Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2861 0 пікір 1 Қараша, 2011 сағат 07:55

Тарихқа мән бермей, оны зерттеу ісіне көңіл аудармай, ғылымға ден қоймай, ісіміз терең болмайды

Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық Ұланның қолбасшысы, генерал-лейтенант:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

 

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық Ұланның қолбасшысы, генерал-лейтенант:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

 

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Көпшілік қауым сіздің өмірбаяныңызды, өскен ортаңызды, балалық шағыңызды білуге қызығады деген ойдамын...

– Әдейілеп келіп, арнайы алған сұхба­тыңыз үшін рақметімді айтамын. Біз солдат­пыз ғой. Мен Солтүстік Қазақстан облысы  қазіргі Есіл ауданында Николаевка деген (қазақшы атауы – Көбеш) ауылда 1951 жылы дүниеге келдім. 1959 жылы сол ауылдағы орыс сыныбына мектепке бар­дым. Қазақ сыныптары да болды. Ал мен орыс мектебін бітірдім. 1969 жылы Ташкент қаласындағы Ленин атындағы жалпы әске­ри командалық училищеге барып емтихан тапсырдым. Солтүстік Қазақстаннан барлы­ғы 14 бала барған едік, соның төр­теуі ғана оқуға түстік. Мен әжемнің қолында өскен баламын. Ол кісі 1972 жылы өмірден өтті. Сол жарықтық әжеміз қанша еркелетсе де, бізді адамдыққа тәрбиеледі. Әжеме мың да бір рақмет!

– Әскери қызметкер болсам деген арманыңыз сол бала күніңізден бастау алды ма?

– Иә, 2-сыныпта оқып жүргенде-ақ әскери қызметкер болуды армандай­тын­мын. Бірақ ол үшін нендей дайындық керек, қол жеткізудің қандай жолдары бар екенін түсінбейтін едік. Әйтеуір әскери тақырыптағы кітаптар мен журналдарды, әсіресе «Қызыл жұлдыз» журналын тауып алып оқитын едім. Сосын денешынықтыру сабағында өзімді дайындайтынмын. Военкоматқа барып анықтап сұрап, арман еткен оқуыма түстім. Ташкенттегі оқуымның бір жылы аяқталғанда Алматыда Жоғары командалық әскери училище ашылды. Ішінде Бақытжан Ертаев бар бір ротаны Алматыға ауыстырды. Осылайша оқуымыз­ды Алматыда бітірдік. Содан взвод коман­дирі қызметінде жүріп, мерзімінен бұрын аға лейтенант шенін алдым. Ол кезде Мәскеуден бақылап отырады. Одан соң рота командирі болып бес жыл қызмет істедім. Мен басқарған рота үздіктер қата­ры­нан көрініп, тағы да шұғыл капитан шенін иелендім. Әскери медаль, марапат­тар да келді. Мәскеу академиясына оқуға түстім. Ол жерде үш жыл оқыдым. Бітіретін жылы Алматы қаласындағы Жоғары командалық әскери училищенің бастығы Некрасов әскери әдіс-тәсілден дәріс беруге арнайы ұсыныспен шақырды. Дәріс оқы­дым, аға оқытушы болдым. Жеті жыл­дай сол жерде батальон командирлерінің арасында жалғыз қазақ мен едім, жоғарғы топтарды басқаруға мені жібере қоймады. Бірақ басқарған батальоным жақсы жағы­нан көрініп, 1987 жылы М.Горбачевтың тұсында «Отанға қызметі үшін» деген Қарулы Күштердің III дәрежелі қолақпандай медалін кеудеме тақты. Сол училище бо­йын­ша медальды жалғыз мен алған екен­мін. Осы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен айналысуды ойға алып жүр едім. Мәскеуге барып ғылыми ізденуші болып тіркелермін деп те ойладым. Менің зерт­теген бағытым – 2000 жылдары қазақ, қырғыз, басқа да мұсылман халықтары сарбаздарының саны санақ бойынша 65%-ға жетіп тұр екен. Ал қазақ, қырғыз, жалпы, мұсылман офицерлері аз. Мен осы жағын зерттедім. Мектептің, жоғары әскери оқу орындарының әскери бағдарламаларына пән ретінде енгізу керектігін ескердім. Олар­ға офицерлер керек, әйтпесе жауын­гер­лік дайындық жөнімен болмайды. Зерттеу жұмысымның тақырыбы «Кеңес әскерінің және ТМД елдері халықтарының ұлттық мәселелері» деп аталатын еді. Бұл 1987-1988 жылдары еді. Сонда Мәскеуде­гілердің маған айтқаны: «Ол мәселенің бәрі сонау 1917 жылы шешіліп қойған. Еліңе қайт». Елге келдім. Марқұм, академик Манаш Қозыбаев жетекшілік етті, 1987 жылы ғылыми жұмысымды қорғадым. Осылайша әскери жол және зерттеу, білім жағына да араласып жүрген жайымыз бар. Алла тағалаға шүкірлік етемін. Неге десеңіз, бұл өмірде жай ғана қолбасшы болып жү­ріп, тарих жағына мән бермей, оны зерттеу ісіне көңіл аудармай, ғылымға ден қоймай, ісіміз терең болмайды.

