Дүйсенбі, 18 Қараша 2019
Жаңалықтар 2355 0 пікір 1 Қараша, 2011 сағат 07:44

Досай КЕНЖЕТАЙ. «МЕНІҢ ПІРІМ – ИАСАУИ»

Қадірлі оқырман қауым! Сіздермен бөліспекші болып отырған ойым «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (10 қыркүйек 2011) жарық көрген материал негізінде Қожа Ахмет Иасауи ілімі және қоғамымыздағы діни мәселелер ретінде орын алып отырған жәйттер төңірегінде болмақ. Асылбек мырза «Исматулла мен Құрбанәлі нені көксейді» деген көлемді мақаласында менің атымды атауды да ұмытпапты. Мақалада өн бойына жалған мәліметтер, жала орын алған. Мені болашақта пір болады деп қауіптенетіндігін де қосыпты. Мен зерттеуші ғанамын.

Құрметті оқырман, Абайдың «...бас басына би болған өңшең қиқым» дегеніндей көпшілікке мәлім, діни таным мен діни білім беру, өзара құрмет туралы түсініктің қалыптаспауы да қоғамымыздағы діндарлардың бас басына муфти болуына әкеліп соғуда. Діни танымдық негіздері мен ұстанымдары әртүрлі топ өкілдері тек өздерінің жолын «ақ», ал өзгенің ғибадаты мен діни сезімін төмен санап қорлау белең алып бара жатыр. Дәстүрлі діни түсінік пен бүгінгі діни тіршіліктің арасында сабақтастық пен сұхбат жоқ. Яғни мұсылмандар арасында түсіністік кем. Соның салдарынан қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаған Иасауи бабамыздың атына құрмет былай тұрсын мін тағыла бастады. Бұған ең алдымен, Иасауиді түсіне алмауымыз, бүгінгі «Иасауи жолындамыз» деп жүргендердің де оны өз дәрежесінде насихаттай алмауы басты себеп болуда.

Қадірлі оқырман қауым! Сіздермен бөліспекші болып отырған ойым «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (10 қыркүйек 2011) жарық көрген материал негізінде Қожа Ахмет Иасауи ілімі және қоғамымыздағы діни мәселелер ретінде орын алып отырған жәйттер төңірегінде болмақ. Асылбек мырза «Исматулла мен Құрбанәлі нені көксейді» деген көлемді мақаласында менің атымды атауды да ұмытпапты. Мақалада өн бойына жалған мәліметтер, жала орын алған. Мені болашақта пір болады деп қауіптенетіндігін де қосыпты. Мен зерттеуші ғанамын.

Құрметті оқырман, Абайдың «...бас басына би болған өңшең қиқым» дегеніндей көпшілікке мәлім, діни таным мен діни білім беру, өзара құрмет туралы түсініктің қалыптаспауы да қоғамымыздағы діндарлардың бас басына муфти болуына әкеліп соғуда. Діни танымдық негіздері мен ұстанымдары әртүрлі топ өкілдері тек өздерінің жолын «ақ», ал өзгенің ғибадаты мен діни сезімін төмен санап қорлау белең алып бара жатыр. Дәстүрлі діни түсінік пен бүгінгі діни тіршіліктің арасында сабақтастық пен сұхбат жоқ. Яғни мұсылмандар арасында түсіністік кем. Соның салдарынан қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаған Иасауи бабамыздың атына құрмет былай тұрсын мін тағыла бастады. Бұған ең алдымен, Иасауиді түсіне алмауымыз, бүгінгі «Иасауи жолындамыз» деп жүргендердің де оны өз дәрежесінде насихаттай алмауы басты себеп болуда.

Иасауи ілімі - сопылық дүниетанымға негізделген. Басты ұстанымы - ғашықтық, мұраты - Алла. Гносеологиялық құрылымы Алла мен адам (жүрек) арасындағы тылсымға негізделген эпистемиологиялық жүйеден тұрады. Бұл ілім діни терминологияда «хәл ілімі», батин (ішкі ілім) немесе ладунни (терең) ілім деп аталады. Абай айтқан «терең ой» осы Иасауи ілімінің негізгі ұстыны болып табылатын ішкі (басират) көздің ашылуына негізделген. Бұл ілім бойынша мәннің мәні - Алла. Сондықтан әлемнен форма емес, мән ізделеді. Бұл толығымен діни танымдық тенденция. Иасауи ілімінде басы артық ақылға сыйымсыз шашау ұғым жоқ. Біртұтас ғарыш, космос. Үйлесімділік басты шарт: Алла мен адам, әлем мен Құран арасындағы үндестік айқын. Иасауи ілімі - Құран мен Хадиске сүйенген - ар түзейтін ілім. «Менің хикметтерімнің мәні Құран» деген Иасауи Аллаға да, сөзіне де, пайғамбарына да махаббатпен үндескен. Біз бен сізге қалғаны ең алдымен осы Иасауи ілімін түсініп алу.

