Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3244 0 пікір 25 Қазан, 2011 сағат 05:12

Зиябек Қабылдинов. Тақ мұра

 

Биылғы тарихи мерейтойлардың қатарында Қазақ тағының соңғы мұрагері, ХІХ ғасырдағы жалпықазақтық соңғы хан Кенесары Қасымұлының таққа отырып, егемен хандықты қайтаруға ұмтылғанына 170 жыл толды.

Кене ханның мылтықтарының бірі мен айтулы тұлғаның ғұмыры туралы мәлімет сақтаулы Ресейдің Омбы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болуымыз, бізді тарихшы ретінде сол кездегі ауқымды да тағдырлы тарихи жылдарға тағы бір оралуға мәжбүр етті.

 

Биылғы тарихи мерейтойлардың қатарында Қазақ тағының соңғы мұрагері, ХІХ ғасырдағы жалпықазақтық соңғы хан Кенесары Қасымұлының таққа отырып, егемен хандықты қайтаруға ұмтылғанына 170 жыл толды.

Кене ханның мылтықтарының бірі мен айтулы тұлғаның ғұмыры туралы мәлімет сақтаулы Ресейдің Омбы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болуымыз, бізді тарихшы ретінде сол кездегі ауқымды да тағдырлы тарихи жылдарға тағы бір оралуға мәжбүр етті.

...ХІХ ғасырдың 20-30-жылдарында патшалық өкімет пен қазақ халқының арасындағы қатынас шиеленісе түскен еді. Біріншіден, Кіші және Орта жүздердегі хандық билікті жою, далалық ықпалды билер мен сұлтандардың, батырлардың наразылығын туғызды. Екіншіден, солтұс-шығыс аймақтағы қазақ жұртынан әскери бекіністер салу мақсатына құнарлы жерлерді жаппай тартып алу басталды. Үшіншіден, патшалыққа төленбей келген  салық, енді жасақ, түтін, жол салықтары түрінде енгізіле бастады. Оның үстіне бұл үдерістер барысында патша жасақтарының қазақ ауылдарын ойсыратқан және бүлікке ұшыратқан қарақшылықтары үдемесе, тыйылған емес. Әрине, мұншалықты басыну көшпелілер тарапынан патшалы Ресейге деген наразылықты үстемелей түсті де, он тоғызыншы ғасырда да құзырынан ажырай қоймаған Шыңғыс ханның ұрпақтары бастаған Ұлы даладағы дүлей қарсылықтың тууына апарып соқты. Кейін көрсеткендей, бұл қолдарынан сусып бара жатқан Дала билігі жолындағы ақ сүйек өкілдерінің Қазақ хандығы үшін соңғы тұяқ серпуі екен.

Көтеріліске старшындар, төрелер мен билер, батырлар мен сұлтандар ғана емес, қара халық та белсене қатысты. Әсіресе, тәуелсіздік үшін шайқаста үш жүздің батырлары бірдей көзге түсті: Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан,  Байтабын, Бұқарбай және басқалар. Көтерілісті сол кездегі ірі бай-манаптар қолдады. Баянауыл округынан Тайжан мен Сейтен Азнабайұлдары Кенесары ханның  қолын жасақтауға қажетті мал-көлікпен қамтыған ең сенімді серіктері мен демеушілері еді.

Тәуелсіздік жолындағы бұл соғыста негізінен қазақтар болғанымен өзге жұрттың өкілдері аз болмады, оның ішінде орыстар, башқұрттар, өзбектер мен қарақалпақтар, түрікпендер, поляктар бар еді. Олардың кейбіреулері ханның сенімі мен құрметіне бөленіп, тіпті, жоғары билік орындарында болды. Мысалы, ханның жеке хатшысы ретінде орыс сарбаз қызмет етті. Татар Алим Ягудин Соғыс кеңесінің мүшесі болды. Өзбек Сайдаққожа Оспанов ханның дипломатиялық қызметін басқарды. Олардың бәрі бірігіп, Кеннесары қолына ұйымшылдық пен әскери тәжірибе дарытты.

