Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3487 0 пікір 1 Қараша, 2011 сағат 06:34

Интернет-конференция: Айдос Сарым (жалғасы)

«Ұлы дала» қозғалысының өкілетті жетекшісі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым оқырмандар сауалы жалғасты жауап қатып отыр. Айдос Әміроллаұлы келелі конференцияны жалғастыра отырып: «Отарсыздану декларациясы немесе доктринасы ерте ме, кеш пе қабылдануы тиіс! Тіпті жақында грузиндер қабылдағандай заң ретінде қабылдау керек шығар. Бұл - мен білсем алдағы уақытта барлық ұлттық ұйымдарды біріктіретін, басын қосатын ұлттық тұғырнама болмақ.», деген ой айтады.

"Абай-ақпарат"

- 1. "Мәдени мұра" бағдарламасының әрі қарай жалғастырылмау себебі не деп ойлайсыз? Бұл рухани егемендігіміздің қалыптасуына балта шауып отырған Мәдениет министрлігіндегі кейбір сыртқы күштердің ықпал ету агенттерінің қитұртқы әрекеті деп санайсыз ба?

2. Еуразиялық Одақтың орталығы Астана болса ҚР ұта ма деген №8 комментатор, басқа да азаматтар кейін бармақ тістеп жүрмеуі үшін, бұл Мәскеудің алдамшы тактикасы екенін түсіндіріп айтып беруіңізді өтінемін.

- 1. «Мәдени мұра» бағдарламасы жабылып жатқан жоқ. Негізі, есіңізде болса, бағдарлама үш жыл сайын жаңартылып, үкіметте бекітіліп отырды. Сондықтан да бұл бағдарлама әрі қарай жалғасын табады деп сенемін. «Мәдени мұра» - ұлт үшін айрықша маңызы бар мемлекеттік жоба. Оның арқасында соңғы жылдары үлкен-үлкен шаруалар іске асырылды, әлі де жүзеге асырылады.

«Ұлы дала» қозғалысының өкілетті жетекшісі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым оқырмандар сауалы жалғасты жауап қатып отыр. Айдос Әміроллаұлы келелі конференцияны жалғастыра отырып: «Отарсыздану декларациясы немесе доктринасы ерте ме, кеш пе қабылдануы тиіс! Тіпті жақында грузиндер қабылдағандай заң ретінде қабылдау керек шығар. Бұл - мен білсем алдағы уақытта барлық ұлттық ұйымдарды біріктіретін, басын қосатын ұлттық тұғырнама болмақ.», деген ой айтады.

"Абай-ақпарат"

- 1. "Мәдени мұра" бағдарламасының әрі қарай жалғастырылмау себебі не деп ойлайсыз? Бұл рухани егемендігіміздің қалыптасуына балта шауып отырған Мәдениет министрлігіндегі кейбір сыртқы күштердің ықпал ету агенттерінің қитұртқы әрекеті деп санайсыз ба?

2. Еуразиялық Одақтың орталығы Астана болса ҚР ұта ма деген №8 комментатор, басқа да азаматтар кейін бармақ тістеп жүрмеуі үшін, бұл Мәскеудің алдамшы тактикасы екенін түсіндіріп айтып беруіңізді өтінемін.

- 1. «Мәдени мұра» бағдарламасы жабылып жатқан жоқ. Негізі, есіңізде болса, бағдарлама үш жыл сайын жаңартылып, үкіметте бекітіліп отырды. Сондықтан да бұл бағдарлама әрі қарай жалғасын табады деп сенемін. «Мәдени мұра» - ұлт үшін айрықша маңызы бар мемлекеттік жоба. Оның арқасында соңғы жылдары үлкен-үлкен шаруалар іске асырылды, әлі де жүзеге асырылады.

2. Бұл сұраққа жауап берген сияқтымын. Еуразиялық одақтың дәл бүгінгі түріндегі, сипатындағы нұсқасы Ресейдің имперлік саясатынан туындап отыр.

- Айдос мырза, жас ұрпақты тәрбиелеуде қандай принциптерді ұстанған жөн деп ойлайсыз? Қай бағытқа баса мән бергеніміз жөн?