Кешегі жетпіс жылдық дінсіздендіру және құдайсыздандыру саясаты кезінде адам затқа айналды. Материалдық имманентизм сипатындағы жиіркенішті ой, өре үстемдік етті. Осындай сын сәттерде ұлттығымыздың негізі Иасауидің рухы, ілімі, мәдениеті, жолы, кесенесі және ізбасарларының шығармалары арқылы сақталса, оның табиғи жалғасы болған абайтану, әуезовтану, түркітану, иасауитану сияқты ғылым салаларының жанды тұтылуы арқасында өзінің өміршеңдігін танытты. Ал өкінішке орай, осы ақиқатты тәуелсіз елдің «тәуелсіз азаматтары» ретінде сезіне алмай келеміз!

Асылбек мырза Шындығына келсек, суфи ұғымы пайғамбарымыз дәуірі кезінде және одан бұрын да болған. Ал осы ұғымның ішкі мәнін толтырған ислам болды. Суфилік Құранмен көктеп, дамыды, тамырын Құраннан алды. Әрбір мәдениет бір жағынан өзінің қасиетті кітабымен тікелей байланысты. Батыс мәдениетінің негізінде Інжіл болғаны сияқты ислам мәдениетінің негізінде Құран бар. Ислам философиясы, мәдениеті мен өркениетінің ең маңызды қыры болып табылатын сопылықтың негізгі іргетасы - Құран. Сопылық жолындағылар үшін ең бастысы әрі маңыздысы Құран Кәрімнің бұйрығы, көрсеткен жолы мен үкімдері. Сондықтан Құран мұсылмандар үшін мәні мен маңызы, орны мен ролі бірінші орында тұратын Алланың сөзі - кәлам (логос). Сопылықтағы Құранның әсері де өзге ислам ғылымдары сияқты ең басты және ең маңызды фактор болып қала береді.

Философия Тәңірдің трансцендентальдылығын баса көрсетіп, ешнәрсенің оған ұқсамайтындығын еске салады. Дініміздің Шаһадат кәламы да - "ашхаду анна ла илаһа илла Алла" яғни, «Тәңірден басқа шынайы құдайдың жоқ екенін» ескертеді. Нәтижеде Тәңірден басқа көркемдік, әсемдік те жоқ. Тәңірдің өзін көрмесек те, жүрегімізде махаббат ұялатқан, өзін көрсету үшін таңдаған жаратылған-космоста оны (Тәңірді) көре аламыз. Имам мырза Ислам философиясы тарихын қайта оқып шыққаныңыз абзал. Болмыстың бірлігі тұжырымы Құран негізінде түсіндірілетіндігін біле алмай жүрсеңіз кімге өкпелейсіз.

Негізінен алғанда исламның моральдық-этикалық желісі - сопылықтың өзегі. Сопылықтың іргетасы болып табылатын тәуба, зухд, сабыр, шүкір, мухаббатуллах, мухафатуллах сияқты әрбір мұсылманның кемелдігінің себебі, иманның айнасы болған сипаттармен қоса, зікір-тәспих, тәуекел-тәсілім, терең ой, өзін өзі бақылау (мұрақаба), ықылас іспеттес терминдер мен амалдар Құранның негізгі желісі, өзегі. Бұл да сопылықтың қалыптасуында Құранның рөлін көрсететін ең маңызды ұстындар. Бұл ақиқатты мұсылман зерттеушілерін қоспағанда сыртқы Батыс зерттеушілері де дөп басып көрсеткен. Сіздің көрсеткен сопылық дерттеушілері, мысалы, Никольсон "Құранда сопылыққа шынайы негіз болатын аяттар көп" десе, Массиньеон, Рожер Гарауди де "сопылық христиан мистицизмінен алынбаған, неоплатонизмге негізделмеген, Үнді даналығынан туындамаған, сопылықтың көзі - Құран" дейді. Хужуири (470/1077) сопылықты сынаушыларға былай дейді: "Егер олар, тек осы атауды ғана жоққа шығаратын болса, онда тұрған таңданарлық ештеңе жоқ. Ал, егер олар сопылықтың ішкі мәнін жоққа шығарса, онда Хз.Пайғамбардың (с.а.с.) шариғатын толық, оның барлық көркем мінезі мен ахлақын жоққа шығарады. Бұл үлкен қате... " Шындығында суфилер, сопылықты тұтастай ықылас, айқын иман, Құран мен Сүннет шеңберінде құдайлық этиканы игеру, көркем мінезді болу ретінде анықтаған. Сопы дегеніміз қарапайым иман келтіруші адам емес екендігін естен шығармау керек. Бұл жолға екінің бірі түсе алмайды. Ал осы жолға түскен жанды сыртқы көзбен көріп, түсіну немесе түсіндіру мүмкін емес, немесе қате. Олардың мақсаттары - құдайлық таным (мағрифатуллах) және Құдайдың ризалығы.

