Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
2850 2 пікір 4 Сәуір, 2020 сағат 14:14

АҚШ Қазақстанға коронавируспен күресуге 800 мың доллар қаржылай көмек берді

АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) Қазақстанға коронавируспен күресуге 365 млн теңге (800 мың доллар) көлемінде қаржылай көмек берді деп хабарлады АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі.

"Коронавирус дағдарысы кезінде АҚШ Қазақстан үкіметімен әріптестікті нығайтып жатыр. Қазақстанның вирустың жайылуын тоқтату мақсатында жасаған жылдам әрі сенімді қадамдарын жоғары бағалаймыз. Осындай күрделі кезеңде ашықтықты қолдаймыз, себебі ақпаратпен еркін алмасу індетті жеңіп, алдағы уақытта денсаулыққа төндіретін кез келген қатерге тұрақты түрде қарсы тұру үшін өте маңызды" деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер.

Ұйым Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ауруды бақылау және алдын алу орталығымен бірлесе отырып, қолдауды қажет ететін басымдық беретін салаларды анықтаған. Олардың қатарында ірі көлемде тест өткізуге мүмкіндік беретін лабораториялар жүйесін дайындау, медициналық мекемелерде инфекцияның таралуына жол бермеу және бақылау, коронавирус жағдайын қадағалауды бақылау, вирус туралы жалған ақпаратпен күресу, вируспен күреске қауымдастықтарды тарту сияқты мәселелер бар.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 423 адамнан коронавирус табылған. Қазақстанда алғаш рет 13 наурызда вирус жұққан адамдар анықталған. Сол уақыттан бері үш адам көз жұмды. 27 адам жазылып шықты. Елде төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қала мен облыс, аудан карантин режиміне көшті.

Abai.kz

2 пікір