-Бұл өте кешенді мәселе. Оған екі-үш сөйлеммен жауап берудің өзі мүмкін емес. Менің бұл мәселедегі ұстанымдарым төмендегіге саяды. Біріншіден, мемлекеттік тәлім-тәрбие беру бағдарламалары мен стандарттары міндетті түрде кешенді болуы керек, яғни, үзілмеуі тиіс. Елдің, ұлттың азаматын, патриотын тәрбиелеу балабақшадан басталып, мектепте, жоғары оқу орнында жалғасын табуы керек. Бала-бақша мен мектепің бастауыш сыныптарында білім беру тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Баланың, оқушының санасы қатқан кезде ғана ағылшынша не орысша білім беруге болатын шығар. Екіншіден, ұлттық білім беру жүйесі ұлттық тарих пен мәдениеттен сусындап отыруы тиіс. Бұл тек қана білім беру жүйесінің жұмысы емес, жалпы мәдениет саласының, оның ішінде кітап шығарушылардың, кино және мультфильм түсірушілердің, бұқаралық ақпарат құралдарының кешенді қызметін талап етеді. Бұлардың барлығы да ұлттық педагогика мен психология мамандарының ұсыныстары мен әдістемелеріне сүйенуі тиіс. Үшіншіден, ұлттық-патриоттық тәрбие елге, жерге деген құрмет, ілтипат бағытында жүруі керек. Қазақстанның әрбір түлегі еліміздің әрбір мекенін, жерін, тау-тасын, суын, өзенін «Бұл - менің жерім! Менің асыл Отаным!» деп өсуі керек. Жаңа кеңістіктік саясат қажет. Кең байтақ отанымыздың әрбір бұрышында тұрып жатқан жастар оның барлық бұрыш-бұрышы, қасиетті орындары туралы ақпаратты молынан алуы керек, сол жерлерді мектептен бастап аралауға мүмкіндік алуы абзал. Бұл дегеніміз, отандық туризм саласын дамыту үшін керемет мүмкіндік болады деп санаймын. Шетелден турист келе ме, жоқ па, біз ең алдымен ішкі туризмді, оның инфрақұрылымын дамытқанымыз дұрыс. Қажет болса, бюджетке қаражат салып, каникулдарда үздік мектеп оқушыларына Қазақстанның сұлу жерлерін, тарихи мекендерін көрсетіп жатсақ, құба-құп болар еді.

Алдағы уақытта біздер құрып жатқан «Ұлы Дала» қозғалысы осы бағыттағы өзінің нақты ұсыныстарын, ойларын ортаға салатын болады. Сол кезде бұл тақырыпқа қайта ораламыз деп ойлаймын.

- 1. Біздің еліміздің болашағын көз алдыңызға қалай елестетесіз?

2. Әлихан Байменов сатқындықтың үлгісін көрсетті деп ойлайсыз ба?

3. Білім саласындағы жемқорлықты қалай тыюға болады?

- 1. Еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда. Қол қусырып қарап отыра берсек тұңғиыққа бата береміз, тіпті бүгінгі күнімізден айрылып қалуымыз ғажап емес. Ал егер еліміздің азаматтары белсенділігін арттырса, жақсы өзгерістерге қол жеткізуге болады. Өз басым тарихи оптимистпін. Сондықтан да жақсылыққа сенемін. Менің арман-қиялымдағы Қазақ елі - демократиялы, зайырлы президенттік-парламенттік республика, ұлттық мемлекет. Қазақстанда тұрып жатқандардың барлығы өздерін «қазақпыз» деп санап, осы елде тұрып жатқандығын, қазақ ұлтының бөлігі, мүшесі екендігімен мақтанатын болады. Оның әрбір азаматының өз дарыны мен армандарын іске асыруға мүмкіндік бар. Елдің әрбір азаматы өзінің адал еңбегіне сай лайықты табысқа қол жеткізіп, ұлттық байлықтан үлесін алып отырады. Елімізде әлемдегі ең үздік медицина мен әлеуметтік сақтандыру жүйесі қызмет етеді. Еліміздің ғалымдары, жазушылары, ақындары әлемге танылып жатады. Алдағы 30-40 жылда кем дегенде 3-4 қандасымыз Нобель сыйлығын алуы тиіс. Еліміз бабаларымыз армандаған Жерұйыққа айналып, табиғатпен гармонияда өмір сүретін экологиялық тепе-теңдік сақталады. Қазақ жерінен барлық полигондар әкетіліп, олардың орнына табиғи қорықтар жасалатын болады. Бұл арманды іске асыру үшін тәулігіне 26 сағат, аптасына 9 күн аянбай еңбек етуіміз керек. Осыған біздер дайынбыз ба?

2. Иә. Бұл туралы бірнеше рет жазған болатынмын. Қайталамай-ақ қояйын.

3. Бірде бір ел жемқорлықты толықтай жеңіп көрмеген. Бірақ оның деңгейін күрт азайтуға болады деп білемін. Бұның нақты жолдары, тәсілі, әдістемесі бар. Айналып келгенде барлығы да саяси мәдениет пен саяси жігерге тіреліп тұр. Білім саласындағы жемқорлықты азайту үшін мына ұстанымдарды енгізу қажет: ашықтық, тазалық, рейтингілеу, қоғамдық бақылау, білім ордаларының қоғам, ата-аналар, оқушылар алдында тұрақты есеп беруі. Біз керемет жаңалық ойлап таппаймыз. Әлемдік тәжірибені ұқыппен іске асырсақ жетіп жатыр.

