Сейсенбі, 22 Қазан 2019
Жаңалықтар 1416 0 пікір 31 Қазан, 2011 сағат 04:39

Интернет-конференция: Айдос Сарым (Басы)

«Ұлы дала» қозғалысының өкілетті жетекшісі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым оқырмандар сауалының алғашқы легіне жауап қатып отыр. Айдос Әміроллаұлы жұртшылықпен сұхбат барысында бүгінгі күні қоғамды толғантып отырған мәселелерге өз ойын айта келіп: «Болашақта кез-келген билік халықтың ықыласынсыз, келісімінсіз ешбір одаққа кірмеуі тиіс. Мысалы, Еуроодаққа мүшелікке ұмтылған елдердің басшылары ең алдымен референдум өткізіп, өз сайлаушыларының пікірін анықтады. Соның өзінде әрбір Еуропа елінде одақтасуға қарсы ұлтшыл күштер жетерлік», деген көзқарасын жеткізеді.

«Абай-ақпарат»

- Намаз оқисыз ба?

- Жоқ, оқымаймын.

- «Ұлы дала» қозғалысының "Ұлы дала қырандарынан" қандай айырмашылығы немесе ұқсастығы бар?

«Ұлы дала» қозғалысының өкілетті жетекшісі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым оқырмандар сауалының алғашқы легіне жауап қатып отыр. Айдос Әміроллаұлы жұртшылықпен сұхбат барысында бүгінгі күні қоғамды толғантып отырған мәселелерге өз ойын айта келіп: «Болашақта кез-келген билік халықтың ықыласынсыз, келісімінсіз ешбір одаққа кірмеуі тиіс. Мысалы, Еуроодаққа мүшелікке ұмтылған елдердің басшылары ең алдымен референдум өткізіп, өз сайлаушыларының пікірін анықтады. Соның өзінде әрбір Еуропа елінде одақтасуға қарсы ұлтшыл күштер жетерлік», деген көзқарасын жеткізеді.

«Абай-ақпарат»

- Намаз оқисыз ба?

- Жоқ, оқымаймын.

- «Ұлы дала» қозғалысының "Ұлы дала қырандарынан" қандай айырмашылығы немесе ұқсастығы бар?

- Әзірге аты ғана ұқсап отыр. Ал іс-қимыл мен ұстанымдардағы айырмашылықтарды алдағы уақытта барлығымыз да байқай аламыз. Өз басым ұлттық ұйымдардың көп болғанын қалаймын. Сондықтан соңғы кездері баспасөздегі бір ұйымды екінші ұйымға айдап салу, жау қылып көрсетуге бағышталған әрекеттерге қарсымын. Әрбір ұйымның өмір сүруге, тіршілік жасауға қақысы бар. Қай салада болмасын бәсекелестіктің болғанынан ұлт ұтылмайды. Басты мәселе тек біреу - принципті мәселеге келгенде олар бірлік таныта біле ме жоқ па? Өз басым ұлттық ұйымдардың барынша кәсібиленіп, тек қана тіл немесе мәдениет саласы ғана емес, басқа да салалармен айналыса бастағанын қалаймын. Алдағы 2-3 жылда биліктің ұлттық партияны тіркетпейтіні анық болса, онда бұл ұйымдар ортақ үйлестіру кеңесін құрып, жаңағы мен айтқан принципті мәселелерді талқылап, ортақ мәлімдеме, ортақ саясат пен іс-қимылдың жолдарын талқылап, айқындай алатын ортақ «алаң» жасауға тырысуы қажет. Менің ойымша, қазақи менталитетті ескере отырып, үйлестіру кеңесінің жұмысын барынша демократиялық, ашықтық, келісіп басқару принциптерінің негізінде іске асырған дұрыс сияқты. Бізде «көсемдік» саясат жеткілікті, ендігі уақытта бірігіп әрекет ету дәстүрін қалыптастыра білгеніміз абзал. Бұл дәстүр ерте ме, кеш пе ортақ мүдделестікке, серіктестікке, ынтымақтастыққа алып келеді. Бұның арты ортақ ұлтық партияның негізі бола алады.

- Жақында болған сопылар сотына қатысты не айтар едіңіз? Әділ өтті деп есептейсіз бе? Егер әділ өтпесе, неге?

- «Сопылар ісі» туралы талай рет өз пікірімді ашық айтқан болатынмын. Менің ойымша, бұл істің артында үлкен саясат, сырт күштердің пасық ойындары тұр. Сотты өз басым әділ өтті дей алмаймын. Мен білсем сот көптеген жайттарды, ұсынымдарды, сотталушылардың арыз-шағымдарын қабыл алмады. Осы бірнеше айдың ішінде қазақ зиялыларының араша түскен ондаған мәлімдемелері мен үндеулеріне пысқырып та қарамады. Бұл өкінішті. Сот шешімін мен қазақ дүниесін, қазақ руханиятын мүлдем түсінбеуден, елемеуден туындаған саяси шешім деп санаймын. Негізі бұндай шешімдер жақсылыққа апармайды. Егер алдағы күндері сот жоғары инстанцияда қайта қаралар болса, өз басым сот алдына шығып осы сот ісіне қатысты сараптама жасауға әзірмін.

-Айдос,сәлем. Саған қояр бірнеше сұрағым бар.

Ресейдің Еуроазиялық одақ құрамыз деген ниетіне қарсы тұра аламыз ба? Осы сұрағыма қатысты өз жауабыңды таратып айтып берсең.

Екінші, жыл сайын Алтынбек Сәрсенбайұлының дүниеден өткен күніне байланысты Болат Әбілов бастаған оппозия өкілдері марқұмның бейітіне барып құран бағыштап, сол жерде саясаткер және қоғам қайраткерінің өлімін зерттеуді биліктен талап етеміз деп саяси мәлімдеме жасап жатады. Осы уақытқа дейін Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты қандай тың деректер пайда болды, осы саяси өлімнің артында кімдер тұрғанын анықтайтын фактілер (сіздердің тараптарыңыздан) зерттеліп жатыр ма?

Үшінші, Муаммар Каддафидің өлімін қалай қабылдадың? Ливияны 42 жыл билесе де, қарапайым халқының әлеуметтік мәселесін шешуге көп қаржы жән күш жұмсаған басшының айуандықпен өлтірілуі өзіңе қалай әсер етті?

- 1. Өз басым Кедендік одақтың да, соның негізінде құрылып жатқан Еуроазиялық одақтың да болашағына сенбеймін. Олардың Еуропалық одақтың әдісі, үрдісі бойынша құрылып жатқандығына да сенбеймін. Бұлардың қазақты, қазақ экономикасын жарылқайтынына, экономикалық пайда әкелетініне де сенбеймін. Тиімді, екі жаққа да пайдалы сауда болу үшін «құдаласудың» қажеті жоқ. Бұл тап-таза Ресейдің имперлік саясатынан туындап отырған ойындар.

Мен бірдеңені білетін болсам, жиырма бірінші ғасырда бір тәуелсіз мемлекеттің екінші, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетті жаулап алуы мүмкін емес дүние. Тек жаңағы екінші мемлекетіміз әлсіздік, әлжуаздық, ақымақтық жасап біріншісінің «құшағына» өз еркімен кіріп кетпесе болғаны. Тіпті Еуроазиялық одақтың құрылуы да «қазақ орысқа мәңгі бақи кіріптар болып қалады» деген сөз емес. Әлем тарихын білетін, әлем дипломатиясынан хабардар кез-келген адам біледі: әрбір келісімді, шартты қайта қарауға, толықтыруға, тіпті бұзуға, денонсациялауға болады. Бұл бір мәселе дейік. Бірақ, шындап келсек, бұдан да терең мәселелер бар.