Біздің дәстүрлі діни тіршілігіміздегі ойлау, жору және түсіндіру формалары мен ұстанымдары сопылық дүниетаным негізінде қалыптасты. Матуридидің «Тауилат-ул-Куран» атты еңбегі мен «Тауил ұстанымы» түріктердің өзіндік түркілік мұсылмандық болмысқа ие болуында суннилік және сопылық танымның қалыптасып, дамуындағы орны ерекше. Осы ұстаным арқылы өзіндік ілім қалыптастырған, мұсылмандықты қабылдауымыздың теориялық және практикалық негізін қалаған Қожа Ахмет Иасауи және оның мектебі болатын. Тағы да айта кететін жәйт, Иасауи ілімі барлық түркі халықтарының мұсылмандығының айнасы. Ол тек қазақ мұсылмандығының ғана негізі емес, қырғыз, өзбек, түркімен ағайындардың арасында әлі күнге дейін хикмет дәстүрі үзілген емес. Олар хикметті жатқа айтуды дәстүрге айналдырған. Хикметті жатқа айтатындарды хафыз (қазақша «абыз») дейді.

ХV ғасырда өмір сүрген Хазини Османлы патшасы, ислам халифасы ІІІ. Мұратқа Иасауийа тариқаты туралы кітап жазып ұсынады. Ол кітапта Иасауиді «Сұлтани Түріктүр ол - Ахмади Сани», яғни, түркілердің сұлтаны (Әзіреті Түркістан) екінші Мұхаммед» ретінде танытады. Бірақ, Иасауи өзін ешқашан екінші пайғамбармын демеген. Пайғамбарды таныту, сүю, дәріптеу, оны барлық жаратылыстың бірінші себебі ретінде көрсететін осы сопылық дүниетаным. Иасауи «Әлемді пайғамбардың нұрынан жаратылғанң деп дәріптеді. Түркілер Иасауиді пайғамбарымызды танытқан, Алламызды тапқызған, дінімізді үйреткен ұстаз ретінде пір тұтады. Сондықтан Иасауи жолы ислам принциптерін осы топырақта мықтап бекіткен тарихи тұлға! Иасауи өз қандастарына Алланың пайғамбарымыз хз.Мұхаммедке жіберген дінін жаюшы.

Асылбек мырза «Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңқыстауда пір Бекет» деген тіркестен-ақ, Иасауиді халық пайғамбардың мұрасын жалғаушы деп таниды. Аңызда да Иасауи Арыстан баб арқылы Мұхаммед пайғамбардың аманатын тікелей жалғастырушы ретінде халық санасынан өшпес орнын алған. Бұл ислам дінінің принципін бұзушылық емес, керісінше исламды жаюдың формасы. Сопылықты мазхабпен, сектамен шатастырмаңыз.

