Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3395 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 06:32

МАМАНОВТАРДЫҢ КӨРЕГЕНДIГI

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк орталық музейiнiң фотоқұжаттар қорында сирек кездесетiн қолжазбалар мен басылымдарды зерттеп жүргенде назарым көк түстi қолжазба дәптерге түстi. Кирилл әрiптерiмен жазылған екен. Авторы - бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Ақсу қой совхозының 1-бөлiмшесiнiң тұрғыны Мұсабеков Дәуiтбай. Ол осы қолжазбаны өткен ғасырдың 70-жылдарында хатқа түсiрiптi. Көлемi - 12 парақ, 24 бет. Материалы қағаз, көк сия. Музей қорына 1975 жылы М.Әбдешев пен И.Маманов өткiзген (Акт №164. 1975 ж. Халықтық бiлiм және сауда туралы материалдар). Мазмұнына ден қойып қарасам, атақты Мамания мектеп медресесi туралы тарихи деректерге бай мұра болып шықты. Бұрын ол туралы ұзынқұлақтан естiгенiм болмаса, арнайы хабардар емес едiм. Қолжазбаның мазмұны мәндi, тiлi де көркем, қарапайым, жатық.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк орталық музейiнiң фотоқұжаттар қорында сирек кездесетiн қолжазбалар мен басылымдарды зерттеп жүргенде назарым көк түстi қолжазба дәптерге түстi. Кирилл әрiптерiмен жазылған екен. Авторы - бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Ақсу қой совхозының 1-бөлiмшесiнiң тұрғыны Мұсабеков Дәуiтбай. Ол осы қолжазбаны өткен ғасырдың 70-жылдарында хатқа түсiрiптi. Көлемi - 12 парақ, 24 бет. Материалы қағаз, көк сия. Музей қорына 1975 жылы М.Әбдешев пен И.Маманов өткiзген (Акт №164. 1975 ж. Халықтық бiлiм және сауда туралы материалдар). Мазмұнына ден қойып қарасам, атақты Мамания мектеп медресесi туралы тарихи деректерге бай мұра болып шықты. Бұрын ол туралы ұзынқұлақтан естiгенiм болмаса, арнайы хабардар емес едiм. Қолжазбаның мазмұны мәндi, тiлi де көркем, қарапайым, жатық.
Кезiнде Шәкен Күмiсбайұлының редакторлығымен Мамания мектебiнiң 100 жылдық мерейтойына орай осы мектеп туралы толық мағұлмат беретiн ғылыми деректер жинағы (Мамания: Тарихи деректер, естелiктер, өлеңдер, құжаттар, пiкiрлер. - Алматы: Атамұра, 1999 272-бет.) жарық көрген едi. Кiтаптағы әр алуан естелiктер, пiкiрлер және тарихи құжаттармен асықпай танысып шықанмын. Бiрақ ақсулық Мұсабеков Дәуiтбайдың есiмi дерек берушi ретiнде (информатор) бұл еңбекте кездеспейдi. Жоғарыдағы аталған кiтапта авторлардың Мамания туралы жазған деректерi бiр-бiрiнен мазмұн жағынан алшақ кетпейдi - астарлас, үндес, өте ұқсас. Ал бүгiнгi күнге дейiн музей қорында сақталып отырған Дәуiтбай ақсақалдың осы қолжазбасы соншалықты көне болмаса да, iшiндегi деректерiнiң берер тағылымы мен тәлiмi көңiлге қонымды, мәндiлеу болған соң жалпымәтiндiк мазмұнға сай баяндап берудi зерттеушi ретiнде жөн көрдiм. Себебi, бiрiншiден, осы баяндау барысында Мамания туралы тарихи деректердiң қалыс қалған тұстары толыға түсер деген ойдамын. Екiншiден, өткен ғасыр қойнауынан құнды мәлiмет беретiн мұндай жәдiгерлер репрезентативтiк дереккөздiк база ретiнде тарихи-деректанулық тұрғыдан жан-жақты салыстыра зерттелуi тиiс, соның нәтижесiнде тарихымыздың объективтi қырлары әр қырынан ашыла түсер деп пайымдаймын. Сыр сандықтағы мәдени мұраларымыздың сыры мен сипатын толық аша түссек нұр үстiне нұр емес пе?! Бұл баяндауда мен қолжазба иесiнiң төл мәтiнiнiң мазмұнынан алшақ кетпей, сөйлемдерiн өзiмше бейiмдеп, жазылған деректердiң негiзiнде оқырман қауымға ұсынып отырмын.
