Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саңлақ 8467 1 пікір 4 Сәуір, 2020 сағат 16:05

Бекзат биыл 40 жасқа толар еді...

«Жиырма жыл күткен алтынды жиырма жастағы жігіт алып берді». Бұл сөз 2000 жылы Сидней Олимпиадасында топ жарған Бекзат Саттархановқа арналған. Комментатордың осы сөзі көп жанкүйердің көңілілінде жатталып қалғанына сенімдімін...

Алтын медаль алған жігіттің 20 жаста екені де рас, сол алтын медалді қазақтың 20 жыл күткені де рас еді. 1980 жылы туған Бекзат 1980 жылы Серік Қонақбаев Мәскеу төтінде атой салғанда бесікте жатқан екен. Арада 20 жыл өтіп, 20-ға толғанда Бекзат Олимпиада чемпионы атанды. Өкініштісі, сол саңлағымыздың бақилық болғанына да 20 жыл болды...

Ол кез бүгінгідей спорт пен саясаттың, спорт пен діннің араласпаған, таза кезі. Бекзаттың жеңісіне барша ағайын шын қуанған. Ал қазір қазақ билігі спорттағы жетістік – ел дамуының ерекше белгісі деген қағиданы ойлап тапты. Бұл бөлек әңгіме.

20 жасында жалпы жұртты қуанышқа бөлеген Бекзат Саттарханов көзі тірі болса бүгін 40 жасқа толар еді. Бүгін оның туған күні!

Батыр Бекзат 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйірмесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім алған.

Боксқа қатысқан алғашқы жылы Түркістан қаласында өткен З. Сейітбековты еске алу турнирінде топ жарды. Бұның оның спорттық ғұмырындағы алғашқы жүлде еді. Осы жарыста алған «Түркістан 95» деген жазуы бар қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген екен.

Дәл сол жылы жасөпірімдер арасындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, бапкерлер көзіне түсе бастайды.

1996 жылы Қостанай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының ішкі біріншілігінде чемпион атанады. Дәл сол жылы шымкенттік Анатолий Визириякин атты бапкердің қарамағына өтіп, облыс орталығындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды.

1997 жылы Қарағанды және Германияның Кельн қалаларында өткен халықаралық турнирлерде топ жарады. Сонымен қатар Олимпиадаға даярлау облыстық орталығына қабылданады.

1998 жыл Бекзат үшін табысты болды. Сол жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Қостанай қаласында өткен жарыста 54 келіде сынға түскен ол Марат Мәзімбаевтан ұтылып қалғанымен, бапкерлер сенімінен шығып, ұлттық құрамаға қабылданады. Түркістан қаласында Әбдісалан Нұрмахановтың құрметіне өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып қоймай, жарыстың ең үздік боксшысына берілетін сыйлыққа ие болады. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанады. Таиландта өткен бүкіл Азия біріншілігінде жүлдегер қатарына ілігеді.

1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде оза шауып, Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізеді. Дәл осы күміс жүлдесімен бірге Сидней Олимпиадасының жолдамасына да ие болады.

2000 жылы 57 келіде Олимпиада ойындарының жеңімпазы болды.

Бекзат Саттарханов. Жетістіктері:⠀⠀

- Сидней Олимпиадасының чемпионы (57 салмақ);⠀⠀
⠀⠀
- Орталық Азия елдері біріншілігінің чемпионы(1999);⠀⠀
⠀⠀
- Гран-при кубогының жеңімпазы (2000);⠀⠀

- Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1999);

- Жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1998);

- Жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1998).

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

1 пікір