- Айдос мырза, Қазақстандағы жемқорлықты қалай азайтуға болады? Естуімізше, Ақтөбе облысы телевизиясын басқаратын бастық "ор" біршама "жеп" қойған, әрі соны қыркүйек айында құзырлы орындар тексере бастаған. Бірақ, жоғарғы жақтан әлдекімнің араласуымен "жабулы қазан жабулы күйінде" қалған. Ондай "қамқорлықпен" жемқорлықтан, қылмыспен тең түрлі келеңсіздіктен жуықта арыла қоймаспыз. Бірталай ішіп-жегендер енді тіпті, мәңгілік ішіп-жей берсін деген Заң бар ма әлде? Не айтасыз?

- Еліміздегі жемқорлық тек биліктегілердің иттігі емес! Жемқорлықтың етек алуында қарапайым халықтың, қоғамымыздың да «күнәсі» бар. Жемқорлық деген кезде кейбір азаматтар оны тек капитализмнің, соңғы 20 жылдың несібесі деп түсіндіреді. Шын мәнінде, біздегі жемқорлық отарлау кезінен, әсіресе кеңес үкіметінің соңғы жылдары кең тарағаны айдан-анық. Яғни, біздер жемқорлықпен күресті отарсыздандыру саясатымен қатар жүргізе бастауымыз қажет. Екіншіден, өзіміз пара бермеуге, пара сұраушылармен күресуге дайын болуымыз қажет. Егер мен «мәселені оңай шешемін» деп біреуге пара беріп жатсам, менің елде «жемқорлық жайлады» деп байбалам салуға қақым жоқ! Осындай жаңа психологияны, мәдениетті қалыптастыра бастау қажет. Негізі, өзімнің байқағаным, қоғамның ішінде жемқорлыққа деген наразылық, әділеттілік іздеу, тазалықты, іңкәрлікті армандау күн сайын артып келе жатыр. Яғни, бүгінгі күнгі «түйені түгімен жұтатандардың», «заңды белінен басқандардың» тарихи уақыты өтіп бара жатыр. Бір нәрсе анық ол - бүгінгі күні жемқорлықпен, ұлтын тонаумен жасалған капиталдардың ғұмыры тым ұзаққа бармайды. Жемқорлардың жегендері желкесінен шығады. Заман да, әлем де өзгеріп келеді. Кешегі Каддафилердің 100 миллиард ұрлағанынан не пайда? Ит құсап өлген соң жиған байлығыңнан не қайыр?

- «Қазақ елі « халықтық қозғалысы туралы пiкiрiңiздi бiлгiм келедi. Неге бiрiкпедiңіздер?

«Қазақ елі» қозғалысының артында кім тұр деп ойлайсыз?

- «Қазақ елі» қозғалысына көзқарасым дұрыс. Білуімше, оны замандасым Қажымұқан Ғабдолла құрып жатыр. Оған өз басым біздің сайттар арқылы тұрақты ақпараттық көмек көрсетіп отырдым. Яғни, оның маған өкпесі болмауы тиіс. Оның үстіне Қажымұқан маған шығып, бірге болайық, жүрейік деп көрген емес. Егер ондай ұсыныс болғанда мен Қажекеңе өз ойларымды айтар едім. Барлығымыз патриотпыз, бәріміз ұлтшылмыз, бірақ қозғалыс құру үшін бұл жеткіліксіз. Ең алдымен идологиялық бірлік болуы керек. Ал, мен білсем, Қажымұқанның қасына топтасқан азаматтардың өзі әралуан көзқарастағы азаматтар. Ішінде тіпті фашистік көзқараста жүргендер де бар. Коммунизмді соттаймыз, отарсызданамыз деп жатып, фашизмді насихаттауға бола ма? Фашизм де, коммунизм де тоталитарлы идеология. Тамыры, тарихы ұқсас. Осы себепті де мен «Қазақ елі» қозғалысына жақындаудан тартындым. Қажымұқан «маған ешкім көмек бермейді» деп шырылдап жүр. Бірақ, жаңағыдай сұрақтарды шешпей жатып оған кім көмек берсін? Ал, егер Қажымұқан «осыларың көңілге қонымды екен, ескерейін, алдағы уақытта серіктес болайық» деп жатса, ол менің адресімді, телефондарымды біледі. Хабарлассын, ақылдасайық.

«Қазақ елі» қозғалысынң артында тұрған Қажымұқан Ғабдолла. Басқа белсенділерін көріп жүрген жоқпын. Қалғанын Қажекеңнің өзінен сұраған дұрыс шығар.

