Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7765 0 пікір 29 Тамыз, 2011 сағат 06:50

Түркі халықтарының түпкі мекені

Елбасының құттықтауы

Түркі халықтарының түпкі мекені

«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» тұңғыш халықаралық форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Алтай ежелден «өркениет бесігі» - Еуразия құрлығындағы көптеген түркі халықтарының атамекені саналады.

Өзінің табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады. Дәл осы жерде көне түркі жазбасы пайда болды. Біздің ата-бабаларымыздың өткен тарихынан сыр шертетін көптеген құнды тарихи ескерткіштер осы жерлерден табылды. «Ұлы көші-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлерді сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәліз» болады.

Алтайды қайта жаңғыртудың қазіргі кезеңі көптеген мемлекеттер мен халықтардың мүддесіне жауап береді. Өйткені, бұл үдеріс бүкіл Еуразия құрлығындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін іс-қимыл тұғырнамасы қызметін атқарады.

Форумға қатысушылар Шығыс пен Батыс халықтарын бірлікке үн-дейтін ғажайып өңірдің қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадам-дарын айқындайтынына сенім білдіремін. Барлықтарыңызға жемісті  жұмыс тілеймін!

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

Елбасының құттықтауы

Түркі халықтарының түпкі мекені

«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» тұңғыш халықаралық форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Алтай ежелден «өркениет бесігі» - Еуразия құрлығындағы көптеген түркі халықтарының атамекені саналады.

Өзінің табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады. Дәл осы жерде көне түркі жазбасы пайда болды. Біздің ата-бабаларымыздың өткен тарихынан сыр шертетін көптеген құнды тарихи ескерткіштер осы жерлерден табылды. «Ұлы көші-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлерді сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәліз» болады.

Алтайды қайта жаңғыртудың қазіргі кезеңі көптеген мемлекеттер мен халықтардың мүддесіне жауап береді. Өйткені, бұл үдеріс бүкіл Еуразия құрлығындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін іс-қимыл тұғырнамасы қызметін атқарады.

Форумға қатысушылар Шығыс пен Батыс халықтарын бірлікке үн-дейтін ғажайып өңірдің қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадам-дарын айқындайтынына сенім білдіремін. Барлықтарыңызға жемісті  жұмыс тілеймін!

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

Тарихи ақиқаттар Төр Алтайда тоғысып жатыр

«ТҮРКСОЙ»-дың жұмысымен шұғылданып жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Алайда еліміз егемендігін алғалы бері түбі бір түркі халқының өкілдерінің басын біріктірген мұндай мәні мен маңызы жоғары жиын өткен жоқ».

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Алтай бауырын дүбірге бөлеген, облыс орталығы - Өскемендегі «Үлбі» Мәдениет сарайында өткен «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты тұңғыш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға осылай деп баға берді. Шынында да түркі текті халықтар көп шоғырланған Ресей, Қытай, Моңғолия секілді мемлекеттерде мұндай алқалы жиынның қолға алынбағалы қай заман...

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы ұйымдастырған ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған алқалы жиынға «ТҮРКСОЙ» халық-аралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Түркия мен Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшілері Лале Үлкер мен Харада Юдзо, Корея Республикасының еліміздегі елшілігінің консулы Квон Донг-Сок, Қазақстан Респуб-ликасындағы Ресей Федерациясы Елшілігі істерінің уақытша сенімді өкілі Сергей Тарасенко, еліміздің белді ғалымдары Сейіт Қасқабасов, Қойшығара Салғарин, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Самашев және Польша, Түркия, Қытай елдерінің білікті ғалымдары қатысты.

Әлемнің он екі елінің өкілі қатысқан алқалы жиынның шымылдығы аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ құттықтау сөзімен ашылды.

- Түркі халықтарының төл мекені, ежелгі өркениет бесігі атанған Төр Алтай өңіріне қош келдіңіздер. Біз сіздердің келгендеріңізге өте қуаныштымыз. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған форумды өткізудегі мақсатымыз - түбі бір түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғырту. Көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас көкжиегін одан әрі кеңейте түсу, - деген облыс Әкімі шақыруды құп алып, алыстан ат арылтып келген қонақтарға облыс тұрғындары атынан алғысын білдірді. Аймақ басшысынан кейін сөз алған Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай форумға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Түбі бір түркі жұртының мұрасы мен мұратын түгендеуді мақсат тұтқан конференция барысында алтайтану, Алтайды зерттеу-зерделеу тұрғысында түрлі ұсыныстар мен тың пікірлер айтылды. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Оқулыққа енгізгеннің артықтығы жоқ

Дархан Мыңбай, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

- Біз тәуелсіз еліміздің тарихына, бастауларымызға, тамырларымызға өте үлкен ықыласпен қараймыз. 2006 жылы 26-мамырда жастарға арнап оқыған тарихи дәрісінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Ұлттар тауарлармен немесе қызметтермен ғана бәсекелеспейді, олар қоғамдық құндылықтар жүйесімен, білім беру жүйелерімен бәсекелеседі» деп атап көрсеткен болатын. Осы ойды бүгінгі Алтай, түркі халықтары қарым-қатынасы, бауырластығы тұрғысынан байыптай қарасақ, шынында да бізге ортақ тарихымыздағы құндылықтарды қазіргі күннің шындығымен лайықты сабақтастыра білуіміз керек-ақ.