– Сіз Кеңес өкіметі кезінде бұрынғы құрылым бойынша әскерде болдыңыз, сол уақытта қызмет жолын бастадыңыз. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алды. Осы екі ортада айырмашылықтар, қиындықтар, қайшылықтар болды ма?

– Әлдеқандай қиыншылықтар болды. Тәуелсіздік алғанға дейін де жеті жылдай батальон командирі болдым. Алға қарай жүргізбеген кезеңдер де болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы кәдуіл­гі сапта тұрған полковник едім. 1991 жылдың қазан айынан 1992 жылдың мамырына дейін Мемлекеттік қорғаныс комитеті бөлімін Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов басқарды. Оның алдында бізді Мемлекеттік қорғаныс комитеті деп атайтын. Соның ішінде мен бөлім бастығы болдым. Бәрі де Тәуелсіздіктің арқасында ғой, шіркін! Мені бірде Сағадат Қожахме­тұлы шақырып алып: «Сен енді дивизияны басқарасың, уақыт келді, қырықтасыңдар», − деді. Сон­да «басқара аламыз ба?» деген ой да болды. Өйткені бұрын бір ғана бағытта еді. Енді зеңбірекшілер, саперлер, тылда жұмыс істейтіндер т.с.с. әскер түрлері керек болды. 1992 жылдан бастап барлығы 11 мамандық дайындай бастадық. Оған қоса, курсанттар мен солдаттарға тамақ беру ке­рек, киім-кешегі тағы бар. Құрылыс матер­иал­дарын табу да қиын. Ол кез қиын бол­ды. Бар күш-жігерімізді салып, сол істерді абыроймен атқара алдық деп ойлаймын.

– Қиындықтардан шығуға мұрындық болған тұлғалар туралы не айтасыз?

– Әрине, бір өзің жүріп іс бітіре алмай­сың. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының арқасында талай істің басы қайырылды. Оқу-жаттығу істері Отар­да, Аягөзде, мейлі Сарыөзекте болса да, әрдайым қатысып, көріп, бізден емтихан алатын және көмегі де болды. Ол кездерде әскер генералы Сағадат Нұрмағамбетов, бертін келе қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев болды. Тәуелсіздік алған тұстан бастап Қазақстанның әр аймағынан қазақ офицерлері келе бастады. Алматыдағы училищеде оған дейін бар-жоғы үш-ақ офицер болдық. Бірте-бірте қатарымыз көбейді. Қазіргі күні неге біздің Қарулы Күштеріміз мықты? Себебі біздің қазақ азаматтарының рухының мықтылығымен күшті. Әскери шерулер өткізу барысында ел-жұрт іштей осыған кеткен мемлекеттік шығынды есептеп, әртүрлі әңгімеге тізгін береді. Егер ойлансаңыз, осы шеру дегені­міз­дің өзі – патриоттық тәрбиелеудің бір жолы. Ол шеруді дайындау оңай шаруа емес. Не десек те, басқа халықтардан дең­гейі кем емес.