- Айдос, соңғы жылдары ел ішіндегі өсек аяңды жазатын, жау образын іздеп жүретін, ел ішіндегі дұрыс адам дегеннің артынан шала байлап қоятын "Жас Алаш" газеті жөнінде пікіріңіз қалай? Газетті студент кезімізде іздеп оқитын едік, қазір қарай алмаймыз. Әр саны өсек, адамдарды шағыстыру, негізсіз кінәлап әңгіме жазу газет беделін түсірді. Жанболат Мамай деген қандай өсек жазады, тағы кімді жамандайды деп ойлайсың. Мүмкін олар заказбен әдейі жақсы адамдар беделін түсіру үшін жазатын шығар осыған не дейсіз.

- Газет туралы сұрақтарға жауап бердім. Өз басым газетті сатып алуды қойдым. Анда-санда сайтына кіріп отырамын. Негізінен ең құнды дүниелері бесінші, яғни, әдеби-мәдени бетте жарияланады. Қалғандарының мазмұны бірінші сөйлемін оқығаннан кейін-ақ белгілі болып тұрады! Газет дегеніміз не? Ең алдымен тың жаңалық! Аптасына екі рет шыққандықтан оны апталық деуге болады. Бар жаңалықты интернеттен, теледидардан көріп алсаң, газеттен жаңалық емес, сараптама іздейсің. Ал газеттің сараптамасы жоқ! Журналистерінің барлығын білемін, сыйлаймын, бірақ, газет авторларының, сарапшыларының санын күрт арттыруы қажет сияқты. Тіпті, кейбір кезде өзің келісе бермейтін адамдарды да шығарып тұру керек. Ал газеттің бүгінгісі белгілі, түсінікті көзқарастардың үгіт-насихаты. Большевиктерден қалған тұп-тұнық пропаганда! Ондай газеттердің заманы өтіп бара жатыр, өтіп кеткен де шығар. Бұл менің жеке пікірім. Бұны біреуді кекету, кемсіту, біреуден кек алу үшін айтып отырған жоқпын. Кезінде өзім қызмет еткен, талай нәрсені үйренген қара шаңырағыма жаным ашығандықтан айтып отырмын.

- Айдос мырза, менікі сұрақ емес, ұсыныс десе де болады. Беделді ақпараттық порталдардың басы-қасында жүргеніңіз белгілі. Қазнеттің дамуына сіңіріп жатқан еңбегіңіз де жұртқа мәлім. Осы орайда қазақтың төл өнері айтыс жанрына арнап жеке сайт ашу мәселесін қолға алсаңыз. Талдаудың аздығынан болар қазіргі кейбір ақындарымыз ұсақ-түйек әңгімелерге жол беріп жүр. Және де кейбір айтыстарды теледидардан көрсетпейді. Мысалға «Хабар» арнасы бір айтысты эфирден беру үшін ұйымдастырушылардан 2-3 млн теңгеге дейін қаражат сұрайтын көрінеді. Азаттық радиосы кейінгі кезде аздап беріп жүр. Бірақ талдау, сараптау болмаған соң, төл өнердің дамуы қалыс қалып жүр. Сондықтан әр айтыстың аудио немесе видео нұсқасын және де мәтінін цензурасыз жариялайтын баспасөз кемде-кем. Айтыс - ұлттың идеологиялық құралы. Ол қазаққа өте қажет өнер үлгісі. Бір-екі адамдық жұмыс тобынан құралған сайт әкімшілігінің шығындарын, келер айтысты ақылы жарнамалау арқылы немесе меценаттардың көмегімен-ақ шешуге болатын сияқты. Істің жөнін білер азамат ретінде бұл мәселе сізге қиындық туғызбас деп ойлаймын. Және де айтыс жанашыры ретінде ақындардың жырына атыңыз қосылып отыратынын ескерсек, сіздің барлық бастамаларыңызға тегін жарнама дайын деуге болады. Осы іске қалай қарайсыз? Толағай

- Толағай! Толық келісемін! Нақты ұсынысыңыз, қағазға түскен тұжырымдамаңыз, жобаның бюджеті болса хабарласыңыз. Кездесіп, ақылдасайық! Бұндай жобаларды атқару үшін үкіметке ренжудің, басшыларға шапқылай берудің қажеті жоқ. Жақсы коалиция құрып, топтаса білсек қаражат көздерін де табуға болатын сияқты.

- Нұртөре Жүсіп пен Жүсіпбек Қорғасбек туралы ойыңыз қандай?

- Нұрекең де, Жүкең де қазақтың мықты азаматтары, қаламгерлері, баспасөз саласының майталмандары. Екеуі де журналистік мектеп қалыптастыра білген тұлғалар.

- Айдос, бауырым!