Жалпы, отандық гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеу институттары мен университеттердің алтайтану мен түркітану бағытындағы еңбектері жүйеленіп, салаланып келеді. Бұл ретте әсіресе алтайтануды одан әрі дамыту бәрімізге сын болып тұр. Өйткені, бұл - Еуразия өңірінің өткені мен бүгінін жалғастыратын алтын көпір. Осы саланың өркендеуіне түркі елдерін былай қойғанда, жапон және корей елдерінің ғалымдары да мүдделі. Осы тарапта мынадай ойларды орталарыңызға салғым келеді. Болашақта бұл форум тарихқа Алтай форумы болып енетіні кәміл. Сондықтан да дәл осылай жүрекке жақын тілде оңай етіп атаған да жөн шығар. Сондай-ақ, ақпараттандыру заманында алтайтану мен түркітануға қатысты ғылымның осы уақытқа дейінгі жетістігін арнайы электрондық сайтқа қою маңызды деп білеміз. Университеттер мен ғылыми орталықтарда қалыптаса бастаған түркітану мамандығын алтайтанумен толықтыру да керекті іс. Алтайтануға байланыс-ты тұрақты ғылыми басылым немесе жинақ шығару қажет деп санаймыз. 2009 жылы Елбасымыз еліміздегі жоғары оқу орындарына Еуразиялық зерттеулер бағытында кафедралар ашуды ұсынған болатын. Бүгінгі алтайтануды еуразиятанудың аясында да дамытудың жөні бар. Білім жүйесінде пайдаланылатын тарих және мәдениеттану оқулықтарында алтайтануға байланысты арнайы бөлім енгізу де қажет деп есептеймін.

Дүйсен Қасейінов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:

- Зерттеуші ғалымдардың айтуы бойынша, Алтай - түбі бір түркілердің ғана емес, жұмыр жердің бетіндегі ең ежелгі қоныстардың бірі. Жалпы ақыл иесі - адамзаттың алтын бесігі саналады. Осы мәдени форумның ұйымдастырылуына бастамашы болып ерекше қолдау білдіргені үшін облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мырзаға, облыстық мәдениет басқармасы мен университет қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін.

Кеше ғана «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған 8-халықаралық фотосуретшілер кездесуі аяқталды. Бұған дейін Түркияда, Солтүстік Кипрде, Ресей Федерациясындағы Башқұртстан, Татарстанда болған бұл дәстүрлі фотосуретшілер кездесуі Қазақстанда алғаш рет осы Алтай өңірінде өтті. Кездесудің қазақ елінің ең көркем мекені Шығыс өңірінде ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес. Облыс басшысының біздің ұйымға деген ерекше ілтипаты деп білемін. Жақын арада арнайы фотосуретті каталог шығарылып, ол «ТҮРКСОЙ» ұйымы арқылы әлем мемлекеттеріне тегін таратылатын болады. Бұл Шығыс Қазақстанның сұлу табиғаты мен мәдени, экономикалық жетістіктерін дүниежүзілік деңгейде насихатталуына үлес қосып, жергілікті жердегі туризм саласының дамуына септігін тигізеді деген сенімдемін.

Бұл форум бұрынғы форумдардан өзгерек...

Сейіт Қасқабасов, академик, М.Әу-езов атындағы өнер және мәдениет инс-титутының директоры:

- Бүгінгі форумды шынымен де Алтай форумы деп атауға тұрарлық. 1920 жылы Бакуде Ресей түркологтары съезд өткізген болатын. 30 жыл өткен соң біз түркологтардың екінші съезін өткіземіз деп үлкен мәселе көтердік. Ұсынысымызды Мәскеуге жібердік. Мәскеу үш ай бойы ойланып, акыры бізге съезд дегенді қимай конференция өткізуге рұқсат берді. 1976 жылы 50 жылдан соң Алматыда өткен конференцияға Америка, Германия, Швеция сияқты елдердің түркітанушы ғалымдары қатысты. Осы конференциядан кейін оны Одақ республикалары арасында үш-төрт жылда бір рет өткізуді дәстүрге айналдыру жөнінде ұсыныстар болды. Соның нәтижесінде 1980 жылы үшінші конференция Ташкентте өтті. Ол да кең ауқымды, жоғары деңгейде өткізілді. 1985 жылы түркітанушылар Ашхабадта, 1988 жылы қазіргі Бішкек, сол кездегі Фрунзе қаласында бас қосты. Содан кейін түркологтардың конференциясы мемлекеттік деңгейде өткізілмеген болатын. Бүгінгі форум сол конференциялардың жалғасы іспетті. Дәл бүгінгідей Елбасының өзі мән беріп, құттықтау сөзін жолдап отырған форум алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының жерінде өтіп отыр. Форумның мемлекеттік деңгейде өткізілуі түркология саласын, алтаистиканы жаңа бір сатыға көтереді деп ойлаймын.

