Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5359 0 пікір 28 Қазан, 2011 сағат 05:05

Сайлау Байбосын. Жарылғапбердінің де жағасына қол салдық немесе «Шама» кімнің әні?

Арқаның дәстүрлі ән мектебінің айтулы өкілінің бірі - Жарылғапберді Жұмабайұлы. «Әнді ерттеп, күйді мінген» дейтін жампоздың нақ өзі. Заманында әнші Жарылғап, балуан Жарылғап атанған. Әнші болғанда ауыл арасының жайдақтай салатын жаман-жұман айғайшысы емес, асқақтатып көтергенде аспандағы құс қайырылған ғаламат дауыс иесі болған өнерпаз. Екі әншінің бірі батылы барып сала бермейтін «Ардақ» «Шама», «Топайкөк» секілді қайталанбас әндердің шығарушысы. Жасы жер ортасынан асқан шағында Мекеге барып, қажылық міндетін орындап, хақ жолына бет бұрыпты. Сүйегі қазір Баянауланың Күркелі өңіріндегі Жарылғап қорасы деген жерде жатыр. Ана бір жылдары басына шағын тас орнатылып, темір қоршау қойылған екен. Дегенмен мұнда аты-жөні (Жұмағұлұлы деп жазылған) мен туған жылы (1838) жаңсақ көрсетіліпті. Ал нақты туған, өлген уақыты: 1851-1914 ж.ж.

Арқаның дәстүрлі ән мектебінің айтулы өкілінің бірі - Жарылғапберді Жұмабайұлы. «Әнді ерттеп, күйді мінген» дейтін жампоздың нақ өзі. Заманында әнші Жарылғап, балуан Жарылғап атанған. Әнші болғанда ауыл арасының жайдақтай салатын жаман-жұман айғайшысы емес, асқақтатып көтергенде аспандағы құс қайырылған ғаламат дауыс иесі болған өнерпаз. Екі әншінің бірі батылы барып сала бермейтін «Ардақ» «Шама», «Топайкөк» секілді қайталанбас әндердің шығарушысы. Жасы жер ортасынан асқан шағында Мекеге барып, қажылық міндетін орындап, хақ жолына бет бұрыпты. Сүйегі қазір Баянауланың Күркелі өңіріндегі Жарылғап қорасы деген жерде жатыр. Ана бір жылдары басына шағын тас орнатылып, темір қоршау қойылған екен. Дегенмен мұнда аты-жөні (Жұмағұлұлы деп жазылған) мен туған жылы (1838) жаңсақ көрсетіліпті. Ал нақты туған, өлген уақыты: 1851-1914 ж.ж.

Жарылғапбердіні ауызға алып отырған себебіміз, әнші-композитордың туғанына биыл 160 жыл толып отыр. Өкінішке орай, әлде жергілікті атқару орындарының есіне салатын іздеушісі болмады ма, әлде «осыны не қалайық» деді ме, екі адамның бірінің басына тас орынатып, жақсы-жаманының бәріне ас беріп жатқан Баян елі Жарылғапберді секілді біртуар ұлын ұмытып кеткені айтар ауызға ұят шаруа. Кезінде Ғаббас Айтбаевтың орындауындағы Жарылғапбердінің «Ардағы» жайлы А.Затаевич: «Ғаббастың «Ардағы» -поэзияның өзі, қиялыңды шарықтататын жазғы кештің, айдың сәулесінің, ақыл жетпестей сахара тыныштығының поэзиясы», - деген екен.

Міне, «Ардақ» секілді ән арғымағын тударған Жарылғапбердінің басы айдалада осылай ескерусіз жатыр.

Жарылғапберді Жұмабайұлын еске алуымыздың екінші бір себебі, кейінгі уақытта әншінің әруағын орынсыз мазалап, соңында қалған мұраларына көз алартушылар көбейіп барады. Сондықтан осы жөнінде де бірер ауыз сөз қосқанды жөн көрдік.

Биылғы жылы «Алаш айнасы» газетінде бұған дейін Жарылғапбердінікі делініп келген белгілі «Шама» әні Қанжығалы Шама Нұрұлынікі екен деген мақала жарияланды.(авторы Ж.Жұмакүлбай).