1. Еліміздің тәуелсіздікке жетуіне "Азат" қозғалысына қатысқан барлық өңірлердегі азаматтардың еңбегі сіңді. Солардың пәрменімен ғана «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды.

Бұл құжаттардағы қазақ ұлтының мүдделері жайлы ұстанымдарды барша отандастарымызда және әлем мемлекеттері мойындады.

Осы Декларациялар негізінде қабылданған Қазақстанның бірінші Конституциясында ұлттық мүдде жайлы баптар бар еді.

Қазір бұл заңдар мен Конституция қолданыста емес, ал кейінгі Конституция мен заңдарда қазақтың ұлттық мүддесі жайлы нақты, анық жазылған баптарды табу қиын...

СОНДА БІЗ, өзіміз де және әлем мемлекеттері де мойындаған, ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫМЫЗДАН ТАЙҚЫП КЕТТІК ПЕ, әлде ҰМЫТЫП КЕТТІК ПЕ?

2. Соңғы 20 жыл ішіндегі Еліміздегі шешімін таппай келе жатқан келеңсіздіктердің бәрі - өз уақытында қабылданып бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлердің санасын отарсыздандыруға тиісті ДЕКЛАРАЦИЯНЫҢ жоқтығының салдары емес пе?

Бүгінгі күні, ештен кеш жақсы дегендей, "Отарсыздану Декларациясын (Доктринасын)" дайындап қабылдауға бола ма? Өйткені бодандықта болған уақыт ішінде өзгерген жер-су аттары, елді-мекен атауларын байырғы атауларымен атап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін ұрандар мен митингтер емес, заңды негіздеме керек емес пе?

Болат Нәукенұлы Бөтеев, Алматы қаласынан

- 1. Бөке! Айтып отырғаныздың жаны бар. Өкінішке орай, Егемендік туралы Декларация мен Тәуелсіздік туралы заңды бүгінгі саяси элита ұмытып бара жатыр. Менің бір байқағаным, бұл құжаттар көптеген меморгандардың сайттарында мүлдем жоқ! Не масқара! Декларацияның қазақша мәтінін табу мүмкін емес! Кезінде Ел бірлігі доктринасын талқылағанда біздер осы екі құжаттың арқасында «ұлт», «қазақ мемлекеті» дегендерді дәлелдей алдық. Бұларды «ұмытудың» басты себебі - екі құжатта да «қазақ ұлты», «ұлттық мемлекет» деген нақты баптар, сөздер бар. Аталған Конституциялық заңда «Болашақта қабылданған Конституция мен заңдар осы заңды іске асыруға бағытталуы тиіс» деген баптар бар. Айналып келгенде, сіз көтеріп отырған мәселенің терең тарихи, саяси және құқықтық астары бар. Түбі осы Декларация мен Заңның орындалу барысы туралы үлкен басқосу өткізіп, тарихшыларды, саясаттанушыларды, заңгерлерді сөйлету керек шығар. Бұл үлкен ұлттық талқының бастауы, арқауы болмақ. Егер осы ұсынысты мақұлдасаңыз осындай басқосуды бірге өткізуге болады. Мысалы, сіздер ашып отырған клубтың аясында жиналуға болады.

2. Отарсыздану декларациясы немесе доктринасы ерте ме, кеш пе қабылдануы тиіс! Тіпті жақында грузиндер қабылдағандай заң ретінде қабылдау керек шығар. Бұл - мен білсем алдағы уақытта барлық ұлттық ұйымдарды біріктіретін, басын қосатын ұлттық тұғырнама болмақ. Ал қазіргі кезде жаңағы құжат қандай болуы керек, оған қандай баптарды қосу керек деген қоғамдық талқыны бастағанымыз жөн. Өз басым қолымыздағы ақпараттық құралдардың барлығын осы талқыға қосуға дайынмын. Шама-шарқым жеткенше мақала жазуға, жұмысшы тобына кіруге де әзірмін!

- Жеке куәлігіңіз, паспортыңыз бойынша Сарымсыз ба, әлде Саримовсыз ба? Тек өтірік айтпаңыз.

- Өтірік айтпайын; әзірге Саримовпын. Ұяттымын! Мойындаймын. Бірақ, осы айдың ішінде төлқұжатты да, куәлікті де ауыстырамын. Екеуінің де мерзімі өтіп кетті. Алмалы аудандық ХКО-ға арыз жазып, құжаттарды ауыстыруға қатысты қағаздарын әзірлеп қойдым.

- Жаратушының барлығына сенесіз бе? Қандай ақылмен айтар дәлеліңіз бар? Абай айтқандай дінді дәстүрмен бе жоқ, ақылмен қабылдадыңыз ба ?