1906 жылы Маман ауылының ауқатты адамдары Маманов Бейiсбек, Маманов Есенғұл, Маманов Тұрысбек және оның әйелдерi Бөке, Әбу, Кәукен бәйбiшелер қажылық сапарына аттанады. Бұл қажылар өздерiне қызмет етуге қосшы етiп, руы Елшен Байгөндi iлестiрiп, үш ер, үш әйел болып Меккеге жол жүрiп кетедi.
Бұлар қазақ жерiнен шығып, жолай Ресейдiң iрi қалаларын аралап, олардың мәдениетiмен танысады. Отырықшы елдiң дамыған мәдениетi Есенғұл Мамановты қатты қызықтырады және оның көкiрегiне тың ойлар салады. Ол қазақ елiнде ғылым бiлiмнiң дамымай, тұралап қалғандығына қатты қынжылады. Осы жолғы қажылық сапарында Есенғұл өзiнiң оқу бiлiм жөнiндегi түйген ойын елге қайтып барған соң iске асыруды мақсат тұтады.
Бұлар қажыға барған жылы зүлхиджа айы 1907 жылдың қаңтар айына тура келген екен. Басқа жерлерден барған қажылармен бiрге 10 зүлхиджада Мекке қаласында құрбандарын шалып, қажылық парыздарын атқарады. Меккенi тауаф етiп болғаннан кейiн Бейiсбек пен Бөке бәйбiше науқастанып, Мекке басында бақилыққа аттанады.
Есенғұл Маманов әйелi мен жеңгесiн және атқосшысы Бәйгөндi елге қайтқан қажыларға қосып, қайтарып жiбередi. Өзi Меккеден бiр жолдас ертiп, Стамбул қаласына сапар шегедi. Сол қаладан Азия халықтарының тiлiн өте жақсы меңгерген бiлiмпаз Байдырақпан Жаһандаров деген татармен танысады. Жаһандаровты тiлмаштыққа алып, мұсылман елiнiң iрi-iрi қалаларын түгел аралап, мәдениетiмен де танысып шығады.
Жаһандаровтың дiн оқуы мен пәни бiлiмдi өте жетiк меңгергендiгiне қатты сүйсiнiп, қалай болғанда да осы кiсiнi елге бiрге ала кетейiн деген ойға бекiнедi. Байдырақпан Жаһандаров бiлiмнiң қызығына түсiп, сол уақытқа дейiн үйленбеген екен. Мұның бойдақтығы Есенғұлдың ойлаған жерiнен шығады. Ол ретi келген сәтте:
- Бiздiң қазақ халқы төрт түлiк мал жайымен кең далада көшiп қонып жүрiп, ғылым-бiлiмнен кенжелеп қалған. Сiздi мен туыс етiп алайын, менiмен бiрге бiздiң елге барып, жастарды тәрбиелеп, қараңғы елдiң көзiн ашуға себепкер болсаңыз, - деп ұсыныс жасаған. Байдырақпан Жаһандаров бұл ұсынысқа келiседi.
Жаһандаров Ресей жерiне барғаннан кейiн Уфада "Ғалия" мектебiн бiтiрген өзi сияқты оқымысты Ғазиз Ахметкереев пен Нажар Ғалиакбаровты қазақ жерiне келуге көндiредi.