– Өзіңіз басқарып отырған Республикалық Ұланның негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз.

– Республикалық Ұлан 1992 жылы 16 наурызда құрылды. Биыл құрылғанына – 19 жыл, алдымызда 20 – жылдығы. Бұл ұжым әскери жауапкершілігі үлкен міндет­тердің жүгін көтеріп келеді. Алдына қойыл­ған мақсат та зор. Елбасының тапсыр­ма­сымен жоғары лауазымды азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, дәстүрлі шараларға қатысу, аса маңызды мемлекеттік нысан­дарды, Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба сынды нышандарды күзету тәрізді міндеттер жүктелген. Әскери және төтенше жағдай режимі кезінде Республикалық Ұлан Қазақстан заңдарына сай, ел қорғауға қатысады. Бағдарламаға сәйкес, оқу-жат­тығулар қысы-жазы үздіксіз жүргізіледі.

– Ұланның құрылымының тарихпен сабақтастығы, көрші елдің әскери жүйелерімен сәйкестігі бар ма?

– Ұланның құрылуын тарихпен сабақ­тастырып та қарауға болады, әрине. Әлем­де монархты мемлекеттік елдерде рәміз­дер­ді күзететін арнаулы жасақтары болған. Жасақ әскердің ерекше түрі дегенді білді­реді. Ондай жасақтар антикалық дәуірлерде де болған. Мысалы, парсы елінде ажалсыз­дар корпусы болды. Ал Римде император Август кезінде 9000 жасақ қызмет еткен. Ал XIX ғасырда Францияда, Италияда жақ­сы жарақталған, мықты әзірленген салта­натты киінген жасақтар пайда болған. Рес­пу­бликалық Ұлан құрылған кезде Ресейдің президент полкінің тәжірибесіне сүйендік. Әлі күнге дейін өзара қарым-қатынасымыз бар. Олар бізден тәжірибе алады, біз олардан аламыз дегендей. Біздің елде әскери борышын өтеу біржылдық мерзімге өзгерді, ал Ресейге ол жүйе бізден кейін келді. Олардың атты эскадрондары бар. Бізде де келешекте ондай мүмкіншіліктер болып қала ма деген сенім бар. Былтыр өзім арнайы барып соны зерттедім. Басқа мемлекеттерге қарағанда Елбасымыздың арқасында біздің Ұланның құрамы тамаша деп ойлаймын. Неге десеңіз, Ресейдің өзін­де полкі бар, оркестрі жоқ. Біздің Президент оркестрінің ішінде аспаптық, эстрадалық топтар бар. Өзіміздің би топтарымыз бар. Арнаулы халықаралық қабылдаулар бол­ған­да концерт те болуы керек. Бізде осы жағы жақсы жолға қойылған. Кереметтей әртістеріміз бар. Мәселен, Бекболат Тілеу­хан, Айман Мұсаходжаева, Нұрлан Өнер­баев т.с.с. Қазіргі уақытта Жанат Бақтай, Жанат Шыбықпай, Клара Төленбаева, Ар­дақ Балажанова тәрізді таланттарымыздың есімін атай аламыз.

– Республикалық Ұланның құрамына кіру үшін сарбаздарға қандай талаптар қойылады?