Сопылық ағымды құптайды екенсіз, не себептен? Сіз ше дін - дәстүр не қоғамдық құбылыспа жоқ, Алланың адамдарға жіберген ортақ жолы ма? Әлде  өзгертуге болатын дүние ме ?

Аруаққа сыйынып көмек сұрау дұрыс па ? Жоқ тек Алладан ғана сұрау орынды ма? (Аят, хадистен дәлел келтіре айтсаңыз).

Намаз оқисыз ба?

Сайттардағы діни таласта тек сопы мен уахаби жайлы сөз болғандай әсер береді, сонда елдегі Ханафи мазхабындағы жамағат, барша имамдар қайда кетті, жоқ Ханафи мазхабындағы көпте өсек аяңға еніп кеткен жоқ па, бұған не айтасыз?

Соңғы кез ұлттық мәселеден де қиын түйін дін тақырыбы екені жасырын болмаса керек.
Қазақ үшін діни дұрыс жол қайсы деп ойлайсыз? Дін қалай бірлік-берекеге келер?

Дүние алданыштарын, боямаларын бір сәт қоя тұрып, бір келетін өлімді ойлау ақылдылардың ісі дейді екен. Тек мысал үшін өміріңіздің соңғы күндері ғана қалса оны қалай орналастырар едіңіз?

-Өзімді өте-мөте діндар адаммын деп санамаймын. Сопы да емеспін. Намаз оқымаймын. Намаз оқып, дінге бет бұру үшін белгілі дәрежеде іштей дайындық қажет деп санаймын.

Дінді көпшілік ақылмен емес, жүрекпен қабылдайды. Ақылмен қабылдау да ішкі рухани жұмысты, парасатты талап етеді. Бәлкім, бұндай деңгейге тек Абай, Шәкәрім сияқты тұлғалар ғана жақындай алған болар.

Аллаға, оның құдыретіне сыйыну керек. Алладан қорқу - талай сұмдық пен масқараның алдын алады деп білемін.

Аруаққа сыйыну қазақы дәстүрден туындап отыр. Оны мен қиянат деп есептемеймін. Ата-бабаларымыз ақымақ болмаған шығар!

Діни мәселеге қатысты көзқарастарымды жоғарыда айтып шыққан сияқтымын. Қосымша сұрақтарыңыз болса, пікір алмасайық. Мен дайынмын.

Өмір - өлімді ойлай бастаған күннен бастап жаңа сапаға өтеді не уланады деп санаймын. Барлығы да адамның өзіне байланысты. Ақылды адам болашағымыз қандай, артымда  атым қала ма, ұрпақтарым менің тірлігім үшін қызарып жүрмей ме деген сұрақтарды өзіне-өзі күнде қойып отыруы керек. Бұл адам болудың, тұлға болудың шарты, талабы деп түсінемін.

- 1. Путиннің империялық жоспарларына төтеп беру үшін «Ұлы Дала» қозғалысы қандай нақты шаралар жасайды?

2. Қозғалыстарыңыздың тұсаукесерінің толық видеосын ілеміз деп едіңіз, әлі жоқ.

3. Ұлтшылдар мен діндарларды біріктірудің орнына неге арасын ажыратып, араздастыруға тырысасыз?
4. Президент Назарбаев тарихи шешім қабылдап, жақын арада орнынан кетуі мүмкін бе?

- 1. Қоғамдық саяси қозғалыстың басты жұмысы - қоғамдық күштерді топтастыру, қоғамдық сараптама жасау, қоғамдық пікірді қалыптастыру. Ресейдің имперлік жоспарларына қарсы тұру үшін біздер ұлт болып бірігіп, ортақ әрекет жасау дәстүрін қалыптастыра білуіміз қажет. Осы тұрғыда ашық та, батыл да қызмет етеміз деп сенемін, сендіре аламын.

2. Тұсаукесер емес, құрылтайдың видеосын деген едім. Жақын арада қозғалыстың веб-сайты ашылады. Соған барлық құжаттарды, фото және видеоларды ілетін боламыз. Сонымен қатар, сайтта қозғалыстың қаражаты, оның шығындалуы туралы да ақпаратты орналастырамыз деп отырмыз. Бұл да жаңа дәстүрдің, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына сеп болады деп санаймыз.

3. Мен ұлтшылдар мен діни бағытта жүргендерді бөліп жүрген жоқпын. Айтып отырғаныңыздың нақты дәлелі болса, келтіріңіз! Менің айтып жүргенім: ұлттық идея - әсіре діншіл идеяларға, діни экстремизмге балама бола алады! Ал дін ұлтымыздың, ұлттық саясатымыздың құрамдас бөлігі, институты, рухани күші, әлеуметтік реттегіші, имандылық көзі!

