Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4988 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 06:27

Жұмабай ҚҰЛИЕВ. Арал ақиқаты

(белгілі режиссер Сергей Әзімовтің «Жоқтау» деректі фильмін көргеннен кейінгі ой)

«Адамзат баласы Жер планетасында туып-өскенімен, оның табиғи байлықтарын қорқаулықпен пайдалана отырып, осы асыл мекенді кез келген уақытта нейтрон бомбасынан бетер құртып жібере алады» деп жазып еді бір дана. Атақты жазушы, марқұм Ғабит Мүсіреповтің: «Ең соңғы тірлік тау етектеріндегі қалың орманда ғана қалады. Бір замандарда ол да тынышталады. Бітеді. Жер өмірін тексеріп жүрген дүниежүзі ғалымдарының әзірше жұқалай ескертіп жүрген тірлік қауіптерінің түбі осыған соғатын сияқты» дегені де есімізде. Әсілі, осы сөздер расқа айналатын тәрізді. Өйткені жыл сайын құлдырап бара жатқан әлемнің, әсіресе, Қазақстанның экологиялық ахуалы мұны айқын аңғартып отыр.

Миллиондаған жылдар бойы жер бетінде шалқып жатқан қазақтың көгілдір шалқары, аумағы 6 миллион гектардан астам, тереңдігі 69 метр Аралдай алып теңіздің дәл біздің кезімізде, небәрі ширек ғасыр ішінде жоғала бастауы адамзаттың көз алдында өтті.

(белгілі режиссер Сергей Әзімовтің «Жоқтау» деректі фильмін көргеннен кейінгі ой)

«Адамзат баласы Жер планетасында туып-өскенімен, оның табиғи байлықтарын қорқаулықпен пайдалана отырып, осы асыл мекенді кез келген уақытта нейтрон бомбасынан бетер құртып жібере алады» деп жазып еді бір дана. Атақты жазушы, марқұм Ғабит Мүсіреповтің: «Ең соңғы тірлік тау етектеріндегі қалың орманда ғана қалады. Бір замандарда ол да тынышталады. Бітеді. Жер өмірін тексеріп жүрген дүниежүзі ғалымдарының әзірше жұқалай ескертіп жүрген тірлік қауіптерінің түбі осыған соғатын сияқты» дегені де есімізде. Әсілі, осы сөздер расқа айналатын тәрізді. Өйткені жыл сайын құлдырап бара жатқан әлемнің, әсіресе, Қазақстанның экологиялық ахуалы мұны айқын аңғартып отыр.

Миллиондаған жылдар бойы жер бетінде шалқып жатқан қазақтың көгілдір шалқары, аумағы 6 миллион гектардан астам, тереңдігі 69 метр Аралдай алып теңіздің дәл біздің кезімізде, небәрі ширек ғасыр ішінде жоғала бастауы адамзаттың көз алдында өтті.

Шіркін, бұл не көрмеген Арал десеңші! 1922 жылы Арал балықшыларына В.И.Лениннен жеделхат келеді. Онда: «Қымбатты жолдастар! Сіздерге бүкіл Еділ бойы мен Приуральенің бір бөлігін аса зор бақытсыздық, бұрын-соңды болып көрмеген аштық жайлағаны туралы хабар, әрине, жеткен шығар. Астрахань губерниясынан бастап, Татар Республикасы мен Пермь губерниясына дейін құрғақшылық барлық жерде егінді де, шөпті де түк қоймай күйдіріп кетті. Миллиондаған адамдар, еңбекші шаруалар мен жұмысшылар, мал қырыла бастады. Сіздердің Арал теңізінде балық аулау жайы жаман емес тәрізді. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісіп-кепкен кемпір-шалдарға, 8 миллион күйзелген еңбекшілерге, бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 мил­лион балаларға беріңіздер» делінген. Сол-ақ екен, керуенмен, вагонмен Аралдың тайдай тулаған балығы Ресейге ағыла бастады.