Кешегі жетпіс жылдық қыспақта, бодандықта болған кезімізде, біздің тарихымызды зерттеген орыс ориенталистері, руханиятымыздың негізінде осы Иасауи ілімі мен мәдениеті жатқандығын дөп басқан. Сөйтіп бұлардың арасына іріткі салу немесе тариқаттар арасында жікті көрсету мақсатында суфилерді олардың зікірлеріне қарап, «Лачилер, Алаһушылар, Ақұдайшылдар» деп бөлген. Лачилер - Қырғызстандағы, Аллаһшылар - Өзбекстандағы, Ақұдайшылар - Қазақстандағы Иасауи жолындағылар. Сіз де бұларға «зікіршілер» депсіз. Мал бағатын адамға малшы, сиыршы, жылқышы, жүргізуші десе болады, өйткені бұлар кәсіп, ал зікір салу кәсіп емес. Зікір салатын адамға суфи, дәруіш дейді. Олар Иасауи хикметтерін Құранмен қатар құрметтесе, мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Хикмет - Құдайдан келген құт деген сөз. Құранда «Хикметті қалаған адамыма беремін» делінген. Сондықтан «менің хикметтерім Құранның мәні» дегенді теріс түсіндіруге тырысу тырнақ астынан кір іздеу. Иасауи хикметтері Құранның мәнін түсіндіруші дерек. Тафсир тұрғысынан Құранды түсінудің екі жолының бірі осы Иасауи таңдаған тауил әдісі. Иасауи Алланың құты дарыған - әулие. Ал әулие пайғамбар емес, ол пайғамбарды - кемел адам деп танитын, оны өзіне үлгі тұтатын, соған еліктейтін мирасқоры. Жалпы сопылық таным бойынша «Диуани Хикметті» түріктер «Дафтари сани», «Түрки Құран» деп дәріптесе, арабтар да Имам Ғазалидің «Ихиау улумуддин» деген еңбегін «Құранның көшірмесің десе, парсылар Маулана Румидің «Маснауи» еңбегін «Құранның мәні» - деген. Сопылық танымды түсіне білетін  адамға бұл қиындық тудырмайды.

Иасауи ілімінде зікір салу - бес парызға қарама-қарсы ешқашан қойылмайды. Иасауи ілімінде шариғатсыз тариқатқа өтуге болмайды. Демек, бес парызды суфилер ешқашан жоққа шығармайды. Зікір деп Алланы еске алу, ұмытпау әрдайым жүрегінде сезінуді айтады. Әр демінде, әр хәлінде Алланы еске алып жүрген адам біреуге қиянат жасамайды.  Яғни харам іске бармайды. Өйткені Алланы әрдайым есінде, жүрегінде сақтайды. Зікір салу - Алланы ұмытпаудың әдісі. Адамға арабша - инсан дейді. Этимологиясы - «ұмытшақң деген сөз. Соңғы пайғамбарымызға түскен Құранның бір аты да «Зикрң, яғни, Алла адамзатқа осы Зикр-Құранды ақиқатты, Алланы ұмытпауы үшін түсірген. Ал Алланы ұмытқан адам діннің, шариғаттың қағидалары мен канондарына пысқырып та қарамайды.

Асылбек мырза өзіңіз «имам» бола тұра әлі күнге мазхаб пен тариқат арасын айыра алмапсыз. Тариқаттар да сол сіз айтқан «әһлус-суннә уәл-жамағаттыңң ішінде. Зікір - Ауғанстаннан ауып келмеген, ол кешегі кеңестік зобалаңның өзінде де тіршілігін жалғастырып келген біздің мұсылмандығымыздың арқауы болатын. Зікір - үзілген жоқ. Бүгін жанданып отыр. Діни құбылысқа баға беріп, үкім айту үшін оның тарихын, өткен доктриналық, құқықтық, саяси жүйесін тұтас әрі үздіксіз шолып өту қажет. Сіз айтып отырған зікір - сөздік мағынасында дұрыс болғанымен, терминдік мағынасы бойынша сыртқы және ішкі психотехникалық, құдайлық танымға жету жолындағы әдіс ретінде ислам сопылық дәстүрінің негізгі ұғымы. Ал сопылық исламның мәні, тарихы терең. Сондықтан Асылбек молда, сіз бен біздің бүгін «әлхамдулиллаһ, мұсылманмын» деуіміздің алғышартын дайындаған, Алланың пайғамбарымызға жіберген соңғы діні исламды түрк жұртына жайған сол Иасауи ілімі болатын. Исламда Құранды түсінудің тафсир және тауил деген екі жолы бар екендігін жоғарыда айттым. Тауил Құран аяттарының ішкі-батини мәнін түсіндіреді. Абай да Құранды түсінуде осы тауилді алға тартады. Бұл негізінен діни танымның ерекшелігі, суфилердің гносеологиялық мұратына қатысты. Өкінішке орай, имамдарымыз әлі күнге дейін сауаттары жағынан ақсап жатыр. Дін мен қоғам, дін мен мәдениет, дін мен тарих арасындағы байланыстарды жете меңгере алмауда.

