Жұма, 29 Наурыз 2024
Талқы 5914 13 пікір 4 Сәуір, 2020 сағат 17:59

«Есенғалидың елу қойын» ескеретін уақыт жетті

Қай заманда болсын қоғам мен мемлекет тығырыққа тірелгенде төте, ерекше жол табу қажеттілігі туады. 30 жылдық «өтпелі кезең» артта қалды деп есептеп, жаңа дәуірдің басталуы – уақыт талабы. Ол дәуір мен өзім «ұлтшылдар» билікке келгенде басталады деп санаймын. Билікке келмес бұрын дайындық керек, бұл жайлы әр мақала сайын айтсақ артық болмайды. «Билікке келгенде неден бастаймыз?» деген сұраққа әрбір ұлтшыл азамат «екі жерде екің – төрт!» дегендей сарт еткізіп жауап бере алатын болуы тиіс. Сол кезде жүзеге асырылуы ауадай қажет бір жақсы жоба жайлы сіздермен ой бөліспекшімін. Шынына келгенде, оның «пилоттық жобасы» іске асып, сынақтан өтіп қойған, жиналған азды-көпті тәжірибе бар деуге болады. Ол үшін алдымен автордың, баурымыз Ауыт Мұқибектің аузымен кішкентай лирикалық шегініс жасап алайық.

«…Есенғали – кәдімгі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов. Осыдан біраз жыл бұрын ақын ағамыз Қытайдан көшіп келген Серік атты жігітпен танысады. Серік шиеттей үш баланың әкесі екен. Әйелімен бір отбасында бес-ақ жан. Қойшылықты арғы аталарынан бері жалғастырып келе жатқан қаратабанның өзі болып шығады. Ақын ағасы өз әдетімен қандасының хал-жағдайын сұрай кетеді. Сөйтсе, Серік баһадүріңіз арғы беттегі азын-аулақ малын, баспанасын, тиесілі жерін сатқан да, Қазақстаным қайдасың деп тартып отырған. Келгесін Алматының маңайындағы ауылдардың бірінен қолда бар қаражатына мал қамайтын қора-қопсысы бар үш бөлмелі жер үй сатып алады. Көші-қон жағынан беретін квотасын әперем деген делдалдар мың долларын алып, алдап кетеді. Ары қарайғы жерде тіршілігінің тұралаңқырап тұрғанын айтады. Сөзі пысық, жанары от шашқан, еңсегей бойлы жігітке қарап, жаны ашыңқыраса керек, Есенғали аға бүй дейді:

-Серік батыр, сен саспа, былай істе: мен саған елу бас қазақы саулық алып берейін. Сен соны бақ, тудыр. Үш жылдан кейін сол елу қойымның басын дін-аман өзіме қайтарсаң болғаны. Ал, осы аралықта өсетін төлін өзің пайдалан. Жақсы бақсаң, бір қора қой айдап шыға келесің әлі-ақ!

Есептеп көрсе, елу қойдың құны Есенғали ағаның шетелге, айлап жүргеннің өзінде, екі-ақ рет шығып келуіне кететін сома екен.

Уәде орындалады. Аяқ астынан елу қойлы болған Серік екі нәсілді қошқар сатып алады. Келесі көктемде елу саулық жалқылатып, егіздетіп түгел қозылайды. Еркегінің бәрін сатып, сойып, тұрмысытық қажетіне жұмсайды. Асқан тиын-тебеніне аналық алып, қорасына қосады. Екінші жылы 70-80 бас төлдейді. Соңғы жылы жүздің үстінде саулық қозы ертеді. Кәнігі малшы мал басын үйреншікті әдіспен реттеп отырады… Осылайша, үш жыл өткен соң, дәл қоңыр күзде інісі Есағасына:

– Аға, келіп қойларыңызды алып кетіңіз. – деп телефон соғады.

Есенғали барса, бір ту қойдың басы кесіліп, қазанға былқытып ет асылған. Сол маңдағы көрші-қолаң тайыл-таяғы қалмай түгел жиналған. Есік алдындағы ағаш көлеңкесіне кілем жайылып, көрпе төселіп, қос-қостан құс жастық қойылған. Ат шаптырым етіліп, аспа-төк дастарқан жайылған…

Қараса, Есенғалиға деп бөлінген малдың қарасы елу тұяқтан әлдеқайда көп. Көрсең, көзің тұнатын кілең бір арқардай  саулықтар, еліктей тоқтылар. Маңына жуытпай, аспанға секіреді.

