Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4027 0 пікір 28 Қазан, 2011 сағат 06:18

Әбдірашит Бәкірұлы. Ұлттың ұлы арманы неліктен тұйыққа тірелді?

Қазіргі қоғамда билікке қаратып, «дат» сұрайтын мәселелер қора-қора. Соның бірі және ұлттың арманына айналғаны - ұлттық идея мәселесі. Ұлттың шарықтап дамуы - алға қойған мақсаттың биіктігіне, осы жолда бірігіп, жұмыла алуына тікелей байланысты. Бүгін осы мәселе төңірегінде ой жүгіртеміз.

Қазақ ұлтының тәуелсіздік алғанына 20 жыл толса да, бұл мәселе қазақ зиялыларын мазалаған маңызды сұраққа айналды. Неге осылай болды? Мен бұл сұраққа осыдан он-он бес жыл бұрын: «Егер билiк жүргiзiп отырған саясат мемлекет құрған ұлттың ұлы мұратын мақсат етпесе, бүгiн өзекті (актуалды) болып тұрғанымен, ертең мәнiн жоятын өткiншi эпизодтық жалған құндылықтардан тұрса, онда бұл елде ұзақ мерзiмге бағытталған, халықты жұдырықтай жұмылдыруға қабiлеттi ұлттық идея өмiрге келедi деп үміттену, бос қиял болып қала береді. Кез келген ұлттық арман (ұлттық идея) - сол мемлекеттің идеологиясы ұлттың түпкiлiктi мақсатына арқа сүйесе ғана түзiледі, немесе түзiлуi мүмкiн», - деп жауап берген болар едім. Өйткені, шынымды айтайын, он-он бес жыл бұрын мен қазақ билігіне сеніммен қарадым. Қоғамдағы бейберекеттікті КСРО ыдырауымен келген апатты дағдарыстың ұшқыны ел болып еңсемізді түзей бастаған кезде, билік те осы ұлы мұраттарға қарай бет бұрады деген үміттің үзілмеген тұсы болатын ол кез...

Қазіргі қоғамда билікке қаратып, «дат» сұрайтын мәселелер қора-қора. Соның бірі және ұлттың арманына айналғаны - ұлттық идея мәселесі. Ұлттың шарықтап дамуы - алға қойған мақсаттың биіктігіне, осы жолда бірігіп, жұмыла алуына тікелей байланысты. Бүгін осы мәселе төңірегінде ой жүгіртеміз.

Қазақ ұлтының тәуелсіздік алғанына 20 жыл толса да, бұл мәселе қазақ зиялыларын мазалаған маңызды сұраққа айналды. Неге осылай болды? Мен бұл сұраққа осыдан он-он бес жыл бұрын: «Егер билiк жүргiзiп отырған саясат мемлекет құрған ұлттың ұлы мұратын мақсат етпесе, бүгiн өзекті (актуалды) болып тұрғанымен, ертең мәнiн жоятын өткiншi эпизодтық жалған құндылықтардан тұрса, онда бұл елде ұзақ мерзiмге бағытталған, халықты жұдырықтай жұмылдыруға қабiлеттi ұлттық идея өмiрге келедi деп үміттену, бос қиял болып қала береді. Кез келген ұлттық арман (ұлттық идея) - сол мемлекеттің идеологиясы ұлттың түпкiлiктi мақсатына арқа сүйесе ғана түзiледі, немесе түзiлуi мүмкiн», - деп жауап берген болар едім. Өйткені, шынымды айтайын, он-он бес жыл бұрын мен қазақ билігіне сеніммен қарадым. Қоғамдағы бейберекеттікті КСРО ыдырауымен келген апатты дағдарыстың ұшқыны ел болып еңсемізді түзей бастаған кезде, билік те осы ұлы мұраттарға қарай бет бұрады деген үміттің үзілмеген тұсы болатын ол кез...

Содан бері әлемде орасан жаңалықтар болды. Әлем картасында жаңа мемлекеттер ғана емес, бұрынғы бірқатар елдер жаңаша саяси системаға ауысты. Оның бер жағында мұнай мен басқа қазба байлықтардың бағасы күрт өсті. Бірақ ел қоржынына түсе бастаған мол қаржы қазақ халқының тәуелсіздігімен бірге оянған: ұлт еңсесін көтеру, жаңғыру, мұралану, ұлттың жан-жақты іскерлік қабілетін ояту секілді ұлы мұратқа қызмет етпеді. Қоғамда біршама мамыржай кезең туса да, күткен үміт ақтала қоймады.

