Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3477 0 пікір 27 Қазан, 2011 сағат 05:51

Қуандық Шамахайұлы. Жаңа экономика ескі сүрлеуге көнбейді

Интернет қызметтерін тұтыну қажеттілігі артумен қатар компьютер, теле-қатынас  технологиясы адамдардардың күнделікті өміріне дендеп енген жаңа ғасырда  өркениетті экономика бүкіләлемде бұрынғыдан мүлде өзгеше бағытта дамуға көшті. Мұны батыс ғалымдары білімге негізделген жаңа экономика деп те атап жүр.  Жаһанданудың арқасында бүгінгі таңда білімге негізделген экономика өркениетті ірі мемлекеттерге ғана емес, дамушы елдерге де ене бастады. Үндістан, Қытай, Ресей, Бразилия секілді әлем экономикасында айтарлықтай орны бар  ірі ойыншылардың ықпалы артып, дәстүрлі экономика ығыстырыла бастағандығына сала сарапшылары ерекше назар аударып отыр.

Әрине, жаңа экономиканы дамытуда мемлекеттік саясаттың алар орны айтарлықтай болса керек. Ресми билік, заң шығарушы органдар дәл қандай мәселеге басымдық беретіндігін айқындаумен қатар ұлттық және аймақаралық экономикалық байланыс құруды белгілемек.  Ең бастысы, аталмыш сала бойынша білімді белгілеу, оны елге бейімдеу, қолдану, білім қорын жасау, одан жаңасын ашу екендігін әлем ғалымдары үнемі алға тартып келеді.

Интернет қызметтерін тұтыну қажеттілігі артумен қатар компьютер, теле-қатынас  технологиясы адамдардардың күнделікті өміріне дендеп енген жаңа ғасырда  өркениетті экономика бүкіләлемде бұрынғыдан мүлде өзгеше бағытта дамуға көшті. Мұны батыс ғалымдары білімге негізделген жаңа экономика деп те атап жүр.  Жаһанданудың арқасында бүгінгі таңда білімге негізделген экономика өркениетті ірі мемлекеттерге ғана емес, дамушы елдерге де ене бастады. Үндістан, Қытай, Ресей, Бразилия секілді әлем экономикасында айтарлықтай орны бар  ірі ойыншылардың ықпалы артып, дәстүрлі экономика ығыстырыла бастағандығына сала сарапшылары ерекше назар аударып отыр.

Әрине, жаңа экономиканы дамытуда мемлекеттік саясаттың алар орны айтарлықтай болса керек. Ресми билік, заң шығарушы органдар дәл қандай мәселеге басымдық беретіндігін айқындаумен қатар ұлттық және аймақаралық экономикалық байланыс құруды белгілемек.  Ең бастысы, аталмыш сала бойынша білімді белгілеу, оны елге бейімдеу, қолдану, білім қорын жасау, одан жаңасын ашу екендігін әлем ғалымдары үнемі алға тартып келеді.

Расында, әр ел экономикалық негізгі салаларында жаңа білімнің игіліктерін пайдалана отырып, тиімділікті арттыруға және мамандардың біліктіліктері мен қабілеттіліктерін жетілдіруге тырысулары заңды құбылыс. Әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, ең алдымен дүниежүзілік экономика ұлттық экономикамызға қалай ықпал етіп отырғаны және жаңа білімнің еліміздің дамуына нендей рөл атқаратындығы қарастырылуға тиіс. Негізі, білімге негізделген экономика үшін басты рөл атқаратын дүние өнеркәсіп кластерін құру мәселесі көрінеді. Бұл дегеніміз, белгілі бір аймақтардың өзара ұқсас әрі бір-біріне мүдделі кәсіпорындар мен фирмалар құрып, бірлесіп өнім жасауы. Аймақтардың дамуы ұлттық экономика үшін бірін бірі толықтыратын маңыздылығы арқылы өсімінің нәтижесінде аймақтың ғана емес жалпы ел тұрғындарының әлеуметтік өмірінің сапасына елеулі өзгерістер әкеледі екен. Экономикалық дамуға білім мен біліктіліктің қосатын үлесі өскен соң мемлекеттік саясатты да жаңаша белгілеуге тура келмек.