«Зікіршілер»  Асылбек мырзаның тұжырымы бойынша Шәкәрім, Абай өлеңдерінің идеялық құндылықтарын негізгі қаруы етіп пайдалана отырып, зікірге көбірек ден қояды екен. Мұнда тұрған не бар екен? Біз мәдени мұра бағдарламасын осы қазақтың баласы қажетіне жаратсын деп жасап жатқан жоқпыз ба? Қазақ баласына дінін үйренуі үшін алдымен Абай мен Шәкәрімді үйренуі шарт. Екіншіден, Абайдай, Шәкәрімдей, Иасауидей данасы бар халық үшін өзгеден дін үйренудің қажеті шамалы. Бүкіл ислам әлемінде ХІХ ғасыр ойшылдарының ішінде Абайдан озып тұрған ешкім жоқ. Неге қазақтың баласы Шәкәрім мен Абайдың мұрасын өздеріне қару қылмайды екен.

Асылбек молда қазаққа қағбасын, құбыласын, көрсеткен жер Түркістан, Иасауи бабамыз екенін ұмытпағайсыз! Оны мойындау, мойындамау еркіңізде, ең бастысы сезінбесеңіз де, солай екенін біліп жүріңіз! Сосын Ғибадаттың  не үшін екенін Алла Құранда көрсеткен, бірақ қалай ғибадат жасау керектігін пайғамбар үйреткен. Терең ой, пікір ету - зікір -Алламен өз рухында үндестікке жету дәстүрін алғаш салған да сол пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) болатын. Бұл туралы исламның «Табақат», «Сийар» кітаптарынан оқыңыз.

Асылбек мырза, Құранды егер пайғамбар болмаса ешкім түсіндіре алмас еді. Құранның бірінші муфассирі (түсіндірушісі) пайғамбар. Ұғыну мәселесі Сіз айтқандай оңай емес. Түсіну дәрежесі де әркелкі оған дауа жоқ. Ал қазаққа келсек, сол Құранды, хадисті Сіз бен бізден бұрын түсінуге тырысқан Иасауи мен Шәкәрімге жүгінбегенде кімге жүгінеді? Бұл қажеттілік, тарихи тұрғыдан сабақтастықты, діни тұрғыдан ұғынуды, мәдени тұрғыдан қазақтық мұсылмандықты түсінуді қамтамасыз етеді. Сосын Шәкәрім мен Абайды қарама-қарсы қоюды қай ойыңыздан шығарып отырсыз?

Бұл жердегі Абайдың сопылыққа тағып отырған сыны жаңа сын емес, ол сонау традиционалистер мен сопылар арасында ІХ ғасырдан бері келе жатқан сын. Абайдың сопылықты сынауында мақсат бар. Бұл мақсатты Абай өзінің уақыты мен кеңістігіндегі ахуалдан алып отыр. Абай ғана емес, жалпы Шығыс әлемі Батыстың технологиясынан, ғылымынан артта қалудың басты себебі ретінде исламның рухы болған сопылық дүниетанымды көрсеткен болатын. Себебі, Абайдың дәуірінде сопылық мәдениет әбден тозығы жетіп, өзінің таза рухынан алыстап, кім көрінгеннің құралына айналып, дін-қоғамды ыдыратудың саясатына айналған болатын. Тариқаттар саяси билік басындағы жекелеген хан, сұлтандарға ғана қызмет ете бастаған. Сопылық өзінің адамдық, моральдық мұраттарынан жұрдай болған еді. Бұған сыртқы миссионер-ориенталистердің де ықпалы күшті болды. Сопылықты жоққа шығару арқылы исламдық тұтастықты ыдырату мақсат етілді.

Тарихтағы Иасауи жолы - дін іші тұтастыққа және діндер арасы татулық пен толеранттылыққа шақырады. Бұл жолдың ұстындық негізі - шариғат, психотехникалық жүйесі - тариқат, танымдық негізі - мағрифат және ақиқаттан тұрады. «Шариғатсыз тариқатқа, мағрифатсыз ақиқатқа өтуге болмайды», - дейді Иасауи. Иасауи ілімі бойынша шариғат - Алланың жаратқан бақшасында қалай жүруді ұсынады. Алла адамға ақыл, ерік, қайрат беру арқылы сынап, осы бақшаны адаспай аралағандарға жәннетті нәсіп етеді. Яғни, шариғаттың мұраты - жәннат. Сол бақшаның ішінде «гүл» бар. Ол гүлді тек қана Алланың дидарын талап еткендер ғана іздейді. Қарапайым (имам) сіз бен біз (ғалым) емес, бұны тек Аллаға ғашық болғандар қалап алады... Олар үшін Алланың жұмағы да, тозағы да емес, Өзі керек. Яғни тариқаттың мұраты Алланың дидары. Сондықтан да оларды «дидар талап» дейді. Сынға төзгендер ғана «сырға қанығады». Бұл мағрифат сатысы. Ол сыр арқылы Алла туралы танымға, «нұрға» қол жеткізеді. Ақиқат сатысында Алла мен адам арасындағы ақиқатқа көз жеткізеді. Бұл мақам Мұса (с.ғ.с.)мақамы: Құранда «Мен Сені (Алланы) көргім келеді» аятына негізделген. Міне, қарап отырсаңыз, Иасауи ілімі бірінсіз бірі болмайтын процестер мен тұтастық теориясынан тұрады. Осы әрбір сатыда суфидің иман дәрежесі де өсіп отырады. Бірінші шариғат мақамындағы иманға «имани бостан», тариқат мақамындағы иманға «имани гүл», мағрифат мақамындағы иманға «имани сыр», хақиқат мақамындағы иманға «имани нұр» делінген. Абайдың да «имани гүл» категориясы осы тариқат сатысының иманы. Онда адамды сүй, Алланың хикметін сез! «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, сол Алланы жаннан тәттің, дініне қарамастан адамзаттың бәрін бауырым деп сүю керектігі - осы Иасауи мәдениетінен келген.