Сұлтан Жанболатов, профессор, қоғам қайраткері:

- Доктор, профессор М.Жүсіповтың «Шындап үңілсең, түркі тарихы мен тілдерінде басымдық ие: араб, парсы, қытай, орыс» деген сөзінің жаны бар. Бірақ алтаистика мен түркологияға байланысты қытай тілді дүниенің әлі күнге зерттелмеген, толыққанды ашылма-ған тұстары өте көп. Қытайдың мыңдаған жылдық жазба тарихында әсіресе түркі тарихы жайлы талай жазбалардың жатқаны рас. Бірақ бертінге дейін саяси және тілдік факторлар себебінен бұл ғылыми ресурсқа бай өңір толық және дұрыс пайдаланылды дей алмаймыз. Ол әлі күнге дейін түркологияның талай сырын бүгіп жатыр.

Алтай - Жібек жолының ең бұрынғы торабы және түріктердің шаңырақ көтерген мекені. Неміс ғалымы К.Климкейт «Ежелгі Жібек жолындағы мәдениет» атты кітабында Жібек жолының бойындағы қалалар мен олардың мәдениетін, жалпы әлем мәдениетіне қосқан үлесі жайлы айта келе, олардың ең негізгі тағаны Алтайды басып өткен Жібек жолы екенін ерекше атап өтеді. Ондағы мәдениет пен өркениетті әлемдегі алғашқылардың қатарына қосты.

Этибар Энандж, профессор, филология ғылымдарының докторы:

- Әлемдегі барлық тілдердің түп тамыры бір тілден тарайды деген сөздің жаны бар сияқты. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Бір ғана Бабыл мұнарасы жайлы аңызды алып қарайық. Оны көпшілігіміз білеміз. Ертеде адамдар Аллаға жетеміз деп мұнара тұрғыза бастапты. Ол күннен-күнге биіктей берген екен. Содан қаһарланған Жаратқан ие оларды бірін-бірі түсінбейтіндей етіп, тілдерін бірнеше түрге бөліп тастаған екен.

Ежелгі дәуірде барлығы бір отбасының адамдары болды, демек барлық адамзат баласы тіліне, дініне қарамастан туыс. Біздер - түркі әлемінің өкілдеріміз. Сондықтан ежелгі түркі халықтарының мінезі мен болмысына сай болуымыз керек.

Форум соңында аталған жиынды екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұру, Алтай аймағының экологиялық, тарихи-мәдени әлеуетін терең зерттеуде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, Алтайды Еуразиялық континенттің емдеу-сауықтыру орталығы ретінде қалыптастыру, аймақтың туристік өнімдерін өткізуде бірлескен кәсіпорындар құру, «Алтай - ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесі» шекаралық әріптестік бойынша аймақтық бірлестік аясында оның құрамына басқа да мүдделі мемлекеттерді (Корея, Жапония) қосу жөнінде қарар қабылданды.

- Форум барысында біздің тарихымыздың ортақ, тіліміздің ұқсас, діліміздің бір, мәдениетіміздің біртұтас екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті. Біздің ендігі міндетіміз - ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтап, дамытып, келешек ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Ең бастысы, халықтар арасындағы бауырластық пен достық сезімді жалғастыруымыз керек, - деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ конференция барысында айтылған ұсыныстардың елеусіз қалмайтынын, құзырлы орындармен бірлесе отырып тиісті жұмыстардың қолға алынатынын жеткізді.

Мына жайтты айтпай кетуге болмас. Польшадан келген ғалым Генрих Янковский өз баяндамасын бастан-аяқ қазақ тілінде жасады. (Оның баяндамасының қысқаша нұсқасын жариялап отырмыз). Әрине, судай ағып тұрмаса да әжептеуір үйреніп қалғаны байқалады. Жұртты сүйсінткені - ана тілімізге деген құрметі.

- Баяндамасын қазақ тілінде оқыған Генрих мырзадан үлгі алуымыз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттардың құлағына алтын сырға. Польшада Алтай ілімін зерттейтін арнайы кафедра бар. Ол Қазақстанда бар ма? Білім және ғылым министрлігі осыны назарға алса игі болар еді, - деді облыс Әкімі.

* * *

Түркілердің алғашқы түңілігін түріп, түтінін түтеткен түп мекені - Алтайда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өтіп жатқан «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялық мәжілісі «Алтай» технопаркінде жалғасын тапты.

Мәжіліске Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Қытай, АҚШ, Татарстан, Ресей және өзге де мемлекеттерден айтулы шараға арнайы келген ғалымдар, елімізге есімі белгілі Сейіт Қасқабасов бастаған академиктер, тарих ғылымының саласында жүрген зерттеуші-лер, сондай-ақ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкерім атындағы СМУ сынды жоғары оқу орындарының ғылым саласында жүрген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары қатысты.

Секциялық мәжіліске қатысқандар «Түркология және Алтаистика», «Көне дәуір және қазіргі кезең», «Әдебиет тану және қазіргі тіл білімі мәселелері» сынды тақырыптар аясында ғылыми баяндамалар жасап, бір-бірімен ой бөлісті.