Кенесары Қасымұлы тарихи аренаға өзінің әйгілі хан атасы Абылайдың даңқты жолын  жалғаушы ретінде енді. Ол кәзіргі Ақмола облысы аумағындағы Көкше тауларында 1802 жылы дүниеге келген. Болашақ хан атқа отыру мен садақ тартуды ес біле салысымен үйренді де, айтулы аңшы болып өсті. Мінезіне әділқойлық тән, тізе бүкпес ерікті де өжет, батыл да қайсар болып ер жетті. Өз тұстастарынан оны ұйымдастырғыш және қол бастағыш дарын, баскерлік (лидерлік) қабілет айырықша тұлғалады. ХІХ ғасырдың ортасындағы Ресей зерттеушілерінің бірі Л. Мейер Кенесарыға «қайсарлығында шек жоқ» деп қайран қалған еді.

Тұстастарының сипаттауынша, ол арықша келген, орта бойлы да қайратты, сараң сөйлеп, өзін маңғаз ұстайтын жан болған. Әңгімелеушіні тыңдай білген және далалыққа тән қонақшыл дарқандығымен көзге түскен...

...Кенесары еліне отарлық саясат жүргізген патша өкіметінің қызметіндегі сұлтандар мен билерге қырғидай тиген. Ол, тіпті, шекара бекіністері мен патша жасақтарына жиі шабуылдаумен болған. Осылайша, 1837 жылдың аяғында 6 урядниктен және 48 сібір казактарынан құралған  қорымшы (хорунжий) Рыйтовтың қол астындағы жасақты талқандады. Олар Қызылжардан Ташкентке қатынайтын сауда керуенін қоритын.

1838 жылдың көктемінде Кенесары адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберді. Сұлтан хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жою, сондай-ақ, Омбыдағы абақтыға түскен өз адамдарын босату талаптары бар еді. Бұл бейбіт аттанымға қатысушылар түрлі жазаға ұшыратылды, қару ұстайтындарын әскерге, ал жарамайтындарды Шығыс Сібірге жер аударды. Ресей билігінің бұл әрекеті ашық қарсылықтарға ұшырап, сұлтан тарапынан белсенді де тегеурінді шараларды туындатты. Соның бірі, әскери старшын Симоновтың жасағына соққы беру арқылы әжептәуір қару мен оқ-дәріге ие болды. Ал, 1838 жылы Кенесары жасағы патшаға берілген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты да, оның  12 мың жылқысын айдап кетті. Ақмола бекінісінің маңайынан 2,5 мыңнан аса әр түлік мал тартып алынды.

1838 жылдың күзінде Кенесарының ірі әскери әрекеті Ақмола бекінісін алты күндік қоршауға алып, ақыры  өртеп жіберді. Приказ маңайына жағалай ор қазылып, оған жақын маңдардың бәріне бойтаса (барикада) тұрғызылды. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ.Құдаймендіұлы мен әскери старшын Карбышевтың жасақтары қорғады. 1838 жылғы 7 тамызда таң ата Кенесары шабуыл бастады. Оның сарбаздары бекіністі отты жебелермен атқылап, Ақмола бекінісі маңы  өртене бастады. Кенесарының әйгілі батырларының бірі Басығара бастаған жасақ бекініске лап қойды. Көше бойлап атысу кезінде батыр жанқиярлықпен қаза тапты. Оның соңын ала ханның сенімді батырлары Ағыбай, Иман мен Наурызбай қолдары бекініске кірді. Сол кездегі бекіністі алу шайқасында қаза тапқан біршама сарбаздарға бүгінде Астананың «Жастар» микроауданына қарасты мұсылман бейітінде мәңгілік орын бұйырды.

Көтеріліс бастаған сұлтан мен сібір әкімшілігінің арасындағы қатынас үйлесе қоймады. Патша тарапынан қойылған көтерілісті тоқтату талабы Кенесарыға жақпады. Сондықтан ол  бекіне түсу үшін Торғай мен Ырғыз өзендерінің маңайына қарай ойысты.

1841 жылдың күйек айында Кенені үш жүздің ықпалды өкілдері өз хандары етіп сайлады. Сөйтіп, уақытша қазақ хандығы қалпына келді. Патша өкіметі бұл жаңалықты аса кіжініспен қарсы алды.

