Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4156 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 05:36

Ажар БАРАТҚЫЗЫ. Мұрағаттағы Жансүгіров мұрасы қол тимеген қазына сияқты

Республикалық Орталық мұрағатта (Алматы қаласы) жария болып үлгермеген жауһар дүниелер жиі кездеседі. Сондай жауһар дүниелердің бір парасы жыр құлагері Жансүгіров қазынасы.  Ағымдағы жылдың 6-шы мамырында 110 жасқа толған ғазиз ақынның ашылмаған қазынасы қойын дәптерлердегі жазбалар мен күнделіктерге, көп томдықтарға енбеген өлең жырларға толы. Осы мол құндылықтардың ішінде әлі жарық көрмеген романдар да бар. Әр сапарда әр алуан тақырыпта жазылған жолжазбалары да көп. Сөзімізге мысалды солардың ең шағыны - қойын дәптерлерден бастайық.

«Дала», «Күйші» поэмалары туралы айтыс. Жиынды Сәбит ашты.

- Сәкен, Ілияс, Бейімбет біздің классик. «Күйші» үлкен поэма, кеңес поэмасы. Лекеровтың «Кеңес кітабына жатпайды» дегені қате. Ілиястар Мағжаннан артық. «Күйшіде» жұмбақтау жоқ. Күйшінің, ханның, қыздың әңгімесі ашық. Күйші езілген тап, жоғарғы тап күйшіні құлданған. Күйшіні еріксіз ойнатқан. Күй құрал есебінде. Адамдардың арасындағы оқиға.

1. Күйшінің қоя берілуі дәледенбеген.

2. Адамдарда действия жоқ.

3. Қыран, арыстан, жолбарыс - бұлар положительно. Бұларды жауға беруге жарамайды. Орыс деген дәл ашып алынбаған.

Республикалық Орталық мұрағатта (Алматы қаласы) жария болып үлгермеген жауһар дүниелер жиі кездеседі. Сондай жауһар дүниелердің бір парасы жыр құлагері Жансүгіров қазынасы.  Ағымдағы жылдың 6-шы мамырында 110 жасқа толған ғазиз ақынның ашылмаған қазынасы қойын дәптерлердегі жазбалар мен күнделіктерге, көп томдықтарға енбеген өлең жырларға толы. Осы мол құндылықтардың ішінде әлі жарық көрмеген романдар да бар. Әр сапарда әр алуан тақырыпта жазылған жолжазбалары да көп. Сөзімізге мысалды солардың ең шағыны - қойын дәптерлерден бастайық.

«Дала», «Күйші» поэмалары туралы айтыс. Жиынды Сәбит ашты.

- Сәкен, Ілияс, Бейімбет біздің классик. «Күйші» үлкен поэма, кеңес поэмасы. Лекеровтың «Кеңес кітабына жатпайды» дегені қате. Ілиястар Мағжаннан артық. «Күйшіде» жұмбақтау жоқ. Күйшінің, ханның, қыздың әңгімесі ашық. Күйші езілген тап, жоғарғы тап күйшіні құлданған. Күйшіні еріксіз ойнатқан. Күй құрал есебінде. Адамдардың арасындағы оқиға.

1. Күйшінің қоя берілуі дәледенбеген.

2. Адамдарда действия жоқ.

3. Қыран, арыстан, жолбарыс - бұлар положительно. Бұларды жауға беруге жарамайды. Орыс деген дәл ашып алынбаған.

Әбділда: «Жорық туралы басы лирика, аяғы жайлап жай хабарға кетеді. «Күйші» көркем, бірақ айырықша бағалы болмайды».

Орманов: «Күйші» болған оқиға. Өте көркем поэма. Бірақ босатып жіберген дұрыс емес...» (Осындай пікірталастар әріқарай жалғаса береді.- Авт)

 

Осы қойын дәптерде «Исатай мен Махамбеттің соты», Ілекең қазақшалаған М. Горькийдің «Дауылпазы» және басқа құнды дүниелер бар.

Қойын дәптердің сыртқы бетінде (1928 жыл, март) деп жазылыпты. (1368-қор, 1-тізімдеме, 4-іс).