1907 жылы тамыз айында татар ноғай зиялылары Байдырақпан, Ғазиз, Нажарлар Есенғұлдың туған жерi Қараағашқа келедi.
Есенғұл елiне келген соң, келiскен уәдесi бойынша Еркебала деген туған қарындасын Байдырақпан Жаһандаровқа әйелдiкке берiп, тұрмыс жағдайларын көңiлдегiдей қамтамасыз етiп бередi.
Есенғұлдың Байдырақпан Жаһандаровты мұсылман елiнен алып келiп, өзiнiң қарындасын берудегi ойлаған мақсатын дұрыс түсiнбеген Қапалдағы Зәкер қари, Қажыахмет хазiрет, Ақсудағы Ахмет мағзұм, Қараағаштағы Хасен имам, Сарқандағы Абдолла хазiрет: "Есенғұл бiр қызыл басты (парсыларды қазақтар солай атаған - Ж.Б.) әкелiп, мұсылман дiнiне қарсы әрекет етуде екен, шариғат үкiмi бойынша Есенғұлды жазалау керек" деген көпiрме сөз тарата бастайды.
Ол кезде дiннiң дәуiрлеп тұрған кезi. Молдалардың дiни ықпалындағы надан қазақтар да оларға iлесiп: "Есенғұлдың мына iстемек болған iсi ата-бабамыздан берi естiп көрмеген сұмдық. Бұл қажы емес пәле болды ғой" деген сөздердi өрбiтедi.
Көпшiлiктiң өсегi өршiп, қарсылық көбейе бастаған соң, Есенғұл Маманов жоғарыдағы аттары аталған имам хазiреттер мен ауылдың игi жақсыларын жинап алып, ағынан жарылады.
- Мақсатым осы елде оқу-ағарту iсiн дамытып, жаңаша оқытатын мектеп-медресе ашу. Сол үшiн қанша шығын шығарып, мұсылман елiнен бiр ғалымды әкелiп, оған өз қарындасымды берiп отырмын, - деп сөз саптайды. - Бiлiмнен жұрдай қазақ жастарын оқыту мақсатынан ешқашан қайтпаймын. Оқудың арқасында ғылым-бiлiмi, өнерi мен мәдениетi қалыптасқан дүние жүзi халықтары қатарлы жаңа тәсiлдерге негiзделген оқу ошағын ашсақ, дiнге қандай нұқсан келедi? Имам хазiреттерiңiз болсын, инабатты жәй адамдарыңыз болсын, мына Байдырақпанмен дiн туралы бiлiм таластырып, жарыссөзге түсiп көрiңiздер. Менiң жүзеге асырайын деп көздеген мақсат-мүддем дiнге қарсылық болып табылса, өзiм әкелген ноғайларды өзiм қайтарып жiбере аламын. Егер де Байдырақпанды дiни iлiмдерiңiзбен жеңiп тоқтата алмасаңыздар, мен туралы дабыр айтып, таратып жүрген өсектерiңiздi тиятын болыңыздар - деп көпшiлiктiң ортасына Байдырақпанды алып келедi.
Сыртынан Байдырақпанды жұтып жiберетiндей болып жүрген хазiреттер мен дүмше молдалар өздерiнен әлдеқайда бiлiмдi Байдырақпанға беттей алсын ба? Ол ислам дiнi мен пән жолын қатарластыра сөйлеп түсiнiк бергенiнде дiншiл хазiреттер мен жәй инабатты адамдар бастарын шұлғып жуаси бередi. Бiрақ хазiреттердiң iшiнде Ақсудағы Ахмет мағзұм өте ызақор кiсi екен. Байдырақпанмен сөз таластыра алмай долданып, "Аллаһ жазаңды берсiн!" деп Есенғұлдың үйiнен шыға жөнелiптi.