« P.S. Сүйіктісі Сәулеге арнап бір ғана «Шама» әнін көкірегінен ұшырған Шама Нұрұлының әніне қиянат жасау - өнерге қиянат жасау. Қаншама зерттеу мен айқын дәлелдердің арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылы топтастырылған «Қазақтың 1000 әні» антологиясында «Шаманың әні» өз авторына қайтарылды»,-делініпті мақаланың соңында.

Бәле, дедік. Бұндай әңгімені бұрын да құлағымыз шалып жүретін. Және соған қатысты жазылған пікірлерді де әр жерден оқып, байқағанбыз. Түсінгеніміз, белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақанов та, «Баянауланың дәстүрлі ән өнері» атты кітап жазған қарағандылық әнші, зерттеуші Ерлан Төлеутай секілді адамдар бұл ән ешбір дау-дамайсыз Шама Нұрұлінікі деген сөз айтпайды. Ілекең тіпті бұл ән Көкшетау, Қызылжар өңірінде туып, оны Баян жағына Жарылғапберді әкелуі мүмкін деген пікір білдіреді. «Шама» туралы жан-жақты зерттеп, көптеген адамдардың аталмыш ән жайлы естелік әңгімелерін мысалға тартқан Ерлан Төлеутай да бір тоқтамға келмепті.

Әнге қатысты жазылған мақалаларды оқи отырып, «Шаманың» Шама Нұрұлына телінуіне марқұм Ғалымжан Мұқатовтың «Шама» әні қалай туған?» атты мақаласы себеп болғанын байқаймыз. Осы мақаладан бір үзік: «Қалидің өзі: «Мақтанғаным емес, оны мына мен ғана айтып бере аламын. Басқаның ешқайсысынан көкейіне қонақтар дерек таба алмайсың... XIX ғасырдың екінші жартысында ереймендік Шама, кейін Ақкөлдегі Естай өнер шыңына қырандай түлеп ұшқан. Өз тұсында құнарлы дарынымен елге танылған, есімі Арқадағы әйгілі композиторлармен қатар аталатын сол Қанжығалы Шаманың өз аузынан бұл әнді алтыбақан түбінде ұғып алған Жарылқапбердіні мен 18 жасымнан ұстазым деймін», - дейді. Шамадан ән алған - Жарылқапберді, одан үйренген Қалидің бұл сөзіне қалай сенбейсің?!».

Ерлан Төлеутай осы әңгіме жөнінде төмендегідей пікір білдіреді: «...бұл деректерде кереғарлық бар, Қали «ХІХ  ғасырдың екінші жартысында» деп қазіргі тарихшылар құсап сөйлемесе керек, екіншіден, Қалидың өз аузынан жазып алынған деректерде Қали Жарылғапбердіге 13 жасымнан шәкірт болдым деген».

Ерлан Төлеутай өзінің «Шама» әні жайлы зерттеуінде Жүніс Шаймерденов атты әншінің жазып қалдырған естелігін де мысал етеді. Ол кісі аталмыш әңгімені Қали әншінің өз аузынан естіп едім деп жазыпты. Ұзынырғасы былай: 1934 жылы Қарағанды радиосында әнші болып жүрген Қали Байжанов концерттік сапармен ел ішіне шығып, Ерейментау өңіріне барады. Сол жақта бір ақсақал адам алдарынан шығып қарсы алып, мейман етіп, өзін Шама әншінің інісі едім деп таныстырыпты. Және мынадай әңгіме айтады: «Сіз айтып жүрген «Шама» менің туған ағам, менен үш жас үлкен еді. Жалындаған Шама әнші 18 жасында дүниеден қайтты. Атақты Баянаулада әннің туын тіккен Жарылғапберді менің ағаммен Боқырау, Қоянды  жәрмеңкелерінде бірге ән салып, жолдас болған екен. Әуелі баста осы   «Шама» деген әнді біздің ағай бала жігіт күнінде ойын-той, жиын-топта орындап, содан халық арасына кеңінен тарап кетсе керек».