Иасауи ілімі қазақ мұсылмандығының негізі. Сондықтан біз Иасауи жолындағы қазақ мұсылмандарымыз. Оны ешкімнен жасыра алмаймыз. Иасауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Иасауи біздің Конфуции» деген сөзінің артында да осы себептер жатыр. Иасауи ілімі Қазақстандағы дінішілік қана емес діндераралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Ол үшін Иасауи мұрасын өз деңгейі мен дәрежесінде меңгеріп, соған лайық бола алуымыз керек. Қазақтарды Иасауиді сүюге оны құрметтеуге шақырамын. Өйткені өзіңді құрметтеудің ұстанымы осында жатыр..

Құрметті оқырман қауым! Қазіргі таңда дін мәселесі әрбір қоғам өкілін бейжай қоймайтындай дәрежеде өзектілігін сезіндіре бастады. Бұл құбылыс ертелі-кеш басталуы тиіс болатын. Соңғы кездерде қазақ мұсылмандық түсінігінің, ой-санасының жүйесі мен қалыбын, негізін қалаған сопылық туралы толассыз жарық көрген мақалалар легінен оқырман қауымының хабардар екендігі белгілі. Бұлар негізінен мақсатты, бір жақты, сопылықты яғни, қазақтың ғасырлар бойғы қалыптасқан діни тіршілік формасына наразылық, оны жоюға үндеу сипатында жазылды. Зікіршілерге қарап, зікірді, сопыларға қарап суфизмді жоққа шығару мәселесі «битке өкпелеп тонды отқа жағу» екендігін байқай алмайтындай дәрежеде діни төзімсіздік, өшпенділік сияқты психологиялық есептер бірінші орынға шығуда. Ал негізінен қазаққа өшпенділіктен бұрын ақылды (рационал) тыңдауға бейімделуді тарих атамыз әрбір тарихи өткенімізден ғибрат ретінде көзімізге көрсетсе де «көрсоқырлық» деген науқасымыз мұрнымыздың ұшынан шыға келетін болды. Бұлай ету - қазақ қоғамын, ұлтын жікке бөледі. Елбасының дінаралық, ұлтаралық бірлік саясатына да, еліміздің біртұтастығына да қайшы әрі саяси жағынан да қауіпті. Сыртқы күштер онсызда осал тұстарымызды аңдып отыр. Сондықтан басқа, басқа дін мәселесі жөнінде туындаған сұрақтарды тек оның мамандары ғана жауаптандырып, әрбір құбылысты ғылымның елегімен сараптап отырғанымыз абзал. Өйткені, дін, адамдағы «менікі» деп танылатын болмыстық және әлеуметтік анықталумен нақтылануды күшейтетін институт.