- Түркінің мәдениетін, руханиятын бір арнада тоғыстыратын ол - Алтай идеясы. Өздеріңіз байқап отырғандай, Алтай - түркілердің алтын бесігі, алтын тәжі болып отыр. Бірақ Алтай тақырыбы бірер конференциямен аяқталмайды, Шығыс өңіріндегі жоғары оқу орындарында 300-дей ғылым докторлары, 700-ге жуық ғылым кандидаттары бар екен, осының бәрі шағын ұйым емес. Бұл - Шығыс өңірінде шоғырланған ірі ғылыми ортаның бар екенін көрсетеді. Осы жасалған баяндамаларды кітап етіп басып шығардық, кешігіп келіп жатқан материалдар да бар. Оларды тағы да ойластырып көреміз. Мәжіліске қатысушыларға айтарым, бір-бірімізге сын көзбен емес, Алтайды қалай көркейтеміз, қалай көгертеміз, Алтайға деген көзқарасымызды қалай өзгертеміз деген оймен келуіміз керек, - деді осы мәжілісті жүргізген, Шәкерім атындағы СМУ ректорының кеңесшісі, профессор А.Еспенбетов.

Қазақ елінің қайырымдылығына тәнті екен

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты айтулы форумға қатысуға келген құрметті меймандар - Қазақстандағы Түркия мен Жапония мемлекеттерінің Төтенше және өкілетті елшілері Лале Үлкер және Юдзо Харадамен кездесті.

Кездесуде аймақ басшысы Түркия, Жапония елдерімен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық салаларда қарым-қатынастардың берік орнағандығын, бұл байланыс жыл санап нығайып, қанатын кеңге жайып келе жатқандығын тілге тиек ете келе: - Семей мен Түркияның Бурса қаласының арасында экономикалық тұрғыда біршама ұқсастықтар бар, әсіресе ауыл шаруашылық, білім салаларында, мата тоқу өнеркәсібінде. Осыған орай экономикалық әріптестікті күшейте түсу мақсатында Бурса қаласы басшылығының шақыруымен қыркүйектің 22-23 күндері біздің облыстан делегаттар аттанғалы отыр. Нәтижесінде екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы ұлғайып, инвестиция көлемі артады, әртүрлі тың жобалар жүзеге асырылады, - деп атап өтті.

Сонымен қатар облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Түркия елінің Қазақстанда, соның ішінде біздің облыста білім саласына аса маңыз беріп, қолдау көрсетіп отырғандығы туралы да сөз етті. Мәселен, еліміздің әр өңірінде халықаралық талаптарға сай білім беріп жатқан қазақ-түрік лицейлерінен басқа өткен жылы Өскеменде 600 миллион теңгеге салынған «Нұрорда» халықаралық мектебінің алар орны ерекше. Бүгінгі күні аталған білім мекемесінде халықаралық стандарттар бойынша 200 бала тәрбиеленсе, келешекте бұл көрсеткіш екі есеге дейін өспек.

Әңгіме барысында Түрік елінің бизнес өкілдерін және кәсіпорын басшыларын Қазақстанға шақырып, пікір алмасып, ұсыныстар талқылап, бірлескен жобалар дайындау сияқты мәселелер де қаперден тыс қалмады. Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лале Үлкер ханым облыс Әкімінің бұл ұсыныс-тілектерін қызу қолдайтынын және оның іске асуына барынша атсалысатындығын жеткізді.

- Қазақстан мен Түркияның қоян-қолтық байланыс орнатып, қанаттас дамып келе жатқанына да мінеки 20 жыл толды. Бір-біріне ағайындас, бауырлас, діндес елдердің басшылары да бір-бірімен өте жақын дос-тар. Осының арқасында қазір сіздердің елге тартылған түрік инвестициясы 2 млрд. доллардан асып түсті, келешекте мұны 10 млрд. долларға дейін жеткізу көзделуде. Осында жұмыс істейтін түрік компаниялары өкілдерімен, кәсіпкерлермен және қарапайым жұмысшылармен кездесіп, сөйлестім. Барлығы қуанышты, өз үйлерінде жүргендей сезінетіндіктерін айтты. Оларға көрсеткен қолдауыңыз бен жасаған жағдайыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін, - деп аймақ басшысына өзінің шексіз алғысын жеткізген Түркия елшісі Семей мен Бурса қалаларының әріптестік байланысын бекіте түсуде қолынан келгенше көмектесетіндігіне сендірді.

2011 жылдың алты айында Шығыс Қазақстан облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 35,4 млн. долларды құрап, былтырғымен салыстырғанда 14,2 пайызға жоғарылаған. Түрік еліне шығарылатын экспорт көлемі биыл 1,2 есеге өсіп, 34,1 млн. долларға жеткен.

Облыстың Жапония мемлекетімен де сауда-саттық байланысы жылдан-жылға артып келеді. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі-жақты тауар айналымы ағымдағы жылдың алты айында 1,9 есеге дейін өсіп, 18,1 млн. долларға таяған. Ал экспорт көлемі 3,9 есеге жоғарылап, 16,1 млн. долларды құрады.

- Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстар артып келеді. Атап айтсақ, бүгінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, машина құрастыру салаларында әріптестік мықты орнаған. Бұл ретте Курчатов қаласындағы атом өнеркәсібінде бірлесіп жұмыс атқарып жатқан біздің мамандар мен жапондық ғалымдардың жобаларын ерекше атап көрсетуге болады. Сол сияқты жеңіл автокөліктерді құрастыру бағытында да бірлескен шаруалар жүзеге асырылуда, - деген өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ күншығыс еліндегі қаншама адамның өмірін жалмаған апатқа байланыс-ты жапон халқы мен басшылығына көңілін білдіріп, қайғыларына ортақтасатындығын айтты.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бөлек жапондықтардың біздің облысқа деген қызығушылығын арттыратын тағы бір сала - туризм. Бұл ретте Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Хараданың Шығысқа келген сапары екі ел арасындағы туризмді дамытуға серпін беретіндігі, осы салада қызмет ететін кәсіпкерлердің қарым-қатынасын одан ары бекіте түсетіндігі түсінікті.

- Алтай тарихы мен мәдениеті жайында қызықты деректер ұсынған осындай маңызды Форумға шақырғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, қуаныш. Кейбір ғалымдардың «жапондықтардың шығу төркіні Алтаймен қатысты» деген пікірінің жаны бар. Өйткені, Орталық Азияның халқы, соның ішінде қазақтар сырт келбетімен жапон ұлтына ұқсас келеді. Әсіресе мені қазақтардың қонақжайлығы мен қайырымдылығы, сондай-ақ, жапон халқына құрметпен қарайтындығы тәнті етеді. Табиғи апат кезінде біз сіздердің мемлекеттен ғана үлкен көмек алып қоймай, қарапайым адамдардан да қолдау таптық. Көптеген қазақстандықтар Жапонияға келіп қайырымдылық шараларын өткізіп, біздің қайғымызды өздерінің басына түскен ауыртпалықтай көріп, көмек қолын созуда. Сол үшін сіздерге алғысымыз шексіз, - деп ағынан жарылды Юдзо Харада.

Екі ел дипломаттарымен болған кездесуден кейін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ресми өкілдерге өзінің ризашылығын білдіріп, арнайы естелік сыйлықтар табыс етті.

Біздің салт-дәстүріміз әлімсақтан сабақтас

Тұсауы Өскеменде кесілген, үш кезеңнен тұратын «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанында жалғасты. Арғы ата-бабалары ықылым заманда осы өңірде өсіп-өнген он екі халықтың өнерлі ұрпақтары ата салтын жалғастырып, асқар таулар мен қарағайлы жоталар көмкерген Алтайдың аясын ән мен күймен тербетті.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, халықаралық «Түрксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Америка, Жапония, Түркия сияқты алыс-жақын шетелден келген қадірлі меймандар әйгілі Берел қорғаны орналасқан Алтайдың асқақ шыңдары арасындағы, Бұқтырма өзені сағасындағы салтанатқа келді.

Тау баурайында ақшаңқан киіз үйлер сап түзеген. Биік тау беткейінде жазылған «Алтай -
алтын бесігім» деген айшықты жазу ата-баба жерін көруге ынтыққан қонақтарға «жеттіңіздер» деп белгі бергендей мен мұндалайды. Мәртебелі қонақтарды басынан бұлт кетпейтін Алтайдың ақбас шыңдары себезгілеген ақ жаңбырымен, жиналған қауым сезім сергітер ән-жырымен, ақ шашуларымен қарсы алды.

«Аянба, Өр Алтайда шырқа бүгін,

Ізі бар бабалардың тұлпарының,

Тарихы таңбаланған әр тасыңа,

Найзалы Көк Түріктің ұрпағымын». Қадірлі қонақтарды ақын, әнші Нұртай Тілеужанұлы осылай, домбыра үнімен астаса әуелеген асқақ жырымен құттықтады. Түркі бабаларымыздың салт-дәстүрімен киініп, ұзын найзаларын жалаулатқан жігіттер, шолпысы сылдырлаған қыздар тобы қонақтарды саппен қарсы алды. Солармен бірге қонақтардың барлығы да суретке түсіп, «өздерін ұзын найзалы, шошақ бөрікті, жарау атты» Көк Түрік бабаларымен бірге тұрғандай әсерге бөленді.

Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зырян, Ұлан аудандарының қатысуымен әзірленген фестивальға әрқайсысы екі-үштен еңселі ақ орда тігіп, дәмге толы дастарқан жайған. Әр аудан шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той дегендей, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлерін көрсеткен шағын қойылым әзірлеген. Әр шаңырақта ән қалықтауда. Мұның бәрі қонақтардың көңілінен шықты.

Берел қорғанынан табылған бабаларымыз тұтынған тұрмыстық және қару-жарақ, ер-тұрманды сәйгүліктер сұлбасы сияқты жүздеген жәдігерден құралған көрме де көрерменді тамсандырмай қоймады.

Топырағын қимадым қарт Алтайдың...

Нағыз думан алда еді. Киіз үйлерді тамашалап шыққан қонақтар енді дала концертіне лайықталған еңселі сахнаға беттеді. Айналаны қобыз сарыны күңірентіп тұр. Сахна төрінде жүргізушілердің қоңыр үні:

«Түркі халқы үшін

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қара терімді сықтым,

Қызыл қанымды төктім,

Шығай халықты бай қылдым,

Өлімші халықты тірілттім...». Бейне бір Күлтегін бабамыз өзі тебіреніп тұрғандай.