Есенғұлды райынан қайтарамыз деушiлер жиналып, 1908 жылдың қаңтар айында өзара кеңес өткiзедi. Бiрақ артынан дiншiлдер мен ел жақсылары әуелгi ойларынан қайтып жөнге келедi. Маманов бастаған топ 500 бала оқитын мектеп пен жатақханалар салу үшiн орталарынан қаражат жинап, құрылыс сметасын дайындап, жазды күтiп даяр отырады.
Қараағаш мектебiн салу жөнiндегi сызба жобаны тиiстi орындарына iстетiп, басшылығына Есенғұл Маманов, ал есепшiге Қожахмет Сейiтбатталов тағайындалады.
1908 жылы жаз маусымы келiсiмен Есенғұл мен Қожахмет өздерiнiң жасаған сызба-жобасына сәйкес Қараағаш мектебiн күзгi оқу уақытына дейiн тұрғызу үшiн ел- жұртты табанынан тiк тұрғызады. Бұрын медреседе дiн жолымен Хасен молдадан оқып жүрген оқушылар 1908 жылдың қыркүйек айында жаңаша оқытатын мектепке қабылдана бастайды.
Ескi оқу тәртiбi бойынша шәкiрттер араб әлiппесiндегi 29 қарiптi жекелеп жаттап, иманшарт пен әптиектiң сүресiн оқып бiтiрiп, содан соң Құранға түседi. Құранды еркiн танып оқу үшiн зерек балалардың өзi кемiнде үш жыл оқуы керек. Құранды танып оқыған сол балалар қолжазба хатқа кiсi аттарын құрастырып жазуға бiрен-сараны болмаса көбiнiң сауаттары жете бермейтiн.
Қараағаш мектебi алғаш бой көтерген жылдың өзiнде 300 бала қабылданып, әр сыныпта 50 баладан оқуға тура келдi.
Мектеп алты жылдық болып ашылды. Директор қызметiне Байдырақпан Жаһандаров тағайындалды. Онымен бiрге келген Ғазиз Ахметкереев, Нажар Ғалиакпаров оқытушылық қызмет атқарады. Шәкiрттерге үш мұғалiм сабақ берiп үлгермегендiктен 1 сыныпты оқытуға Берiкбол Қилыбаев пен Көксудағы жетi жылдықты орысша бiтiрген Құнанбай Басшыбаев орыс тiлi пәнiнен сабақ беретiн мұғалiм болып қабылданды.
Оқу тәртiбi мен бағдарламасына сай бай балалары айына бiр сом, орта шаруа балалары елу тиын төлеп, ал кедей балалары тегiн оқытылды.
1908 жылға дейiн дiншiл Мамановтар отбасы ислам шариғатының үкiмiмен өлi тiрiге арналған зекеттерiн молдалар мен кедей кембағалдарға үлестiредi екен. Қараағаш мектебi салынған жылдан бастап, зекет ғұшырларын бiр орталыққа жинап, мектеп пайдасына жұмсайтын болады.
Жатақханаға жататын балалардың тамақ шығыны мен мұғалiмдердiң еңбек ақылары, оқушылардың әперiндерi (үздiктер) мен тақсымдарына (жақсы деген бағаға қол жеткiзгендер) берiлетiн сыйлықтар орталықтан берiлiп тұратын болды.
Қараағаш мектебi ашылған жылы I сыныпта оқыған жүзден артық балалар арасынан үздiк оқыған он екi оқушы, I-II сыныпқа бiрден көшiрiлдi. Олар: Бұланов Қабланбек, Кедесов Бейсенбай, Жақыпов Нұрсейiт, Жаманбаев Уәли, Шәрiпов Жармұханбет, Жетекбаев Қасымбай, Тазабеков Әлжан, Нүкежанов Абдолла, Жақыпов Сейiлқасым, Самырзаев Ахметқали, Нұрбеков Айбек, Төтiшев Дабаш..