Біріншіден. Болашақта кез-келген билік халықтың ықыласынсыз, келісімінсіз ешбір одаққа кірмеуі тиіс. Мысалы, Еуроодаққа мүшелікке ұмтылған елдердің басшылары ең алдымен референдум өткізіп, өз сайлаушыларының пікірін анықтады. Соның өзінде әрбір Еуропа елінде одақтасуға қарсы ұлтшыл күштер жетерлік. Олар қарап отырған жоқ. Әлсін-әлсін  оңшыл, ұлтшыл күштер «Еуроодақтан шығу туралы» мәселелер көтеріп, референдумдар өткізу туралы ұсыныстарды алға тартып жатады. Осының әсері болар, Еуроодаққа мүше елдердің билігі ең алдымен өз елдерінің пайдасын, мүддесін ойлайды, сол үшін өз әріптестерімен тәуліктеп дауласып, қызыл кеңірдек болып жатады. Мысалы, біздің жағдайда Кәрім Мәсімов «мен осы Кедендік одақ бойынша жасалған әрбір келісім үшін басыммен жауап беремін, қазақ азаматтарының бірі де бұдан жапа шекпейтіне Құран ұстап ант беремін» деп, ал, «Нұр-Отан» партиясы «Біз сайлаған үкімет әрбір құжаттың қазақ мүддесіне қызмет етуіне қатал бақылау орнатты» деп ашық уәде берсе, біздер сайлаушы ретінде оларды келесі сайлаудан асырмайтын едік. Бізде үкіметтің не парламенттің халыққа, сайлаушыларға еш тәуелді емесі анық нәрсе. Бұның өзі еліміздің сайлау, референдумдар туралы заңдарының өзгеруін, жаңаруын талап етеді.

Екіншіден. Біздер жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Яғни, біз мұхиттағы аралдай әлемнен оқшау қала алмаймыз. Бізге ұнасын-ұнамасын, Ресей мен Қытайдан іргемізді мүлде жыраққа сала  алмаймыз. Бәрібір бұлармен қарым-қатынасқа түсеміз. Олар біздің мәңгі көршілеріміз. Өліп кетсек те, аю мен айдахардың мінезін, құлқын өзгерте алмаймыз. Бірақ, біз өзімізді өзгерте аламыз ғой! Аю не айдахар бола алмаспыз, әліміз жетпейді. Жеңіл жем болмайықшы! Оңай азық болмайықшы! Болсақ, бөрі болайық! Бұл көршіге емес, өзімізге қатысты дүние ғой! Біз, азаматтық қоғам болып билігімізді бақылауды үйрене білуіміз қажет. Осы Кедендік одақ бойынша жасалған барлық келісім-шарттардың мәтінін толық оқыған қанша қазақты білесіздер? Әрбір сала бойынша оның артық-кемін түгендеп отырған, кем тұстарының ығы-жығын шағып тұрып айтып беретін қанша экономистті білесіздер? Әрине, біздер қазақ болған соң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз үшін алаңдаймыз. Біздер қайтадан ешкімге отар болғымыз келмейді, болмаймыз да! Бірақ, біздің сынымыз да сауатты болуы керек. Ұлтшылдар шетінен «айғайшыл, ұраншыл», «бұлар қағаз қарай алмайды, құжаттарды оқи алмайды» деген көзқарастарды жоққа шығара білгеніміз дұрыс. Қоғамдық сараптамамыз үкіметтің сараптамасымен тең түспей, оныкінен асып түспей, біздер парасат майданында жеңіске жете алмаймыз, халықты да сендіре алмаймыз.

Үшіншіден. Кез-келген одақтың рухани, тарихи астары болады. Қазақ пен орыстың, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы көптеген шешімін таппаған рухани, тарихи қайшылықтарды ешкім жоққа шығара алмайды. Ресей үкіметі жүздеген жылға созылған отарлау саясаты үшін, қазаққа жасаған қиянаты үшін, қолдан жасалған қырғын мен геноцид үшін кешірім сұрамай қазақты өзіне қарата алмайды. Қаратса да сенімді серіктес, шынайы дос қыла алмайды. Жерімізге миллиардтап ақша салса да қазақ өз өткенінен, тарихынан аттап кете алмайды. Қазақ ұлты тарихына тереңдей беруі тиіс. Ұлттық құндылықтарын екі, үш, төрт есе табандылықпен дәріптей беруі тиіс. Ғасырлар бойы жасалған қиянаттан аман алып қалған тіліміз, дініміз, діліміз, мәдениетіміз, тарихымыз бізді бұл жолы да аман алып қалатын ұлы күш. Сонымен қатар біздер осы тарихымыз бен мәдениетімізден туындайтын тіршіліктерді жалғастыра бергеніміз дұрыс. Мысалы, біздер Ортаазиялық және Түркі бірлігі мәселесін асқан белсенділікпен көтере бергеніміз жөн. Өткенде ғана орын алған Түркітілдес мемлекеттердің алғашқы саммитіне орыс баспасөзі мен саясаткерлерінің шүйлігуі де тегін емес. Бұл Ресейдің жанды жері. Біз Батыспен, Еуроодақпен қарым-қатынастарды тереңдете беруіміз керек. Бұлар Ресейдің табиғи жауы десек ағат айтпаймыз. Мұсылмен елдерімен, Қытайға балама бола алатын Жапония, Үндістан сияқты мемлекеттермен өз ынтымақтастығымызды үдете бергеніміз абзал. Бір сөзбен айтсақ, Ресеймен не Қытаймен одақ жасау біздің басқа мемлекеттермен одақтасуымызға кедергі емес, бола алмайды да. Балама одақтар арқылы Ресей мен Қытайдың ықпалын, әсерін азайта береміз.

2. Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның шейіт болған серіктері туралы біраз жаңа деректердің пайда болып жатқаны рас. Өз басым ұстазымның, ағамның өлімі туралы шындықтың ашылатынына толық сенемін. Жиырма бірінші ғасырда мұндай қылмысты жасап, оның ізін мәңгі жасыру деген мүмкін емес. Оннан аса адам қатысқан қылмыс ерте ме, кеш пе ашылады. Оған қазақ қауымы, қазақ ұлты кепіл болады. Сондықтан да, Алтекеңнің серіктестері, достары, туғандары   «ғасыр қылмысына» қатысты деректерді жинап жатыр. Сондықтан да сот ісі мен басқа да құжаттарды мұқият сақтауда. Алдағы жылы осы іске қатысты дерекнамалық кітап шығуы керек. Алтынбек қорының бүгінгі басшылығының жоспарында Алтекеңнің өмірі мен өліміне қатысты тың әдеби шығарма шығару да бар. Бұл да болашақтың ісі. Егер қазақ жазушылары, публицистері өз еркімен «Мен осындай кітап жазуға дайынмын, қолымнан келеді» деп жұлқынып шығар болса, оларға белгілі дәрежедегі қаржылай, бірақ, ең бастысы ақпараттық, сараптамалық көмек беруге дайындығымыз, ықыласымыз бар. Соңғы кездегі саяси шаруаларыма байланысты қордың басшылығын Қадыржан Асқаров деген азаматқа тапсырдым. Бірақ, өзім қорда сарапшы ретінде бармын. Алдағы жылда шығатын тұңғыш саяси кітабымды Алтекеңнің рухына бағыштауды жоспарлап отырмын.

3. Муаммар Каддафидің өмірі мен өлімін бөліп қарайықшы. Өміріне келетін болсақ, бір елді 42 жыл басқару мүмкін емес дүние деп санаймын. Тіпті бұл елді жүз, мың жерден жарылқасаң да, оның саяси, рухани өмірін тоқтатып қою ақылды, парасатты билеушінің тіршілігі емес. Тіпті жеке есепшотында 100 миллиард доллардың табылуы да оның «кемеңгерлігіне» сын. Соңғы кезде баспасөзде, «Муаммардың жасағанын жасаса, біздер оны алақанымызға салып жүрер едік» деген мақалалар шыға бастады. Бір күлкілісі, мұндай мақалалар бүгінгі билікті белсенді түрде сынап отыратын күштердің иелігіндегі баспасөз беттерінде жиі жарық көрді. Жалпы қазақтың ішінде де мұндай жаңсақ пікірлер жиі айтылады. Өз басым ондай әңгімелерді қолдамаймын. Мысалы, билік маған тегін пәтер берсін, ақша берсін, барлық жағдайымды жасасын, бірақ менің құқығымды, азаматтық абыройымды, ұлттық болмысымды таптап жатса, мен ондай билікке қарсы боламын. Тойынғанымызбен жүре берсек біздің малдан не артықшылығымыз бар? Жаңағыдай «халыққа тегін нан беріп, газын-суын тегін берсе болды, білгенін істесін» дегендей пікірлер авторитарлық, құлдық сананың жарқын көрінісі.