– Қарулы Күштердің ішінде ең биік сапта тұратын – біздің ұландықтар. Еңбекті жүзеге асыру оңай шаруа емес. Бізге мықты сарбаздар қажет. Оны әскери комиссариат­тардан бір ай бұрын іріктеп аламыз. Тек бойына ғана қарамаймыз, сондай-ақ оның ішкі сезімі, түйсігіне де мән береміз. Патриоттық сезімі биік және денсаулығы мықты болуы шарт. Спортқа бейім болуы керек. Оны психологиялық тексерістерден өткізеді. Сосын Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнаулы тексерістен өткізеді. Сондай сын­дардан өткен сарбаздарды ғана қабыл­дай­ды.

– Ұланның ішкі кадр-маман мәселесі туралы не айтасыз?

– Кадр мәселесінен бізде қиыншылық жоқ. Арнайы келісімшартпен жұмыс істей­тін офицерлер бар. Ал қажеттілік туында­ған­да алдын ала тексерістерден өткізіп, іріктеп аламыз. Ең басты талап – патриоттық сезімінің биік болуы. Отанын сүйгендер қызметіне жауапты болады.

– Патриоттық сезімдерін ояту үшін қандай әдіс-тәсілдер қолданасыздар?

– Бұл да – басты мәселе. Өкінішке қарай, бәрі бірден патриот болып келе қоймайды. Республикалық Ұланда барлық пәрмендер тек қазақ тілінде жүреді. Оның бәрі оңайлықпен бола қалған жоқ. Арамыз­дағы орыстілділерге қазақ тілінен сабақтар жүргізіп жатырмыз. Аптасына үш рет, топ-топқа бөлініп оқиды. Шала және орташа білетіндерге тіл жағынан осылайша арнау­лы сабақ жүргізіледі. Тарихсыз алға жүре алмайтынымыз тағы анық. Өз тарихыңды, өз халқыңның өткенін білмегендігің кемші­лігің. Сақ, ғұн дәуіріне бармай-ақ, одан кейінгі Жоңғар шапқыншылығы кезеңдерін еске алсақ, қазақтың қандай-қандай батыр­лары болды? Ол кездегі билер қандай еді? Құрылым қандай болды? Хан қандай саясатпен ел басқарды?! Күйшілеріміз кімдер? Жыршы, жырауларымыз кім?! Одан кейін Алаш арыстарына келеміз. Кім атылды? Не үшін атылды?! Аталарымыз, бабаларымыз неге қыршындай кетті?! Сәке­німіз, Мағжанымыз, Әлиханымыз бол­сын. Апырмай, олардың есімдерін, елге жасаған еңбектерін білмесек, кім болғаны­мыз?! Бостандықты аңсап жылап кетті ғой солар. Қазіргі біз көрген бостандық − сол батырларымыз бен арыстарымыздың арқа­ларында келген жеңіс. Біздің сарбаз­дарымыздың қолында бес-алты беттік қазақ батырлары жайында жазылған көрнекі құралдар бар. Әрбір сарбаз ел егемендігі жолында күрескен батыр бабалар есімдерін білуі қажет. Тарих кезеңдерінен хабардар болуы маңызды талап. Әрбір сарбаз өз туған өлкесінің қасиеті мен ерекшелігін, жергілікті ұлт мақтаныштарын білгені дұ­рыс. Қазіргі таңда мемлекетіміздің жер кө­ле­мі әлем бойынша 9-орында тұр. Кезінде Абылай хан өмірден өтерінің алдында: «Мен қала сала алмадым-ау!.. Үш жүздің басын қоса алмадым-ау!.. Шекараның қазығын қаға алмадым-ау!.» − дейтін сөз­дері бар емес пе?! Сол бабаларымыз орындай алмай кеткен ел алдындағы бо­рыш­ты істі Елбасымыз жөнге салды. Қанша жерден «Мен патриотпын!» деп бос айта бергеннен ол патриот бола алмайды. Сол үшін сарбаздарға тәжірибелік, оқ атуға қатысты сабақтар, мейлі қайсы дәрісті бастамас бұрын, ең алдымен, екі-үш минут тарих беттеріне көз жүгірткен абзал. Батыр­ларды сөз ету арқылы жүрегіне құйып, сананы оятуға болады.

