Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
2238 0 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 10:41

Алматыда 20 мың адам тұратын ықшам аудан карантинге жабылды

Алматы қаласында "Асыл Арман" тұрғын үй кешені карантинге жабылды: мұнда тағы бір тұрғын коронавирус жұқтырып алған.

"Асыл Арманда" шамамен 20 мың адам тұрады. Кешенде 21 көп қабатты үй, оларда 5 мыңнан астам пәтер бар. 28 наурызда карантин тұрғын үйлердің бірінің бір подъездінде ғана жарияланған. Сол күні осы үйде тұратын бір қыздың COVID-19 жұқтырып алғаны анықталған.

"Қауіпсіздік және коронавирустің таралуына жол бермеу үшін "Асыл Арман" кешенін карантинге жабу туралы шешім қабылданды. Тыныштық сақтаңыздар - бұның барлығы тұрғындар үшін жасалып отыр. Жұмыс берушіге карантинде екеніңізді ескертіңіз" делінген кешен тұрғындарына таратылған хабарламада.

Жергілікті билік кешеннің қоғамдық орындары дезинфекцияланатынын, дәрігер амбулаториясы ашылатынын айтты. Амбулатория осы ауданның тұрғындарын ғана қабылдайды.

"Азық-түлік арзан бағамен сатылады. Тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Кешенді полиция қоршауға алды. Күзет қойылды", - деді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Қарағандыда және басқа да қалаларда бірнеше үй карантинге жабылды. Бірақ тұтас бір тұрғын үй кешенін алғаш рет оқшаулап отыр.

Қазақстанда 435 адам коронавирус жұқтырған, үш адам қайтыс болған, 27 адам жазылған.

Abai.kz

0 пікір