Алтыжылдық Қараағаш мектебiн I-ретте бiтiргендер: Ермектасов Мейiрман, Сүлеев Бiләл, Мәмбетбаев Әубәкiр, Жақыпов Әбiлқасым, Сейтбатталов Нұрахмет, Бесенов Жаңабай III-сыныптан бастап оқыды. Сол 300 баланың iшiнде ерекше көзге түсетiнi Бесенов Жаңабай болды.
Ескiлiктен келе жатқан ежелеп оқитын дiн жолындағы аяқбау оқуды тоқтатып, адам баласының сана сезiмiн тез оятатын жаңа тәртiппен оқыта бастаған Қараағаш мектебiнiң бет алысы тез жолға қойылғаннан кейiн, Жансүгiров Iлияс, Бұланов Қабланбек, Жақыпов Нұрсейт, Жайсаңбаев Нұрғали, Айсеркенов Бұғытай, Құнанбаев Бек, Самырзаев Ахметқали сияқты талантты жастар өз уақытысында оқып, қанат қағып шыға бастады.
Қараағаш мектебiнде оқушылар көбейе бастаған соң, Мамановтар өз араларымыздан жоғарғы бiлiмдi азаматтар шығарып, келешекте мұғалiм етiп, ағарту iсiн жан-жақты жандандырамыз деп барлық шығынын көпшiлiк ортасынан шығарып, мектептi бiтiрген үздiк оқушылардың арасынан 1910 жылы Ермектасов Мейiрман, Сүлеев Бiләл, Мәмбетбаев Әубәкiрдi Түркияға оқуға жiбередi. Бұлар Стамбулдан бiр жыл, Уфадағы "Ғалия" медресесiнде екi жыл оқып, алтындап жазған I-дәрежелi шәһәдәтнәме (куәлiк) алып, 1914 жылы қайта оралады. Олар орыс тiлiнен учитель ету үшiн Кедесов Бейсенбайды Омскiдегi семинарияға жiбередi. Бейсенбай екi жыл оқып, 1912 жылдың желтоқсанында келедi.
Оқу бiтiргендерден Кедесов Бейсенбай мен Мәмбетбаев Әубәкiр Қараағаш мектебiнде мұғалiмдiк қызметiнде iстеп, Ермектасов пен Сүлеевтер ояздық, облыстық ағарту бөлiмiнде қалады.
Қараағаш мектебiнен оқып шыққан Жансүгiров Iлиястың әдебиет жөнiндегi еңбегi бүкiл Кеңес елiне белгiлi.
Бұланов Қабланбек - Кеңес үкiметi кезеңiнен бастап заң қызметкерi болып, үкiмет пен партияның тапсырмасын ойдағыдай атқарып, 1930 жылғы бандылардың қолынан қаза табады.
Жақыпов Нұрсейт - 1918-1920 жылдардағы Қапал мен Антон-Серкеш арасында болған ақ банды Анненковтың қарулы күшiне қарсы партизандар соғысына белсене қатысып, Кеңес үкiметi орныққаннан кейiн ағарту қызметiнде қырық жыл мұғалiмдiк етедi.
Жайсаңбаев Нұрғали - Қаскелең ауданында бас агроном болудан бастап, Ақсу ауданы мен Iле аудандарында Атқару комитетiнiң төрағасы болып, содан соң Кеген ауданында райкомның бiрiншi хатшысы қызметiн атқарып, зейнетке шығар алдында Ақсу ауданының колхоз, совхоздарында басшылық қызметiн атқарды.
Айсеркенов Бұғытай - 1921 жылдан бастап ағарту қызметiмен шұғылданды.
Құнанбаев Бек Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Шiлiктi совхозында 1934 жылдан 1937 жылға шейiн совхоз директоры болып, сол облыстың Тарбағатай және Күршiм ауданы мен Талдықорған облысының Панфилов ауданында 16 жыл ауатком төрағасы қызметтерiн атқарған. 1953 жылдан 1970 жылға шейiн Талдықорған ауданында совхоз бен колхоздарда басшылық қызметiнде болған.