– Ұланның көршілес елдердің сарбаздарымен тәжірибе алмасуы және деңгейін салыстырмалы түрде қалай бағалауға болады?

– Өзара тәжірибе алмасу жағы Ресеймен жақсы қалыптасқан. Мәскеу Кремлінің коменданты, генерал-лейтенант Сергей Хлебников, Президент полкінің генерал-майоры Олег Галкин деген бар, міне, солар­­мен байланысымыз жақсы, Қызыл алаңда үш жылдан бері өтіп келе жатқан әскери музыкалық фестиваль бар. Ол фестивальге барлығы 15-16 мемлекеттен қатысады. Міне, сол фестивальда біз екі жыл қатарынан 1-орынды алдық. Бұл жер­дегі айтпағым, Президенттің әскери оркест­рінің деңгейі өте жоғары. Оған келгенде талабымыз қатты. Репертуарларын да үнемі жаңартып отыруға тырысамыз. Аймақ­тардан дарынды әртістерді де шақыртып жатамыз. Тәжікстан елінде біздікіндей жасағы бар, олар да тәжірибе алмасуға келіп тұрады. Бастапқы жылдары Сәт Тоқпақбаев, Болат Ысқақов басшы болып жүргенінде Ұланның қалыптасып, нығаюы­на үлкен үлес қосты.

– Сарбаздарыңыздың жетістігін атап өтсеңіз...

– Биылғы оқу-жаттығу бойынша арна­йы құрылған комиссия қорытынды жасауға таяу қалды. Спорт  жағынан  сарбаздарымыз  мақтауға тұрарлық. Кірдің тасын көтеру сайысы бойынша әлемдік жарыста күміс жүлдені Жомарт Тілешов атты біздің сарба­зымыз әкелді. Тек Ұланның ғана емес, елі­міз­дің көк байрағын көтеріп жүрген мақ­таныштарымыз баршылық. Жақында Ганза Руслан есімді сарбазымыз кикбоксингтен Қазақстан чемпионатында екінші орынға ие болды. Қарағанды қаласында өткен қоян-қолтық ұрыста Берік Шынаров алтын медаль алса, Әнуар Мәмбетов екінші орынды, Ғани Бейсеуов үшінші орынды ие­лен­ді. Айта берсек, жетістіктеріміз баршы­лық. Алдағы уақытта жасайтын тірліктер де көп. Өзіміздің ұжымға қызметтерінің табысты болуын, елімізге Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілеймін.

– Абай аға, Қазақ радиосын тыңдайсыз ба?

– Тыңдағанда қандай! Уақытым болса ертеден кешке дейін тыңдауға бармын. Анау тақтаны көрдіңіз бе? Сол тақтаға саяси, тарихи, мәдени, әдеби өзіме түсінік­сіздеу сөз естісем, жазып қоямын. Кірген-шыққанда қарап, жаттап отырамын.

– Сөздік қорыңызды молайтуға Қазақ радиосының үлесі бар екен ғой.

– Әрине, құдайға шүкір деймін. Кеңес өкіметі кезінде оқуың орыс, досың орыс дегендей қиын болды ғой. Тәубе! Қазақ радиосына қанағатта­на­мын. Биыл Қазақ радиосына – 90 жыл. Ұжымды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ радио­сының арқа­сын­да мәдениетті, тарихты, әдебиетті, күйді, өлеңдерді, оның мағына­сын білеміз, қандай тамаша! Патриоттық сезім, патриот­тық тәрбие Қазақ радиосында жатыр.Үлкен-кіші осыны ұқса екен деймін. Қазақ­станымыз жайнай берсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

http://www.alashainasy.kz/person/28659/

0 пікір