Жансүгіровке арналған басқа бір папкада жоғарыда сөз болған «Күйші» поэмасының 56 шумақтан тұратын, Ілекеңнің өз қолымен жазылған қолжазбаға кездестік. Қолжазбада:

Күн түсіп сонау асқар Шұбартауға,

Делінсе, кітапта:

Көлеңке шықты асқарға шұбар тауға, -

деп басылған. Байқайсыз ба, қолжазбада «Күн түсіп» десе, кітапта «көлеңке шықты болып» кеткен. Неге? Бұл автордың өзгертуі ме, жоқ әлде, көшірушінің қосқаны немесе редакторлардың түзеткені ме? Бұны анықтау, әрине, зертеушілердің жұмысы.  Қолжазбада шоқтығы биік болып, бас әріппен бірігіп жазылған белгілі тау аты Шұбартау, кітапта неге кіші әріппен бөлек басылып жермен-жексен етілген?! Бұл да айқындалуға тиіс ақиқат (1368-қор, 1-тізімдеме, 51-іс).

Осы қолжазбадағы:

Көк жайлау толқып жатқан шалғын кілем,

Түрленіп көркін шашып берген ірең,

Кең жазық Қарқараның қонысында,

Албандар үйін тікті іргесі кең, -

деп басталатын 13 шумақ өлеңді де көптомдықтан кездестіре алмадық. Бір ойға қаларлық жайт, көп томдықтың дастандардан тұратын 2-томы «Мақпал» атты поэмадан басталады. Онда Қарқара жайлауындағы албан руы, көрші қырғыздар жайлы әңгіме қозғалады.  Негізгі кейіпкері Мақпал атты қыз. Жоғарыдағы өлеңнің қозғайтын мәселесі де осылар төңірегінде. Кітаптағы поэма бес тараумен бітеді. Ал, аталған өлеңнің меншікті тақырыбы жоқ болғанымен IX деген римше санмен қойылған белгісі бар... Осы өлең сол поэманың болашақ соңғы тарауларының бірі емес пе екен деген жорамал ойға оралады.

 

Басқа бір папкада (1368-қор, 1-тізімдеме, 30- іс) «Мақпал» поэмасының тағы бір қолжазбасына кезіктік. Бұл да жоғарыдағы 2-томда жарияланған поэманың үзіндісі болып шықты. Бұл жерде тақырып астында I деп бөлініп белгіленгенімен 2-томадғы нұсқада 2-бөлім болып орналастырылыпты. Осы жарияланған нұсқасында 11-бетте аралықтағы бір шумақ, тағы екінші бір жолы түгелдей нүктелермен таңбаланып, кезінде олар көшірілген қолжазбада жоқ болғаны аңғартылған.  Ал, мына біз кездесіп отырған қолжазбада ол шумақ жолдар түп-түгел бар және тайға таңба басқандай анық жазылған. Кезінде оқи алмаған шығар деген күдікке орын жоқ. Демек, 2-ші томға алынған нұсқасы бұл емес деген сөз.

 

Ілиястың сонымен бірге ел аузынан жазып алған тапқырлық, шешендік сөздерімен, қағытпа,  әзіл-қалжыңдары бір төбе. Халықтық толғау, термелер, қара өлеңдер де жетерлік. Қысқасы білгісі келетін ақын-жазушы, сыншы-зерттеуші, тарихшы ғалымдарды, баспагерлерді  сарғая күтіп жатқан І.Жансүгіров мұралары осындай сан алуан.

«Жетісуды орыс жаулап алғаны», «Алматы қаласының тарихынан» деген сияқты жеке етжеңді папкалар да бар. «Қазақ әдебиеті» газеті Жансүгіровтың бұрын жарық көрмеген романы деп жариялай бастаған «Бадырақ» романының қолжазбасына қоса (Ескерту: аталған роман «ҚӘ»-де Ұлықбек Есдәулет бас редактор болып тұрған тұста 2003 жылы газеттің №41-44 сандарында жарық көрген болатын. - «Абай-ақпарат») «Отан», «Сатан», «Бақытты Жамал» романдары да жарыққа шығар күнін сарғая күтіп жатыр.

Енді біз Ілекеңнің ел ішінен жинаған тапқырлық қағытпаларынан бірер мысал келтірейік.