Ұлт мұраты аяқасты қала берді. Ол аз болғандай, қазақ ұлты өз елінде өзге жұрттың барлығын топтастыратын жетекші ұлтқа айналудың орнына, өзгелерге және өз билігіне масыл көрінуі белең алды. Ұлтшыл азаматтар «қай жыртықты жамауды білмей», ұлт үшін күрестің бағыт-бағдарынан ажырады. Көп ұзатпай-ақ әлемдік кинода қазақтың «Борат» есімді анайы бейнесі пайда болды...

Қазір «ұлттық идеяны» тек билікпен байланыстыру жеткіліксіз екенін көпшілік мойындай бастады. Әрине, жоғарыда «ұлттық идеяны» қалыптастыруда биліктің рөлі» туралы айтылған ой жалған емес. Әрі, ол - «билік ұлт мұратына оралмайды» дейтін үкім де емес. Жігер мен ынта оянса, билік қай уақытта да болса ондай ізгілікті іске орала алады. Алайда, өз күйін күйттеуді ел басқарумен қапысыз жымдастырған биліктің ендігі жерде «кері қайтуы» екіталай болып көрінеді де тұрады. Осы мәселе туралы француз философы Жан Жак Руссо былай деген екен: «Күшенгіш биліктің барлығы күлкілі жағдайда болады: олар билеп-төстеу үшін халықты ноқталап, өлместің жағдайында ұстағысы келеді, соған қарамастан олар сол - өлместің күнін көріп отырған халықтың арқасында күшейіп кетсек деп дәмеленеді».

Сол айтқандай, уақыт біздің қоғамда да «ұлттық арман» мен «билік мақсатының» әруақытта үйлесе бермейтінін көрсетті. Осындай өлара кезеңдегі шарасыздық және әрекетсіз үміт - бізді ұлттық құндылықтардан ажырау қаупіне әкелді. Бұл айтылғандар сын емес, боямасыз шындық екеніне қазір көп адам күмәнданбайды...

Қоғамды ұлттық идеяға қарай бастаушы бірден-бір күш билік екендігін айттық. Бірақ қоғамның өзі де ондай «жетекке» дайын болуы шарт. Тек осындай жағдайда ғана қоғам тұрақты даму жолына түсе алады. Ал егер билік пен халық арасына үлкен жарқышақ түссе, онда қоғамда марксизм классиктері айтып кеткен - «жоғарғының - тозуы, төменгінің - төзбеуі» сынды ахуал қалыптасады. Халықтың бірігуі стихиялы түрде жүзеге аса бастайды.

Себебі, халықтың бірігуін қамтамасыз етуші идеялар, шын мәнісінде, биліктің жіберген қателіктері мен кейбір ұлттық мақсатқа кереғар әрекеттеріне деген наразылықтар жиынтығынан құралады. Халық, осылайша, ұлт дамуының негізі болатын бірнеше идеялар төңірегіне топтаса бастайды. Қазір бізде осындай жағдай орын алуда. Мысалы, кейінгі кездерде мемлекеттік тіл төңірегінде қоғамдық қозғалыстар қарқын алуда. Қазақ тілі демократиялық қағидаттарға сай өзінің конституциялық мәртебесіне ие бола алмай отырғаны - жұртшылықтың ашық наразылығын тудыра бастады.

Иә, біз күткен ұлттық идея қандай еді?

Ұлттық идея - кең мағынасында, әр ұлттың бiртұтас болмысын жан-жақты бейнелейтiн теориялық портрет, ұлттың өзiндiк келбетi. Ол - жерінің табиғи ерекшелігі, экономикасы, ғылымы мен бiлiмi, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, өнерi мен мәдениетi, тарихи дәстүрлерi, тiлi, ойлау, тiптен антропологиялық ерекшелiктерiне дейін үйлесiмдi тұтастық тауып, адамзат қауымдастығы арасында «мынау осы ұлт» деп айшықтандыратын белгiлердiң, ғаламдық таным деңгейiндегi көрiнiсi.

