Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4008 0 пікір 3 Қараша, 2011 сағат 05:04

Нұрлыбай Қошаманұлы. Тәуелсіздік құрбандары

Қазақ Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай

Әркез мемлекеттің тарихы сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күрес тарихымен де өзектес келеді. Ал, қоғами күрестің нәтижесі оны басқарған қайраткерлердің еңбегі мен ұстанған саяси және құқықтық ілімдерінің өміршеңдігіне байланысты. Сонау кеңес өкіметінің кезінде де тәуелсіздік жолында өзіндік іс-әрекетімен көрінген белгісіз партиялар да өтті. Мұндай ұйымдардың пайда болуына Кеңестік империяның боданындағы қазақ халқының құқсыздығы, әлеуметтік теңсіздігі себебші болды. «Ерте кеткен жоқтадым ерлерімді, жөн санадым соларға ергенімді. Бұл заманның әйтпесе сұрқы жаман, шығаруым керек қой мен де үнімді. Көз алдымда жоқ болды арыстарым!? Бірігейік, жігіттер бір ұйымға, жалғыз өзім жөн болмас алысқаным» - деп, жалынды жас Ғұбаш (Ғұбайдолла) Әнесов бастаған бір топ мектеп түлектері 1940 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты астыртын ұйымын құрып, кеңес өкіметіне қарсы үнпарақтар таратып, халықты бостандық жолында оянуға шақырған жұмыстар жүргізеді.

Қазақ Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай

Әркез мемлекеттің тарихы сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күрес тарихымен де өзектес келеді. Ал, қоғами күрестің нәтижесі оны басқарған қайраткерлердің еңбегі мен ұстанған саяси және құқықтық ілімдерінің өміршеңдігіне байланысты. Сонау кеңес өкіметінің кезінде де тәуелсіздік жолында өзіндік іс-әрекетімен көрінген белгісіз партиялар да өтті. Мұндай ұйымдардың пайда болуына Кеңестік империяның боданындағы қазақ халқының құқсыздығы, әлеуметтік теңсіздігі себебші болды. «Ерте кеткен жоқтадым ерлерімді, жөн санадым соларға ергенімді. Бұл заманның әйтпесе сұрқы жаман, шығаруым керек қой мен де үнімді. Көз алдымда жоқ болды арыстарым!? Бірігейік, жігіттер бір ұйымға, жалғыз өзім жөн болмас алысқаным» - деп, жалынды жас Ғұбаш (Ғұбайдолла) Әнесов бастаған бір топ мектеп түлектері 1940 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты астыртын ұйымын құрып, кеңес өкіметіне қарсы үнпарақтар таратып, халықты бостандық жолында оянуға шақырған жұмыстар жүргізеді.
Сталин бағдарлаған ұлттардың араласуының күшейуі, елді көп ұлттылықтың қарқынды жүруі соның ішінде қазақ ұлтын ұлттық мемлекеттік формаларынан айыра бастады. «Ұлттардың жақындасуы олардың дамуындағы тарихи саты» - деген үлкен сөздермен бүркемеленді. Сайып келгенде мұндай бағыт ұлттық өзгешеліктедің жойылуына бастайтын жымысқы саясат екенін түсінген олар: «түссе де отқа шыңдалар ер күресте, жалын жаспыз, шыдаймыз тең тіреске. Сталинге қояйық хат та жазып, бөлек шығу-әр елдің еркі емес пе!?» - деп, 14 жігіт қол қойып Сталинге хат жолдайды. Хатта орталықтың қазақ халқының үстінен жүргізіп отырған озбырлығын қозғап, ұлт теңдігі мәселесін көтереді. Сөйтіп, балғын жастар ұлт зиялысына тән қадамға барып, империяның ұлттық ерекшеліктерді аяққа басатын ұлыдержавалық шовинизм саясатын сынайды.
Кейіннен жастар астыртын жұмыс тәсіліне көшеді. Әр кезде де қасиетсіздер болған. Ғабиден Қолбасов деген сатқынның ұстап беруімен кейіннен олар НКВД-ның қамауына алынып, Орал түрмесінде азапқа түседі. 1943 жылы 21 желтоқсанда ішіндегі ең белсендісі және жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов атылады. Бар болғаны 18-19-дағы мектепті жаңа бітірген жас түлектердің бірері итжеккенге айдалып кете барады. Қылышынан қан тамған сол күндері, орталықтың езгісіне қарсы тұра білген, ерте оянған сол бір жас түлек хас батырларға арнаған жергілікті ақын Ғ.Сейтақовтың «Соңғы сөз» атты өлеңін толқымай оқу мүмкін емес.