4. Президент Назарбаев жақын арада билігін ешкімге бере қоймайды. Оны орнынан ысыратын саяси күш немесе элита елімізде жоқ. Әңгіменің қысқасы осы.

- Қазақшаңыз неге нашар? Үнемі ойыңызды орсышадан аударып сөйлейсіз. Қазақ тілін неге жете оқымадыңыз?

Айдос аға, сіз көбінше орысша сөйлейсіз, орысша жазасыз, орысшаға жүйріксіз. Ал қазақшаңыз қалай? Қазақ басылымдарын, қазақ тіліндегі кітаптарды түсініп оқи аласыз ба?

- Солай ма? Өз басым қазақ мектебі мен университетін тәмамдадым. Бір адамдай қазақша білемін. Ақын, жазушы емес шығармын, болғым да жоқ. Кез-келген қазаққа ойымды еркін жеткізе аламын, қазақша оқимын, жазамын, ойлаймын. Бұдан артық не керек?

Газет журналға келсек, баяғы әдетіммен күнделікті, апталық қазақ газеттерінің барлығын дерлік оқимын. Журналдардан «Жұлдыз», «Жұлдыздар отбасы», «Ақиқат» басылымдарын үзбей оқимын.

- "Зонакз" сайтынан оқығанымыздай, "Жас алаш" газетіне Дәурен Қуат екеуіңіз келе қалған жағдайда Рысбек Сәрсенбай мен Әмірхан Меңдеке екеуін Сіздер алмастыра аламыз деп ойлайсыздар ма?

"Жас Алаш" әредік "Абай" порталына сүйкеніп қояды. Рысбек "Абайдың" беделін қызғанады ғой деймін.  Сіз болмаса порталдың бас редакторы Дәурен Қуат жақсылап тұрып жауап бермейсіздер?

- Дәурен Қуат - менің досым, қазақтың мықты қаламгері, журналисті. «Алтын орда», «Жас қазақ» сияқты газеттерді басқарған, «Абай.кз» сияқты ең танымал қазақ порталын жасаған азамат. Егер екеуміз «Жас Алашқа» барған жағдайда газеттің сапасы, оқылуы жақсармаса, жаман болмас еді деп санаймын. Болар іс - болды. Тақырып жабық! Ендігі күні маған алтын берсе де, оған барғым келмейді. Ешкім бұл жөнінде уайымдамасын.

Ал «жауап беру» деген мәселеге келсек. Үлкен кісілермен салғыласып, бет жыртысқан қайбір жақсы дүние дейсіз. Әркімнің өз жолы бар, өз түсінігі өзіне. Принципті мәселе болса кімге болса да жауап беруге әзірміз. Ал күйбең тіршіліктегі кикілжің көпшілік үшін қызық емес болар.

- Ассалаумағалейкүм Айдос мырза!

1.Қазақ тілін дамытудың бірден-бір жолы - қазақ бүлдіршіндерін орысша бала-бақшаға бермеу, орысша мектеп, сыныптарына бермеу! Осыны жүзеге асыруға, заңды түрде (мүмкін астыртын түрде) бола ма, Осыған көзқарасыңыз қандай?

2.Әрбір елдің , ұлттың рухани байлығы қазіргі заманда теледидар арқылы баюы мүмкін. Біздің елдің теледидарын қарау мүмкін емес, не дұрыс қазақы фильмдер түсірілмеген, не сапалы саяси-экономикалық-әлеуметтік бағдарламалар жоқ. Өйткені, ол пікірсайыстарда, авторлық бағдарламаларда шыншылдық жоқ, ашықтық жоқ, турашылдық жоқ. Өзіңізге мәлім, өтірік нәрсе - қызық емес. Тіпті, күнделікті жаңалықтарда да шындықты ашып айтпайды. Сондықтан, мен қазақы жан (кірпік, шашыма дейін қазақымын) Ресейдің жаңалықтарына жүгіріп кетіп жатамын. Ол жерде әйтеуір жаңалықты бүкпей айтып жатады. Тіпті, шетелдің әрбір түкпірнен әрбір телеарнаның тілшілері тікелей эфирге шығып жатады. Бізде осы билік қазақ жастарын, тілшілерін шетелдерге тілші қылып жіберуге де қызғанады, қорқады емес пе? Мүмкін ана армиян жігіті - Погасян, ана құмық па, ебрей ме - Рерих секілді басқа ұлттың азаматтары жетіспей жүр ме екен?  Сұрағым: қазақ телевизиясының сапасының артпауы неліктен деп ойлайсыз, сіздің ұсынысыңыз қандай?

