Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3226 0 пікір 1 Қазан, 2011 сағат 15:06

Элитамыздың көпшілігі немқұрайды

Өткен сейсенбіде қос бірдей саясаттанушы Досым Сәтбаев пен Айдос Сарым  «АйтPARK» пікірталас клубына қонақ болды. Бүгініміз бен ертеңіміз туралы қызықты әрі тосын ойларымен бөлісті.

Өтпелі кезең аяқталған жоқ

Өткен сейсенбіде қос бірдей саясаттанушы Досым Сәтбаев пен Айдос Сарым  «АйтPARK» пікірталас клубына қонақ болды. Бүгініміз бен ертеңіміз туралы қызықты әрі тосын ойларымен бөлісті.

Өтпелі кезең аяқталған жоқ

Нұрлан Ерімбетов: «Ресейге кетіп жатқан адамдардың саны екі есе көбейді» деген ақпарат жүр. Бұған не түрткі болды? «90-жылдары адамдар өз таңдауын жасады, кететіндер кетті, қалғандары енді ешқайда кетпейді» деп жүрген едік. Бұл қалай?
Айдос Сарым: Ең алдымен бұл мәліметтің қайдан шыққанына назар аудару керек. Бұл - әлеуметтік сауалнама емес, небәрі көші-қонмен айналысатын бір ұйымның мәліметі. Жақында Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Патрушевтің: «Сырттағы отандастарымызды елге көшіріп әкелмесек, 20-30 жылдан кейін Ресей демографиялық тұрғыдан көп ұтылатын болады», - деген сөзін естідік. Ресей екі түрлі саясат ұстанып отыр. Бір жағынан, ықпал факторы, ТМД елдерін Ресей орбитасынан шығармаудың тетігі ретінде көрші мемлекеттерде орыстілді халықтың қалғанын қалайды. Екінші жағынан алғанда, белсенді көшіріп алу бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұған қомақты қаржы жұмсап жатыр.
Досым Сәтбаев: Объективті үрдіс бар. Ол - көші-қон үрдісі. Барлық елдерде кездесіп отырған жайт. Балтық жағалауы елдерін алсақ, онда үлкен халық саны жағынан құлдырау бар. Эстондар, латыштар мен литвалықтар Еуропаға үдере көшіп жатыр. Демографиялық тұрғыдан бұл елдер босап қалуда. Елімізде 90-жылдары орыстар жаппай көшті. Қазір кетіп жатқандар тек қана орыстар немесе өзге ұлттың өкілдері емес, олардың арасында қазақтар да бар. Біреулер оқу үшін, біреулері бизнес үшін қоныс аударуда. Бұдан бірнеше жыл бұрын бір әлеуметтік сауалнама қорытындысына көз жүгірттім. Оған сүйенсек, еліміздегі халықтың 15 пайызы басқа елге барып өмір сүруді қалайды екен. Кейбіреулер мұны тіл туралы мәлімдемеге реакция ретінде бағалайды. Жоқ, олай емес. Мынадай тез реакция болмайды.
Айдос Сарым: Меніңше, бізде әлі өтпелі кезең аяқталған жоқ. Қай елде тұрғысы келетінін әлі күнге дейін ойланып жүргендер көп. Қазақстан күннен-күнге орыстық, кеңестік сипаттарынан айырылып, қазақ, мұсылман еліне айналып келеді.

Иесі жоқ елде ұрлық жасау оңай

Нұрлан Ерімбетов: Ұлт-патриоттары Қазақ тілін қолдау митингіні қаланың бір шетінде өткізбек. Париждің бір түкпірінде өткен митинг туралы елестетудің өзі қиын. Мәскеуде митинг Манеж алаңында емес, шеткі бір ауданда өткенін көрген емеспін. Мұндай митингті қаланың бір түкпірінде өткізу қорлық емес пе?
Айдос Сарым: Кейбіреулер ұлт-патриоттарынан радикал жасағысы келеді. Бұған қарамастан, олар - заңды құрметтейтін адамдар. Бұл жерде «Неге біз Норвегия сияқты емеспіз?» - деп қайыра сауал тастауға болады. Қаланың өз ережелері бар. Митинг өткізуге мәслихат белгілеген орындар бар.
Досым Сәтбаев: Бұл ережелер бәріне бірдей. Жалпы, элитамыздың көпшілігі - космополиттер. Оларды космополит ететін не нәрсе? Ол - сыбайлас жемқорлық. Біздің элитамыздың көптеген өкілдері көп нәрсеге немқұрайды қарайды. Қазақстан қандай болуы керек? Мұнда кімдер тұрады? Қай тіл басымдыққа ие болуы керек? Митингіні қайда өткізу керек? Бұл сұрақтарға бас қатырмайды. Оларға бәрібір. Қытайлармен жұмыс істеу керек пе? Әлде француздармен, американдықтармен бірге жұмыс істей ме - олар үшін еш айырма жоқ. Өйткені, олардың үйлері, отбасы шетелде. Балалары да шетелде оқып жатыр. Біздің саяси және экономикалық элитамыз ақшаны осы жерден тауып, ойы басқа жақта болғандықтан, бұл мәселелерді көтергісі де келмейді.
Айдос Сарым: Біз неге қазақ тілі туралы, қазақ мемлекеттілігі туралы жиі айтамыз? Иесі жоқ елде ұрлық жасау оңай.