Сонымен бiрге, ол - ұлттың өзiндiк санасының ғаламдық өлшемi. (Бұл жерде «ғаламдық» деген сөзді іліп алып, «біз ұлттық болмысты танытуда да өзгеге тәуелдіміз бе?» деген сұрақ қоятындар шығуы мүмкін. Жоқ, әрине. Әркім өз арманын өзі жүзеге асырады, өз келбетін өзі қалыптастырады. Тек олардың өлшемі мен өрiсi халықтар арақатынасында жатқанын мойындау қажет).

Егер әлемде тек бiр ғана ұлт өмiр сүрсе, онда оған «ұлттық идея» соншалықты қажет бола қоймас еді. Бiрақ әлем әртүрлi. Көп - аз, көне - жас ұлттар бар. Арлары бiрде - қату, бiрде - тату. Осы тұрғыда бiздiң «ұлттық идеямыз» тек бiзге ғана емес, ең алдымен, ғаламдасу дәуiрiне аяқ басқан әлемге қажет. Тіптен болмағанда, бiзбен ресми қатынастағы әрбiр мемлекетке қажет. Сол арқылы олар бізбен қарым-қатынастың сипатын анықтайды. Сондықтан жаһандануға жұтылып кетпеудің жалғыз амалы ретінде әрбір ұлт өзіндік келбетін айшықтап алуға ұмтылады. Ол ұмтылыс «ұлттық идея» аумағында жүзеге асады. «Ұлттық идея» ретiнде кез келген психологиялық, экономикалық, ғылыми-интеллектуалдық және басқа көптеген факторлар көрiне алады. Алайда, қалай болғанда да, одан халықтың өзiндiк болмыс-бейнесi қалайда мейлінше танылып тұруы шарт. Бұл - мемлекет тәуелсіздігін тұрақты етудің басты шарты және салмақты жүк.

Қазақстан халқының «ұлттық идеясы» қазақ халқының мүддесінен өрбуі тиіс екендігін ұлтшыл азаматтар үнемі айтып келеді. Бірақ біз, кейде, жеке күрескерлердің ұлт мәселесi аспектiлерінде мағынасы жағынан ұқсас, бiрақ бiр-бiрiне сәйкес келмейтiн ұғымдарды шатастыратынын байқап жүрміз. Олар: «ұлттық идея», «ұлттық идеология», және «ұлттық идеал» ұғымдары. Бiреулер «ұлттық идея» туралы айтпақ бола отырып, оны «идеология», «идеал» ұғымдарымен араластырып, біркелкі мағынада қолданады. Бұл - үлкен қателiк. Мысалы, «Ұлттық идеология» мемлекеттiң сыртқы және iшкi саясатының көрiнiсi. Оны билік жүзеге асырады. Бірақ ол идеологияны ұлттың қолдауы да, қолдамауы да мүмкiн. Кейбір жағдайда (тирания, диктатура, тотолитаризм т.т.) билік ұстанымы ұлт мақсатына кереғар болып та келеді. Сондықтан «ұлттық идеология» барлық жағдайда ұлт келбетінің анықтаушысы бола алмайды.

Ал «Ұлттық идеал» болса, өз атауынан көрініп тұрғандай - өмiрде жоқ нәрсе. Өйткенi, «ұлттық арманның» ең биік шоқтығы - тәуелсiздiкті мұрат ету болса, онда кез келген ұлт басқа, дамыған ұлттарды «идеал» ретiнде емес, әрі кетсе «үлгi аларлық ұлттар» деп қана таниды. Яғни, «идеал» - ұлттық болмыстан бастау алатын абстрактілі қоғам моделі. Оның түпнұсқасы, алтын бесігі, темірқазығы «Ұлттық идеяда» жатады. Мейлi, жеке адам, мейлi әлеуметтiк топ, қоғам болсын - олардың барлығы да өз «идеалымен» бiртұтас бiрiгуге ұмтылады. Бұл - табиғи нәрсе.

Мәселен, біз де ұзақ уақыт бойы коммунизм қиялымен алдандық. Ақыр соңында, небір қиыншылықтарды бастан өткере отырып, «идеалдан алшақ» қоғамда өмір сүріп отырғанымызға және оның ешқашан жүзеге аспайтынына көз жеткіздік. Осыған ұқсас ұмтылыс тәуелсіздікпен бірге бізде де қайта оянды. Бірақ бұл сенім «коммунизм» идеясына сүйеніп емес, таза прагматикалық негізде пайда болды.