Жалпақталға сыймадық, даламызға,
Енді біздің жазылмас жарамыз да.
Қайран жастық, әттең-ай, білмей қалдық,
Бір сатқынның жүргенін арамызда.
Он төрт жігіт қамалып абақтыға,
Бас жарылып, көз шығып, қан ақты да.
Өздері емес, біз елді дүрліктіргендей,
Жеп қоярдай жігіттер талап мына.
Елді ойлайық қайтеміз басқа мұңды,
Өрт шалса да, тайсалман аспанымды.
Бел байлайық бәріне қазақ үшін,
Көтеріңдер, жігіттер, бастарыңды.
Атылармын, мен, мейлі, жоқ болармын,
Халқым үшін қып-қызыл отқа бардым.
Тарих бәрін орнына қояр әлі,
Туар түбі сатқындар сотталар күн.

Озбыр заман тоқтатып арынымды,
Алаяқтар сорлатар тағы кімді?

Ерте кетіп барамын мен өмірден,
Жоя алмастан тереңге тамырымды.

Зіл басқандай Ақ Жайық атырабын,
Қаламымды қайғыға батырамын.

Қош бол қара орманым, қалың елім,
Желтоқсанда жұлынды жапырағың.
Жұртым барда мықты едім, табанды едім,
Шындықты іздеп, жасымнан табам дедім.
Уа, жендеттер, ақырғы сөзім осы-
Халқым түбі бостандық алар менің!

