Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 6490 1 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 16:02

Әр адамның ішінде «оба» өмір сүреді

Жиырма екі жасында Альберт Камю өмірдің мәнін ашуға саяхат жасады. Соның нәтижесінде ол әлемнің немқұрайлылығына және адамның өмірдегі әрекеттері тым мағынасыз болатындығына көз жеткізді. Әр адамда шүбәләну һәм кездейсоқтық кезеңдері болады, ал Камю үшін бұл ерекшелік емес еді, дегенмен, ол осы белгісіз кезеңдерден аман өтіп, күн сайын өмір сүруге, жаңа ой іздеуге һәм оны ашуға құлшынды. Себебі, ол үшін «Дарын тек бір сәттік мүмкіндік, үлкен еңбек пен қайсарлық қана оны даңққа айналдыратыны» даусыз еді. Камюдың өмір философиясынан бөлек, оның тіршілікке  деген құштарлығы, әлемнің сұлулығына деген сезімталдығы шығармаларында көрініс тапты. Адамның ішкі құндылығы мен мақсатын жіті зерделеуі, өмірге қатысты маңызды сұрақтарға баса назар аударуы біз сөз еткелі отырған автордың басты ерекшелігі болмақ. Ол айналасындағы ғажайып әлемді бақылап, адам мен әлемнің тығыз байланыста екенін айтқысы келді. Айта алды да. Сол үшін де Камю бізге таныс әрі бейтаныс жаратылыстың құпияларын ашуға және оны жіліктеп түсіндіруге ниетті болған ақыл-ой мен ар-ожданның керемет үлгісі. Өмірге жауап іздеген әр жүрек иесі ой шыңырауына батады. Ал Камю абсурдтық философияға терең «сүңгіді». Соның сырын іздеді. Тапты.

Ол бізге қиын сәттердің кездейсоқ келетінін және бұл туралы айтатын уақыттың да тосаттан болатынын еске салды. 1941 жылдың қаңтарында Альберт Камю жануарлар арқылы адамдарға тез  таралатын және Алжир жағалауындағы Оран деп аталатын «қарапайым қаланың» тұрғындарының жартысын жантәсілім еткен  вирус туралы романын жазуды бастады. Көп кешікпей 1947 жылы жарық көрген «Оба» романы атышулы соғыстардан кейінгі ең үлкен Еуропалық роман ретінде қазірге дейін қолдан-қолға өтіп, көп оқылып келеді. Шығарма бас кейіпкер дәрігер Рионың өлі егеуқұйрықты кездестіруінен басталады. Бір апаттың боларынан секем алған дәрігердің көңіліне мазасыздық орнайды. «Күллі қала қазір егеуқұйрықтар туралы гу-гу етеді, тіпті бұл іске газеттердің өзі араласып кетті»,– делінеді шығарма. Бас кейіпкердің күдігі шындыққа жалғасып, көп ұзамай оба індеті таралады, тосыннан келген ауру біреуден-біреуге тез жұғымдалып, әр көшеде дүрбелеңдер белең алады. Оран қаласының жартысы егеуқұйрықтар өліктерінің тасқынына айналады. Осы бір алапат дертті ауыздықтауға ұмтылған кейіпкердің тынымсыз жанталасы, күресі, тағдыры бейнеленген бұл шығармадан біз әлемнің әр қиырын беймаза еткен қазіргі адамзат баласының жүдеу кейпін көреміз. Камюдың осы шығармада «Әлемде әр кезде де оба болған, әр кезде де соғыс болған. Алайда, оба да, соғыс та жұртты әдеттегідей тұтқиылдан басқан» деуі адам баласының асып-тасқан шағында, дүниені қамсыздық, арсыздық, жалғандық пен тойымсыздық билеген сәтте тұтқиыл жағдайлар қайталанып тұратынын айту екені шындық емей немене? Нобель әдебиет сыйлығының ең жас иегері «Обаны» жазу үшін тарихта болған оба кеселі мен оның зардаптарына көз жүгіртіп, 14 ғасырда еуропада шамамен 50 миллион адамның өмірін қиған қаралы өлім, Ломбардия мен Венеция жазықтарында 280 000 адамды өмірімен қоштастырған Италия обасы, 1665 жылғы Лондондағы оба кеселінің жаппай таралуы, осыдан екі ғасыр бұрынғы қытайдың шығыс жағалауындағы қалаларды қиратқан аты жаман ауру туралы үлкен ізденістерге барып, шынайы оқиғаларға көз жүгірткенін біле аламыз.