3. Елдің болашағын әр саладағы істердің тазалығына, әділеттілігіне байланыстырамын. Менің ойымша, біздің елде жемқорлық жайламаған сала қалмаған сықылды. Осыған келісесіз бе, бұл құбылыс қашан тоқтауы мүмкін, жалпы мүмкін бе? Басқа-басқа, мектептерді ЕНТ-тің жақсы балымен бітіру де пара болып кетті. Бұл масқара, сұмдық емес пе? Білімді сатып алуға болады, бірақ, бағаны сатқан қай жексұрын елді көрдік? Құрметпен Қырағы.

-1. Егер қазақ балаларын орыс мектебіне не бала-бақшаға бермеу туралы заң шығаратын болсақ, ол біздің ұлт ретінде ұтылғанымыздың белгісі болар еді. Бұндай мәселелер қоғамдық пікір тудыру, патриоттық, ұлтшыл сананы қалыптастыру, ояту арқылы, қазақы білім алудың артықшылығын дәлелдеу арқылы жүзеге асуы тиіс. «Қазақ болсаң балаңды қазақ мектебіне бер!», «Қазақша сөйлеу - мәдениетті адамның белгісі» деген сияқты мәдени, саяси-әлеуметтік стандартты жасап, соны кеңінен насихаттай білуіміз керек. Тағы бір мәселе. Қазақ мектептеріндегі білім беру сапасы артуы тиіс. Қазақша білім алсаң, дүниеден мақрұм қаласың деген отарлық, кеңестік стереотипті жоюымыз қажет. Құдайға шүкір, өмірдің өзі осындай қиғаш пікірлерді жоққа шығарып жатыр. Енді санада қалған сарқыншақтарды тазалауды бастайық!

2. Қазақ теледидары, оның кадрлары ешкімнен кем емес. Артық емес шығар, кем емес. Өз журналистеріміз, редакторларымыз, режиссерлеріміз, операторларымыз, продюсерлеріміз бар, оларды орыстан не басқадан кем санамаймын. Біздің теледидардың дамуы екі мәселеге тіреліп тұр. Біріншісі - қазақ тілі мәртебесінің дұрыс шешілмеуі, қазақ тілінің саясат тіліне айналмауы. Екіншісі - еркіндік пен азаттықтың, кәсіби бәсекелестіктің аздығы.

3. Бұл ойыңызбен келісемін. Осыған қатысты ойларымды алдында айтып өттім.

- "Ұлы даланың" тең төрағасының бірі болып сайланған Ізбасар Бозаев деген адамды жақсы танисыз ба? Қашаннан араласасыз? Баспсөз беттерінде экономика тақырыбында әредік пікір білдіріп жүретін Бозаевтың аяқ астынан саясатқа бет бұруын түсіндіріп бере аласыз ба? Осы сұраққа мүмкін болса, Бозаевтың да жауабын естісек деп едік.

Қасымхан

- Қасымхан! «Ұлы Дала» қозғалысының жетекшісі Ізбасар Бозаевты көптен бері білемін. Ол кісіні білгендіктен, танығандықтан үлкен шаруаны бірге бастап отырмыз. Есіңізге сала кетейін. Ізекең саясатқа бүгін келген жоқ. Бизнесмендердің үлкен бірлестігін басқарды. Осыдан үш жыл бұрын осы «Ұлы Дала» қозғалысын дүниеге келтірген, қаржыландырған азаматтардың бірі!

Былай келіссек: алдағы күндері Ізекеңді осындай интернет-конференцияға шақырамыз. Сол кезде өзіңізді қызықтырған сұрақтарды сол кісінің өзіне қойып, жауабын оқи аласыздар.

- Ішінде Сіз де барсыз, "138-дің хаты" туралы не айтасыз? "Абай" порталы халық әртісі Бибүгүл Төлегенованың хатқа қол қоймағанын сынап жазды. Оны бәріміз оқыдық. Сол апамыз қол қойдым десе де ешкім оған ештеңе дей алмас еді. Сұрайын дегенім, біздің зиялы қауым, әсіресе, үлкендер жағы неге жалтақ? Неге екі жүзді, екі тілді? Осындай қор мінезден қазақ қайткенде арылады?

- «138-дің хаты» туралы жоғарыда айттым, талай сұқбат бердім, позициямды қазақша да, орысша да жеткізуге тырыстым. Ал Бибігүл апамызға, кейбір үлкен кісілердің екіжүзділігі туралы мәселеге келсек, сіз айтып отырған редакциялық мақалаға алып-қосарым жоқ.

- Айдос мырза, Орал қаласына қашан келетін ойыңыз бар?

Оралдан А.Куспанов

- Құдай қаласа, жақын арада барып қаламыз. Дәл қазір қозғалысты тіркеу мәселесін шешумен жүрміз. Егер кездесіп, сөйлескіңіз келсе менің поштама ұялы телефоныңызды жазып жіберіңіз. Елге шығар алдында хабарласамын.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2257
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3535