Көріп отсыздар, Шама әнші 18 жыл ғана жасаған екен. Інісімін деген ақсақал «бала жігіт күнінде» дейді. Он сегізінде қайтыс болған адам туралы «бала жігіт күнінде айтушы еді» деген сөз жасандылау сияқты естіледі. Себебі, он сегіздің өзі бала жігіт жасы. Егер бұл сөз қартайып барып қайтқан адам турасында айтылса, бір басқа.  Және он сегізге толмаған жас жігіт «Шама» секілді күрделі әнді шығарды дегенге сену де  қиын.

Енді Ерлан Төлеутайды тыңдалық: «Бізге түсініксіз бір жайт, Шаманың небәрі 18 жасында қайтыс болғандығы. 1934 жылы өзін Қалиға Шаманың інісімін деп таныстырған ақсақал: «Шама менен үш жас үлкен еді» дейді. Сонда әнші 1841 жылы туған болып шығады. Ол кісі 18 жаста қайтыс болса, онда өлген жылы 1859 жыл деген сөз. Бұл кезде Шамаға шәкірт болып Қоянды жәрмеңкесінде жүрді дейтін Жарылғапберді 8-9-ақ жаста. Сонда қалай болғаны?».

Ж.Жұмакүлбай өз мақаласында Ғ.Мұқатовтовтан мынадай дерек келтіреді: «Суырыпсалма ақын, әнші, сері Шама бірде біздің Ақиректегі Қаржас руына келіп, Күлік ауылындағы әңгімешіл, сауықшыл байдың үйіне қонады. Бейтаныс әншіні үй иесі ағынан жарыла құрметтеп, оның өнерін өзінің ару қызы Сәулеге дарытсам деп ынтығады. Ал Сәуле болса оған іштей ғашық. Ауылда аңду көбейді. Қызға тежеу, жігітке тор құрылған. Шама тұлпар күреңімен бейуақытта қалай келсе де, қалыңдығын кездестіре алмай қиналады. Тек жаны ашыған жырынды жастардың көмегімен қотаннан оңашарақ алтыбақан басында жүздесіпті».

Біріншіден, Баян өңірінің сырт бетін қоныстанған Қаржас өз алдына бір рулы ел. Күлік деген жеке бір тайпа, Баянауланың оңтүстік-шығыс бетін жайлайды. Яғни, жазған адам Баян елінің жер жағдайын, жай-жапсарын біле қоймайтыны көрініп тұр. Екіншіден, «тұлпар күреңмен» деген аңызға тән әсірелеу, деректі әңгімеге жараса бермейтін сөз. Ертегінің үзіндісі секілді әсер қалдырады...

Енді Шама Нұрұлы кім дегенге келейік. Мен Ереймен өңірінде туып-өсіп, сол жақтың өткен-кеткенінен, ру шежіресінен әжептәуір хабары бар адаммын. Бір қызығы, қанша жыл шежіре деректерін ақтара жүріп, Шама Нұрұлы деген адам атын кездестіре алмадым. Тіпті бірер мәрте әдейілеп іздестіргенім де бар. Екіншіден, «Шама» секілді ән тудырған адам болса, оның есімі ел ішінде ұмытылып кетуі мүмкін емес. (Өнерпаздың бұдан басқа «Аққайың» атты әні болғандығы айтылады). Үшіншіден, кезінде ауыз әдебиеті үлгілері мен шежіре деректерін  көп жинаған Ғалымжан Мұқатовтың соңында қалған мұрасы жинақталып, ана жылы «Абыздар мен ақындар» деген атпен жеке кітап болып шықты. Бірақ бұнда да Шама есімі аталмайды. Тіпті Қанжығалы шежіресін бір кісідей жинаған Ғалымжан Мұқатов Шама Нұрұлы секілді біртуар адамды бөліп-жара көрсетіп, қай ру, қай атадан шығатынын анықтап жазып кетер еді. Аталмыш кітапта Ғалекең Қанжығалы руынан шыққан, бұл күнде есімдері ел жадынан өшуге айналған талай адамның аттарын атайды.  Мысалы, Бөгенбай табынан шыққан Жаһуда Құлболдыұлы, Қылшар-Сәбит Сәтбайұлы, Аққозы-Боранбай Қуат Арабданұлы, Қоскелді Досан ақын, Жолымбет-Атқыбай ақын секілді талай жүйріктердің есімдері жүр. Бірақ Шама Нұрұлы жайлы бір ауыз сөз жоқ.