Камюдың «Обасындағы» кейіпкер мен көтерген тақырыбы оқырман жақсы білетін «Жаттағы» кейіпкер мен тақырыптан әлдеқайда бөлек дүние. Бірақ ол бұл туындысында да өзі терең зерттеп жүрген абсурдтық философияны ту етіп көтереді. Романды оқи келе байқағанымыз, Камю «Оба» романын бірнеше мақсатта жазғандығы айқын көрінеді. Ол табиғи апат, оба кеселі сияқты жағдайларды роман оқиғасы ретінде кірістіріп, табиғаттың адамзатқа қарсылығын абсурдтық идеямен пайымдайды, содан кейін әр түрлі кейіпкерлердің қалай әрекет ететінін көрсетеді. Ол өз тақырыбына назар аудартты, адамзат баласының кез-келген уақытта кездейсоқ жойылып кетуіне, әлде бір вирус, жазатайым оқиға немесе адамдардың қалыпсыз іс-әрекеттері себепкер болатынын ұғындырғысы келді. Камю өз шығармасында сөз еткен Оран халқы кездейсоқ келген індетті бастаабында қабылдай алмайды. Қаланың төрттен бір бөлігі апатқа ұшыраған  кезде де, олар бұл жағдайға сеніңкіремейді. Дәрігер айналасындағылардың қасіретін азайту үшін тынбай жұмыс істейді. Сол үшін ол «Обамен күресудің жалғыз әдісі – төзімділік», – дейді. Ақыры, тоғыз айдан астам уақыттан кейін обаның беті қайта бастайды. Бірақ автор «оба ешқашан өлмейді, ол біз өмір сүретін бөлмелерде, жертөлелерде, қала берді сандықтарда, қол орамалдарда және ескі қағаздарда төзімділікпен күтіп отырады, ол егеуқұйрықтарды оятып, оларды қайсыбір қалада жан тәсілім болуға жібереді» деген ойын жасыра алмайды. Камю біздің заманымыздағы ең мықты эпидемиологтардың қолынан келмейтін ғылымды жақсы білегендіктен емес, ол адам табиғатын дұрыс зерттей алғаны үшін қымбатты болмақ. Сол үшін де ол «Әр кімнің ішкі әлемінде өзі бар, бұл оба, өйткені бүкіл әлемде ешкімде иммунитет қалғанжоқ» , – деп кесетеді.

«Обада» Камю әр түрлі абсолютті кейіпкерлер жасайды,    олардың әрқайсысы өзінің абсурдты шешімін іздейді. Бұл Камюдың керемет драмалық стилінің жарқын үлгісі. Философиялық тұрғыдан оба – ғаламның түсініксіздігінің белгісі. Ол адамның өміріне ешқандай ескертусіз және тосаттан енеді, және оған қарсы кез-келген жеңіс адамзатқа мүмкіндік әкеледі. Біз сөз етіп отырған «Оба» романы адамның зұлымдығын емес, зұлымдықты маңызды тіршілік иесі ретінде бейнелейді. Бұлай дейтініміз, Камюдың әр шығармасына назар салсақ, басты айтары, зұлымдық пен абсурд ешқашан жойылмайды дегенге саяды. Адамзаттың мына белгілі әрі беймәлім өмірдегі мақсатын ұғынуға жетелейтін бірдеңе бар десек, ол біздің мағынасыз тіршілігімыз екенін қайта-қайта айтуға тура келеді. Камю бір сөзінде:«Бізде қауіп пен қуғын-сүргін атмосферасы өмір сүрді. Оба дегеніміз тұншығу. Мен осы ойымды жалпы адамзатқа, ғаламға жеткізгім келді»,– дейді. Көрдіңіз бе? Шығармадан біз іздеген шындықты автор өзі осылай анықтап айтып береді. Ал біздің қосарымыз, егер «Оба» романына басты арқау болған оба оқиғасын алапат соғысқа теңесек, онда обамен күресетін Камюдың әр кейіпкері батыл сарбаздар болмақ, оқшауланған және жер аударылған отбасылар мен құрбан болғандар қаһармандар. Ал қаладағы карантин – стратегиялық ұрыс аймағы. Романның соңында кей кейіпкерлер жеңіске жете бермейді. Олар адамның абсурдқа қарсы сәтсіздігінің белгісі. Кезінде әдебиет зерттеушісі Томас Мертон Камюдың осы шығармасы туралы «Обаны өз стилімен емес, бақыт пен махаббат туралы жазса болар еді»  деген пікір айтқан еді. Дегенмен, Камю іздеген шындық пен өмірдің мағынасы бақыт пен махаббатан тұра ма, соған ой жүгіртетін сәт келген сияқты. Бірақ Камюдың өз сөзімен айтқанда «Бірде-бір керемет туынды жек көру мен жиіркенуге негізделмеген».

Қазір әлем халқын короновирос дейтін індет мазалап, үрейлендіріп жатыр. «Обадағы» оқиғаларға салыстырсақ, біт талай ұқсастық табамыз. Ол кезде де адамдар тұтқиыл келген індетке сенбеген, салғырттық танытқан. Ол кезде де алапат індет жануарлардан тараған, ең бастысы, ол кезде де адамдар санасын өсек пен жалған ақпараттар тұмшалаған, газеттер мен медиялар бас мақалаларын індет туралы жазбаларға арнаған. Осы арада Камюдың «Обасы» бізге нені айтады деген заңды сұрақ туады. Камюдың обасы бәрі кенететен болатынын, адамдардың рақымсыздығы мен тойымсыздығы, достық пен махаббаттың табан астына тапталуы, немқұрайлылық пен салғырттықтың сананы жаулауының зардаптарға жетелейтінін ұғындырады.

Дүйсенәлі Әлімақын,

Қазақ Әдебиеті гәзеті.

Abai.kz

1 пікір