Саясат сахнасында бәріне бірдей ұнамайсың

Нұрлан Ерімбетов: Бибігүл Төлегенованы «соққыға жығу» қазақшылыққа да, мұсылманшылыққа да жат қылық секілді? Үлкенді сыйлаудан, елге сіңірген еңбекті ескеруден қалғанымыз ба?
Айдос Сарым: Бұл жерде мынадай нәрсе бар. Қазір елімізде бір мезгілде екі түрлі мәлімдеме жасау мүмкін емес. Билік көбіне қазақтілді аудиторияға басқа, орыстілді аудиторияға тіпті басқа пікір айта беретін. Бүгінгі күні олай ету мүмкін емес. Бибігүл Төлегенованың жасы мен жеткен жетістіктері «Иә, қол қойдым. Мені жайыма қалдырыңдар»  деп айтуына мүмкіндік берер еді. Оқымай қол қоя салған шығар, қателік жасаған шығар, бірақ баспасөз мәслихатын өткізудің қажеті жоқ еді.
Досым Сәтбаев: Бұл жерде Айдоспен келісем. Жас саясаткерлерге қарағанда, Бибігүл Төлегенова қорқатындай ештеңе жоқ еді. Біріншіден, ол саясаткер де емес.
Айдос Сарым: Мен Қыдырәлі Болмановты түсінбеймін. Ол қазақ ойыншықтарын қазақ балаларына сатқысы келеді. Әйелі екеуінің әндерін қазақ жастарының тыңдағанын қалайды. Сөйте тұра, қазақ тіліне қарсы шығады. Маған осы жағы түсініксіз.
Елімізде жастар тыңдайтын бес тұлға да жоқ. Ескі қаһармандарымыз сахнадан түсті, жаңалары әлі пайда болған жоқ.
Досым Сәтбаев: Бұл хат - саяси мәлімдеме! Қол қойғандардың көбі қоғам және саяси қайраткерлер. Саясат сахнасына шыққан кез келген адам бәріне бірдей ұнамайтынын алдын ала білуге тиіс. Саясат - лас нәрсе. Барлық елде де солай болады.

Еліміз ұшақ тәрізді қауіпті аймақтарға еніп барады

Нұрлан Ерімбетов: Елімізде қауіп қайдан шығуы мүмкін?
Айдос Сарым: «Келесі он жылдықтар өткен жиырма жылға қарағанда, қиынырақ болады», - деп Досым екеуміздің пікіріміз бір жерден шыққан еді.
Досым Сәтбаев: Кеңінен тоқталайық. Еліміз қазір көп бағыттар бойынша қауіпті фазалардан өткелі тұр. Біріншісі - демографиялық бағыт. Қазір тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұрпақ өсіп жетілді. Олар шетінен максималистер. Саяси әрекеті жағынан біздің буынға қарағанда, олардың радикалдылығы басым. Либералды ұрандары жоқ.
Екіншісі, әлеуметтік мәселелермен қатар білім деңгейі де құлдырап барады. Бұл адам капиталын азайтады. Бұл қазірдің өзінде бізге соққы болып тиіп жатыр.
Тағы бір қауіп  - рухани-идеологиялық бос кеңістікке байланысты. Оны діни экстремистік ағымдардың әрекетінен байқауға болады.
Келесі - экономикалық бағыт. Әлемдік экономика қайта құрылуда. Бір әлемдік дағдарыстан шығу үшін қомақты қаржы жұмсадық. Бұған қарамастан, Елбасы мен Кәрім Мәсімов «тағы бір әлемдік дағдарысқа ұшырауымыз мүмкін» деп мәлімдей бастады. Бұл - біздің кінәміз де емес, объективті үрдістер. Еліміз ұшақ тәрізді қауіпті аймақтарға еніп барады.
Біз алдағы он жылдықты ғана емес, соңғы жиырма жылды да босқа өткіздік деп есептеймін. Қолымыздан келетін көп шаруаны тындыра алмадық.

Рухани көшбасшылар қашан пайда болады?