Каддафидің өліміне келсек, оны теледидардан көрген кезде төбе шашым тік тұрды. Нағыз қиянаттың өзі. Бұның өзі де құлдық сананың көрінісі. Кеше ғана Каддафиді мақтап, аяғын жерге тигізбеген халқы оның мүрдесін алды да тепкіге салып, қорлады. Бұл зиялы, ұлттық биліктің тіршілігі емес. Егер Ливияның жаңа билігі мықты болса, олар Каддафиді соттауы керек еді. Каддафидің өлімінің артында кейбір Батыс елдерінің арнайы қызметтері де тұруы ғажап емес. Кезіндегі былықтарын жасыру үшін, басқа да диктаторларға сес көрсету үшін Каддафиді ливиялық тобырдың қолына бере салуы тегін емес меніңше. Әлем тарихына назар аударатын болсақ, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Тоталитарлы, авторитарлы билік өз ғұмырын негізінен осылай аяқтайды. Өздері құтылса да, ұрпақтары құтылмайды. Халқын осындай азғындыққа дейін жеткізсе, оған Каддафидің де кінәсі бар. Бұл жағдай барша әлем үшін, әрбір ойлы азамат үшін сабақ болуы тиіс!

- Айдос мырза!

1) Қазақстанда ұлтшылдар партиясы құрылуына не кедергі? Мәжіліске кіру үшін керекті 7% дауысты ұлтшылдық ұранымен жинай алмау неге мүмкін емес!

2) «Ұлы дала» қозғалысы алдағы уақытта саяси партяға айналдыратын жоспарларыңыз бар ма?

3) Неге «Ұлы дала» қозғалысына кәрілерді емес, жастарды тартпайсыздар? "Жаңа қозғалыс - жаңа идеология - жаңа ұрпақ" деген ұрандарды колға алмайсыздар?

-1. Еліміздегі ұлттық, ұлтшыл партияның құрыла алмауына ең алдымен ұлтшылдар кінәлі деп санаймын. Мәселе Конституциядағы не заңдағы «діни, этностық бағыттағы партияларды тіркеуге болмайды» деген шектеуге немесе биліктің «қитұрқы» саясатына ғана тіреліп тұрған жоқ. Қазақ ұлтшылдары біріге білсе, мықты саясат жүргізіп, тіркеуден өте алса, бұндай партия жеті емес, одан көп пайыз дауыс жинай алады. Бұл, әрине, бүгінгі партиялар үшін зор қауіп! Бүгінгі партиялардың бірінен соң бірі ұлттық мәселелерді айта бастағаны, ұлттық тақырыпта сөйлей бастағаны осының дәлелі емес пе? Билікті де бұндай мүмкіндіктің алаңдатып отырғаны хақ. Бірақ, негізгі мәселе қайтадан қазақ ұлтшылдарына барып тіреледі. Мысалы, бүгінгі күні қазақтың ұлтық ұйымдары жеткілікті. Бір ғана Алматының өзінде 40-50 шақты ұлттық бағыттағы ұйымдар бар. Егер олар басқа емес, тек Алматы қаласының мәселелерін шешу үшін бірігіп, үлкен коалиция құра алатын болса, оған ешбір партия ілесе алмас еді. Алматы қаласының әкімі де, мәслихаты да осы коалицияның айтқандарынан шыға алмас еді. Олар не себепті бірікпей отыр деген заңды сұрақ туындайды? Себебі, әрине, жетерлік. Ең ірілері, маңыздылары мыналар сияқты: а) жеке бастың амбициялары, әсіре көсемшілдік; ә) ортақ саяси тұғырнаманың жоқтығы; б) жеткілікті деңгейде қаржының жоқтығы; в) рушылдық, жікшілдік, жершілдік; г) ұлтшылдардың жаңа, заманауи технологияларды меңгере алмауы. Қарап отырсаңыздар, бұлардың барлығы да бір бірімен тығыз байланысты.

Мысалы, бүгінгі қазақ ұлтшылдары кімнің атынан сөз сөйлеп отыр? Барлғының жауабы бір: біз қазақ ұлтының атынан сөйлеп отырмыз, қазақ ұлтының мүддесін қорғаймыз! Солай шығар. Бірақ, біздер мынаны естен шығармайықшы: атомдалған, жіктелген, бөлінген қоғамның ұлт атынан сөйлеуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Барлығымыздың тілімізге тиек болған қазақ ұлты бірыңғай ма? Барлығының арман-мұңы бірдей ме? Барлығының тарихи санасы, ой-тұрпаты бірдей ме? Жұрттың мақтан тұтатын тұлғалары бір ме? Жоқ! Яғни ортақ идологиялық тұғырнама жоқ деген сөз. Тіпті өзіміз жиі айтатын мемлекетшілдік, тәуелсіздік идеяларының көпшіліктің ішінде қабылдануы, ұғынылуы біркелкі емес. Еліміздің біраз бөлігі үшін тәуелсіздік құндылық емес сияқты көрінеді. Елден безіп кетуге, оны ақшаға не атаққа айырбастауға әзір тұрғандар қаншама! Мемлекетке деген көзқарастар да бірдей емес. Біреулер үшін мемлекет абырой, мақтаныш емес, керіағар күш, кәпір күш болып көрінеді. Діни бағытта жүргендердің біразы «бұл елде шариғат заңы болмаса, атамнан әрмен» деп жүр. Тіпті армияға бармаймын, салық төлемеймін, мектепке бармаймын деп жүр. Мемлекеттен құрттай көмек көрмеген, биліктің ілтипатына іліге алмай жүргендер қаншама? Олардың көзқарастары да жаңағы «әдірам қал» дегеннен аспайды. Тіл, тарих, мәдениет деген мәселелерді мүлдем айтпай-ақ қояйын. «Тіл, тіл» деп егіліп, жеме-жемге келгенде бір күнгі ұйқысын қимайтын қаншама ағайынымыз бар? Біздің азаматтардың белсенділігі интернетте орыстармен айтысуға да жетпей жатыр емес пе? Батырлығымыз асүйдегі әңгіме мен интернеттегі аноним пікірден аспай жатса не істеу керек?

Қаржыландыру мәселесі идеологияға тікелей байланысты. Бүгінгі күні қазақ ұлтшылдары қазақты оқшаулаумен келеді. Армандаған идеалдары, жерұйықтары болашақта емес, өткенде. Әрине, біздің мемлекеттің иесі қазақ, ұйытқысы қазақ, тірегі қазақ. Мемлекетті басқаның барлығын тек қазақтың айналасына жинау арқылы күшейте аламыз. Ал біздер не істеп отырмыз? Басқаны түгіл, өзімізді бөліп отырмыз сорт-сортқа. Өзімізге ұнамаса, жарамаса болды, пікірі өзгеше болса болды, жау болып шығады. Қазақтың мәселесі басқа этностар мен диаспораларды қуып шығумен шешілмейді. Ушығуы мүмкін, бірақ шешілмейді! Ал олардың білімін, білігін, өнерін, кәсібін  мемлекеттің игілігіне жарату үшін біздер не істеп жатырмыз? Біздер ұлтшылдықты шовинизм деп түсініп жатсақ, шовинизм ретінде насихаттап жатсақ, артымызға кім ермек? Билік бізді қалай қолдасын? Негізінен орыстілді болса да патриот бизнесмендер қалай қолдасын? Осыны неге ойламаймыз? Басқасын айтпай-ақ қояйық. Ұзын сөздің қысқасы - қазақ ұлтшылдары заманына сай өз идеологиясын өзгертіп, жаңалауы тиіс. Жаңа заманға сай тіршілік жасай бастауы керек. Жаңа буын саясаткерлер келе бастауы керек.

2. «Ұлы Дала» қозғалысы алдағы жылдары партияға айналуды көздеп отырған жоқ. Біздің басты мақсатымыз - республиканың барлық өңірінде құрылымы, жақтастары, қаржылық қолдаушылары бар ұлттық саяси күшке айналу. Осындай дәрежеде мемлекеттік тіркеуден өту, барлық филиалдарды тіркету. Бұның өзі үлкен күш-жігерді, ақпараттық, қаржылық ресурстарды талап етеді. Біз ойлағандай қоғамдық-саяси ұйым дүниеге келіп жатса, оны халық қолдап жатса, бұл да аз емес. Оның үстіне қозғалыстың қатарында бірнеше саяси партияның өкілдері бар. Оларды қайтпекпіз? Өз басым «Ұлы Дала» белсенді саяси қозғалысқа айнала білсе, партиялардың өзі бізбен серіктес болуға мүдделі болады деп санаймын. Бүгінгінің өзінде бірнеше партияның жетекшілері бізге ұсыныстар жасап жатыр. Менің өзіме төрт партияның басшысы хабарласты. «Орынбасарым бол», «біздің тізімге кіріп, алғашқы ондыққа мүше бол» деген ұсыныстар да жоқ емес. Мен бұл ұсыныстардың барлығына да «Жоқ, кешіріңіз, бара алмаймын» деп сыпайы жауап бердім. Қозғалысты құрмай жатып, белгілі партияға мүше болсам аймақтардағы жігіттерге, азаматтарға қай бетіммен қарамақпын? Тағы да қайталап айтайын; алғашқы 2-3 жылда мемлекеттік қызметке баруға немесе депутат болуға ниетім жоқ. Қоғамның ішінде жүріп те біраз нәрсені бітіруге болады. Бұған мен кәміл сенемін.