Фестиваль шымылдығын Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты.

- Құрметті қонақтар! Бүгін біз киелі Алтай төрінде, сақ бабаларымыздың аруақтары басында бас қосып отырмыз. Алтай, Берел өңірі - ежелгі түркі халықтарының мекені. Біз сіздерді ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған жердің топырағын бассын, ауасымен тыныстасын, таңғажайып табиғатынан әсер алсын, бабаларымыздың мыңдаған жылдар алдындағы өмір тіршілігін көз алдарына елестетсін, сол қасиеттен рух алсын деп, осында әкелдік. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи қысқа 20 жыл ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен барлық салада қарышты қадам жасалды. Қомақты табыстарға қол артты. Соның бір парасы - «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымында іске асып жатқан, кеңестік дәуірде ұмыт бола бастаған ата салтымызды, өнер-мәдениетімізді жаңғырту. Біз осы бір ұлағатты іске үлес қосып отырмыз. Мақсат - жастарға отаншылдық рухта тәрбие беру. Ата-баба жұртына қош келдіңіздер, - деді аймақ басшысы.

Кезек ендігі жерде ата-бабамыздан қалған көне сарынмен күңіренген ән-күйге, ағын жырға берілді. Жерлесіміз, әйгілі домбырашы Мұрат Әбуғазы мен Айгүл Батырқайырованың күй тартысымен басталған фестиваль шарықтау биігіне біртіндеп емес, бірден көтерілді, көрерменді баурап әкетті. Қазақтың қара қобызы, сары қурай сыбызғысы, қарақалпақтың қомузы, әзербайжанның сазы, өзбектің тамбуры, тываның добшылууры, башқұрттың қурайы дегендей, саз аспаптары бірінен соң бірі күмбірлі күй төкті, аспанда ән қалықтады. Әсіресе тывалық көмейші Игорь Көшкендейдің добшылуур үнімен астасқан көмей әуені бірде жіңішке, бірде жуан мақаммен шығандай шарықтап, шырқау биіктерге көтерілді. Алматылық әнші Қазыбек Әдікей қара қобызбен үнін астастырып, «Гүлдариғаны» егіле шырқағанда, көрермендер еріксіз көздеріне жас алды. Жерлесіміз Ерлан Рысқалиев Әсеттің «Інжу-маржанын» дауылдатып, нөсерлетіп бір серпілтті. Ал Сахадан келген Альбина Айархан темір қомызбен тебірентті, Алтайды ен жайлаған көшпенді түрік бабамыздың көш керуеніне ілестірді, айдын көлде аққу сұңқылдағандай, ауыздықпен алысқан арғымақ кісінегендей болды.

Осылайша шарықтай түсіп, көрермендерін орындаушылық шеберлігімен он-сан ойға батырып, көңілін қоздырған өнер додасы мәресіне де жетті. Түркі текті халықтардың манағы сан түрлі саз аспабының сүйемелдеуімен өнерпаздардың бірігіп шырқаған «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» әні барша көрерменнің жүрек қылын шертті. «Топырағын қимадым қарт Алтайдың, қарай-қарай мекенге көзім талды, ағажай, Алтайдай жер қайда-ай». Ән мәтіні мен сазынан түркі бабамыздың алыстан ат терлетіп келген ұрпақтары қарт Алтайдың қадірін шын түсінгендей. Өз елдеріне арттарына қарай-қарай қол бұлғап кететіндіктеріне шүбә келтіре алмайсыз.

Бабалар зиратына тәу етті

Қадірлі меймандар мұнан соң Берел қорғанында жатқан бабаларының басына барып, тәу етіп, бас иді, құран бағыштатты. Естелік суретке түсті. Тағы да бабалардың қайран Алтаймен әр заманда қимай қоштасқан көз жасындай ақ жаңбыр төгіп өтті.

Қонақтарға сақ бабаларымыздың қорғанының қыр-сырын осы бір киелі шаруаға саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының қызметкері, ғылым докторы Зейнолла Самашев таныстырды. Жалпы 70-тен астам обадан тұратын қорымның археологтар бүгінге дейін 24-ін қазып, зерттепті. Алтынмен апталған екі бірдей сақ патшасының мүрдесі табылған. Біздің дәуірімізге дейін ІV-ІІІ ғасырдан сыр шертетін өзге де құнды жәдігерлер өз алдына.

- Біздің алдағы мақсатымыз, - деді ғалым Зейнолла Самашев, - қалған зираттарды қазу емес, қазылған қорғандарды қалпына келтіру, аспан асты мұражайын тұрғызу. Ол үшін әуелі атшаптырым қорым аумағы қоршалады. Оған облыс Әкімі биылдың өзінде қаржы бөліп отыр. Ал келер жылдан алтын адам табылған қорғанды қайтадан қалпына келтіріп (биіктігі 4 метр, диаметрі 40 метр), бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығатын жер асты кесенесі жасалады, мүрде салынған ағаш табыты, құйма табаны орнына қойылады. Болашақта сіздер, сіздердің ұрпақтарыңыз, көне өркениетпен танысқысы келетін әлем елдерінің жиһанкездері тамашалайтын, ғибрат алатын киелі орынға айналады.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл маңызды шаруаны өзі тікелей бақылап, назар төрінде ұстап отырғанын, облыстан, Мәдениет министрлігінен қаржы қарастырылып жатқанын айтты. Осы жұмыспен айналысып жүрген түрлі лауазым иелері азаматтарға нақты тапсырмалар берді.