XXI ғасырдағы бәсекелестіктің өзі өткен ғасырдағыдан мүлде өзге сипатта көрініс табады екен. XX ғасырда негізгі бәсеке - экономикалық өсуде, елдің дамуында, ұлттық  деңгейдегі орталықтандырылған рынокте, өнеркәсіп аясында қарқын алды. Технологиялық өзгерістер, электрлендіру, әуе тасымалы, арзан телефон байланысы, қуатты компьютерлер өткен ғасыр экономикасына аса ықпалды факторлар болды. Ал, XXI ғасырда аталмыш факторлардың кейбір ықпалдары сақталғанымен бұрын-соңды кездеспеген тың көріністер де пайда болуда. Білімге негізделген жаңа экономикаға ауысқанда ең алдымен ресми билік үшін көптеген сынақтардан өтуге тура келетіні белгілі. Әлемдік деңгейдегі экономикалық бәсекеде елінің түзе бүгіп қалмауына септесу, бизнес тиімділігін арттыра түсу басты назарда болмақ. Бұл жерде ішкі нарықта ұстанған байырғы саясат жүрмейді. Дүниежізілік рынок пен экономикадағы бәсекенің сапасын танып, соған үйлесім табатын жаңаша ойлайтын қабілет талап етіледі. XX ғасыр бойы әлем экономикасында АҚШ қана басты ойыншы болса, енді миллиардтаған тұрғыны бар Үндістан, Қытай сынды қарқынды дамыған елдер дүниежүзін дүбірлете бастады. Әсіресе, Қытайдың қарқыны тіпті қатты. Олар аймақтық қана емес, әлемге ықпалын арттыра бастады. Бір кездері азуын айға білеген АҚШ-тың бәсекелестері  Батыс Еуропа елдері мен  Жапония ғана болса, енді  дамушы елдердің өзі экспорттық өсімі бойынша оларды қуып жетті. «Жыланды жеті кертсең де кесірткелік қауқары бар» дегендей Америка әлі күнге дейін кейбір өндірістік салада халықаралық аренада көшбасшы болғанымен автомашина, болат өндіру, банк саласы, химия өнеркәсібі, тоқыма өнімдерін жасау жағынан келгенде әлемдік рыноктағы орнынан әлдеқашан айырылып қалған.

Әлемде еркін сауда келісім шарттарының көптеп жасалуы аталмыш саланы либералдандырды. Дамушы елдердің жоғары өркениетті ірі державалармен тең дәрежеде сауда-саттық жасауына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, экспортты ынталандырды. Нәтижесінде, өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына ықпал етіп, жұмыс орындары көбейді, тұрғындардың тұрмыстық сапасына елеулі түрде игі әсер етті.

Технологиядағы түрлі прогрестер экономиканы өзге бағытқа бұрумен ғана шектелмеді. Оның базалық теориясын да өзгертті деуге болады. Тіпті шындығын айтқанда, жүріліп жатқан үрдісті экономистердің өзі халыққа толықтай түсіндіруге үлгеріп жатқан жоқ.  Жаңа көріністердің өмірге дереу дендеп еніп, теориялық түсіндірмесіз-ақ сіңіп кетіп жатқандығына жұрттың еті үйрене бастаған сыңайлы. «Өсу мен жетілудің жаңа теориясы» деп аталатын салыстырмалы түрде тың ойлар айтқан ғылыми жаңалықтың тобықтай түйіні - «экономикалық өсімді қамтамасыз етуші басты фактор білім болып табылады» дегенге ғана тоқтаған.  Саланы зерттеуші-ғалым, профессор Пол Ромердің тапқан аталмыш жаңа теориясы бойынша білімге негізделген экономиканың жасаған байлығы әл-аухат қуаттылығын ұзақ сақтай алады.  Дәстүрлі экономика теориясына келсек, капиталдың, еңбектің нәтижесінде пайда келеді, белгілі бір кезеңнен соң ол төмендейді. Технологиялық жаңартулардың арқасында ғана пайданы тұрақты ұстап тұруға болады.

Ал, енді жаңа экономикалық теория бойынша білім пайданы жоғалтпайды, керісінше, өсіре түседі. Жоғары технологиялық өндіріс үшін терең білімнің орны айтарлықтай екендігін Microsoft мысалынан көруге болады. Оның бағдарламалық қамтамасыз ету үрдісінің үстемелік өндіру шығыны нөлге тең болғанымен табатын пайдасы шашетектен. Білімге негізделген экономика деп отырғанымыздың өзі айналып келгенде осы тақылаттес дүние. Қысқасы, саусақтың ұшын ғана қимылдатасың да қыруар ақша табасың. Білім арқылы жасалған «өнім» сол күйінде рынокке шығарылмауы мүмкін. Бірақ, соның арқасында технология жаңарады, тың идеялар пайда болады, соны сатумен мол байлыққа кенеледі. Тұрмыстық деңгейді сатылап көтере берудің амалы - жинаған дәулет пен шытырлаған ақша емес. Керісінше, жаңа туынды, тың технология, жұмыстың жаңа тәсілі, прогреске жетелейтін идея болмақ.