3. Егер байқасаңыздар, «Ұлы Дала» қозғалысының басшы органдарына сайланғандардың басым көпшілігі бұрын-соңды саясатта болмаған азаматтар. Қозғалыстың төралқасы мен жоғары саяси кеңесінің негізгі легі 30-40-тағы жастар. Дәл сіз айтып отырған ұранды құрылтай делегаттары да айтты. Аймақтарда да біздер негізінен қолынан іс келетін, ұлтшыл-мемлекетшіл жастарға арқа сүйемекпіз. Тағы бір айта кетер дүние: осы кезге дейін қозғалысты бастап келген ұлт зиялылары, ағаларымыз да керемет азаматтық танытып, жастарға жолын беріп отыр. Бұл да керемет үрдіс. Алайда, біздер ағаларымыздың көмегі мен ақыл-кеңесінен ешқашан бас тартпаймыз. Сондықтан да құрылтайымыз арнайы шешім шығарып, қозғалыстың төралқасының жанынан «Ақылдастар кеңесі» деген ұйымды құрды. Еліміздің біраз белгілі ақсақалдары, ел ағалары осы кеңеске мүше болып жатыр. Негізінен біздің айтып отырғанымыз мынау; «Ұлы Дала» қозғалысы зиялы қауымның, аға буынның парасатын, тәжірибесін, бизнес-қауымдастықтың іскерлігі мен патриоттық сезімін, жастардың жалындаған жігері мен қайтпас қайратын біріктіреді деп отырмыз. Осы ұстанымдарға қатысты жаңа идеологияны да қалыптастырамыз. Алдағы уақытта соның куәсі боласыздар.

- Сопылар сотының мән-жайына қанықсыз. Адвокаттар сот шешімін касациялық инстанцияларға жолдаймыз деп жатыр. Бірақ олар, «заказчиктердің» ықпалының арқасында, касациядан да үміт жоқ деп ойлайтын сияқты. Елбасына да хаттарды жеткізбейтін көрінеді. Осы жағдайда сіз не істер едіңіз? Ары таза азаматтарды жазықсыз жапа шектірмеуге қандай жол бар. Назарбаевтың сопылар соты туралы, Исматулла Мақсымның жазықсыз сотталып кеткені туралы естімеуі мүмкін емес деп ойлаймын, ал Сіз қалай ойлайсыз?

-Мен кезінде талай атышулы сот істерінің басы-қасында жүрдім. Дәл осы «сопылар ісіндей» қиянатты істерді де көрдім. Бір ғана Алтынбек марқұм мен оның көмекшілеріне қатысты сотты атасам да жеткілікті болар. Содан түйген бірнеше ойымды ортаға салайын. Әрине, барып тұрған заң бұзушылық пен қиянатқа қарсы тұру оңай емес. Ең қынжылтатыны, қинайтыны - шарасыздық. Бірақ, күш-қуат беретін жайттар да жоқ емес қой! Қазақ айтады ғой «Аққа Құдай жақ» деп. Өз ісіңе, сөзіңе деген нық сенім де аз күш емес. Ерте ме, кеш пе бұл іс те қайта қаралады. Сондықтан да сенімнен, үміттен айрылмау қажет. Екіншіден, бүгін біраз күштер «сопылар не істейді екен?» деп күтіп отыр. Менің ойымша, олар ешқандай да заңға қайшы, шектен шығатын қадамдарға бармауы тиіс. Егер кейбіреулер шыдамсыздық танытып қатаң шараларға барып жатса, өздерін ғана емес, жалпы идеяны жоққа шығарады, Яссауи жолына кір келтіреді. Қазіргі мақсат сот шешімінің заңсыз екенін жоғары инстанцияға да, қоғамға да дәлелдеп, айқын көрсете білу. Зиялы қауым арасындағы жұмыс та тоқтамауы керек. Сот шешімі тек бір ғана судьяның не тергеушілердің ғана қатесі емес. Жалпы қоғамның, мемлекеттік органдардың қателігі. Бұл істі бастаған, қолдаған азаматтар өздерін емес, президентті, сот жүйесін, Конституцияны қорлап, атына кір келтіріп отыр. Тағы бір мәселе; осыған дейін осы сот туралы ақпарат тек қазақтілді ортада тарады. Алдағы уақытта адвокаттар орыстілді нарыққа да батыл шығып, өз уәждерін жеткізе білуі керек. Бәлкім, алдағы уақытта сотталған азаматтарға қол ұшын беретін, олардың жағдайы туралы ақпаратты тарататын арнайы қоғамдық штаб немесе комитет құру керек болар. Басты мәселе - қоғамдық пікірмен дұрыс жұмыс істей білу. Біздің елдің жағдайы белгілі ғой. Қаншама азаматтар сотталып жатса да, қарапайым бұқара сот шешімдеріне сене бермейді. Соттың табалауы халықтың қаралауының қасында түк емес. Тағы бір қызық мәселе бар. Соңғы кездері мұсылман белсенділеріне қарсы көптеген сот істері болды. Олардың мәселесін көтеріп отырған құқыққорғаушы ұйымдар жоқ! Қатарда бар құқыққорғаушы ұйымдар негізінен тек оппозиция белсенділерін қорғаудан көз ашпайды. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, қазақтың, мұсылманның құқықтарын қазақ тілінде, ділінде қорғайтын ұйым қажет сияқты. Осы тұрғыда мықтап ойлану керек. Егер адвокаттар маған хабарласып жатса, басқа да кеңестерімді беруге әзірмін.

Президент Назарбаевтың бұл іс туралы естіген-естімегенін менен емес, Ертісбаевтан сұраған дұрыс шығар. Естімесе, алдағы уақытта еститіні анық. Бұл іс жылы жабылып, ұмтылып қалатын іс емес.

- Айдос мырза, Сіз Қазақстанда Ұлы қаған Шыңғысханға ескерткіш қойылғанына қалай қарайтын едіңіз? Қағанды көптеген халықтар өзіне тартқысы келіп тұрады, ал біздер қазақтар одан неге үркуіміз керек? Әрберден соң Темушинге Шыңғысхан есімі біздің қазіргі жерімізде берілді емес пе? Жауабыңызға алдын -ала рахмет. Талдықорғандық Азкен.

- Өз басым Шыңғыс ханды қазақ не моңғол деп бөлуге қарсымын. Шыңғыс хан - Ұлы даланың ұлы перзенті. Оның ескерткіші осы Ұлы Даланың төрінен орын алып жатса, мен тек қана қуанамын. Ұлтымызды құраған ру-тайпалардың жартысынан көбі Шыңғыс бабамызбен бірге келгенін, оның ұрпақтары қазақ жеріндегі мемлекеттік құрылымдарды басқарғанын, Қазақ хандығын құрғанын ескеретін болсақ, онда сіз айтып отырған ескерткішті қоюға толық мүмкіндік, тарихи қисын бар сияқты.

- 1. Президентке Тони Блэрдің кеңесші болып келуінде қандай мән бар деп ойлайсыз?

2. Еуразиялық одақтың орталығы Астана болса, одан Қазақстанның ұтары бар ма?

- 1. Тони Блэрдің президентіміздің кеңесшісі болғанын құптаймын. Ешкімге де белгісіз, түсініксіз Мирчев, Гиффен сияқты адамдардан гөрі, әлемге әйгілі, ең болмаса өз еліндегі қоғамдық пікірге тәуелді тұлғаның кеңесші болғаны дұрыс. Анық білетінім Тони Блэр осыған дейін де елімізге, елбасымызға ақыл-кеңес беріп отырды. Соның әсері болар, өткен президент сайлауы технологиялық тұрғыдан біршама дұрыс өтті. Қазақстан ел боламын, мемлекет боламын десе бәрібір демократиялық реформаларды қолға алуы керек. Егер Блэр мырза осындай реформалардың дұрыс жолын жасауға ықпал етсе, соған біздің басшылықты үгіттесе, көндіре білсе, оған төленген 8 миллион доллар түк емес. Алсын! Байқасаңыздар, Ресей баспасөзі осы тағайындау үшін елімізді де, Блэрді де сынап жатыр. Яғни, бұның өзінде де бір гәп бар. Путин, Лужковтардан гөрі осы Блэрдің кеңес бергені біршама дұрыс болар.