Сөйтіп, ел Тәуесіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» форумы өз жұмысын сәтті аяқтады.

Берелді бүкіл әлем тамашалайтын болады

Бақберген Сырымбетов, Қара-қалпақстан:

- Қобыз - біздің ұлттық аспабымыз. Әкем қобызшы әрі ұстазым болды. Алтайды картадан білетінмін, күллі түркі жұртының тараған жері дегенді естігеніммен, келіп көрген емеспін. Бір көру арманым болатын. Өз көзіммен көргенде табиғат сұлулығына қайран қалдым. Неткен тамаша табиғат! Мен Алтайды дәл осы сұлулығымен көзіме елестеткен емеспін.

Атажұртты ғасырлар бойы жаудан қорғап келген қазақ халқы қандай ержүрек. Қонақжайлылығы да ерекше екен.

Тәуелсіздік мерекелеріңіз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!

Біздің ата-бабаларымыз жатқан Берел қорғанын келешекте бүкіл әлем халықтары тамашалайтын болады дегенге сенемін.

Игорь Көшкен-дей, Ресей Феде-рациясы, Тува Рес-публикасы:

-Мен мұндай ауқымды форум, фестивальға алғаш рет қатысып отырмын. Бүгіндері Саян жотасында өмір сүріп жатсақ та арғы бабаларымыз Алтай тауы бауырайында ғұмыр кешкенін білеміз. Сондықтан осында келгеніме қуаныштымын. Түркі текті көптеген елдің өнер шеберлерімен таныстым, киелі мекенді көрдім. Тәңірден осында қайта-қайта келуді жазсын деп тілеймін. Сіздер атажұрттан кіндік үзбеген бақытты халық екенсіздер. Шын жүректен Тәуелсіздік мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Альберт Қаса-нов, Ресей Федерациясы, Татарстан:

- «Қазан» вокзалында қарапайым жұмысшы болып істеймін. Бірақ өнерге басымды иемін. Сырнайымды қолдан тастамаймын. Мен Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Маусым айында Астанада өткен фольклорлық фестивальға қатысқанмын. Астананың шырайын көріп, таңғалғанмын. Енді, міне, Алла жол беріп, бабалар мекені - қасиетті Алтайды көрдім. Табиғаты қандай көркем.

Татар, қазақ халықтары түркі тектес халықтардың ішінде тіптен жақын деп ойлаймын. Тіліміз де, әніміз де, салт-дәстүріміз де ұқсас. Біздің «Сабан той» атты мейрамымыз сіздерде де бар. Қазақстан - бақытты ел. Тәуелсіздік мерекелеріңіз құтты болсын!

Альбина Айархан, Ресей Федерациясы, Саха Рес-публикасы:

- Мен бұрын Қызылордада, Астанада өткен өнер фестивальдарына қатысқанмын. Енді міне, ата-баба мекені-Алтайға жолым түскеніне қуаныштымын. Сахалардың тілі қазаққа өте жақын. Сіздерді түсінемін. Темір қобыз - сахалардың киелі аспабы. Жын-шайтанды қуады деп есептейді. Бала жасымнан үйрендім. Сіздердің шаңқобыздарыңызға өте ұқсас.

Түркі халықтарының ынтымақ-берекесі арта берсін!

Алтайды көргісі келмейтін адам жоқ

«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» форумы қалай өтті? Қандай деңгейде? Несімен ерекше? Берелде өткен түркі әлемі өнерпаздары фестивалінің мән-маңызы қандай? Ауқымды жиын Шығыс өңіріне не әкелді? Бұрнағы күні «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен академик, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, осы тұрғыдағы ойларымен бөлісті.

Конференцияны ашқан облыс Әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков ең әуелі өңір басшылығының игі бастамасын қоштап, осындай ауқымды шараны өткізуге қолдау білдіргені үшін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысына алғысын білдірді. Әкім орынбасары өз кезегінде Семейдегі Шәкерім университетінің қолдауымен «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты жинақтың жарық көргенін атап өтті.

- Бұл іс-шараның «ТҮРКСОЙ» үшін маңызы ерекше. Өйткені түбі бір түркі жұрты өкілдерінің басын қосқан алқалы жиын біздің елімізде өткізіліп отыр. Ерекшелігі сол, Астана мен Алматыда емес, еліміздің облыстарының ішінде алғаш рет Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылды. Реті келгенде айта кетейін, осындай ауқымды іс-шараларды өткізу жөнінде еліміздің бірнеше облысына ұсыныс жасадым. Алайда соның ішінде тек Шығыс Қазақстан облысы ғана бізге ерекше ынта, айрықша құлшыныс танытты. Бұл шын мәнінде қуантарлық жайт, - деді Дүйсен Қасейінов.

Бас хатшы Берелдегі ұйымдастырылған түркі әлемі өнерпаздары фестивалінің жоғары деңгейде өткенін, ауқымды жиын барысындағы барлық іс-шаралардың түркі баспасөзінде жарияланатынын атап өтті.