Көтеріліс енді бұрынғыдан да гөрі ұйымшылдана түсті. Ұлт-азаттық соғысты нәтижелі жүргізу үшін Кене хан біртұтас орталықтанған мемлекет құра бастайды. Хан тағының жанында ақылдасушы жоғарғы орган ретінде сенімді батыр, билер мен сұлтандардан құралған Кеңес қызметін бастады, ал  арнайы жасауылдар хандықтың ісін жүргізді. Олар сот, шаруашылық, дипломатиялық, салық және әскери мәселелермен айналысты. Жасауылдар орталық биліктің жарлығының атқарылуын бақылады, халыққа өріс бөлумен айналысты және хандыққа қараған халықтың көңілін қадағалады. Хандық биліктің нәтижелі ісінің арқасында қол астындағы маңайда өзара ұрыс-керіс пен барымта азайды, салық жинау біршама ұлғая түсті. Халық көсемі 20 мың адамнан тұратын жүздік пен мыңдықтарға бөлінген тұрақты әскер жасақтап, оның біліктілігін арттырды.  Әскери жасақ ішінен батырлықтары мен қабілетіне қарай таңдап алынған сарбаздарға «жүзбасы», «мыңбасы» міндеттерін жүктеді. Кенесары мергендер тобынан айырықша жасақ құрып, оған «мергенбасы» тағайындалды. Орыс армиясының үлгісіне қарап, хан өз әскеріне де айырым белгілерін енгізді.

Үш жүздің біріккен хандығының отарлыққа қарсы күресі патшаны қатты мазалады. Ресей императорының көтерілісті басуды өз назарында ұстауы тегін емес еді. 1843 жылғы 27 маусымда ол қазақ ханына қарсы жорықты ұйымдастыру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Ханның басын алуға қазақтардан алынбақшы болашақ түтін салығы есебінен 3 мың рубіл ақша тікті. Дала көтерілісін басуға әскери старшын Лебедевтің 300 адамдық жасағы аттандырылды. 1843 жылдың тамызында А. Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы сынды сұлтандар басқарған келесі жасақ жабдықталды. Мұнымен бір мезгілде Омбыдан, Қызылжар мен Қарқаралыдан әскери жасақтар шықты. Ұланғайыр жерді тани білмеуі мен далалық сарбаздардың әскери амалдарға ерекше тактика қолданысы патша жасақтарын діңкелетті. Оның үстіне Ұлы дала тұрғындары өздерін азат етуші көсемді ұстап беруге соншалықты ынта білдірмеді.

1843 жылдың соңында 3,5 мың адаммен Кенесары жасағы Кіші жүздің ортаңғы бөлігін билеуші Арыстан Жантөреұлының ауылын шабады. Патшалық билеушіге айтарлықтай материалдық зиян шектірді. Кіші жүздің патшаға қараған шонжары 5,5 мың жылқыдан, 3,5 мың түйеден, 970 сиыр мен 7 мыңдай қойдан айырылып қалды. Жауда кеткен малды қайтару мүмкін болмады. Өлкені жақсы білген  Кенесары, шабуылды одан әрі үдете түсті. 1844 жылғы шілденің 20-нан 21-не қараған түні Тобыл өзенінің басталар тұсында А.Жантөреұлы сұлтанның жасағын тас-талқан етті. Осы ұрыста патшалық сұлтанның 44 сенімді серігі қаза болды. Сол ұрысқа таяу орналасқан Дуниковский жасағы қорқыныштан А.Жантөреұлына қол ұшын беруге жарамады.

Жеңістен рухтанған Кенесарының басты күші 1844 жылғы тамыздың ортасында Екатерина станицасына шабуыл жасады. Олар станица шебін, форштатты өртеп, 40 адамды тұтқындап, қыруар малды айдап кетті. Мұнымен қоса, Хан жасағы біршама мылтық, тапанша, қылыш пен семсерге қол жеткізіп, әскери олжаға кенелді. Соңынан жіберілген жазалаушы жасақ Кенесары ауылына жете алмады. Патшалық өкімет дәлізін абыржу мен қорқыныш жайлады.

Кенесарымен соғыс патша үкіметінің айтарлықтай әскери күшін алаңдатып, қаражатын шығындады. Сондықтан да 1845 жылғы ақпанда Орынбор басшылығы ханға Долгов пен Герн басқарған барлау ниетіндегі елшілігін екі рет жөнелтті. Олар Кене ханды патшалық Ресейге бас идіруі керек еді. Сонымен қатар, олар хан жасағының орналасқан нақты орнын, Ырғыз бен Торғай өзендерінде салынбақшы әскери бекініс орындарын таңдауы міндеттелді. Бұл шаралармен патша үкіметі көтерілістің кіндігіне толық бақылау орнатуды ұйғарған болатын.