Негізінен, ең бірінші әрбір дін зерттеушісі діни сенім - ақида және діни таным арасын ажыратып көрсете білу керек. Діни сенім біреу. Сондықтан ислам да біреу. Оның біріншісі, екіншісі жоқ. Ал діни таным көп, сондықтан мұсылмандық формалары да көп. Бұл өте табиғи құбылыс.      Негізінен Иасауи жолындағылар, ділінде хикметтің шамы, үстінде жүннен тігілген қарапайым шапаны, таза құдайды пәктеу мен ұлылау жолына түскен саф көңіл адамдар туралы Батыстың емес, ориенталистік бағытта емес және «уахабилік, таймийалық» тенденциядан тыс ұстаныммен жазылған еңбектерді де оқып шыққан абзал. Сосын сопылық туралы нақты пікір айту, екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Бұл өз алдына жеке, терең ғылым. Сондықтан Асылбек мырза, бұл туралы Ибн Халдунның Муқаддимасынан оқып білерсіз. Бізге осы ғылым туралы бар мәліметтерді түсінудің өзі үлкен олжа. Сопылықтың мәніне көз жеткізу үшін Имам Ғазалидің «Ихиа-ул-Улуми-д-дин», Ибн Арабидің «Футухат-ул-Маккийа», Имам Раббанидің «Мактубат», Қушайридің «Рисала», Сухрауардидің «Ауариф-ул-Маариф» және Иасауидің «Мират-ул Қулуб» атты еңбектерін қарап шыққан дұрыс.

Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған да емес! Сопылық исламның мазмұны, мәні. Ал форма мен мазмұн біртұтас нәрсе ғой. Асылбек мырза айтқан жаланы суфизмге кезінде кеңестік режим тұсында ғылыми атеизм мамандары жеткілікті дәрежеде жазып қалдырған. өйткені сопылық тариқаттағылар ғана оларға қарсы толассыз наразылық білдірген болатын. Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Суфизмнің ішкі мәнін ашып түсіндіруге бір мақала түгіл, зерттеушінің өмірі де жетпейді. Сондықтан сопылықтың сыртқы қырына қарап-ақ оның мұсылмандық тарихындағы орнын тануға болады.

Имам мырза сопылардың мақсаты - сол дінді (исламды) негізінен тайдыру, екендігін, сопылықтың исламның негізгі постулаттарын құлатқысы келетіндігін айтыпты. Бұған таң қалмасқа шараң жоқ. Бұл жерде қазақты енді исламды қабылдап жатқан ел ретінде танытады. Ынсап қайда ағайын? Сіз бен біз осы сопылық арқылы мұсылман болған жоқпыз ба? Ата-бабамыз осы жол арқылы бізге исламды үйреткен жоқ па еді? Исламның қай негізіне сопылар қарсы шығыпты? Иман негіздеріне ме, әлде ғибадат негіздеріне ме? Құранға ма? Хадиске ме? Әлде, олар Мұхаммед пайғамбарды пайғамбар деп танымай ма? Мұндай сандырақты газет бетіне жазудың өзі қоғамдық тұрақтылықты бұзатын фитна емей, немене?

Қала берді, Иасауи мен Шәкәрім осы топырақтағы руханияттың негіздері мен темірқазықтары. Сіз сонда қазақи мұсылмандықты реформалауды ойлап отырсыз ба? Ондай шоқпарды беліңізге ілмей-ақ қойыңыз, мертігіп кетерсіз. Кез келген реформа, дәстүрмен сабақтасып, онымен үйлесімділікте жүрсе  ғана жеміс береді. Жоқ әлде, Сіз өткенді түбірімен өшіргіңіз келе ме? Ол нағыз революция! Исламға бұл жол - жат. Қазіргі исламдағы революционерлер - уахабилер. Абай мен Шәкәрімнің даналықтары толығымен таза исламның өзегі - Құраннан тұратындығын сіз әлі біле алмай жүрсеңіз, оған кім кінәлі?

Сопылық - фирқа да, секта да, мазхаб та емес. Сопылық исламның рухы, мәні. Онсыз ислам ислам бола алмайды. Суфизмге ғасырлар бойы сын айтып, оның тек жаман қырын көрсетіп, қол шошайтқандар - дүмшелер ғана. Ал дүмшелер маңдайдағы көзбен де дұрыс көре алмайды. Олар исламды қағида, құрғақ ереже, тәннің бес уақыт бүгіліп, иілуі деп түсініп, соған қарсы Алладан сауап, жәннат сұраған «саудагерлер». Ал ғибадат - Алланың жәннатына жолдама алудың құны емес, ғибадат себеп қана. Жәннатқа лайық болу, Алланың назарына ілугімен оның ризашылығына, құтына ие болумен ғана мүмкін болар! Суфилер әлемге ғашық, сонымен қатар ішкі көзбен «ғайыпты», «дидарды» сезініп, оған ғашық бола алады.

