Дүйсенбі, 18 Қараша 2019
Жаңалықтар 1049 0 пікір 3 Қараша, 2011 сағат 05:29

Ырысбек Дәбей. Құмға батқан керуен елесі

«Құрлықтар мен елдердi бөлген мемлекетаралық шекаралар мен саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтiк шектеулер өркениеттi ұлттар мен елдердiң өзара қарым-қатынастарына бөгет болудан қалған» бүгiнгi жаһандану кезеңiнде, бiз Шығыстық, ия болмаса Батыстық үлгiдегi дамушы елмiз деп айтудың өзi асылық болар. Жан-жақтан ағылған ақпараттар  тасқыны өз  ортасын  қалыптастырып үлгердi. Нақтылы ғылыми негiздегi ұлттық идеологияның тұрақтамауын тудырып отырған жайттардың себебi де осы болу керек. Осындайда өткенге бiр көз жiберiп қойғаннан ұтылмасымыз анық.

«Құрлықтар мен елдердi бөлген мемлекетаралық шекаралар мен саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтiк шектеулер өркениеттi ұлттар мен елдердiң өзара қарым-қатынастарына бөгет болудан қалған» бүгiнгi жаһандану кезеңiнде, бiз Шығыстық, ия болмаса Батыстық үлгiдегi дамушы елмiз деп айтудың өзi асылық болар. Жан-жақтан ағылған ақпараттар  тасқыны өз  ортасын  қалыптастырып үлгердi. Нақтылы ғылыми негiздегi ұлттық идеологияның тұрақтамауын тудырып отырған жайттардың себебi де осы болу керек. Осындайда өткенге бiр көз жiберiп қойғаннан ұтылмасымыз анық.

Тарихи шешiм қабылдайтын, таңдау жасау жолы кеше де алдымызды сан ораған. Ұлы Түркi империясы өзiнiң iшкi қайшылықтары мен сыртқы күштiң салдарынан «бек ұлдары құл болып, пәк қыздары күң болып» тарих сахнасынан кеткенiн бiлемiз. Араға екi жарым ғасыр салып бой көтерген, Қарахан мемлекетi тұсында кереге жайған Ислам дiнiмен қатар, Римдегi католик шiркеулерi миссионерлер экспедициясын Тұран даласына жiберiп, дамылсыз жұмыс жасады. Рухани соғыстар бiр сәт толастамады. Жаңадан бой көтерген Қарахан мемлекетi үшiн тарихи кезеңдегi ең үлкен мәселе - ел басқарудың жаңа талаптарына сай идеология қалыптастыру, Исламға негiзделген әлеуметтiк-этикалық нормалар бекiту едi. Сол тұста Әл-Фараби, Ибн-Сина, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұн, Ахмет Иүгiнеки, Ахмет Иассауи секiлдi iрi-iрi энциклопедист-ғұламалар түркi жұртының әлеуметтiк көзқарастары мен дүниетанымын ендiгi ұстанар жолын айқындап бердi. Жаңадан енген Ислам дiнiмен қатар, түркiлер бұрыннан сенiп келген Мәжусилiк  нанымның гуманистiк бағыттары сол күйiнде сақталып қалды. Одан кейiнгi Шыңғысхан жорығы бiр жағынан қазақ мемлекеттiгiнiң қалыптасуын тудырса, екiншi бiр ескеретiн жайтымыз тағы бар. Ол - Ұлы Жiбек жолы бойындағы күлi көкке ұшқан, iлiм-бiлiмнiң көне ошақтары. Керуенi керi бұрылған байырғы, бағзы сүрлеулер... Ендi қараңыз, Батыс Еуропа - Батыс Қытайды тұтастыратын қарқынды тас жолды жұмыла жөндеуге кiрiскен бүгiнгi мемлекет саясатының ұлы миссиясы - сан ғасыр сағым көшкен, қу медиенге айналған далалар төсiндегi бой көтерген Қазақстанның тарихи маңызын қайта жаңғыртты.