- 2. Еуразиялық одақтың өзі болмай-ақ қойса дұрыс болар еді. Болып жатса, Ресейдің өзі оның астанасын бізге бере қоймас.

- Жүзге бөлінген қазақтардың басын біріктіруге бола ма? Кіші жүздердің жасырын ұйымы бар дегенді естідік, сіз соған мүше емессіз бе?

-Қазақтың басын біріктіру мүмкін. Тарихымызда ондай жағдайлар көптеп орын алған, бірақ біздер сондай оқиғаларды, кезеңдерді дұрыс насихаттай алмай келеміз. Егер бұрынғы кезде қазақты сыртқы жау біріктірсе, бүгін біздер тың бейбіт идеялар төңірегіне біріге бастау үрдісін қолға алуымыз керек. «Аттанның» да, «әттеңнің» де заманы өтіп барады. Жүзге, руға бөліну ісі жоқтың, уайымы жоқтың белгісі. Егер шындап жұмыс істей бастасақ, алдымызға үлкен-үлкен мақсаттарды қоя білсек, руды да, жікті де ұмытып кетер едік.

Өзім Кіші жүздің тумасы болсам да сіз айтып отырған «астыртын ұйым туралы» естіп көрмеппін. Яғни оған мүше де емеспін. Ешкімді руға-жүзге бөлмеймін, бөлгім де келмейді. Барлығымыз ең алдымен қазақпыз! Ру-тайпаның қыз алысып, қыз берісуден басқаға қажеті жоқ.

- Желтоқсан оқиғасын қалай бағалайсыз? Б.Тілегенов деген жазушының "Сексен алты" атты шығармасын оқыдыңыз ба?

- Желтоқсан - қазақ ұлтының бар екендігін әлемге паш еткен ірі тарихи оқиға. Өз басым оны тек Алматымен шектемеймін. Бұл республикалық деңгейдегі тоталитарлық, отарлық жүйеге қарсы көтеріліс. Өкінішке орай, аталған тарихи оқиға бүгінге дейін өзінің тиісті саяси, тарихи, құқықтық бағасын алмай отыр. Сондықтан да барша қазақ ұйымдары, баспасөзі, зиялылары осы мәселені жеңіске жеткенше көтере бергені дұрыс.

Ұят болса да айтайын, сіз айтып отырған кітап қолыма тимепті. Егер электронды не қағаз нұсқасы болса оқып шығуға берсеңіз дұрыс болар еді.

- Орыс тілді қазақтар шыныменен-ақ қазақ болуға дайын ба? Бөлмейін десек те, олардың істейтін қылықтары, менталитеттері ауылдық қазақтардан бөлек, қазақ тілін білмейді, ал ағылшынша сайрап тұрады, жүріс-тұрыстары оғаштау...Арамызда бір түрлі барьер сезіледі. Тіпті санадан тыс деңгейде дегендей. Түсінбей-ақ қойдым...Олар тілден бұрын қазақ мәдениетін білуі тиіс қой? Оны қалай үйретеміз?

- «Орыстілді қазақ» деген дұрыс бөлініс емес. Айналып келгенде барлығымыз да қазақпыз, бір ұлттың өкілдеріміз, ұландарымыз. «Тіпті бөлінбей өмір сүре алмасақ, өз басым қазақты тіліне қарай емес, мемлекетке, ұлттық идеяға, тарихқа, мәдениетке деген көзқарасына қарай бөлген дұрыс дер едім. Орыстілді қазақтар» дегендердің ішінде барлығымыздан да асқан ұлтшылдар, патриоттар бар. Олардың біразы тілін де, ділін де, дінін де қайта түлетіп жатыр. Кейбіреуі үйренсе де сөйлей алмайды, сөйлеуге ұялады. Бірақ, олар елім, жерім деп жүр, қажет болса бізбен қатар бір окопта жататынына нық сенемін. Неге біз оларды алалауымыз керек? Ұлт болған соң, оның барлық өкілдері бірдей ойлауы міндет те емес. Ең бастысы баршаға ортақ құндылықтар төңірегіне біріксе, соларды мойындаса болды. Мысалы, мемлекет, ұлт, тарих, жер, дін, діл деген сияқты. Тілді ертең де үйрене жатар, оны үйренудің қажеттілігін мойындаса да жетіп жатыр. Біз үшін емес, өзі үшін үйренеді. Біздер ұлттық мемлекет құрмай жатып, билікті қазақшалай алмай жатып, оларды өзімізден бөліп алсақ, жау қылсақ, тез арада жеңіске жете қоймаймыз. Оларды жау емес, серіктес, мұраттас етуіміз қажет. Шынын айту керек, тіл тек қана филологиялық құрал емес, ол дүниетаным, ұстанымдар. Біздің міндет - сол ана тілінде сөйлей алмай, бірақ үйренуге құлқы бар ағайындарға қазақ идеясының дұрыс нұсқасын көрсетіп, олардың арамыздағы орнын табуына барынша жұмыс істеу. Мен үшін не сіз үшін емес, жалпы ұлт үшін қажет нәрсе. Сіз де, мен де ұлттан, халықтан артық емес шығармыз. Шыдай білейік, амбициямызды тежей білейік!

- Латын жазуына көшу мәселесіне қалай қарайсыз?

- Латын қарпіне көшу - қазақ ұлтының орыс тілі мен саясатының аясынан шығаратын қадам. Отарсыздандырудың, отарлық санадан құтылудың бірден бір жолы. Сондықтан да мен осы идеяны толық қолдаймын. Егер мемлекет ерік-жігер танытып жатса, бұл жобаны алдағы 4-5 жылда үлкен дайындықпен, байыппен, парасатпен, жүйелілікпен іске асыруға болады.

- Қазақ қай дінді ұстағанымыз жөн? Басымыз әбден қатып кетті. Тәңіршілдік идеясына қалай қарайсыз?

- Қазақ ата-бабаларымыз ұстанған ханафиттік мазхабтағы Ислам дінін ұстануы тиіс. Тәңіршілдік - дін емес, дүниетаным, өткен тарихи жолымыздың үлкен бір бөлігі. Ислам мен исламға дейінгі тарихымызды бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Керісінше, тарихқа үңілсек, әлем елдеріне монотеистік дін идеясын біздің бабаларымыз берген деген тұжырымның негіздерін де табуға болады.

- Н.Назарбаевтың қызметін қалай бағалайсыз? Жіберілген мүмкіндіктер мен жоғалған жылдар әлде ...

- Президент Назарбаевтың қызметіне дәл, әділ баға беру үшін белгілі бір тарихи, уақыттық дистанция, қашықтық қажет шығар. Оны болашақтың тарихшылары айтады. Маған келсек, мен бүгінгі елде болып жатқан жақсылықтардың барлығын елбасының жетістігі, жамандықтардың барлығын елбасының кінәсі дегеннен аулақпын. Біреуге ұнасын, ұнамасын, Н.Назарбаев еліміздің тұңғыш президенті. Оның алдағы сайлауда емін-еркін 50 пайыздан артық дауысқа ие боларына сенемін. Олай болатын болса, осы көпшіліктің де пікірімен санасу қажет. Ал кемшіліктерге келетін болсақ, бүгінгі күні демократияның жоқтығы, жемқорлықтың артуы тек Н.Назарбаевтың ғана кінәсі емес, қоғамның да кінәсі деп санаймын. Яғни біраз кемшіліктің, жамандықтың бастауын өзіміздің бойымыздан, өзіміздің салғырттығымыздан, жалпақшешейлігімізден, жалқаулығымыздан, саяси белсендігіміздің төмендігінен іздегеніміз дұрыс.

- Сатқындық дегенді қалай түсінесіз? Әсіресе саяси өмірдегі?

- Сатқындық туралы көп әңгіме қылудың не қажеті бар? Жеке адам үшін де, саясаткер үшін де ауыр тиетін дүние. Саясаттағы сатқындық - өз ұстанымдарыңнан бас тарту.

- Қазақтар ұлтшылыдық бағыттағы партия құра алады ма?

- Бұл сұраққа жоғарыда жауап берген сияқтымын.

- Неге шенеунік не басшы болған қазақ азаматтары мен азаматшалары билікке барса ұлттық мүддені ұмытып кетеді? Жеткенше көп уәде төгеді, билікті сынайды, ал барып алған соң бәрін ұмытады не ақша жасауға кіріседі. Сонда кімге сенеміз?