Шама Нұрұлы жайлы сөз қозғаған  адамдардың деректеріне сенсек, ол  ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген екен. Бұл кезең Ерейментауағы Саққұлақ-Нұралы дәуірі дейміз. Ана бір жылы Саққұлақ бидің естелік-деректері өзінің немересі, филилогия ғылымдарының кандидаты болған Тұрсынбай Ерғалиевтың  (марқұм) өңдеуімен «Өмір шежіресі» деген атаумен кітап болып басылып шықты. Бұнда да талай адамдардың аттары аталады, бірақ Шама Нұрұлы жоқ. Егер сол кезде өмір сүрсе, ол туралы Қанжығалы еліндегі аузы дуалы адамдардың айтпауы мүмкін емес еді.

Өкінішке қарай, «Қазақтың 1000 әні» жинағы біздің қолымызда болмағасын, Шама жайлы қандай анықтама берілгенін біле алмай отырмыз. Дегенмен осындай кітапқа кіргесін, өнерпаздың туған, өскен ортасы, ата тегі, туған, өлген жылдары жайлы деректер берілуі керек қой. Не жазды екен деп ойладық.

«Алаш айнасындағы» аталмыш мақаланы оқығасын, біраз дүниелерді біз де ақтарып, бірақ Ж.Жұмакүлбай айтқандай Шама Нұрұлы жайлы жасалған «қаншама зерттеулер мен айқын дәлелдерді» кездестіре алмадық. Егер өнер зертеушісі Зейнұр Қоспақовтың дәлелі десек, ол Ғ.Мұқатов мақаласына сүйенген сияқты. Ал, ол мақаланың дүдамалдау тұстары көп екенін айттық. Екіншісіден, Қ. Байжанов дерегі және оны Ереймен жерінде қарсы алған ақсақалдың сөзі. Бұл деректерде де қайшылық бар екені көрер көзге байқалып тұр.

Тағы бір айтарлығы, Ғ.Мұқатов өз мақаласында жазғандай, «Шаманың» ғашықтықтан туған лирикалық әнге табиғаты келе бермейді. Оны да ескеруіміз керек сияқты. Және осыған Жарылғапберді, Қалилардың көзін көрген баянауылдық әнші Бисмилла Балабековтың естелігін мысал еткен Е. Төлеутайдың мына бір дерегі дәлел: «...Жарылғапберді «Шаманы» іс машинасына арнап  бір жылдың ішінде  шығарған. Бұл кезде қазақ даласында капиталистік қатынастар орнай бастаған себепті,  қазақ қоғамы да техникалық прогрестің лебін сезе бастады.  Таңсық нәрсеге ең әуелі ақындар өлең арнап, таңданысын білдіретін әдеті.  Әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында отарба мен телеграфқа арналған өлеңдер, әндер, жұмбақтар қазақ өнерпаздарының шығармашылығында жиі кездеседі. (Біржан сал, Құрманғазы, Ыбырай Алтынсарин, Ысқақбай, Манарбек Ержанов т.б.). «Шама» әні де осы үрдістің «кебін» киген сияқты. Олай деуімізге себеп: аталмыш әннің музыкалық ерекшелігі. Әннің жалпы құрылым түзісінің, формасының бөлектігі».

Сонымен, біздің мақсатымыз, әннің қайткен күнде Жарылғапбердінікі екенін дәлелдеу емес. Керісінше, кез келген адамның халықтың мәдени мұрасына, ән қазынасына орынсыз қол сұғып, тұрлаусыз төрелік айтуына тосқауыл қою. Баспасөз бетінде ойланбай жазылған он ауыз сөзді ой мен қырдағы ел түгел оқиды. Оқиды да, сенеді. Сосын бітпейтін дау-дамай туады. Егер ән Шама Нұрұлынікі екенін дәлелдейтін бұлтартпас дәлелдер болса, осы мақала да жазылмас еді. Бірақ ондай деректер болмай тұр. Дегенмен, дәлелді пікір айтатын адам болса, тыңдар едік.

«Абай-ақпарат»

0 пікір