1845 жылдың көктемінде  Долгов пен Герннің елшіліктері ханның ордасына бірінен соң бірі келді. Келіссөз барысында Кенесары ханға қасақана түрде орындалуы мүмкін емес талаптар қойылды. Орынбор қарауындағы қазақтар Ресей империясына бағынышты болғандықтан 1 рубль 50 копеек мөлшерінде түтін салығын төлеуі тиіс болды. Ал ханға Орынбор қазақтарынан зекет жинауға тыйым салынды. Кенесарыға қылмыстық істер мен құны 50 рублден асатын сот ісін қарауға рұқсат етілмеді. Ханға қашқын орыстар, татарлар мен башқұрттарды жасыруға қатаң тыйым жасалды. Олардың бәрі Ресейге қайтарылуы тиіс болды. Кенесарыға Ресейге жауыққан мемлекеттермен және тұлғалармен қатынаспау ескертілді және де оған хандық титулды иеленуге қақы жоқ екені, көтеріліс басшысы ретінде тек қана Қарақоға маңайын жайлауға ғана емеурін білдірілді.

Бұл талаптардың бір де біреуін ханның орындамауы айқын еді. Мұны патша үкіметі де жақсы ұқты. Келіссөздер тұйыққа тірелді де мәмілегерлік мұратқа қол жетпеді. Кенесары хан әскери кеңесін шақырды да, ақыры Жетісу аумағына көшуге шешім қабылданды. Көп ұзамай, әлгі маңдарға патша үкіметі бүкілқазақтық көтеріліске қарсы шешуші рөл атқарған, Ырғыз өзеніне - Орал, Торғай өзеніне - Орынбор бекіністерін тұрғызды.

Кенесары мен Қоқан хандықтарының арасында шиеленіс те үдей түсті, ол жайт қазақ ханының жеке бас араздығынан туындаған еді: Қоқан ханының 1836 жылы інісі Саржанды, ал 1840 жылғы әкесі Қасымды, бауырлары Есенгелді мен Әлжанды, басқа да тұлғаларды зымияндықпен өлтіру бассыздығы Кене ханның Қоқан хандығына өшпенділігін үдеткен еді. Қазақ ханы ұлт-азаттық күресінің басынан соңына дейінгі кезеңдерде Қоқан хандығына қатысты жағымсыз қатынасын жұмсартқан емес. Ол Қоқанмен соғыстарда белгілі Кіші жүз батыры Жанқожа Нұрмұхаметұлына арқа сүйеді. Сөйтіп, Кенесары хандығы үшін Қоқанмен соғыс екінші майдан болды. 1845 жылғы күзде ол Қоқанның Жанақорған, Жөлек пен Созақ бекіністерін алды.  1846 жылы Кенесары қоқандық Меркені жаулады. Қоқан тарапынан қазақтарға деген шексіз басыну уақытша доғарылды, бірақ Қоқан тарапынан Кене хандығы үшін тағы бір қатерлі тарап болды.

Енді Сібір билігі Жетісуға артиллериямен қаруланған омбылық сардар Вишневскийдің басқаруымен қуатты әскери күшті жұмылдырды. Айтарлықтай қарулы күш Орынбор өлкесінен бағытталды.

Патшаның үстем күшінің тепкінімен Кенесары Іле өзенінің оң қапталына шығып, Алатау бөктеріне қарай өтті. Патша жасақтары Кіші және Орта жүзден келмекші көмектің жолын бөгеп тастады.

Енді Ұлы жүздегі белгілі Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек батырлар Кенесарыны қолдап, оның сиреген қолын нығайтты.

Қазақ даласынан тықсырылған К. Қасымұлы Қытай жақтан пана табуға тырысты. Бірақ, қытай жағы одан үзілді-кесілді түрде бас тартып, Ресей империясымен алакөз болудан қорықты. Бұл жағдай Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатта былайша сипатталған: «... ауылын үдере көшірген Кенесары Ілені жоғары бойлап, қытайды бетке ұстады. Үйгентас маңында аялдап, сұлтан Құдайменді Саржанұлын, би Шоқпар Бақтыбайұлы және Сойдақ қажыны 9 жылқыдан тұратын  сыйлықпен қытайға өтуге рұқсат сұрап жөнелтті. Бірақ  елшілер бір айдан соң қытайдың екі шенгері мен тілмашын ертіп, Кенесарыға келіп, былайша баяндайды: келген жағына кері барып, Ақ патшаның өзінен кешірім сұрағаны жөн, ал қытай жағы оған қарсы әрекетке барғысы жоқ... Қытайларды тыңдап алған, Кенесары кері қарай Ілені бойлай көше отырып, Қарақамау ойындағы ұлы жүз жалайырдың егінші-жатақтарына тап болады. Оларға қоңсы қонған хан ауылы жалайыр жатақтарынан азықтай көмек алады...». Бұл жерде ұмытуға болмайтын бір жайт бар: бұл кезеңде Қытай қазақтармен діндес ұйғырлар және дұңғандардың бас көтерулерінен мазасызданып отырған еді.