Сөйтсе, Серігің де ағасына тартқан ердің ері екен. Әр жылы туған төлден он бесін арнайы іріктеп алып, бөлек ен салып, Есағасы берген елу қойға қосып отырған. Сөйтіп, Есенғалидың елу қойы межелі мезгілде тоқсан бес бас болып қайтарылмақшы екен.

Дәл осы тұста Серіктің үйіндегі Есағаңның келіні тұрып:

– Әй, Серік, біле білсең, Есенғали аға бізге Атажұртта Алла жолықтырған Қыдыр баба болды ғой! Ол кісі Нұрмұхамет деген жиен ұлым бар деген өткенде. Соған атап тағы бес тоқтыға ен сал. Сонымен дөңгелек жүз бас етіп, рахметімізді айтып, қайтарайық ағаға. Өз малымыз да, Құдайға шүкір, жүзден асып жығылды ғой, әне!» –  депті.

Міне, қызық! «Алаған қолым – береген», «Біреудің жаясын жесең, өзіңнің ұшаңды сайла» дегенді зердесіне тоқып өскен нағыз қазақ осындай болады!

Қожайынның артық мал алмаймын деп азар да, безер болғанына қойшы жігіт тіпті көнбейді.

Қандасының қорасына мал сап берем деп жүргенде, Есенғали Раушановтың өзі, ойламаған жерден, 100 қойды айдап шыға келеді.

Содан не істеді дейсіз ғой?

басқа батаны жасайды. Еттен асайды. Ерсілі-қарсылы ыстық лебіздер, ақ тілектер айтылады. Сосын сол Серікке берген шартпен 100 бас қойын сонда көшіп келген екі қандасына елу-елуден тағы бөліп береді де, Алматыға қайтады. Арада зымырап және үш жыл өте шығады. Бұл жолы барса, баяғыдай емес, екі жерде қазан асылып, екі төрде дастарқан жасалған. Қойшылардың қорасында Есенғалиға деп бөліп қойған екі жүз тұяқ тұр дейді маңырасып.

Енді не істеді дейсіз ғой Есаға?

Енді 200 қойды елу-елуден төртке бөліп, баяғы әдіспен жаңа көшіп келген төрт отбасына санап өткізеді де, бұйырған дәмнен ауыз тиіп, жолға түседі…

– Жақында барып, көріп келдім. Келесі жылы, Алла аманшылығын берсе, сол екі жүз саулық төрт жүз болып қайтқалы тұр. Мен ол малды қайда апарам, қидым сол ағайындарға. Басқасын қойшы, шеттен келетін туыстардың еңбеккерлігі, төзімділігі өз алдына, адалдығына, кісілігіне, жомарттығына дән риза болдым. Малшыны және тауып қойдым, енді сегіз отбасыға тағы бөліп берем сол төрт жүзді. Бағам десеңдер, Ауытжан, мына Білісбек екеуіңе де елуден қой берейін. -дейді Есағам екі езуі құлағына жете күліп…»

Ауылда 5 миллион қазақ бар дейік. Орта есеппен 1 миллион отбасы. Соның ішінде «мемлекет 50 қойдан беруге дайын» десек, әлеуметтік ахуалы онша емес 40 мың отбасы құлшынып, «біз өсіріп, бағуға дайынбыз» дейтін шығар-ақ. 50 қой орта есеппен 40 мың теңгеден болғанда 2 млн.теңге болады. Яғни, 80 млрд.теңге немесе 0,18 млрд.доллар. Қой санын есептесек, 2 млн.қой. Үш жылдан кейін 40 мың отбасы мемлекетке, Серік секілді 100 бес бас етіп қайтармай-ақ, 50  қойдан қайтарса да жетеді.