Самырзаев Ахметқали - ағарту қызметiнде қырық жыл мұғалiм болды. Мiне, осылар сияқты Қараағаш мектебiнен оқып, қанат қағып шыққандар толып жатыр.
Есенғұл Мамановпен бiрге келген татарлар бiлiм берiп қана қоймай халыққа жаңашыл бағыттағы өзгерiстер әкеледi.
1903 жылы Ғазиз Ахметкереев социал демократиялық партияға мүшелiкке өтедi. Қазандық татар Байдырақпан оның сол партияға мүше екендiгiн бiлсе керек. Ахметкереевтi өзiмен бiрге ертiп келуiне қарағанда онымен сырлас-пiкiрлес болуы да мүмкiн деген болжам бар.
Ғазиз Ахметкереев Маман ауылында үш жыл жүргеннен кейiн, 1910 жылы өзiне сенiмдi деген азаматтарды социал демократиялық партияға мүшелiкке тарта бастайды. Мүшелiкке Ермектасов Мейiрман, Сүлеев Бiләл, Мәмбетбаев Әубәкiр, Бұланов Қабланбек, Сейiтбатқалов Нұрахмет, Жақыпов Әбiлқасым, Жетекбаев Нұрқасым, Кедесов Бейсенбай, Жақыпов Нұрсейт, Қысықкөзов Құсмолда, Құдайбергенов Айтқожа, Сейтбатқалов Нұрғалым, Кереев Омар кiредi. Олардың мiндетi социал демократиялық партияға халықты үгiттеп, жаңа жолға салу едi.
1917 жылғы ақпан төңкерiсiнде патша тақтан түсiп, уақытша Керенский басқарған үкiмет орнағанда ашық түрде большевик, меньшевикке шар тастау жұмысы жүргiзiлдi. Алматыда оқитын меньшевик Садыр Мәмбетов Базарбайдың атына, большевик жағынан Сырттанов Қанатханның атына жазып, ықтиярлы түрде қағаз арқылы шар тастау жұмысын 1917 жылдың март айында алдымен Қараағашта өткiзiлiп, сонан кейiн әр жерде жүргiзе бердi.
Шындығында, сол кезде большевиктер мен меньшевиктердiң қандай бағытты ұстанып, ненi көздейтiндерiн бiлмейтiндер тiптi көп болды. Социал демократиялық партияның жүргiзген үгiт-насихатының арқасында Матай елi түгелiмен Қанатханның атына шар салып бердi. Тасталған шарлар Қапал оязы арқылы құрылған комиссияларға тапсырылып отырылды. Бұрын оязной управитель деген лауазымға ендi оязной комиссар деген атақ берiлдi. Ол кезде Қожақанов Нұртай оязға тiлмәш болатын. Ояздыққа жиналған шарды тапсырма бойынша жоғарғы орындарға жiберiп отырады.
1917 жылы Матай елiнiң жалпы көпшiлiгi большевик пен меньшевиктiң кiм екендерiн толық түсiнбесе де, бiраз азаматтар социал демократтың бағытын танып қалған едi.
Сол кездердегi бiздiң қазақ халқының жай күйi қай жағынан болса нашар күйде болатын. Әсiресе, Жетiсу елiнде ғылым бiлiмнiң дамымауы көптеген жастардың аяғына салынған тұсау едi. Халықтың оқу бiлiмге, ғылым мен өнерге, жалпы мәдени өмiрге деген көзiн ашып, көкiрегiн ояту үшiн мектеп салуға бар қаражатын аямаған Есенғұл Мамановты жұрт күнi бүгiнге дейiн ұлт алдындағы парызын өтеген, ерен ерлiк жасаған азамат деп бағалауда.

Жасұлан БЕЛТЕНОВ,
ҚР МОМ ғылыми қызметкерi

29.09.2011

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=39&id=6669

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563