Ақыры қазақ көтерілісшілері қырғыз жеріне таяп келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқанның қатты ықпалында болатын. Хан өзіне солтұс қырғыздарының бас көтерер манаптарына бағынуды талап етті. Бұл бірігіс қазақ-қырғызға патшалы Ресей мен Қоқанға қарсы күресте қажет еді. Кене хан қырғыздарға арнау сөзінде былай жазды: «Менің мұнда келу мақсатым, жауығу да, қан төгу де емес, қазақ пен қырғызды жұмылдыра отырып, Қоқан тәуелділігінен азат болу».

Тәуке хан заманына дейін қырғыздардың қазақ хандығының ықпалында болғаны белгілі. Қазақ-жоңғар жаугерлігі кезінде қырғыздардың қазақты жақтағаны да аян. Алайда қырғыздарда Шыңғыс ұрпағына бағынатындай дәстүр орнықпаған еді. Сондықтан да ханға бағынып, өз еркіндігінен бас тарту қырғыз манаптарының есебіне сәйкес болмады. Қырғыздар кезінде Абылай ханның өз аумақтарына жасаған дүркін-дүркін шабуылын ұмыта алмады. Оның үстіне қырғыз билігі сібір әкімшілігі тарапынан өздеріне деген айтарлықтай қолдауды сезінді: әскербасы Вишневский қырғыздарды Кене ханның ауылын шабуға ашықтан ашық итермеледі. Қырғыздар Қоқан тарапынан да қолтықтарына су бүркуді пайдаланды.

Қырғызстанға барлауға барған қазақ ханының екі мыңдық қолы талқандалды. Бір мыңы жойылып, енді бір мыңы қару-жарақсыз, жалаң күйінде оралды. Бір бөлігі тұтқынға түсті. Тян-шандық қырғыздардың бұл қылықтары маңғаз ханның абыройын айрандай төгу еді. Оның үстіне қырғыз жағы тұтқындарға орасан құн сұрады. Кенесары қырғыз жағының мұндай талабын орындай алмас еді.

Кейінірек қырғыз тарапынан манап Қалиғұлұлы бастаған елшілер келді. Қазақ пен қырғыз арасында бітім жасалды. Екі жақтан да тұтқындар босатылып, екі жақ та бейбіт, ынтымақ жағдайына көшуге уағдаласты. Алайда, қырғыздар көп ұзамай бітімді бұзып, ханның сенімді серігі Саурық батыр ауылын шапты. Шабуыл қырғыздың Жаманқара батырының өлімі үшін кек алу ретінде жасалған-ды. Қазақ ауылының 700 жылқысын айдап, Саурық батыр құрсауға түсіп, ақыры өлтірілді. Сондықтан да 1847 жылы көкек айында Кенесары 10000 сарбазбен  Қырғызстанға басып кірді. Қазақ-қырғыз қақтығысы Ыстық көл шұңқыры мен Шу өзенінің жоғарғы  жағында болды.

Қазақтар өздеріне беймәлім өлкеде шайқас тәсілін жасай алмай, қоршауға түсті. Соңғы шайқас қарсаңында болған әскери кеңес Кенесарыны қоршаудың бір жерін бұзып, қашып шығуға кеңес берді. Бірақ хан үзілді-кесілді бас тартты: ол жасағын қалдырып, қашуды ар санады.

Тоқмаққа жақын маңда әскери күштің тең емес жағдайында Кене хан тірі қалған 30 шақты сұлтан, сарбаздарымен бірге тұтқынға түсті. Аздаған топ қоршауды бұзып, қашып құтылады.