Айдос Сарым: Оқушы кезімде Жазушылар одағына кіргенімде тынысым тарылып қалатын. Қазір мен үшін ол ештеңені шешуге қауқары жоқ кәдімгі бюрократиялық кеңсе болып қалды.
Бізде қазақтар да, орыстілділер де тыңдайтын тұлға жоқ. Мұндай проблема қазақтардың өз арасында да бар. Мойындау керек, бүгінгі күні ондай жалғыз тұлға - Назарбаев. Қазақтардың біраз бөлігі тыңдайды. Кез келген сайлауда ол халықтың 50-60 пайыз дауысын оңай жинай алады. Бұл - факт.
Бүгін біз елімізден әлемдік деңгейдегі теологтардың шығуына күш салуымыз керек. Жаңа беделді тұлғалар шығуы керек. Телевизия, жарнамалар бір күндік жұлдыздарды шығаруды ұсынады. Пугачева кеткеннен кейін Ресей сахнасында примадонна болмайды...
Досым Сәтбаев: Менің бір сұрағым бар. Ұлт-патриоттары өз мақсаттарына жетіп, тіпті билікке келді деп есептейік. Сонда жаңа Қазақстанды жасап, еліміздегі халықтың басын қоса алатын рухани көшбасшылар пайда бола ма? Оның үстіне, «Болашақта діни экстремизмге тосқауыл болатын қазақтың ұлттық идеясы» болады деген ой айтылып жүр...
Айдос Сарым: Ұлы жазушылар мен ұлы ғалымдардың пайда болуын алдын ала сезу мүмкін емес. Қазақ тарихында мені таңырқататын бір үлкен құбылыс болды. Абайдан кейін саясаткерлер мен жазушылардың мықты шоғыры пайда болды. Олар өз бастарын құрбандыққа шалып, қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалды. Біздің басымызға түсетін ауыртпалықтар осындай ұлылар шоғырының шығуына түрткі болуы мүмкін. «Алашорда» өкілдерінің орташа жасы 25-тен аспайтын. Біз аңсаған тұлғалар 20 жастағы жастардың арасында жүрген шығар...

«Ақжолдықтарға» 10 теңге аударта алмаған едік

Айдос Сарым: Менің партия құру ойымда жоқ. Қазіргі мақсатым - салиқалы, әр аудандарда тамыры бар, билікпен әріптестікте жұмыс істейтін ұлттық қозғалыс құру. Бұл партия құрғаннан да маңызды деп білемін.
Досым Сәтбаев: Біз саяси партиялар деп жүргендеріміз, шынтуайтында, партияға жатпайды. Бізде топтық мүдде, қысым көрсету топтары, шенеуніктердің одағы, бизнесмендердің одағы бар. Бірақ бұларды партия деуге келмейді.
Айдос Сарым: Шынайы партия оның қарапайым мүшесі жыл сайын 100 доллар жарна салып, ол ақшаның қалай жұмсалып жатқанына назар аударған кезде құрылады. 2004 жылғы ең күшті партиялардың бірі деген «Ақ жол» партиясының 80 мың мүшесінен жарна  ретінде 10 теңге аудартуға да шамамыз келмеді. «Жарайды, ақша аудармай-ақ қойыңдар, партиялық газетке жазылып, өз газетімізді қолдайық», - деп ұсыныс жасадық. Ол да қолымыздан келмеді.


Ресей біз үшін алаңдасын!

Досым Сәтбаев: Ресейдегі жағдай - демократиялық процестер кейпіне енудің жалған нұсқасы. Айналасындағы өзге елдерге қарағанда, сәл дұрысырақ көрінеді. Айта кету керек, Ресейде болып жатқан нәрселер - таза ресейлік үлгі. Оны еліміздегі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Ресейдің ықпалын тым асыра көрсетуге де қарсымын. Ресейдің сыртқы саясаты да, ішкі саясаты да өзгермейді. Путин бастаған істі Медведев жалғастырып жатыр. Путин сол істі енді қайта қолға алады. Қазақстанмен қарым-қатынасты басымдық берілген бағыттар - Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде жүзеге аса бастайды.
Экономистер тек қана экономикалық жағына ғана мән береді. Бұл жобалардың геосаяси мәні де бар. Медведев те, Путин де өздеріне бір иығын беріп тұратын режимдер арқылы посткеңестік елдерге ықпалын күшейтуді қалайды. Мәселе - басқада. Біз «Ресейде не болып жатыр?» - деп алаңдамауға тиіспіз. Керісінше, олар біз үшін алаңдауы керек! Кейін Қазақстанның саясаты қалай өзгеруі мүмкін? Бұл сұрақ олар үшін өте маңызды.

Жазып алған Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

http://jasqazaq.kz/post/elitamyzdy%D2%A3-k%D3%A9psh%D1%96l%D1%96g%D1%96-nem%D2%9B%D2%B1raidy

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3589