Қоңыраулы керуенi бiр тынбай жөңкiлiп жататын Ұлы Жiбек жолы, Шыңғысхан шапқыншылығы Орта Азия, Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа елдерiн жаулап алған соң өз маңызын жойғанын айттық. Батыстың Шығысқа жол қарастыруы ендi басқа бағытта, су жолдарының дамуына себепкер болды. Көк мұхитты кесiп өтiп, сол iздестiру нәтижесiнде Америка деген ашылды. Алғаш Шығанақ соғысы бұрқ ете қалғанда ауылда радиодан «Бағдатты бомбалап жатыр» дегендi естiген бiр апамыз: «Осы Америка деген пәле қайдан шықты?!» деп кейiген едi. Шығыстың жыр жауһарлары, қисса-дастандарынан «Бағдат, Мысыр» дегендi өзiнiң туған ауылындай сезiнiп өскен ата-апаларымыздың Американы жек көретiн жөнi де бар. Таным солай-тұғұн. Оңтүстiк Африка арқылы Үндiстанға, Қытайға су жолы айқындалып, iрi теңiз саяхатшылары қайтадан Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолын жандандырып, осыған сәйкес сауда жолдары өшкен Орта Азия мен Таяу Шығысқа қарағанда Португалия, Испания, бiртiндеп Нидерланд пен Англия дамыған iрi елдерге айналғанын тарихтан жақсы бiлемiз. XVI-XVII ғасырдағы Еуропадағы «қайта өрлеу» кезеңi әр елде өзiндiк ерекшелiгiмен көрiнiс тапты. Ортағасырлық дiни ұғымнан гөрi ғылыми дүниетаным басымдық танытты, Ренессанс дәуiрi мәдениетiне байланысты қай елде болсын, антикаға деген көзқарасы, дүниетанымның ерекше үрдiсi, өмiр сүру жағдайының өзгеруiн тудырды. Жаңа талаптарға сай гуманизм қалыптасты. Адам жөнiнде өзгеше пiкiрлер айтыла бастады. «Адам - Құдайға ұқсас образда жаратылған «жаратылыс бастауы». Бар тiршiлiк - табиғат, адамды Құдай жаратты. Адам әсемдiк пен шеберлiкке, махаббат пен сүйiспеншiлiкке толы жан иесi» деген түсiнiк орын тептi. Мәдениет пен философия шiркеу әмiрiнен құтылып, өнердiң жаңаша дамуына жол ашылды. «Қайта өрлеу» дәуiрiндегi өркениеттiң барлық жетiстiктерiн, «өнеркәсiп төңкерiсiн» бастан кешкен Батыс бүгiн де сол үстемдiгiн, яғни адамзат дамуының көшбасшы екендiгiн дәлелдеп бағуда. Жаһандық  миграциядан  пайда  болған  өркениеттi елдердi алға тартып, ұлт дамуының жоғары сатысы қауымдық құрылымның бар екенiн ескерттi. «Нация - индустриялық қоғамның заңды да шартты талаптарына жан-жақты жауап бере алған үлкен ұлттық қауым дамуының ең биiк сатысы» деген теорияны алға тартты. Наным-сенiм, әдет-ғұрпымызда Шығыстық менталитеттiң тұғыры болғанмен бүгiнгi даму беталысымыз, өнер-бiлiмнiң өлше¬мi, саяси жүйенiң ұстанған жолы Еуропалық үлгiнi өнеге тұтқысы келедi. «Қазақстандық» модельдiң жиi бас көтерiп қалатыны да жайдан-жай емес. Мойындасақ та, мойындамасақ та мемлекет идеологиясының тұғырнамасы осы болайын деп тұр. Неден ұтатын, неден ұтылатынымызды бiр Құдай бiлсiн. Жүз-жүзге, ру-руға бөлiнетiн, баяғы дертiнен әлi арыла алмаған қазақ жұрты үшiн күрмеуi қиын мәселелер сәт санап қылаң берiп қалады.