Манаптардың құрылтайында қырғыздар ханды сұлтандарымен, сарбаздарымен қосып жазалауды шешті. Соңғы сөзінде Кенесары қырғыздың бас көтерерлеріне бірігіп, Қоқан мен патшалы Ресейден босауды ұсынды. Бірақ ардақты тұтқынды тыңдаған қырғыздар болмады.

Кейінірек орыс зерттеушілерінің бірі А. Добросмыслов былай жазды: «Оны өлтірмес бұрын, қырғыздар аса ерекше батылдығы мен қайсарлығы асып туған Кенесары Қасымұлынан өздеріне ұрпақ алу үшін, қырық түн бойы қойнына қалаулы қыздарын салумен болды.» Бірақ ұлттық қаһарман әрі билеуші бұл жолы да бас имеді...

...Ақыры қайырсыз қатаң жаза басталды. Кенесарымен бірге оның бауыры Наурызбай Қасымұлы да өлтірілді. Ресейлік зерттеуші  Л. Мейер оның соңғы күндері туралы былай деп жазған еді: «Үш күн бойы ол сібір қазақтары көмекке келер деген үмітпен қайтпастан шайқасты.Бірақ оларды орыс әкімшілігі жібермей тастаған еді. Сондықтан да ол үшінші тәулікте щайқас алаңын бұзып, жарып шығуға мәжбүр болды. Осы ұрыста оның барлық серіктері шейт болды да, өзі бірнеше сұлтанмен бірге тұтқынға түсіп, ақырында азаппен өлтірілді».

Кене ханның басы Омбыдағы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы П.Горчаковқа жөнелтілді. Кенесары қолын жоюға қатысқан барлық қырғыз манаптары патша үкіметінің мадағына ие болды. Өлген қазақ батырларының бастары Қоқан хандығына жіберілді де, оларды Ташкент базарында сырыққа шаншып қойды. Кенесарыны Нысанбай секілді ақындар сай-сүйегі сырқырай жоқтады.

Бұл қазақтардың патшалық өкіметке қарсы жаппай соңғы қарсыласуларының бірі еді. Көтерілісті басып-жаншу патшалық Ресейге Жетісу мен оңтұстағы қазақ жеріне қоса, қырғыз аумағын бағындыруға жол ашты. Бұл - Бұқара, Қоқан мен Қиуаның тізе бүгуіне жасалған алғышарт еді.

К. Қасымұлы халық жадында көрнекті қолбасшы, ірі ұйымдастырушы және айбынды мемлекеттік қайраткер ретінде қалды. Қазақ хандығының жойылғандығына қарамастан, ол үш жүзді біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруді жүзеге асырып үлгерген еді.

Қазақтың талай ақын-жыраулары Кенесарының қазақ хандығының аумақ бүтіндігін қалпына келтірудегі айырықша рөлін жырлады. Тіпті, оған патшалық әкімшілік өкілдерінің өздері де құрметпен қарап, оны «бүлікшіл сұлтан» ретінде мойындады. Кенесары арқылы қазақ халқы өзінің бойындағы тәуелсіздікке деген ұлттық рухын көрсете алды.

Бүгінгі ұрпаққа қазақтың соңғы ханы ретінде Кенесарыға бас ию жеткіліксіз. Еркіндік алған жерімізге ұлттық рух есебінде Кенесарының қырғыз жерінде қалған мүрдесі мен Ресей мұражайларының бірінде қалған басын қосып, ардақтап жерлеу  - ұлы парыз.  Тіпті, оның есімімен жоғарғы әскери оқу мекемесін атау да лайық болар еді. Ал, Кенесары Қасымұлы турасындағы мұраны жинасақ, 30 томдық мұрағатқа айналары тағы сөзсіз.

Ең болмаса, оның Омбы тарихи-өлкетану мұражайындағы білте мылтығын қайтару да бүгінге лайық іс болар еді. Рухымыз қалғыған кәзіргі заманда Кенесары ханның тағылымы ұлттың ұйқы ашары, рухтың  ту ұстары екенін ұмытпағанымыз абзал.

Кенесары Қасымұлының ғұмыры мен тарихынан тәрбие алған ұлт-азаттық жолындағы қазақтың талай күрескер батырлары туылды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен Есіл өзенінің бойында  алаштың ардақтысы Кене ханға қойылған ескерткіш соның айғағы.

Қазақшаға аударған - С.Әбдірешұлы

«Абай-ақпарат»

0 пікір