- Сіз айтып отырған шенеуніктерді кім сайлап жатыр? Оларды өздері сияқты шенеуніктер тағайындайды. Егер сол шенеуніктерді халық сайлаған болса, шекпенділер сайлаушыларына тәуелді болса, олар бір сайлаудан артық өтірік айта алмас еді.

- Бір сөзіңізде қазақта сөзін өткізе алатын 5 ақсақал табу қиын деп едіңіз, әлі сол пікірдесіз бе?

- Ия, әлі де сол пікірдемін. Белгілі топтарға емес, жалпы қазаққа бірдей сөзі өтетін ақсақалдар қалмай барады. Оның сыртында жалпы қазақстандықтарға (қазағы, орысы, басқасына) сөзі өтер адам жоқтың қасы.

- 1) Әлихан Бөкейхан кезінде өзіне ерген Алаш ардақтыларын татардың діни фанатизмінен сақтап қалғанын Сіз жақсы білесіз, қазіргі кезде арабтың діни фанатизмі елімізде кең таралып, ушығып тұр. Менің ойымша Сіздің алдыңызда, өзіңізге ерген біз сияқты Қазақ жастарын арабтың діни фанатизмінен сақтап қалу миссиясы тұрған сияқты. Осындай жауапкершіліктің жүгін арқалауға дайынсыз ба?   Себебі қазаққа келер зауал осы секталардан ба деп қауіптенемін.

2) Күні кеше астаналық жастардың Сіздің жылына 80 кітап оқитыныңызға таңданып, әрі үлгі етіп отырғанын байқадым. Сіз сияқты аузы дуалы азамат атану үшін кітапты қалай таңдап оқыған жөн. Аталған кітаптарды жүйелі оқып тұру үшін әлдебір кесте жасап, өзіңізді қатаң қадағалайтын боларсыз?
3) Ұлтшылдар үнемі билікті сынайды. Шын мәнінде ұлтшылдардың өзінің кемшілігі шаш етектен екені белгілі. Мәселен біздер өз мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай жатқан сияқтымыз.Осы ретте ұлтшылдардың кемшілігін айтып, одан шығудың жолдарын нұсқап беріңізші... Серік

-1. Серік, мені де сіз айтып отырған өзге үлгідегі, қазақтың жанына қас ислам атын жамылған ағымдардың кеңінен етек жайып бара жатқаны алаңдатады. Басқаны білмеймін, осы туралы біраз жиында ашық сөз сөйлеп, көптеген мақала жарияладым. Өзімді мақтағаным емес, бірақ, мен мынаны байқап жүрмін: дін деген кезде көптеген саясаткерлеріміздің, ел азаматтарының қол-аяғы қалтырап, буындары босап қалады екен. Кейбір дін жолына түсіп жүрген азаматтар маған: «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзді көлденең қояды. Меніңше бұл ағаттық. Балды жақсы көру үшін балара болудың қажеті шамалы. Дін мәселесі - ұлттық ұстын мәселесі. Оны тек діндар адамдардың қолына тапсырып қоюға болмайды. Біз, сөзсіз ислам әлемінің бөлігіміз, бірақ, біздер өзіміздің зайырлы мемлекет ретіндегі қалыбымыздан шықпауымыз керек. Есесіне, мемлекет дінге бет бұрған азаматтардың өз ұстанымдарын емін-еркін ұстануына мүмкіндік жасауы қажет (мен тек дәстүрлі діндер туралы айтып отырмын). Баяғыда Зигмунд Фрейд айтыпты дінге тыйым салу - адамның көбею инстинктіне тыйым салумен бірдей деп. Оның пікірінше, бұл екі тыйым да жақсылыққа апармайды, басында адам психикасының бұзылуына, артынан мемлекеттің күйреуіне алып келеді екен. Сол сияқты, кезінде барлық діндерге, ағымдарға есікті айқара ашып, еркіне жіберіп алып, артынан «барлығың сапқа тұр, тік жүр» деу ағаттық пен ақымақтық. Әрбір қоғам өз лаңкестерін өзі өсіріп шығарады. Сондықтан да биліктің бүгінгідей «барлығын күшпен шешеміз», «өзіміз білеміз, қоғам тыныш отырсын» деген әрекеттеріне де қарсы тұруымыз керек. Дін өте нәзік нәрсе. Наным-сенім жүрген жерде рационалды ой-пікір өтпейді. Біраз нәрсені жіберіп алдық па, ұзақмерзімді ағарту, түсіндіру жұмысына дайын болуымыз қажет.

Тағы бір уәж айтайын. Біздер батыстық үлгідегі жаһандануды қауіп санаймыз. Ұлтымызды, тарихимызды, мәдениетімізді, тілімізді, ділімізді шайып кетеді деп қауіптенеміз. Бұл да заңды қорқыныш шығар. Бірақ, біздер неге шығыстық үлгідегі жаһандану туралы әңгіме қозғамаймыз? Арабтық нұсқадағы кейбір діни идеялар (халифат құру, салафизм, вахабизм) осы шығыстық жаһандану болмаса, не? Бізге айтып жатыр: сенің ұлтың, тарихың, жүрген жолың, ата-бабаң, дәстүрің маңызды емес, «жақсы мұсылман» болсаң болды деп. Оған біраз жастарымыз басымен кетіп қалды. Ал шын мәнінде ұлттар мен ұлыстарды Алла тағала жаратты дейміз. Онда біздің ұлт болып жойылуымыз кімге керек? Кімнің үкімі? Біз қазақ болып та мұсылман боламыз! Біз алдымен қазақпыз, сосын мұсылманбыз! Бес парызымызды атқарып жатсақ, жұртқа жамандық жасамасақ, өтірік айтпасақ, басқаға қиянат етпесек біз ешкімнен жаман болмаймыз, жаман мұсылман болмаймыз. Шетімізден вахабит болсақ, вахабиттердің саны 15 миллионға артар, ал қазақтың саны сол 15 миллионға кемиді емес пе? Одан кім ұтады? Әйтеуір, қазақ емес! Бүгінгі діни жік қаупі аса жаман дүние. Оның қасында ру-тайпамыз, нағыз-шалалығымыз далада қалады! Осы дінді дұрыс түсінбеу кесірінен ұлт, ру, ауыл, қала түгіл талай отбасының ұйытқысы бұзылып жатыр. Әке мен бала, ана мен қызы бір-біріне лағнет айтып, бірімен-бірі бір үйде отырып тамақ ішуден безіп жатыр. Бұдан артық масқара бола ма? Байқамасақ болмайды. Абайламасақ болмайды.

2. Жылына кем дегенде 70-80 жаңа кітап оқуға тырысатыным рас. Негізінен жұмысыма қатысты жаңадан шығып жатқан тарих, экономика, саясат, әлеуметтану, философия саласындағы кітаптар. Баяғыдан келе жатқан әдетім, 5-6 кітапты қатар бастаймын, сосын уақытыма және көңіліме қарай оларды конспект жасап оқып шығамын. Қазір белгілі бір кітап оқу жүйесі жоқ. Бірақ, кезінде тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану саласындағы жалпы оқулықтарды, хрестоматияларды қарап, ішінде сол салаларға ой қосқан, негізін қалаған деген ғалымдарды қағазға түсіріп, солардың негізгі еңбектерін тізбелеп оқып шыққаным бар. Дәл сол әдіспен Нобель сыйлығын алған жазушылардың 70-80 пайызының еңбектерімен таныстым. Қазіргі кезде газет-журналдарды, интернетті қарап, ондағы жаңа кітаптар туралы пікірлерді үзбей оқимын. Мынау керемет екен, мынаның қажеті болады деген кітаптардың атын арнайы қойын дәптерге көшіріп аламын. Сосын реті келген кезде, негізінен жалақы не қаламақы алған күндері, кітап дүкендерін аралап, жаңағы авторларды, кітаптарды сұрастырамын, сатып аламын. Кітап дүкендерінің қызметкерлері де мен іздеген кітаптар саудаға түссе поштаға хабарласып жатады. Көркем әдебиетке келетін болсақ, өзімнің ерекше жақсы көретін авторларым бар. Олардың әрбір жаңа дүниесін үзбей сатып аламын не интернет арқылы қағазға шығарып оқимын. Кітап оқитын адамдар үшін интернет деген керемет дүние болды емес пе?! Өзіміздің ақын-жазушыларға келетін болсақ, біраз дүниелерді авторлардың өзі сыйлайды. Қалған жағдайда белгілі бір туындыны кем дегенде өзім сыйлайтын, пікіріне құлақ түретін үш адам мақтамаса, оған жоламаймын.