Өйткені, бұл жолы сенімнің іске асуына қажетті барлық шарттар өз алақанымызда тұрды. Олар: тәуелсіздік, дербес экономика, мемлекеттілік, ұлтжанды билік, сауатты халық, мол қазба байлық, тіл, діл, дін және мәдениет еді. Бірақ аздаған уақыттан соң, осы тізбектегі маңызды шарттардың біразы ұлт мүддесінен айнып кеткендіктен - біз Идеалдағы қоғамға жақындаудан гөрі, одан алшақтай түскендейміз...

Нәтижесінде тәуелсіздік жағдайында болсақ та, тыныс тарыла түсті. Себебі, біз тiлiн мен дiлiн, мәдениеті мен дiнiн мансұқтап, басқа ұлттарды «идеал» санап, оларға айналуға тырысатын үлкендi-кiшiлi ұлттар жер бетiнде болмауы тиіс екендігін ескермедік. Біз үшін бәрі идеал болып көріне бастады...

Жалпы, «идеалға жету» дегеніміз тарихтың аяқталуын білдірсе де, ал тарих көшiндегі «идеал» мода секiлдi өткiншi нәрсе болса да - біздің санамызда (ақиқатында: ұлттық «элита» санасында) ұлттық болмысымызға жат «идеал» тез орнықты. Бұл - заңдылық болса керек, басқаша болуы мүмкін емес секілді. Себебі, әлжуаз болмысқа әруақытта «өзгнің қаңсығы - таңсық» болатыны әлімсақтан белгілі емес пе? Ең өкінішті жағдай осы! ...Дегенмен, көңілге медеу етерлік нәрсе бар: ол - өткiншi, болмысы бөтен нәрселердің ұлтпен бiрге мәңгi жасай алмайтындығы. Тек қана осы үміт ұлттық мәселеде бізді алға сүйреп келеді...

Тек «Ұлттық идея» ғана ұлтпен бiрге өмiрге келедi, ұлтпен бiрге өмiрден өтедi. Мысалы, «Ұлы көшпендiлер империясын» құрмақ болған «жоңғар идеясы» бiр-ақ түнде ұлтымен бiрге жойылғаны біздің зердемізде сақталған. Бұл тарихтағы орны толмайтын үлкен трагедия, әлеуметтік апат. Сол сияқты, неміс философы О.Шпенглер «Закат Европы» («Европаның өшуі» - Ә.Б.) атты еңбегінде «Европаның өзін-өзі туындататын мәдениеті аяқталды. Енді ол мәдениетте жасампаздық жоқ.

Тек қайталау ғана бар» деуі - ол ғасырларда еуропалықтардың да ұлттық идеясы күйзеліске ұшырай бастағанын айтқаны. Бірақ бұдан: «ұлттық идея күйзелісі - ұлт жойылуына әкеледі» деген қағида тумаса керек. Бұл ереже қазақ ұлтына қатысты да күшін жоймайды.

Тәуелсiздiктен кейiн біз ұлтымызды жаңа қырынан тани бастадық. Әуесқой әлемнің де қызығушылығы артуда. Ендеше, қазіргі әлемдiк ахуалды зерделей отырып: «бiз әлемге өзімізді қай қырымызбен танытуға тиіспіз?» деген сұрақты қоятын кез әлдеқашан жеткен. Ал ол сұрақтың болса, бір ғана жауабы бар: «Біз ұлттық құндылықтарымызды паш ету мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Сол мүмкіндікті қолдана отырып, қазақтың төл мәдениеті мен руханиятын жаңа белеске көтеру мүмкіндігіне де ие болып отырмыз» деген. Мұндай өрлеуге барлығымыз да мүдделіміз.

Біз осы уақытқа дейін біршама уақытты текке өткізіп алдық. Алдымен тәуелсіз еліміздің тәуелсіз билігі халықты жасампаз идея төңірегінде топтастырады деген үмітпен жүрдік. Одан кейін ондай идеяны еліміздің зиялы қауымы жасап, дайын күйінде халыққа ұсынады деп күттік. Олардың бірі де жүзеге асқан жоқ. Билікке - коррупция мұрша бермесе, ескі қалыптан шыға алмаған зиялы қауым ондай деңгейдегі рухани тұтастыққа жете алмады.