«Бостандықтың жарқырап таңы келді,
таниды әлем қазақтай алып елді.
Ғұбаш айтқан мұратқа жетті халық,
мәңгі өшпес сол үнің анық енді» - деп, ақын (Ғ.С) айтқандай, қанды қол кеңес өкіметі қолынан азап көрген жанкештілердің есімін елі, ұрпағы білуі тиіс. Олар Ғұбайдолла Әнесов, Сәтқали Молдағалиев, Сайфолла Шорабаев, Иғали Мұханбетқалиев, Ғұмар Тұрымов, Иманғали Насыров, Сейтқали Бажекенов, Қамал Мақұлбаев, Мәззап Әлиев, Сүндетқали Қаражанов, Қайырғали Сапаралин, Өтеген Аманов, Мұқанбетжан Нұралин еді. Нақақтан сотталып, қаза болған сол жастарымыздың қайсар рухының жеңісі, бодандықтан бостандыққа ұмтылған халқымыздың арман-мұратының бастауы болды. Олардың есімдері ұлттық намысымыздың табанға тапталмауы үшін, санамыздың үздіксіз жаңғырып отыруы үшін жадымызда сақталуы қажет.
Журналист, Оралдық Аманкелді Шахин ҰҚК-і мұрағатынан осы азаматтар туралы шаң қабып жатқан құжаттарды тауып, олардың соңғы өмірлерінен «Сол бір сүргін» атты деректі кітап жазып шығарды. Бұл жігіттердің осы тұстағы көрсеткен ағартушылық, саяси істерін, ұлттық патриотизмнің жарқын беттеріне жатқызуға әбден болады. Олар Батыс Қазақстан облысы әкімшілігі тарапынан марапатталуға лайық тұлғалар. Жергілікті әкімшілік, халқы бұған әлі де назар аударады деп үміттенеміз. Аманкелдінің кітабы көп зерттеушілердің қолы жетпей жүрген деректерді паш етуімен, ғылыми айналымға енгізуімен құнды. Оның тарихымызды түгендеп, батырларын халқына таныстырудағы еңбегі осындай игі істердің бастамасы болып тұр.
Рухани жалғастық, осындай жасырын ұйымдар кейін де болған. Мәселен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Жылтыр ауылында  1975 жылы 17 қазанда орта мектептің 10-шы сынып оқушылары құрған «Ел қорғаны партиясы» жұмыс жасапты. Кіріптарлық, белгілі бір көңіл күйдегі оқушы жастардың ұлттық, саяси санасын оятты. Мақсаттары: қоғамдық-әлеуметтік өмірді қазақтандыру, тіл мәселесі, ономастика, ұлттық теңдікті көтеру болды. 1983 жылға дейін астыртын жұмыс жасаған бұл ұйымның белсенділері баспасөз беттерінде осы тақырыпта түрлі мақалалар жариялап, ауыл халқы арасында әңгіме жүргізіп, елде орыстандыру, отарлау саясатының жүріп жатқанын айта білген. Оқушы жастар ұлттық өзгешеліктер, соның ішінде тіл өзгешеліктері кемелденген социализм тұсында толық жойылады деген ғылыми коммунизм негіздеріне қарсы шықты. Тіл, теңдік мәселесін саяси күрестерінің басты құралы етуге тырысты.
Жылтырда мектеп оқушыларынан құрылған сол бір астыртын ұйымның жеткешісі Мақаш Жұмағалиев (бүгінде ол №4 Ақтөбе қалалық емханасында дәрігер-хирург) есімді азамат болатын. Бұл саяси ұйымның өзіндік жарғысы мен бағдарламасы болды. Осындай қадамдардың Қазақстанда қазақы әлеуметтік-саяси ой дамуы үшін маңызы болды, кейіннен де көптеген саяси ағымдардың пайда болуына жол ашты. Мақаштың сол күндердегі үлкен істерге қозғау болған партиялас жолдастары бүгінде өмірдің әр саласында елеусіз ғана еңбек етіп жүр.  
Социалистік қоғам жекелеген азаматтардың ойын еркін білдіруге, шынайы сынға төзімсіз еді. Ондайлар әдетте нәсілшілдікті, ұлттар арасындағы өшпенділікті уағыздайтын саяси сенімсіз адамдар санатында жазалауға ұшырайтын. Солай бола тұра, кеңес заманында да бұқараны белгілі бір мәселеге жұмылдыру, назарын сол кезеңдегі қалыптасқан нақты жағдайға аудару үшін өзі сияқты мақсаты бір адамдарды іздеп тауып, ортақ мәселе төңірегінде құпия жағдайда біріге қимылдаған азамттар болды. Өзім куә болған бір жайды айтайын. Әлі есімде 1982 жылдың күзінде Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласының ішкі істер бөлімінде (милиционер) істейтін Астрахань облысының қазақ азаматы қамауға алынды. Өкінішке орай, аты-жөнін бүгінде ұмытыппын. Сол жылдары Қазақстанның әр түпкірінде қазақ елінің азаттығын қозғаған астыртын ұйымдар жұмыс жасаған болуы керек, сондайдың мүшесі бола жүріп ол халық арасында астыртын үнпарақтар, газеттер таратумен айналысады. Облыс аумағында кеңес үкіметінең теріс саяатына қарсы үгіт жүргізеді. Әлгі азамат «довостребованиямен» өз атына келген кезекті қағаздарды алу үстінде почта бөлімінде құрықталады.
Оның үстінен болған сот процесі Ақтөбе қаласында жабық жағдайда өтті. Сотқа оның туыстары жағынан Астрахань облысынан келген Светлана есімді қарындасы және Гурьев облысы, Аққыстау ауылының азаматы  Нұрманов Шаяхмет (Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының студенті) қатысып жүрді. Оған ұлтшылдықты уағыздаушы, Қазақстанды одақтан бөліп әкетуді, социалистік құрылымды күшпен бұзуды көздеген «саяси қылмыскер» деген айып тағылды. Бізге айтқан бір әңгімесінде қарындасы Светлана ағасының: «Ресей бізді әлі қанап келеді. Теңдік жоқ. Орыстандыру саясаты жүріп жатыр. Мен жүйге қарсы үгіт жүргіздім. Қазақ елінің азаттығын көрсем деп едім, ойым орындалмады. Бірақ түбі үміттенемін, күрес жалғаса беру керек» - деп айтқан өкініші мен үмітін де жеткізген еді. Сондай-ақ, ол жігіттің жадынан өлең шығаратын поэзиялық қабілеті болды. Оның түрмеден туыстарына жазған бірнеше өлең сөзін қарындасы сақтап жүрді. Көп ұзамай ол азамат түрмеде белгісіз жағдайда қаза болды.
Іздегенге бұл азамат туралы құпия дерек бұрынғы КГБ-ның, қазіргі ҰҚК-нің мұрағатынан табылып та қалар. Бұлар жөнінде кезінде батыс өңірінің кейбір баспасөз беттерінде де жазған едім. Әзірге елең еткен ешкім байқалмайды. Жанашырын таппаса, жақсылық қанатын жаймас - бұған құзырлы мекемелер назар аударып, көмектеседі деп үміттенеміз. Ондай азаматтар ешқашанда белгісіз қалуға тиіс емес.
Жоғарыда аталған есімдер Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстық әкімшіліктері тарапынан тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында еленуі және құрметтелуі тиіс азаматтар демекпіз. Айтарымыз, кеңес кезінде ескерусіз қалған сол бір балғын жастардың құрметіне туған жерінде көше аттары беріліп, облыстық музейден оларға деген арнайы танымдық бір бұрыш ашылса дұрыс болар еді. Сондай-ақ, 1982-83 жылдары КГБ-ның түрмесінде көз жұмған тәуелсіздік құрбаны Астрахандық жас қазақтың да есімі әлі-ақ бір күні жарыққа шығар деп үміттенеміз. Сол бір сүргін заманында өздерінің жас өмірін күреске арнған, азаттықты аңсап, арманда кеткен олардың істері болашақ зерттеулерге арқау болуы тиіс.   

Ақтөбе қаласы
«Абай-ақпарат»

0 пікір