3. Бұл сұрағыңызға жоғарыда жауап берген сияқтымын. Егер осыным жеткіліксіз десеңіз, комментке нақты сұрақтарды жаза салыңыз. Қосымша жауап берейін.

- Сіздер құрған "Ұлы Дала" қозғалысының жұмыстарын Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында жүргізгім келеді. Өздеріңіз айтқандай аудандық, ауылдық жерлерде әр түрлі бағытта шаруаларды іске асырып қозғалыс сапында сіздермен жұмыс жасасам деген ниетім бар. Сізбен қалай хабарласуға болады? Ерлан АБУ, Тараздан

- Ерлан! Лебізіңізге рахмет! Жақын арада біздер Шымкент пен Таразға шығамыз. Сол кезде елде жолығайық, әңгімелесейік. Менің ұялы телефоным 87019998222. Хабарласып тұрайық.

- Айдос мырза! Оралмандар жөніндегі көз қарасыңыз қалай? Неге олар өз елінде азып тозып жүр? Неге шеттен келген қандастарымыздың елдімекендерге орналасуы  жүйелі түрде іске асырылмай келеді? Сұрақтар өте көп? Осы жөніндегі ойларыңыз және нақты жоспарларыңыз барма?

- Өте орынды, маңызды сұрақ. Жауап беруге тырысайын. Менің ойымша, «оралман» мәселесін ұлт мәселесінен бөлек қарастыруға болмайды. «Оралман» деген мәртебе «пойыз жолаушысы», «ұшақ жолаушысы» деген сияқты уақытша ғана атақ, мәртебе. Пойыздан, ұшақтан түскен соң сен кәдімгі азаматқа айналасың. Сол сияқты, «оралман» деген сөз сүйекке таңба сияқты мәңгі атауға, мәртебеге айналмауы тиіс. «Оралман» мәртебесі өзге елде жүріп, атамекенге оралуға ниет білдіріп, сол елдің шекарасын кесіп, өз еліміздің шекарасынан өткен бойдан, елге келдім деп тіркелгеннен кейін тоқтайтын мәртебе болуы керек! Одан кейін елге оралған қандасымыз «азаматтықты алуға үміткер», ал азаматтыққа өткізу туралы президент жарлығы шыққан соң толыққанды ел азаматына айналуы тиіс. Оларды «қытай», «моңғол», «өзбек» деп кемсітіп атап жатуымыз елдіктің емес, иттіктің белгісі. Бұндайды өрескел, ұятты дүниелерді біздер ашық айтып, жаңағыдайды айтып жүргендерді баспасөзден болсын, басқалай болсын орындарына қоя білуіміз керек.

Тағы бір мәселе. Бүгінгі күні орыстілді баспасөзде қандастарымызға қарсы, жалпы қазақ көшіне қарсы жаман пікірлер айтылып жүр. Оған да біз ұлт болып төтеп бергеніміз абзал. Бұның себептерін де айқын түсінуіміз керек. Кейбір орыстілділер өздеріне үйреншікті, түсінікті әлемнің жоғалып, көзден ғайып болып бара жатқанына қынжылады, содан қорқады. Екіншілері, елге оралып жатқан қандастарымыздың  экономикалық тұрғыдан өздерімен бәсекелес болады деп қорқады, соған барынша қарсылық көрсетеді. Мысалы, отанына оралып жатқан ағайындар бұрын қазақтар игере алмаған еңбек орындары мен кәсіптеріне батыл барып жатыр. Бұл, әрине, бәсекелестікке шыдай алмай жатқандардың зығырданын қайнатады, қытығына тиеді. Біз мынадай нәрсені де ашық айтуымыз керек. Жүз жерден мақтасақ та, жағдайын жасасақ та еліміздегі орыстарды ұстай алмаймыз және де олардың демографиялық өсімі орнын толтыру үшін жеткіліксіз. Осындай орасан жерді игеріп тұру үшін экономистердің пікірінше халқымыздың саны 40-50 миллиондай болуы керек екен. Олай болатын болса осыншама халықты қайдан аламыз? Халық санын өсірудің бір жолы - ұтымды демографиялық саясат, жанұяларды қолдау болса, екіншісі - елімізден тыс жүрген қандастарымызды көшіру. Сырттан қытай қаптатып, филиппиндіктерді не пәкстандықтарды алып келгенше осынымыз дұрыс емес пе? Болашақта біздің еліміз түркі елдерімен үлкен мүдделестік жолында тізе қосып, саяси-экономикалық конфдерация не одақ құрып жатса, біздер өзбек, ұйғыр, қырғыз ағайындарға есік ашып, оларды қазақ азаматтығына өткізу мәселесін қарастыратын боламыз. Бұл, бәлкім, алдағы 20-30 жылдың мәселесі шығар. Ал қазіргі кезде, кем дегенде 10-15 жылдың ішінде Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей қазақтарын елге қайтару, оларды дұрыс жолмен, ақылды саясатпен, стратегиялық мүдделерге сай географиялық, экономикалық тұрғыдан оңтайлы орналастыру, тез арада әлеуметтендіру мәселелерін шешуіміз керек. Бұл елдердегі қазақтардың болашағының бұлыңғыр екенін де ашық айтуымыз қажет.

Осы сияқты ойларымыз да, нақты жоспарларымыз да бар. «Ұлы Дала» қозғалысының қатарына, басқарушы органдарына талай қандастарымыз өтті. Мысалы, Рақым Айыпұлы, Ауыт Мұқибек деген азаматтарды өздеріңіз жақсы білесіздер. Тыңдайтын құлақ болса солардың айтып-жазып жүргендері қаншама? Біздер саяси қозғалыс ретінде нақты жобаларды, құжаттарды дайындап, қоғамдық пікір тудыру арқылы осы мәселелерді шешуге жанымызды саламыз. Ақылмен істесек барлығы да қолымыздан келеді.

- Айдос аға, елімізде жалпы діни ахуал қиындап бара жатқан секілді. Сұрағым, қазақ даласында қайтадан тіріле бастаған сопылық дәстүр жайлы: Исматулла ақсақал тірілткен сопылық дәстүрге қалай қарайсыз? Дұрыс деп ойлайсыз ба, әлде бұрыс па?

- Сопылар ісі туралы біраз дүниені жоғарыда айтқан сияқтымын. Ал Яссауи жолына келетін болсақ одан үркіп-қорқудың қажеті жоқ. Сопылық дәстүр - қазақ дәстүрінде бар. Біздің мықты-мықты ақын-жарауларымыз, ірі тұлғаларымыз сопы болған. Елімізде кем дегенде сопылықтың үш орталығы болған. Бүгінгі тілімізде, жүріс-тұрысымызда, болмысымызда дәл осы сопылықтың іздерін табуға болады. Мені таң қалдыратыны, бүгін ислам жолында жүрміз дегендердің сопылықтан шошынуы, оған ашықтан ашық қарсы шығуы. Шындап келсек, Қазақстанға исламның кең таралуы дәл осы сопылықтың арқасы емес пе? Кезінде Яссауи бабамыздың ислам канондарын түркі тіліне аударып, олардың көшпелілерге түсінікті, жақын өлең тіліне түсіруі осы діннің кең тарауына алып келді емес пе? Сол кездері елімізді христиандар (несториандық нұсқадағы), буддистер де, яхудилер де торып жүрді. Бүгінгі күні қазақты құраған біраз тайпалар сол діндерді ұстанды емес пе? Сол Яссауи бабамыздың, оның шәкірттерінің арқасында осы Ұлы Далада тек ислам діні ғана қалды, басқалардың ізі де қалмады. Кейінгі кездері сопылар өзге діндер мен ислам ішіндегі экстремистік бағыттардың таралуына төтеп берді. Енді келіп біздердің осы жолды ұстанғандарды «экстремист» етіп шығарғанымыз қалай? Адамның сотталғанынан гөрі ұлтымыздың бір рухани діңгегі болып табылатын философиялық, діни ағымның айыпталуы жанға батады екен. Бұл ақыл-оймен істелген шаруа емес. Осындай соттар арқылы бабаларымыз талай ғасыр бойы төтеп берген діни ағымдарға жол ашып беріп жатқан жоқпыз ба осы?