Жалпы экономикалық жүйеде ұзақ мерзімдік білім қоры, біліктілікпен  басқарылатын өндіріс, капитал ресурстары мен инвестиция, тұтыну нарығы, жұмыс күші және оның еңбек өнімділігінің өзара ықпалы аса маңызды. Себебі, осының өзі-ақ жаңа экономиканың даму қарқынын күшейтудің кілті болмақ.  Әрине, осыны сезініп, елінің дамуын жеделдету ең алдымен мемлекетті басқарушылар мен саясатты анықтаушылардың қолында екені айдан анық. Дегенмен негізгі тетікті жоғары деңгейде сапалы білім алған, қарым-қабілеттері мол азаматтар ұстайды. Өсу мен өрлеуді қамтамасыз ететін басты құрал білім мен біліктілік болып алға шығатындықтан оған деген құрмет пен ілтипат та мейлінше арта түсуге тиіс.

Білімнің сарқылмас кәусар бұлағы ғана алға жылжудың сенімді күші ретінде пайдаланылуға тиіс. Жаңа экономика теориясының басты мәселесінің өзі айналып келгенде, капитал мен еңбектен гөрі жаңа технологияны тұрақты дамып өсудің қозғаушы күші деп санайтындығында. Тың идеяны адам баласы байытуға, көптің игілігіне таратуға толық мүмкіндігі бар немесе өз қажеттілігіне сәйкестіріп пайдалануы да мүмкін.

Қысқасы, тың идеяны пайдалану мүмкіндігіне келсек, адамның ақыл-ойы мұхиттай терең әрі шексіз. Одан не бір керемет ғажайып ойлар тууы бек мүмкін. Сондықтан, ең алдымен елдің гүлденіп дамуына тың ойдан, білімнен  туған өнімнің аса өзекті екенін түсінуге тиіспіз. Капиталды жина, жердің асты-үстін қопар, бәрі де ақша табуға жарап қалар. Алайда, білімнің арқасында технологиялық прогреске дем беретін даму қарқын мен өмір сапасын жетілдіретін серпін бере алмаса оның бәрі өлі байлық емей немене.

Осыдан жүз жыл бұрын бізде мың жылқы, бесмың қой айдаған адам, Батыс әлемінде бірнеше кен орындарына қожайындық еткен өндіріс иелері байлар қатарына жатқызылған шығар. Ал, бүгін мүлде басқаша. Оқығаны мен тоқығанын ұштастыра алатын, алпауыт күшке бағынбайтын дүниені бір түймені басып қана жөнге келтіретін тың технологияны ойлап табатын қабілетті адам ғана ең бай.  Адам еңбегін жеңілдету, мыңдаған адамның атқаратын жұмысын бір ғана машинамен бітіретін әдісті табу - білімге негізделген  экономиканың басты мәселесі.

Білімнің арқасында пайда болған экономикалық өсу - сұраныс пен ұсыныстың үйлесімі ғана емес, эволюциялық жүйенің өркен жаюы. Экономикалық дамуға үлесін қосатын фирмалар, кәсіпкерлер тұтынушылардың ыңғайына қарай және экономикалық дамудың өзі биологиялық эволюция жолымен өседі дейді, ғалымдар. Дәстүрлі экономикамен салыстырғанда оның өзгешелігі оралымды әрі өзгеруге бейім тұратын қабілеттілігінде. ХІХ ғасырдың соңында Алфред Маршалл экономиканы тепе-теңдікке ойысқан тұрақты жүйе деп анықтады. Белгілі бір тауар мен қызмет түріне зәрушілік пайда болғанда баға өседі, оны түсірудің тетігі өндіріс көлемін арттыру, қызмет түрлерін көбейту.

Ал, Жозеф Шумпитер экономикалық өзгерісті басқаша қырынан таныды. Кәсіпорын иелері пайданы арттыру үшін жаңа идеялар табуға, инновациялық ізденістерге барулары керек. Ол үшін жаңа тәсілдер мен тың технологияны пайдаланған абзал. Жаңа өнім жасаудың нәтижесінде бизнесті  монополияға айналдырып, уақытша болса да пайдалы жұмыс істеуге мүмкіндік туады.  Бәсекелесі жаңа өнім өндіріп, нарықтан ығыстырғанша пайдасын түгендейді. Мұның өзі айналып келгенде, «бұрын шыққан құлақтан соңғы шыққан мүйіздің озып», артық тетікті, жаңа өнімді, жетілдірілген сапаны әкелуге қолайлы фактор болады. Экономикалық өзгеріс монополия құру, пайда табу мотивтен туса да жаңаша ойлауға түрткі болатындығымен ерекшеленеді.  Жаңа технология ескіні ысырып, тиімсіз өндірісті аренадан әкетеді.

Білімге негізделген экономиканың өзіндік ойын ережесі бар. Бизнесте табысқа жетем десең, тәуекелге бар.  Жаңа тәсіл табу үшін ескіні таста. Олай жасамасаң, өзгелер сенің алдыңды орап кетеді. Неғұрлы тезірек мол пайда табам десең, соғұрлы жаңа технология тап. Өзіңнің осал тұстарыңды да біл. Іскер адамдардың қабілетін ешбір технологияның алмасатыра алмайтындығын да ескеруге тиіспіз. Оларсыз экономика алға жылжымайды. Тәртіпті білмейтін, заңды сыйламайтын, жемқорлық жайлаған елде шығармашылық ойлауға, тың идеяны жүзеге асыруға әрдайым жол жабық. Жаңа экономикада карьера да жасай алмайсың. Тіпті ондай жүйенің өзі жоқ.

Жаңа бизнес пайда болған тұста кейбір саланың аясы кеңейсе, енді бірі құрыдымға кетеді. Пол Ромердің пайымдауынша, тозығы жеткен ескі технологияны жаңамен алмастырғанда жұмыс орындарының қысқаруы заңды көрініс. Мұндай құрбандықсыз жаңа жетістік жасалмаса керек. Жаңа білімді жасау үрдісіндегі менеджмент, біліктілік ресурстары макро және белгілі бір ұйымның деңгейіндегі дамудың бәріне бірдей шешуші міндет атқарады.

Білімге негізделген экономикаға ауысудың арқасында тиімді әрі пайдалы іс атқаратындар ғана нарықта қалады. Көзбояушылар, қабілетсіздер өз жөндерін таппақ.  Қалай десек те XXI ғасыр технологиясы өз нарығына сай келетін өндірістің жаңа үлгісін өмірге әкелді.  Әлемдегі үздік фирма- компаниялар өндірістің жаңа үлгісін таңдап, кешенді сапалы менеджментке, тиімді өндіріс пен инновацияға негізделген қызметтті таңдай бастады. Іскерлікті ұйымдастыру жаңа жүйесінің басты ерекшелігі - нарықтағы өзгерістерді үнемі терең сезініп, соған үйлесіп, жұмыстың тәсілі мен технологиясын үнемі жетілдіріп отыру болмақ.

Сонымен қатар менеджментін жаңартып, өндіріс барысын жетілдіріп, компьютерлік, байланыстық салаға құйылатын қаржының көлемін ұлғайтты.  Жалпы жаңаны игеру дегеннің өзі оқу, білу сынды тұрақты іскерліктен тұратыны белгілі. Ғылыми жетістіктерді дер кезінде іскерлікпен пайдалана білу, өзгенің ашқан жаңалығын өз елінің жағдайына сәйкестіріп, пайдану білімге негізделген экономиканың ең бір тиімді тәсілі ретінде қарастырылуда. Шикі зат пен табиғи байлықтың көптігі дамуға негіз болады дейтін дәстүрлі ұғым қазіргі таңда ескіріп барады. Бұрын оның ықпалы басым болған да шығар.

Қазіргі таңда жаңа заманға сай транспорт, байланыс саласы қарқынды дамығандықтан бизнестің  логистикалық қажеттілігі барлық жерде толығымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік туған.  Инфрақұрылымдар жетілгендіктен көп қиындықтар жеңілдетілді. Есесіне, ірі компаниялар үшін адам ресурстары, кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі өткір проблемаға айналып отыр.

Әлемде білімге негізделген экономика қарқын ала бастаған тұста фирма-компаниялар бәсекелестік қабілеттерін сақтап қалу үшін өз бизнестерін кластерлік үлгімен жүргізуге тура келді.  Себебі, өнеркәсіпті кластерлік үлгімен дамудың артықшылығы бәсекелестікке қабілеттілікті арттырады және  бірлесіп жұмыс істеудің арқасында өндірістік шығынды мейлінше азайтады. Осылайша, жоғары технологиялық өндірістің орталықтандырылып, кластерлік ұйымдастырудың қолға алынуы ақша мен дәулеттен гөрі білім мен біліктілікке табынудың қажеттілігін алға шығарды. Ал, біз болсақ, әлі көштен қалып бара жатқандай күйдеміз. Ең сорақысы, кейбір маңызды салалардың «Орта ғасырдан» да ауып түсіп, «Сақ дәуіріне» қарай сырғып бара жатқаны қатты алаңдатады.

«Абай-ақпарат»

0 пікір