің барлығына сыйлық тимеуі мүмкін. Бірақ, ал­дын-ала жаса­лынған шарт бойынша Өскеменге жеткізілген және орнатылған мүсіндер қайта қайтпайды.

Былтырғы жылы осындай ереже бойынша сим­позиумға Қытайдан, Ресейден, Грекиядан және өз елімізден 20 жұмыс қатысқан болатын. Cоның нәтиже­сінде Өскемен қаласында былтыр­ғы жылдың өзінде 17 мүсіндеу туындысы пайда болып, орнығып қалды. Қаланың көркіне көрік қосты. Биылғы жылы олардың саны мен гео­гра­фиялық аясы одан да арта түсті. Сөйтіп, Өскемен қаласы бірте-бірте атақты мүсінші­ле­р­дің қолту­ма­лары орналастырылатын кө­рік­ті қалаға ай­налып келеді. Өскемен қаласы осы бағыттағы әлемдік доданың іргелі орталықтарының біріне айналуы да ғажап емес. Оларды көріп тамашалау үшін келетін туристер саны да арта түсетіндігіне күмән­мен қарауға болмайды.

Сонымен қатар Өскеменде халықаралық «Бал арасы» фестивалін өткізу дәстүрге енді. Мұның мәнісі қазақстандық Алтай тауы Қазақстан мен Сібірдегі, Ресейдегі омарта шаруашылығының отаны болып табы­ла­ды. Кенді Алтайдың омарта шаруа­шы­лықтарының өн­імдері бүкіл әлемге белгілі. Ендеше осы істі неге насихаттап, пайда таппасқа. Әрі бұл өскелең қала Өс­кеменнің халықаралық таны­мал­­д­ы­ғын да арттырған болар еді. Фестивальді өт­кізу міне, осындай ниеттен ту­ын­дап отыр. Қала­дағы Сәтпаев, Жібек жолы көшеле­рі­нің қиылысқан жерінде халықаралық фестиваль сим­во­лы ретінде 10 метр биіктікте, диаметрі 4 метрді құ­рай­тын бал арасының бейнесі мен бал ұясы бой көтерді.

Өткен жылғы мұнда негізгі капиталға 65,1 миллиард теңгенің инвестициясы келіп құйылса, биылғы жылдың І тоқсанындағы инвестиция көлемі өткен жылдың осы мерзіміндегіден 8,8 пайызға артып түсті. Қала кәсіпорындары мен ұйымдарынан әртүрлі дең­гей­дегі бюджеттерге 68,2 миллиард теңге аударылса, қала бюджетінің кірісі 18,5 миллиард теңгеге жетіп, 9,5 пайызға артық орындалды. «Жол картасындағы» жұмыс­тар­ды жүзеге асыруда, даму бюджетін қалып­тас­тыруда қала облыс ішінде ағарып алдан көрінуде.

Сонымен Өскемен қаласының қазіргі даму барысы мен ондағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы өзге өңірлер үшін үлгі етіп ұсынуға әбден лайық секілді. Мұны біз қаланың ел тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына тартып отырған үлкен тартуы, Елбасы саясатын жүзеге асырудағы жақсы жетістігі деп түсіндік.

Сұңқар Жомарт, «Абай-ақпарат»

 

0 пікір