- Айдос аға, сіз соңғы уақытта беделі өсіп келе жатқан жас қайраткерсіз. Сіз туралы жақсы пікірлерді жиі естиміз. Алайда, сіздің қоғам алдындағы абыройыңызға күмәнмен қарайтындардың қатары аз емес сияқты көрінеді. Біраз уақыт бұрын "Жас Алаш" газетіне "Мәсімовтің монополиясы" деген мақала шығып, автор сізді Мәсімов-Құлыбаев тобының сойыл соғары ғып көрсетіпті. "Абай кз" сайты шынында да Ержан Бабақұмаровтың қолынан жем жеп жүрген ақпарат құралы ма? Және Фейсбук желісінде "Руханият" партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбетәлин "Ұлы Дала" қозғалысының құрылтайын не Машкеевич, не Құлыбаев қаржыландырып отыр деп жазғаны белгілі. Сіз басқаратын қозғалыстың қаржы көзі қайдан?

- Орынды сұрақ. Барынша ашық жауап беруге тырысайын.

«Жас Алаштағы» сіз айтып отырған мақаланы мен де оқығам. Аталған мақала газеттің веб-сайтында жария көрген соң пікір жазып көріп едім, жарияланбады. Негізі ондай мақаланы жариялар кезде журналистер «айыпталып» отырғандардың да уәжіне құлақ түруі қажет емес пе? Маған ондай мүмкіндік берілмеді. Осыған байланысты дәл осы сайтта біздер өз пікірімізді білдіргенбіз. Осыдан кейін Рысбек Сәрсенбай ағамызға біраз дүниені қатты-қатты айтып, нөміріне СМС-пен салып жібергем. Мазмұнын бұл жерде қайталамай-ақ қояйын.

Мақалада айтылған дүниелерге келсек. Мен Тимур Құлыбаевпен таныс емеспін, одан ақша алмақ түгілі, сөйлесіп те көрмеппін. Кәрім Мәсімовпен Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі болып жүрген кезде бірнеше рет кездескенім бар. Ол кісіні танимын, араластым деп айта алмаймын. Осы сайттың мазмұнын білетін, бағытын білетін азаматтар Абай бабамыздың атындағы сайттың Мәсімовтің жақтасы деп айта алмайтыны анық. Өзінің қытығына тиетін, мысқылдайтын мақалалар үшін ақша беретіндей Мәсімов те идиот емес шығар. Мәсімовтің ақпараттық сала бойынша оң қолы Ержан Бабақұмаровпен Президент әкімшілігінде қатар істедік. Оны да, мені де білетін адамдар бізді серіктес не тілектес азаматтар дей алмайтын болар. Ержанды ұмытпасам, соңғы рет досым Ерлан Саировтың үйінде осыдан 6-7 жыл бұрын көрдім. Ержан, мен білсем, ақшаны оңды-солды шаша беретін ақымақ емес. Сөздің қысқасы: мен Мәсімовтен де, Бабақұмаровтан да қаражат алып отырған жоқпын. Біздің Абай атындағы порталдың да оларға қатысы жоқ!

«Ұлы Дала» қозғалысы туралы. Бұл қозғалыстың басы-қасында жүрген азаматтар қара-жаяу адамдар емес. Кем дегенде қозғалыс басшылығының 40 пайызы елге танымал кәсіпкер  азаматтар. Мысалы, Қозғалыстың екі бірдей жетекшісі - Кеңес Ақаев пен Ізбасар Бозаев - аты, өнеркәсібі, бизнесі бар кәсіпкерлер. Басқа да мықты азаматтар қозғалысқа мүше болып жатыр. Мысалы, Айдар Әлібаев, Талғат Әбдіжаппаров. Тым болмаса Гугл іздеу жүйесіне кіріп солардың есімдерін жазып, қарап көріңіздер. Олардың өз қаражаты, қозғалысты қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ деп ешкім айта алмайды. Соңғы 4-5 айдың ішінде өз басым жүзге жуық бизнесмен жігіттермен таныстым, үлкенді-кішілі жиындар өткіздік, пікір алмастық. Керемет ұлтшыл жігіттер бар екен! Ел-жер туралы пікірлеріміз бір жерден шығып жатыр. Олар біздің қозғалысқа көмектесе алмай ма? Көмектесіп жатыр, алдағы уақытта да біздің ойымыз бен ісіміз бір жерден шығып жатса тағы да қол ұшын береді деп сенемін. Оның үстіне осы уақытқа дейін қозғалыс көп қаражатты шығындаған жоқ. Негізгі шығын тек жолсапарлар мен құрылтайды өткізуге кетті. Оның өзін біздер - төралқа мүшелері - саналы түрде өздеріміздің жеке қаражатымызға өткіздік. Алдағы күндері есеп-шот ашылады, жарналар жиналады, сол кезде де біздер қозғалыстың веб-сайтында барлық түсімдер мен шығындар туралы ашық айтатын боламыз. Жергілікті жерлерде бірнеше филиалды тіркеуге мүмкіндік алдық. Оның өзін жергілікті жердегі бизнесмендер көтереміз деп отыр. Олар өздері келіп құрылтайға қатысты, басқарушы органдарға мүше болды.

Ал соңғы кездегі Фейсбуктегі әңгімелер мен соның негізінде жазылған мақалалар туралы айта кетейін. Негізгі әңгімелерге себеп болған Серікжан Мәмбеталиннің жазбалары. Мен оларына сол жерде ашық жауап бердім. Тағы да қайталайын: «Ұлы Дала» қозғалысын бірде-бір олигарх қаржыландырып отырған жоқ. Құлыбаев та емес, Машкевич те емес. Қозғалыстың артында бірде-бір саяси партия жоқ! Бұл осы қозғалысты құрған азаматтардың жобасы, төл баласы.

Серікжанға келетін болсақ, осындай сандырақтарынан кейін адам, азамат ретінде сыйлаудан қалдым. Ер азаматқа сай емес тіршілік жасап отыр. Ол тек маған не болмаса «Ұлы Дала» қозғалысына қатысты ғана әңгіме емес. Оның әңгімесіне мынадай нәрсе себеп болуы мүмкін деп ойлаймын. Қозғалыстың құрылтайына біздер бес партияның басшыларын шақырдық. Ерлан Қарин мен Мақсұт Нәрікбаев белгілі себептерге қатысты келе алмады. Олардың орнына «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Рахман Алшанов және Мақсұт Нәрікбаевтың өкілі келді (кешіріңіздер, аты есімнен шығып кетіпті). Олар біз сөз сөйлемей-ақ қоялық, тыңдап кетейік деді. Қалған партия серкелерінен «Ақ жолдан» Азат Перуашев, ЖСДП «Азаттан» - Әміржан Қосанов және «Руханияттан» - Серікжан Мәмбеталин келіп қатысты. Құрылтайдың ұйымдастыру комитеті ешбір партияны төмендетпеу үшін олардың жетекшілеріне сөзді әліпби бойынша беру керек деп шешті. Сондықтан да алдымен сөз Перуашевқа тиді. Бұның өзін Серікжан сияқтылар «Айдос «Ақ жолға» сатылып кетіпті, сол партияға мүше болады екен» деген әңгімелерге арқау еткен көрінеді. Тағы да қайталап айтайын, өз басым бірде-бір партияға мүше емеспін, сайлауға түскім келіп отырған жоқ! Сондықтан да жаңағыдай даурықпа сөздердің еш астары да, негізі де жоқ. Мысалы, құрылтайға жастар ұйымдары атынан Дәурен Бабамұратов деген замандас бауырым келіп сөйледі. Бірақ, ешкім де «Ұлы Даланы» Дәурен қаржыландырып отыр деп жатқан жоқ қой! Яғни бұның артында да белгілі бір ойындар жатыр. Олардың қайдан шығып жатқанын, кімдерден тарап жатқанын біздер жақсы білеміз.

Тағы бір жайт туралы айтып кетейін. Соңғы кездері біреулер мені «Жақсы.кз» сайтының жетекшісі, құрылтайшысы дегендерді көп айтып жүр. Бұл туралы маған интернеттегі жолдастарым айтып жүр. Осындай әңгімені таратып жүргендердің аты да, телефондары да бар. Бұл туралы да айта кетейін: менің аталмыш сайтқа еш қатысым жоқ.

- Айдос, Сізді Мәулен Әшімбаевтың күйеу баласы дейді, рас па?

- Жүре берсең, көре бересің деген осы екен! Мәулен Әшімбаев менің замандасым, бірімізді-біріміз көптен бері білеміз. Бірақ, оған күйеу бала болу төрт ұйықтасам да түсіме кіріп көрмепті. Мәуленді кездестіріп қалсам мына әңгімені анекдот қылып айтып беретін шығармын.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір