Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2650 0 пікір 26 Қазан, 2011 сағат 05:20

Әміржан Қосанов. Елдіктің есігіндегі Еуразия елесі

1991 жыл. Кеңес Одағының шатқалақтап тұрған кезі. Балтық жағалауының елдері 70-жылдық бодандықтан өз бетімен құтылып, егемендігін әп-сәтте жариялап жіберді. Тәуелсіздіктер парадының тоқтай қоймасын сезген КСРО президенті Михаил Горбачев Кеңес Одағының болашағын анықтайтын заң жобасын ұсынды. Талқылау басталды. Алматыдағы Медеу ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде мен де сол жобаны оқып, Горбачевтің жобасына қарсылық білдіріп, мақала жаздым. Оны сол кездегі «Азат» атты (Батырхан Дәрімбет басқарған) ең танымал тәуелсіз газеті бір бет етіп басып та жіберді. Мақаланың аты – «Егемендікті елемегендік» болатын...

Міне, содан бері 20 жыл өтіпті. Көп өзгеріс болды. Бірақ та, өкінішке орай, тағы да осы іспеттес мақала жазуға мәжбүрмін. Неге?

Себебі мынада: кешегі КСРО аумағындағы егемен елдерді жаңа елес – Еуразия елесі кезіп жүр. Сол елес көрші Ресейдің ескі-болашақ президенті Путиннің арқасында жаңаша кейіпке еніп, күн сайын нақтыланып барады.

«Известия» газетінде жарияланған Путиннің атышулы мақаласының жариялануы мұң еді, шаруа тез-ақ ыңғайланып кетті! «2013жылдың өзінде ЕАО құрылады»деген мәлімдемелер айтыла бастады...

«Кеден болды,

Кеден неден болды?»

1991 жыл. Кеңес Одағының шатқалақтап тұрған кезі. Балтық жағалауының елдері 70-жылдық бодандықтан өз бетімен құтылып, егемендігін әп-сәтте жариялап жіберді. Тәуелсіздіктер парадының тоқтай қоймасын сезген КСРО президенті Михаил Горбачев Кеңес Одағының болашағын анықтайтын заң жобасын ұсынды. Талқылау басталды. Алматыдағы Медеу ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде мен де сол жобаны оқып, Горбачевтің жобасына қарсылық білдіріп, мақала жаздым. Оны сол кездегі «Азат» атты (Батырхан Дәрімбет басқарған) ең танымал тәуелсіз газеті бір бет етіп басып та жіберді. Мақаланың аты – «Егемендікті елемегендік» болатын...

Міне, содан бері 20 жыл өтіпті. Көп өзгеріс болды. Бірақ та, өкінішке орай, тағы да осы іспеттес мақала жазуға мәжбүрмін. Неге?

Себебі мынада: кешегі КСРО аумағындағы егемен елдерді жаңа елес – Еуразия елесі кезіп жүр. Сол елес көрші Ресейдің ескі-болашақ президенті Путиннің арқасында жаңаша кейіпке еніп, күн сайын нақтыланып барады.

«Известия» газетінде жарияланған Путиннің атышулы мақаласының жариялануы мұң еді, шаруа тез-ақ ыңғайланып кетті! «2013жылдың өзінде ЕАО құрылады»деген мәлімдемелер айтыла бастады...

«Кеден болды,

Кеден неден болды?»

Кез келген бастама себепсіз пайда болмайды. ЕАО идеясының дүниеге келуінің басты себебі бізде емес, Ресейде. Дәлірек айтсақ, Путинде.

Оның тандемінің (Медведевпен бірге) Ресейді басқарғанына үш президенттік мерзім толыпты. Алда қос сайлау – парламенттік және президенттік дода. Мәскеудегі Садовое кольцо іші мен Рублевкада жағдай жақсы шығар. Ал қалған 150 миллион ресейліктің тұрмысы жақсарды деп айту қиындау. Экономикада, әлеуметтік салада қордаланған проблема шаш етектен.

Не істемек керек? Тағы да әлеуметтік уәделерді үйіп төгу қиын. Әне, Ресейдің ежелгі Қаржы министрі Кудриннің өзі, президенттің бюджеттік саясатымен келіспей, орнынан кетті, оның үстіне мемлекет қаржысының жұмсалуын ашық сынауды бастады.

Саяси технология заңдары бойынша сайлаушылардың назарын күнделікті қиындықтардан басқа жаққа аударып, ерекше бір идея ұсыну керек. ЕАО бастамасы «құланның қасуына, мылтықтың басуы» сияқты боп тұрғаны. Оның үстіне бұл идея кешегі ресейдің империялық психологиясына да жақын. Ресейдің шашылып-төгілгенін қайта жинаушы («cобиратель земель») деген атаққа ие болудан Путин де кет  әрі емес сияқты.

Міне, ЕАО идеясының 2011-жылдың күзінде қайта шешек атуының бас себебі осы!

Бұған қоса осы бастама арқылы Ресей өзінің түпкілікті мүддесіндегі біраз шаруасын шешіп алады.

Біріншіден, экономикалық, аумақтық, әскери әлеуеті мен адами ресурстары Қазақстаннан он есе үлкен көршіміздің осы Одақтың сөзсіз жетекшісі болары анық. Оны біз былтыр құрылған Кеден Одағының өзінен көріп отырмыз!

Екіншіден, Ресей өнеркәсібі өндірген (мұнай мен газдан басқа) тауарларды Еуропа мен Америкада сатып ала қоймас, ал жеңілдік бағамен ЕАО-ға мүше елдерде оларға кең базар ашылады да! Өз тауар өндірушісіне мемлекеттік протекционизм деген осы! Ақорда үлгі алсын қолынан келсе!

Үшіншіден, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ортақ валютасы туралы кезінде Ресейдің бірінші вице-премьері Шувалов айтқан сөзді Ақорда жоққа шығарған жоқ әлі. Әлде, сол валюта теңге болады деп дәмеленіп жүр ме? Төл рубльдің абыройын қолдаған Путинді қолдамағанды, ресейліктер кімді қолдайды енді?!

Төртіншіден, ЕАО-ның геосаяси астары тағы бар. Ресейдің сыртқы шекарасы формальды түрде ұлғаймайды деп кім айта алады енді?

Бесіншіден, Путин мырзаның айтуынша, енді ЕАО Еуроодақпен тікелей келіссөз жүргізе алады. Енді ойлап көріңізші, сол диалогтың модераторы кім болады: Лавров па, әлде біздің Қазыханов па?

Одақ дегенің – ортақ дегенің...

Қарап отырсаңыз, Ресей үшін плюс болып табылатын жәйттердің бәрі ЕАО-ға мүше болатын елдерге минус боп табылады. Сондықтан да жоғарыда келтірілген дәйектерді қайталамай-ақ қояйын.

Тек қосатын екі маңызды жәйтім бар.

Біріншіден, Қазақстан басшылығы неге осы күнге дейін Тәуелсіздігіміздің түпнегізіне тікелей әсер ететін осынау маңызды бетбұрысқа тиісті баға берген жоқ (Санкт-Петербордағы Қазақстан Үкіметі басшысының жалпылама да жалпақшешей сөздерін есепке алмай-ақ қоялық)? Меніңше, оның екі себебі бар. О бастан президент Назарбаевтың атымен байланыстырылған ЕАО идеясы көрші мемлекет басшысының атынан жарқ етіп жария етілуіне Ақорда не айтарын білмей абдырап қалған сияқты. Алға тартса, өгіз өледі, кейін тартса, арба сынадының кері. Оның үстіне, бұған дейін қосылуға кежегесі кейін тартып келген мемлекет басшылары бір ауыздан Еуразиялық Одақ идеясын қуаттап, қос қолдарын көтере бастады. Елбасымыздың бастамасын аса қолдай қоймаған басқа елбасылар Путиннің сөзінен кейін бір түнде «еуразияшыл» боп кеткенін Ақорда қалай түсіндірмек?!

Екінші жәйт мұнан гөрі тереңірек.

Тәуелсіздігіміз өзінің 20 жылдығы қарсаңында үлкен таңдаудың алдында тұр! Не біз ғаламданып бара жатқан алуан-түрлі мүдделер мен мақсаттары бар бәсекелес елдер арасында қиын болса да, дербес жүріп өз орнымызды ойып аламыз. Не баяғы таз қалпымызға түсіп, күші мен қуаты басым басқа біреудің шылауында қаламыз.

Мәселен, әскери саладағы Одақтың пошымы қандай болмақ? Өз ІЖӨ-нің 4 пайыздайын әскери салаға жұмсамақшы көршіміздің армиясының көлеңкесі бізді былай қойғанда, Ұлы Қытай қабырғасын жауып тұр емес пе? Генералдары күнде ауысатын біздің әскердің Астанада парад өткізуден басқаға қолынан не келеді екен?

Жағдайдың құйтырқылығы мынада: қазір ЕАО идеясын сынға алған кез келген адам (мені де ресми насихат солардың қатарына қосары хақ) «интеграцияның қас жауы», «өзара ынтымақтастықтың дұшпаны» ретінде қабылдануы әбден мүмкін.

Бірақ, аузы күйген үріп ішеді! 70 жыл бойына Кремльге тәуелді боп келген Қазақстан да бүгінде жеті өлшеп, бір пішуі қажет!

Өйткені басқасын білмеймін, дәл Қазақстан үшін әлі де басы ашылмаған бірнеше басты сауал бар.

Еліміздің түпкілікті экономикалық мүддесі тұрғысынан осы одақтар – Кедендік, Бірыңғай экономикалық және де Еуразиялық – бізге тиімді ме, жоқ па? Бәлкім, Ресеймен көршілес ынтымақтастық үшін қысқа мерзімді кезеңге бұл қадам дұрыс та болар. Бірақ, стратегиялық тұрғыдан алғанда ше? Кім осыны талдап, саралап жатыр?

Оны айтып жатқан себебім мынау: бізде басқа да стратегиялық әріптестер бар емес пе? Еуроодақ, АҚШ дегендей. Басқасын айтпағанда, Кеден Одағында бірге жүрген Ресейдің өзі күні ертең Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғалы жатыр. Ал біз ше? Осы ұйымның босағасында әлі де телміріп жүре бермекпіз бе?

Екінші сауалдың сыртқы саясаттық мазмұны мынада: ортақ Одақ дипломатияда ортақ позиция болуын талап етеді. Ресейдің, ЕАО-ға мүше болатын басқа елдердің өздерінің түп мүдделері бар. Кей жағдайда олар бір-біріне сәйкес емес. Ресейдің Еуроодақ, АҚШ секілді алпауыттармен қарым-қатынасында өзінің ерекше ұстанымдары тағы бар. Екі түйе сүйкенсе, кім өлетіні белгілі емес пе Ақордадағы білгіштерге? Оның үстіне осының бәрі Қазақстанның жан-жақты бағытта өзіне ғана тиімді дербес саясат ұстануына кедергі болмай ма?

Үшінші сұрақтың таза саяси мәні бар. Жасыратыны жоқ, ішкі саясатта Ресейдің постельциндік кезеңде басшылыққа алған өз таңдауы бар. Яғни, тандемократия формасында жүзеге асырылып отырған билік сөз жүзінде ауысқанымен, іс жүзінде бір кланның қолында қалып отыр. Тандемнің тақта отырғанына 12 жылдан асты, енді тағы да сондай мерзімдегі анық перспектива алда тұр. Кремльдегі биліктің ауыспауының теріс дәстүрі Қазақстандағы соған ұқсас жағдайға қандай әсер етпек? Мәселен, біз айтып жүрген парламенттік-президенттік жүйеге көшуге Ресей басшылығы қарсы. Сол қарсылығын біздің елге де қатысты білдіріп жатса ше? ЕАО құрамында жетекші роль атқармақ Ресейдің бұл пікіріне Ақорда қарсы шығып, өз дегенін істейді дегенге мен сене қоймаспын!

Төртінші сауал қарапайым болса да, қиын. Дағдарыстың әлем экономикасының небір мықтыларын тәубасына келтеріп қана қоймай, маңдайдан бір қойғандай есеңгіретіп жатқанын көріп жатырмыз. Еуроодақтың өзі Грекияны құтқарамыз деп осы күнге дейін әлек. Италия, Испания, Португалияның рейтингтері төмендетілуде.

Ал ЕАО-ға мүше болмақ елдердің жағдайы ше? Ертең өзіміздің Марченко айтқандай, дағдарыстан шығу үшін жұмсалмақ 20 миллиард долларымыздың үстіне, ЕАО-дағы әріптестерімізге қол ұшын беру үшін тағы да миллиардтар құямыз ба? Ал Ұлттық қорымыздың өзі 40 миллиардтай ғана. Сонда не істемекпіз?

Осыған орай бір айтарым: Путин өз сөздерінде ЕАО-ны Еуроодақпен көп салыстырады. Меніңше, ол орынсыздау.

Өйткені, қалай дегенмен, Еуроодақ елдерінде жалпыға ортақ демократиялық принциптер біршама қалыптасқан. Сондықтан да олардың ұстанған басымдықтары көп жағдайда ұқсас. Маңызды жәйт: олардың экономикаларына қойылар стандарттар да ортақ! Мәселен, әр мемлекеттің бюджетіне қатысты бұлжымас екі талап бар. Яғни Тұрақтылық пен өсу Пактісіне сәйкес Еуроодаққа мүше кез келген елдің бюджет жетіспеушілігі (дефициті) ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан, ал мемлекеттік қарызы ІЖӨ-ның 60 пайызынан аспауы тиіс. Ол шектеуден шығып кетсең болды, бәлеге қаласың! Посткеңестік кеңістікте ондай ортақ көрсеткіштер қалыптаса қойған жоқ.

...Сөз жоқ, кез келген ел үшін алыс-жақын  елдермен ынтымақтастық ауадай қажет. Оның үстіне атам қазақтың алыстағы ағайын мен қасыңдағы көрші туралы мақалының тұрмыстық қана емес, мемлекетаралық та маңызы бар.  Мен де ол жәйттерді жоққа шығара алмаймын.

Бірақ та ЕАО секілді Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды жобаға асығып-үсікпей, байсалды да байыпты түрде қарауымыз керек сияқты. Асығыстықтың көкесін күні кеше Кеден одағына кіріп кеткенде көрдік. Ал ЕАО-ның салмағы одан он есе ауыр.

Сол үшін жоғарыда айтылған жәйттерді ескере отырып, осы күннің өзінде қоғамда ЕАО-ның болмысы туралы кең талқылау жүргізілуі тиіс. Әсіресе, шешімдер қабылдау механизмі мен мемлекеттік деңгейден биік органдар туралы мәселелердің басын ашып алуымыз керек!

Иә, алда қос сайлау күтіп тұрған Ресей бұл мәселелің шешілуін тездетуге мүдделі. Сондықтан да олар үгіт-насихат, керек десеңіз, құпия дипломатияның да құралдарын пайдалануы мүмкін. Ал бізге не асығыс?

Әлде, Ақорда Кремльмдің алдына өзінің тар шеңбердегі шарттарын қойып, ЕАО-ның тағдыры туралы өзара келісіп қойды ма?

Ол да мүмкін...

Әміржан Қосанов, «АЗАТ» ЖСДП партиясының бас хатшысы
«Общественная позиция» («ДАТ» жобасы), 26 қазан 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1566
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541