Алайда Аралдың ақ сазандарын талға­жау етіп аштықтан аман қалғандардың бүгінде өздері, не болмаса немере-шөбере­лері осы жақсылықты бір мәрте болса да еске алмауы қалай? Тіпті азамат соғысы кезінде Аралдың құжынаған сазандары паравоздың отыны болғанын біз білеміз бе? («Собеседник», 22 желтоқсан, 1987 ж).
«Ғарышқа ұшырылғанда, Байқоңырдан көтерілер сәтте бір ғарыш кемесінің өзі жерден қанша су соратынын білесің бе? Бүкіл Мәскеудің бір сағатта пайдаланатын суын тартып алады. Осыдан кейін біздің Арал суалмағанда қайтеді?» деген еді бір кезде Әнуар Әлімжанов.
Оған қоса жылдар бойы Әмудария мен Сырдарияның суын мақтаға пайдаланып, Аралға нәр тамызбады. Ресей ғалымдары әр мезгілдерде Сібірдің өзендерін Аралға бұру керек деп алдаусыратып келді. Осындай қолдан жасалған зауалдың салдарынан Арал теңізі көз алдымызда семіп бара жатты.
Осынау ғасыр трагедиясын қоғамда алғаш көтеріп, дабыл қаққан белгілі режиссер Сергей Әзімов еді.

Ол Арал туралы деректі фильмнің сценарийін 1985 жылы жазып, теңізді қорғаудың бірде-бір қоғамы жоқ сол кездің өзінде цензурамен күресе жүріп, жұмысын жалғастыра берді. Арал теңізінің көз алдымызда жойылуының ащы шындықтары туралы мәліметтерді молынан жинаған режиссер 1989 жылы «Жоқтау» атты деректі фильм түсіруді қолға алды. Сол жылдары басшылық қызмет атқарған талай азаматтар, жергілікті тұрғындардың ойларын саралады. Осы мәселе бойынша сол кезде қамауда отырған, бұрынғы Қарақалпақстан обкомының бірінші хатшысы К.Камаловпен сұхбаттасу үшін түрме басшыларының рұқсатын алып, екеуара әңгімелесу барысында «Арал қалай құрғап қалды?» деген тақырып төңірегінде төбе құйқаңды шымырлатар талай ақиқаттың бетін ашты.

Мысалы, біз Арал теңізіндегі «Возрождения» аралын күні кешегі дейін білмей келдік. Ал оны америкалықтар «Ажал аралы» деп атап, шұқшия зерттегенін кейіннен естідік. «Нью-Йорк таймс» газетінің тілшісі Юдит Миллер Өзбекстан Үкіметінен рұқсат алып, бірнеше ғалымдармен бірігіп, осы полигонның анық-қанығына жетті. Ол кейіннен аталмыш газетке «Уланған арал. Өлім себетін бактериялар Азияның қауіпті түкпірінде әлі өмір сүруде» деген тақырыппен мақала жариялады. Артынан осы аралға зерттеу жүргізген Американың әскери хирургтері, ғалымдары сұмдық жаңалық ашты.
1988 жылы Свердловскнің әскери бактериологтары аса құпия жағдайда қарулы күзетпен келіп, 24 вагон қырып-жойғыш қалдықтарды осы аралға жасырғаны анықталды. Жүздеген тонна түйнеме, топалаң, тырысқақ ауруларының қоздырғыштарын хлор ерітіндісіне аралас­тырып, тот баспайтын цистерналармен Арал теңізінің дәл ортасына жасыра салған. Шетелдік мамандардың айтуынша, бұл планета халқын бірнеше дүркін қыруға жететін жойқын у болып шықты.