Суфилер үшін соңғы хатам-ул анбийа - Хз. Мұхаммед ең теберік нұсқа, ең теңдесі жоқ үлгі, өнеге адам. Суфилер үшін Алладан басқа хидаятқа жеткізетін, құтқаратын ешкім жоқ. Алла - аманат ретінде Құран мен Сунна жолын көрсетті. Қалғаны суфидің өзіне байланысы. Суфилер Сіз бен біз сияқты, бес-алты кітап оқып алып білгішсінетін халық емес! «Мен бір-ақ нәрсе білемін, ол да менің ештеңе білмейтіндігім» -дегендер осы Аллаға ғашық болып, зікір салған суфилердің ұстанымы. Мысалы Иасауи дана өзі туралы «мен наданмын», Бақырғани «Барша бидай мен сабан, барша жақсы мен жаман», Шәкәрім де «Әлемнің бәрін мен білсем, әлем мені білмесе» дейді. Бұлардың өлшемі Алла. Өздерін Алламен өлшеген адам әрине бұл әлемде әрдайым Алланың хикметін іздеуші болып шығады.

Сіз ислам философиясын оның онтологиялық, метафизикалық жүйесін қайтадан, дұрыстап қарап шығыңыз. Сосын барып тауил мен тафсир, ақыл мен нақыл, хәл мен мақам, зат пен сипат, жауҺар мен ағраз арасындағы мәннің парқын білетін боласыз. Исламда түсінудің екі формасы - тауил мен тафсир бар. Бұл екі метод өзара бірін-бірі толықтырып тұрады. Суфилердің тауил методы - ішкі танымға негізделген. Тафсирдің мүмкіндігі жеткен жерінен әрі қарай тауил басталады. Бұл негізінен Фарабидің «фағал сана» мен «мустафад сана» арасындағы қауышу, үндесу принципіне негізделген. Ғазалиден кейін исламда философия өлді дегендер тарихта болды. Машаниды қайталап не қыласыз, өзіндік ой болу керек өзін ғылымдамын деп сезінетін адамда.

Сіз айтқан онтологиялық түсіндіру формасы, мазмұны әрқилы болғанымен Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд сияқты ислам философтарының бәріне ортақ қалып. Бұл танымдық түсіндіру жолы ғана бұндай қалыптың діни сенімге ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан таным мен сенім арасына теңдік қоюға болмайды.

Иасауийа құқықтық жағынан имам Ағзамның жолында, ақаид жағынан имам Матуридің жолындағы сунни тариқаты. Сопылық, есіңізде болсын, қазақтың ұлттық болмысы мен мемлекеттілігінің, мәдениетінің негізі. Ол ешқашан мемлекетке, оның саясатына «қиғаш емес». Сопылық егер қазақ мемлекеті мен саясатына қиғаш болса, онда мемлекеттілігіміз бен мәдениетіміз де «қиғаш» болғаны. Өйткені, сопылық қазақ руханиятының негізіндегі өзектің ең маңыздысы, қазақ мұсылмандық түсінігінің айнасы. Иасауи тариқатындағылардың төрт ұстанымы бар: біріншісі - рабт-сұлтан, яғни мемлекет басшысына адалдық, екіншісі - Отан - кеңістікті иелену, үшіншісі - уақытты меңгеру, төртіншісі - ихуан өзара бауыр, туыс болу. Міне осындай негізде ислам қазақ даласына таралып, біз мұсылман болғанбыз.

Асылбек мырза, діни таным мен діни сенім арасын ажыратпасаңыз, ақ пен қара, дұрыс пен бұрыс екі арасы көрінбей екі ортада жұртты әуре сарсаңға саласыз. Тарих пен уақыт, кеңістік пен мәдениет, дін мен таным түсінік арасын түсіндірудің жолы - тарихи сабақтастық арқылы мүмкін болады. Бұл жерде де дін туралы ғылыми талдаудан көрі «имамдық үкім» берудің «жеңілдігін» сезінгенге ұқсайсыз. Сопылық туралы пікіріңіз не ғылымға, не дәстүрлі танымға, не діни-шарғи үкімге сай емес. Әрине, мен сіздің бүгінгі күннің «неоимамы» екендігіңізді жариялағаныңызға қарсы емеспін. Дегенмен бүгінгі қазақ имамдарының бір қолында Құран мен Сунна, екінші қолында Иасауи хикметтері жүрсе ғана тарихи сабақтастық орнап, діни танымымыз дамып, діни сана жаңғырады деген сенімдемін. Сөздің соңын елбасымыздың «... Бағымыз -  Тәуелсіздік, дініміз -  Ислам, бірақ біз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек» деген сөзімен аяқтағым келеді.

 

 

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

Философия және теология ғылымдарынң докторы, профессор

http://www.qazaquni.kz/9598.html

0 пікір