Сондықтан, қазіргі кезде «ұлттық идеяны» белгілі бір зиялы топ жасап шығады деп үміттенбеу керек. Қайсыбiр акедемиялық институттар, немесе керемет ғалымдар бұл идеяны жасамайды. Олар әрi кеткенде, ұлттық идеяның қалыптасу, түзiлу, құрылу т.с.с. жолдарын ғылыми негізде анықтап, оның тәсiлдерiн көрсетуі мүмкін. Одан арыға олардың да шамасы келмейді. Сондықтан, қазір ондай құндылықтардың қайнар көзі халықтың өзінде жатқандығы байқалуда. Халық қана ондай ұлы мұратты өмірге келтіреді, әрі, орындаушысы да өзі болады. Егер тарихты тоқтата тұруға ешкімнің шамасы келмейтіні рас болса, онда бұл - бәрібір, болмай қоймайтұғын құбылыс. Және де, ол құндылықтар қазіргі біз ойлап жүрген шамадан әлдеқайда кең, ауқымды, терең, қуатты, өміршең болып шығатыны анық. Бірақ, бәрібір, ол құндылықтар Батысты не Шығысты қайталау болмайды.

Өзіндік айшықты «қазақ құндылығы» болып қала береді. Сондықтан қазір бiзге өз тарихи құндылықтарымызды зерттеумен әрі жаңғыртумен қатар, қоғамтанушы ғалымдардан әлемде қазақ ұлты, мемлекетi туралы қалыптаса бастаған пiкiрлер мен көзқарастарды да зерттеп, назарда ұстап отыруы міндет. Тіптен, қазіргі жағдайда шұғыл түрде «Қазақтану» және «Қазақ тілін дамыту» институттарын ашу қажеттілігі пісіп жетілді десе болады.

Қазақ жерiнiң мол байлығын ұлт мүддесiне сай игеретiн де, қорғайтын да келешек ұрпақ. Бірақ «ол ұрпақ қандай идеямен келеді?» деген сұрақ бүгін қойылуы тиіс. Егер болашақта өзінің «ұлттық идеясын» ту етіп ұстаған, оны бүтін болмысымен қабылдаған ұрпақ өмірге келсе ғана, бүгінгі біздер «тарихи миссиямызды тарих алдында адал атқарып шыға алғандығымыз» туралы айтсақ болады.

Ол үшін:

Бiрiншiден, белгiсiз болып келген тарихи құндылықтарымызды шашау шығармай жинап алсақ, онда бұл жасалынып жатқан жұмыстар болашақта тамыр жаятын бәйтеректiң құнарлы топырағы болып шығады. Яғни, өзімізге қайта оралған тарихи мұралар сол «қасиеттi топырақтың» құрамы мен құнарын айқындап беретін болады.

Екiншiден, өзге дамыған ұлттар секілді өз ұлтымыздың «аяқталған портретiн», идеямыздың өзгермейтiн темiрқазығын, алтын дiңгегін табу қажет. Таба алмасақ ғаламдасу құрдымына судай сiңiп жоғаламыз. Осы жолда бүгінгі зиялы қауым, кейбiреулер ойлайтындай қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар табанды түрде тарихымызды қопарып, ішіндегі інжу-маржандарын шаң-тозаңнан тазартып - болашақтың негізін қалауда!

Үшіншіден, «Ұлттық идеяны» қалыптастыру жолында ірі қозғалыстар пайда болды. Олардың көпшілігі бүгінде халыққа танымал. Оларды бөле-жарғымыз келмейді, әрқайсысы өз мүмкіндігінше халыққа қызмет етуде. Мысалы, соңғы аптада «Ұлы дала» атты республикалық қозғалысы өмірге келді. «Ұлы даланың» мақсаты бүгінгі біз баяндап отырған мәселелермен толық үндес екендігіне құрылтайға қатысқандар күмәнданбас деп ойлаймын.

Яғни, осы факторлардың өзі-ақ «Ұлттық идея» стихиялы түзілу кезеңінен өтіп, енді бүкіл бұқаралық іске айналуға бет бұрғанын көрсетеді.