Батысты үлгi тұтып, «өнер-бiлiм бар жұрттар» санауға кiрiскенiмiз қай кезеңнен басталады дегенде, ерiксiз дала жырына үңiлiп,  дерек iздей бастайсың. Жыраулар поэзиясын парақтап  отырғанымызда  «Алтын ордадан» кейiнгi жырлардан ұлттық сана күйзелiсi анық сезiледi. «Қиыр қонып, шет жайлап, елiм қайтып күн көрер, көк темiр көсеу арқалап, ерiм қайтып күн көрер». Күн көрiстiң қияметке айналуы - қоғамдық, әлеуметтiк шарт-жағдайдың ең төменгi сатысы. Демек, ұлттың басына қара бұлт үйiрiлдi деген сөз. Араға үш-төрт ғасыр салып барып тағы ашыңыз сол беттердi, яғни, «Зар заман» ақындарын. Дулат айтады:

...Бәрiн айт та бiрiн айт,

Ұғынар мұны ел қайда,

Елдi бастар ер қайда?

Аға сұлтан, абыздар,

Елiңдi қамап, көрге айда,

Барса келмес жерге айда.

Күш кеткен соң қолыңнан,

Зарлаудан, сарнау не пайда?

Күн көрердi  күйттегенiмiз  зар ма, тәйiрi? Үзiлерге жеткен жанның шырылы Зар заманда. Құлағыңның түбiнен боздаған зарлы дауыс одан арман мазаңды қашырады. Бұдан не түйсiнемiз? Өркениеттiң ошағы болған Тұран даласы, Шығыспен толыққан iлiм-бiлiмiнен қол үзiп, қараңғылыққа сүңгiп кеткен қорғансыз қоғамды, дәрменсiз кейiп-кеспiрдi аңғартады. «Қазақ та адам баласы» ғой, ең қасиетi халық эстетикасынан, Шығыспен толыққан мәдениетi, наным-сенiмiнен ажырамады. Ал өнер-бiлiмнен жырақ қалды. Тығырықтан шығар ендiгi жолдың қай тұста екендiгiн Абай хакiм бағдарлады. Алты Алашқа ахиқи сөзiн айтты. «Барлық ғылым орыста». Шын мәнiнде Батысқа жүгiнер күн туды дегендi меңзесе керек. Өйткенi, Петр I-дiң реформасынан кейiн дамудың даңғыл жолына түскен орыс қоғамының артында Батыс тұрды. Абай тудырған рухани қысым Алаш арыстарын атқа қондырды. Олардың ұстанған жолын, қыл аяғы киiм киiнiсiн қалай болғанын айтпасақ та түсiнiктi. Ол - ұлтқа қызмет етудiң жаңаша жолына түскен сiлкiнген сана таңдауы едi. Батыстың да бүгiнгiден мүлде басқа, аға тұтарға ақылы асқан шағы едi. Одан кейiнгi жетпiс жылдық бодандықтың ошағында қайнаған байырғы қазақы жаратылысы қандай өзгерiске ұшырады? Қазiргi жаһандық тоғысулар тудырған тобырлық мәдениеттердi, күшiне енген миссионерлiк мақсаттарды атаңыз. Бойымыздағы Шығыс не Батысқа тән ерекшелiктердi зерделегенде, өмiр сүру формамыз, эволюциялық даму жолымызда қайсысы жетекшi орынға шыққаны осы тұста шатаса бастады. «Жалын» журналында жұмыс iстеп жүрген кезiмде, редакциядан көмек сұрап, жыларман хәлде жазылған хат есiмнен кетпейдi. Кәртеңдеу әйел адамның булыққан шерi екенi бiрден байқалады. Жолдасы өмiрден озыпты. Масқараның көкесi сонда басталыпты. Әр түрлi миссионерлердiң азғыруына ұшыраған отбасындағы үш-төрт бала, әкесiн өз ырым-жырымдарымен жерлеуге таласады. Байғұс кемпiр сонысын айтып, зар жылайды. Бастарын қосар ақыл-кеңестi редакциядан өтiнедi...

Үнемi кептелiске ұшырайтын отыз екiншi бағыттағы автобуста келе жатқанда, сол кемпiрдiң зары аяқ астынан санама сап ете түсетiнi бар. Менiң бағытымдағы кептелiс тәрiздi, бүгiнгi қазақ қоғамының кескiн-келбетi жүрегiмдi бiр шаншып өтедi...

«Абай-ақпарат»

0 пікір