Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 2900 2 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 13:51

Коронавирустың қаупі адамдардың санасына әлі кірмей жатыр

Коронавирус бұдан да тезірек тарала бастады

Дертті жұқтырған алғашқы адам анықталған кезден аурулар саны 100 мыңға жеткенше дейін 67 күн өтсе, 100 мыңнан 200 мыңға дейін небәрі 11, ал 200 мыңнан 300 мыңға дейін небәрі төрт-ақ күнде жетіп отыр. Дәл қазір әлем бойынша 381 мыңнан астам адамда коронавирус тіркелді.

Соңғы деректерге сүйенсек, Covid-19 дертінен әлем бойынша 16 563 астам адам көз жұмды. Яғни, аурудан қайтыс болу ықтималдығы 4,3 пайызды құрап отыр.

Бүгінгі дерек бойынша елімізде коронавирус жұқтырған барлық адам саны 68 болды. Біреуі ауыр халде жатыр. Көріп отырғанымыздай, 13 наурызда 2 адам тіркелгеннен бері 11 күн ішінде жұқтырғандар саны 34 (!) есе өсті.

Қазір әлемде Қытайдан басқа мемлекеттердің барлығы бұл дерттің таралуының шыңына жетпеді. Демек, Қазақстанда да аурулардың саны өсе береді.

Мен күні-түні коронавирус бойынша барлық жаңалықтарды оқып отырмын. Талдай келе ұққаным, елде жағдай әлі де ушығады. Өйткені коронавирустың қауіпті дерт екені адамдардың санасына әлі күнге дейін кірмей жатыр.

Елдер төтенше жағдай мен карантинге қарамастан, астыртын той жасауда, кейбір санасыз кәсіпкерлер 50 адамға дейін жиналуға болады дегенді шығарып алып, караокелер мен мейрамханаларына халықты шақырумен әлек, халық Наурыз күндері туысқандарына қонақтап баруды тоқтатпады.

Заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын біле тұрса да, жабылған Алматы қаласына сырттай кіргісі келетіндердің легі әлі де толастамаған сияқты. Әлі күнге дейін коронавирус деген фейк, үкіметтің қолдан жасап жатқаны деушілер көптеп табылады.

Бұның бәрі жағдайдың оңалуына әкелмейді, әрине. Осындайлардың бейқамдығы мен санасыз жауапкершіліксіздігі үшін ары қарай не болатынын болжау қиын емес. Егер сақтық шараларын қолға алмай, үйде отырмай, ел кезіп қонақтап жүруді доғармасақ:

1. Төтенше жағдай мерзімі ұзартылуы мүмкін.

2. Коменданттық сағат енгізілуі мүмкін, яғни қазір Алматы жабылса да, сыртқа шыға аламыз. Коменданттық сағат енгізілсе үйден мүлде шыға алмай қаламыз.

3. Төтенше жағдай ұзартылған жағдайда шағын және орта бизнестің біразының саудасы бітеді. Қазірдің өзінде күн сайын шығын санап отыр. Бұл дегеніміз - жаппай қысқартулар, жұмыссыздықтың өсуі, экономикалық жағдайыңыздың төмендеуі.

4. Вирус тезірек таралады, жұқтырғандар саны көбейген сайын денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түседі, дерттен өлген адамдар саны өседі. Дамыған Италияның өзінде ресурстар жетпей, кімді емдейтінін, ал кімді өлімге қиятынын таңдап жатыр.

Айналайын отандастар. Біз карантиннің алғашқы күнінен бастап үйде отырмыз. Үйімізде тоқсандағы атамыз бар, денсаулығын уайымдаймыз. Егер жауапкершілік сіз бен бізде жаппай болмаса, біз сияқтылардың әрекетінен түк те шықпайды. Үйлеріңде қалыңыздаршы. Құдай теріс қарамаса, 15 сәуірде үйреншікті қалпымызға ораламыз, жағдайымызды тезірек реттеуге кірісеміз.

Үйде отырмасаңыз, жоғарыда аталған негатив сценарийдің болуына жол ашасыз және біреудің өліміне себепші болуыңыз әбден мүмкін. Ең сорақысы - өлтіріп алған жағдайдың өзінде жауапкершілікті сезінбей, "Алланың қалауы солай болды, тұзы таусылған да" дей саласыз. Бұл кезең - жауапкершілігімізді шыңдауға жақсы мүмкіндік.

Төмендегі суретті сіздер үшін сыздық. Сізде екі опция ғана бар. Біреуі үйде отырмау, екіншісі - отыру. Әрқайсысы қандай нәтиже беретіні айдан анық. Ойланыңыздар.

Бақытжан Бұқарбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

2 пікір