Енді, сөз соңында, жоғарыдағы уәдеге сай, қазіргі кезде «Ұлттық идеяның» түзілуіне детонатор ретінде қызмет ететін, оның тезірек пайда болуына бүкілхалықтық сипат беретін түйінді мәселелер тізімін беріп отырмыз. Мұндағы өзекті «дат» мәселелер - сарапшылардың аузында жүрген мәселелер. Біз оларды сұрыптап бердік. Әрине, тізімдегі кейбір мәселелер шешімін тапқан болар, немесе, айтылмай қалғандары бар шығар. Оны оқырман толықтырды деп үміттенеміз.

 

Әлеуметтік және мәдени-идеологиялық мәселелер

  • Ұлтаралық шиеленістің күшейуі;
  • Ұлттың өзіндік «менін» жоғалтуы;
  • Ұлттық идеология мен мәдениеттің әлсіреуі;
  • Қазақстанға тән емес діни ағымдардың ықпалының өсуі;
  • Қоғамның жіктелуі, кландануы;
  • Халықтың кедей тұрмыс жағдайы;
  • Орта таптың кедейленуі;
  • Халықтың саяси енжарлығы;
  • Элитаның (билік пен байлық иелерінің) жауапсыздығы мен өзімшілдігі;
  • Қоғамның архаикалануы (кері кетуі) - әсіресе ауылдық жерде;
  • Ішкі миграцияның реттелмеуі (ауылдардан қалаға лықсу, шағын елді мекендердің қаңырап бос қалуы);
  • Бала туу санының төмендеуі;
  • Тұрғындардың патерналистік (көмек күту) сезімінің жоғарылығы;
  • Қоғам айнасы - интеллегенцияның ролінің төмендеуі;
  • Рухани азғындау, моралдік тұрғыдан тозу;
  • Қоғамның криминалдануы.

Әкімшілік мәселелері

  • Басқарудың барлық деңгейіндегі тоқырау;
  • Билік әрекетінде ашықтықтың болмауы;
  • Сыбайластық пен жемқорлық, коррупция;
  • Адам құқының жеткілікті қорғалмауы;
  • Сот-құқық органдарының тәуелділігі, коррупциялануы;
  • Саяси жүйенің бір тұлғаның (президенттің) беделіне тәуелділігі;
  • Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы немқұрайлылық;
  • Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі қоғам мен мемлекеттің дамуына әділ баға беруден жалтару;
  • Қоғамдық пікірді ескермеу, онымен жұмыс істеу механизмдерінің жоқтығы;
  • Ақпарат ағымын бақылау және қорытындылау тәжірибесінің жоқтығы;
  • Шенеуніктердің біліктілігінің және кәсіби деңгейінің төмендігі.
  • Мемлекеттік бақылау мен реттеудің берекетсіздікке тап болуы;

Экономикалық мәселелер

  • Стратегиялық мақсаттар мен мемлекеттік бағдарламаларды олардың орындалу тетіктерімен (механизмдерімен) байланыстыра қараудың жоқтығы;
  • Экономикалық дамуда белгілі бір басым саланың айқындалмауы, жан-жақты сараланған экономикалық саясаттың болмауы;
  • Экономиканың шикізат экспортына негізделуі;
  • Экономикалық дамуды жобалайтын, болжайтын сараптамалық органның жоқтығы;
  • Шикізаттан басқа өндірістің (шағын және орта бизнес, кәсіпкерлік) дамымауы.

Сыртқы қауіп-қатерлер

  • Мемлекеттің қаржы жүйесінің әлсіреуі, шетелдік қаржылық интервенция;
  • Қытайдан төнетін қауіп;
  • Идеологиялық экспансияға жол ашу.

Басқа да мәселелер

  • Экологиялық;
  • Білім беру жүйесінің бей-берекеттігі;
  • Білікті мамандардың жетіспеуі.

 

P.S. «Ұлттық идея» сөреге қаттап тiзiп қоятын, том-том кiтаптар емес. «Ұлттық идея» - өмiрдiң өзi: адамзат қауымдастығы арасында өз мемлекетінде қазақша ойлап, қазақша тұрып, қуана-қуана қазақша өмiр сүрiп жатқан, ұрпағын қазақи ділімен тәрбиелеп, осы келбетiмен әлемге өзiн танытып жатқан ұлт. Қазақ ұлты мен қазақтар құрып отырған мемлекет!

 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

Философ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 36 (119) 26 қазан 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563