Баспасөз конференциясы барысында журналистер тарапынан да аз сауал қойылған жоқ.

- Келесі форум қай жерде өткізіледі? Ол форумның ерекшелігі қандай болмақ? - деген журналистің сауалына:

- «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты форум Шығыс Қазақстан тарихында ғана емес, еліміздің тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Егер Алтайды мекен еткен өзге мемлекеттер «келесі форумды біз өткізейік» деп ұсыныс білдіріп жатса, оған қарсылығымыз жоқ. Ендігі міндет - аталған форумды ғылыми-конференцияның қарарында көрсетілгендей екі жылда бір рет өткізіп тұру, - деп жауап берді Түсіпхан Түсіпбеков.

«Бұл форум қарапайым халыққа не береді? Мәселен, өңірге келген фотосуретшілердің суреттерінен фотоальбом шығарамыз деп отырсыздар. Осы альбомды шығысқазақстандықтар көре ала ма? Сонымен қатар Берелде өткен музыка фестиваліндегі орындалған әндер дискісінің жинағы шыға ма? Оны халық тыңдай ала ма?». Бір журналист осындай сауал жолдады.

Түсіпхан Түсіпбеков бұл мәселенің бұған дейін талқыланғанын, алайда форумға қатысушылардың, елшілер мен ғалымдардың талап-тілегін ескере отырып осындай қадамға барғандарын жеткізді.

- Бәрінің де Алтайды көргісі келді. Олардың талабын ескермесек тағы болмайды. Бәлкім, келесі фестивальды шаһарда өткізерміз, - деді Әкім орынбасары.

- Жақсы ұсыныс. Егер кімде-кім қатысушылардың әндерін жинақтап компакт-диск шығарам десе қарсы емеспіз. Олардың әрқайсысының жазбалары бар. Бұл ұсынысты қуана қабылдаймыз. Ал концертке келер болсақ, қала тұрғындары үшін арнайы концерт те ұйымдастыруға болар еді. Алайда бәріне үлгеру мүмкін емес. Мен ойлаймын жалпы мұндай фестивальдың тыңдаушысы болуы керек. Алдағы уақытта бұл мәселені талқылайтын боламыз, - деді Дүйсен Қасейінов.

- Түркі халықтарының бүгінгі өнерімен таныстыруға болмас па? Өнерпаздарын осында әкелуге болар ма еді? Бір журналист бас хатшыға осындай сауал қойды.

- Бір фестиваль мен бір форум аясында бәрін қамту мүмкін емес. Бұл - үлкен жауапкершілік. «ТҮРКСОЙ»-да опералық фестиваль бар. Бірақ біз мұнда опера әншілерін әкеле алмаймыз. Сіздердің оларды көргілеріңіз, тыңдағыларыңыз келетінін білемін. Сіздерде опера театры жоқ. Осы ретте мына жайтты айта кетейін. Өткен ғасырдың басында Әзірбайжанның мұнай өндіруші кәсіпкерінің біріне Италияның опера әншісі қатты ұнайды. Ол оның өнерін Мәскеуде көріп тәнті болады. Концерт арасындағы бір әредікте: «Сіз маған өте ұнадыңыз. Өнеріңіз де, өзіңіз де. Бізге Бакуге келіп, өнер көрсетсеңіз жақсы болар еді» дейді. Опера әншісі: «Сіздерде опера театры жоқ қой» дейді. Сонда кәсіпкер «Сіз келгенше театр дайын болады» депті. Расында да бұл театр Бакуде бой көтереді. 1908 жылы. Мен ойлаймын, сирек металдар кездесетін өңір кәсіпкерлері үшін бұл қиын мәселе емес шығар. Егер мұнда жақсы опера театры болса, бүкіл түркі әлемінің әйгілі әншілерін әкелуге болады, - деді Дүйсен Қасейінов.

Форумның өте жоғары деңгейде өткенін атап өткен академик Сейіт Қасқабасов түркі әлемі халықтарының дәстүрлі музыкасы турасындағы ойларымен де бөлісті.

- Қазір жаңа заманғы музыканың дәурені жүріп тұр деуге болады. Классикалық музыканың дамуы да қалыпты. Эстраданың тасы өрге домалап тұр. Дәстүрлі музыканың жайы қалай? Гәптің бәрі осында. Қазір жаһандану деген әлемді жалмап барады. Бұған барлық халық алаңдаулы. Мәдениеттің бастауы деген Еуропаның өзі. Италия мен Франциядан маза кеткелі қашан!!! Этникалық мәдениетімізден, тіліміздің тазалығынан айырылып бара жатырмыз дейді олар. Мұндай жағдайда әр ел ата-бабы қанымен сіңісті болған өзінің әдет-ғұрып, дәстүр-мәдениетін, тарихынан айырылып қалмауға тырысып жатыр. Бүкіл әлем осыған алаң көңілде. Сондықтан Берелде өткен фестиваль осы жолдағы игі қадамдардың бірі деуге болады, - деді Сейіт Қасқабасов.

Серік Қарабас, «Абай.кз» ақпараттық порталы үшін арнайы Шығыс Қазақстан облысынан

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610