Сол 50 қойды қазақтың сол ауылдарындағы мынадай берекелі, қайырымды істі істеуге болады екен-ау деген тағы бір 40 мың отбасыға бермейміз бе? Есенғалидың 50 қойы 6 жылдың ішінде 350 болып, 7 бірдей отбасыға ырыс-несібе болып барған жоқ па? Сонда Үкіметтің, 2020 жылы дейік, 80 млрд.теңге немесе 0,18 млрд.доллар жұмсап алған бастапқы 2 миллион қойы 6 жылда – мемлекет тарапынан басқа ешқандай шығынсыз! – 14 миллион басқа айналмай ма? Тағы 3 жыл өткенде оған 16 млн.қой қосылып, 30 миллион қой болса, қазақтың ауылдағы 1 миллион отбасының 50 қойы бар отбасы саны 9 жылдан кейін 520 мың отбасыға айналса, бұл біздің тақиямызға тар келе ме?

Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Үркерінде» Мәтібидің: «Қой – оннан, түйе – бірден, жылқы – бестен!» деген сөзі бір. Бір қойдың төлін соймай-сатпай бақсаң,  геометриялық прогресссиямен өсіп, тез  көбейетіні соншалық, ол он жылда мың (1000!) қой болады екен. Менің өзімнің Әріпбек ағам да «үйіңдегі қойыңды 25-ке жеткізіп алшы, сосын оны қанша сойсаң да, сатсаң да жететін болады» дейді.

Және қазақта «ешкі егіз туып қойдан көп болмайды, ит сегіз туып малдан көп болмайды» деген сөз бар. Діни аңыздарда қойды жұмақтан келген мал деп те айтады. Қойдың көп болатынын таңсәрідегі несібесін теріп жейтіндігімен байланыстырады. Шынында да, қой баласы таң алдындағы қараңғылықта ешкімнің өріске шығарғанын керек етпей, өзінің өріп кететін қасиеті бер. «Таңғы несібе – Тәңірден, ол берекелі несібе, қой сол себепті жер бетіндегі  ең басы көп таралған мал» деп түсіндіреді қазақ. «Ал, ит түнімен қаңғып келеді, таң алдында келіп құлайдды, таңғы несібесінен сөйтіп құр қалады, сол себепті оның басы көбейе алмайды» деген сөз бар.

Оның бәрін былай қойғанда, қазақы қойдың еті мен майының денсаулыққа тигізер пайдасының орасан зор екенін тамырынан ажырап қалған қазақ бүгін қайтадан біліп, жаңалық ашқандай болып, жоғалтқан құнды затымен қайтадан қауышып жатыр. Шынында да, қойдың қатығын бір рет ішкен адам оны аңсайтын да тұратын болады.

Біздің елде осыдан екі жыл бұрын Әдһам Шілтерханов есімді абыз атамыз өмірден өтті. Сол кісі Қаратаудың бойында көп жыл, өзінің қызметі агрономдық болса,  аңшылықпен айналысқан еді. «Бір рет қайнаған шілдеде ерекше шопанмен кездесіп, танысқаным бар, – деді Әдекең бір отырыста. – Ерекшелігі оның жаздың күнінде Қаратаудың желі мен ыстығына қарайып тотықпағандығында, екі бетінің қаны тамып тұрғандығында еді. Мен шыдамай, «бұның сыры неде?» деп сұрадым. Сонда шопан ағамыз: «Шырағм, мен қысы-жазы ерінбей қой саудырып, қойдың ірімшігін жеймін. Одан да бұрын жыл он екі ай қойдың қатығын сусын етемін» деді».

Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетау-Қызылорда пойызымен бір кейуанамен купелес болып қалдым. Сөзден сөз шығып, «кемпір шешемнің қойдың сүтінен ерінбей жасайтын ірімшігінің дәмі аузымнан кетпейді, ондай ірімшік жемегелі де жарты ғасыр болды» дегенімде, Сырдың бойына келін боп түскен, жасы жетпістің жуан ортасындағы Арқаның қызы: «Қойдың сүтінен де ірімшік жасай ма?» деп, таңғалып еді…

Бұл жазғанымыз – «есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да есің жи» деген көне қазақ даналығындай, әлемнің дамыған елдері бірнеше есе бағасын артық төлеп, қуана-қуана сатып алатын экологиялық таза тағамды шығару арқылы, қазақтың ертерек қайта өрлеу дәуірін оралту жайлы ой ғой. Газеттің әр нөмірі сайын осындай ой-жобалармен бөлісіп отыратын боламыз…

Өмірзақ Ақжігіт

Дереккөзі: qazaquni.kz

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563