«Нью-Йорк таймс» газетінің тілшісі Юдит Миллер осы бір жаға ұстатарлық «Возрождения» аралының көрінісін былайша суреттейді: «МИ-8 тікұшағының бортынан үлкен лабораториялық корпус, сынақ алаңын қоршай тартылған телефон бағаналары анық көрінеді. Оларға жанталасып өлген жан-жануарлар мен жәндіктердің соңғы қимылын тіркейтін датчиктер орнатылған. Мыңдаған кеміргіштер мен көжектердің, жылқылар мен қойлардың, маймылдардың қаңқалары үйіліп жатыр. Ал осы аймақтан қол созым жерде бейбіт тұрғындар тіршілік кешуде. Олардың балаларына тіпті қауіпті инфекцияға қарсы вакцина да егілмепті...»

Міне, осылай Кеңес үкіметінің экологиялық жендеттігі мен экономикалық қорқаулығы Арал теңізін құрбандыққа шалды. Бір кездері Әму мен Сыр, Арал аймағындағы Түрік халықтарының гүл жайнаған рухани орталығы апат мекеніне айналды.
Режиссер Сергей Әзімов өзінің «Жоқтау» деректі фильмінде осы қасіреттің бәрін асқан психологиялық шеберлікпен бере білген. Мысалы, осы туындыны көріп отырған біздің көз алдымыздан мынадай көріністер тізбектеліп өтеді: апталап соққан құм дауылы, жағалаудан жүздеген шақырым шегініп кеткен теңіздің қайраңында қаңырап, тот басып қалған кемелер, ата-баба зиратын, теңізін қимай қала берген тұрғындар, Аралдың арнасы сияқты жүздері шыт-шыт жарылған, арқасын күн жеген қаражауырын қайсар жандар, құлаған балық консервілеу зауытының ғимаратына келіп, өздерінің сағынышын, мауқын басып, қауқылдасатын қарттар, сөнбейтін үміт сәулесіндей үйлердің, мекемелердің қабырғаларындағы «Арал өмір сүреді!» деген жазулар, апат аймағы гүл өмірін көктей солдырып, аурухана төсегіне таңылған балғындар...

Бүгінде дүниежүзі ғалымдарының есебі бойынша, ХХІ ғасырдың 50-жылдарында Қазақстан ауызсудан қинала бастайды. Осы қауіпті ерте сезген Ресей үкіметі дүниежүзілік тұщы судың бай қоры - Байкал көліне қарулы күзет қойды.
«Сулы жер - нулы жер», «Өзен жағалағанның - өзегі талмас», «Сағадағы ел су ішеді, аяғындағы у ішеді» деген даналық сөздер қалдырған ата-бабаларымыз теңіз тұрмақ, әрбір өзен, көл, тіпті құдықтарға дейін жат қолында қалдырмай, осы бір тіршілік көздерін ұрпағына табыстап отырған. Қазақ даласы онсыз да табиғи суларға аса бай емес.
Иә, бір кезде шалқып жатқан көгілдір Арал теңізі Орта Азияның зүбәржат алқасы еді-ау!
Жер бетінде 25 миллион жыл төң­керіле толқып, мыңдаған ұрпақтың сағынышына айналған Арал теңізінің дәл біздің өмір сүрген тұсымызда тартылуы, адами құндылықтардың бағасын жоюы, азғындық, берекесіздік, мылжыңдық, қысқасы, қазіргі кезеңнің бүкіл бет-бейнесі астарлы ойлармен қоса өріліп, Сергей Әзімовтің осы туындысында адамзат бейне бір құз басында тұрғандай әсер етеді.
Алла алдында зар илеп, көзінен қанды жасы сорғалаған ежелгі бір пенде Мысыр папирусына жазып қалдырған мына сөздерінде көп мағына жатыр-ау!
«Мен адамдарға зұлымдық
жасамадым...
Мен ешкімді өлтірмедім...
Мен өмір көркі - ағын
судың өзегін қимадым...»
Ендеше, «Жоқтау» деректі фильмнің де айтары осы тақылеттес болса керек.

Жұмабай Құлиев

http://anatili.kz/?p=7479

0 пікір