 

«Жалайыр Қабан ақынның ұрылармен қақтығысуы»

«Ақынның жас бозбала кезі болса керек, бір тойда қыз-келіншектермен айтысып, тоғыз алып, олжалы қайтып елсізде жалғыз  келе жатыпты. Алдынан түстері сұр, жүрістері суық екі кісі кездесе кетіпті. Олардың киімдері жұпыны, аттары да нашар екен. Керісінше, жалғыздың аты күйлі, киімі де сәнді көрінгендіктен екі ұры жаман ойға кетіп, оны айналдыра бастаса керек. Қабан ақын да әлгілердің ұры-қары екенін сезіп, қашқақтап жүре жауап беріп сақтанған көрінеді. Әлгілер сөзге айналдырғысы келіп:

- Кел, кезектесіп өлең құрап айтып, жол қысқартайық, - депті.

Қабан ақын:

- Мен өлең құрастыра білмеуші едім, - деп ат-тонын ала қашады.

- Біз де ақын емеспіз. Қазақ атымыз бар ғой. Біріксек бірер шумаққа әліміз келер, - деп тақақтайды, іле ұрылардың бірі:

Қарғаны қайырсаң да бүркіт болмас,

Екіншісі жалғастыра:

Жалғыз саулық сауғанмен іркіт болмас,

десе, Қабан ақын:

«Бұзық екен ойларың екеуіңнің,

Қастарыңда ат басын іркіп болмас, - деп жарау жүйрігімен шаба жөнеліп, екі ұрының мәстектеріне жеткізбей кетіпті».

 

Бұндай ел аузынан жазып алынған қысқа да нұсқа тағылым сөздер бұл қолжазбаларда жетерлік. «Тезек төре мен Бүйембай ақын», «Тезек төре мен Бақтыбай ақын», «Құлмамбет пен Түбек ақын» деген сияқты айтыстар да жазылып алынып сақталған.

«Тау басындағы ой» (Пушкиннің «Патша селосындағы ой» дегені сияқты) қарандашпен өте ұсақ, ұқыпты да анық жазылған 35 беттік бір қолжазба назарымызды ерекше аударды.

Шыққаным Шыңыстағы бір биік тау,

Түн келді, күн кеткен соң қараңғылау.

«Қайрлы түн болсын» деп үнсіз айтып,

Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау, - деп басталатын бұл ұзақ лирикалық туындының кімдікі екендігі жазылмаған. Ілекеңнің өзінікі ме дейін десек өлеңнің кіріспесіндегі «64 жасымда жазылған», «Таза арақты әкел, шырақ»,  «65 жасымда жазылған», «70 жасымда жазылған» деген ескертпелері ол ойымызды жоққа шығарады. «21 жасымда бұл өлең жазылған, табылмай басында өзіне лайық ән» деп қалам тербейтін Шәкәрімге ұқсап жыр бастайтын бұл мықты кім? Осы арада Шәкәрім атамыздың өзі емес пе екен деген ой басымызға сап ете қалды. Шәкең 73 жасында жау  қолынан қайтыс болған ғой. Сол кісінікі болуы әбден мүмкін деп, ақын бабамыздың жарық көрген жинақтарын қарағанымызда 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Шығармалар» жинағының 199-бетінде басылған осы туындыға кездестік. Саралап қарағанымызда 35 беттік бұл көлемді дүниенің 7 беті ғана кітапта бар болып шықты. Қалған 28  беті жарияланбаған. Демек, баспаға осы арабша жазылған қолжазбадан емес, өзге латын, орыс әріптеріндегі үзінді қолжазбалардан алған болу керек. Арабша өте ұқыпты жазылған бұл қолжазба Шәкәрімнің өз қолымен жазылған болуы да мүмкін. Оны зерттеу керек.

Осы папканың 209 бетінде «Әсетті мен Жақанбай асында көрдім. 1902 жылы Остапкеде еріп бардым.  1922 жылы қызай ішінде Сыламжан болыстың ауылында өлді. Қызы қалды. Шама, Қаракөз, Қайша, Мыңбай, Мәжнүн» деген мәлімет те жазылыпты.

«Шабданның қылышы», «Қуат тілмәш пен қырғыздың шалы» деген қысқаша әңгімелердің басына «Ораздан» деген ескертпе жазылыпты. Ал, аяқ жағында «Мұны Жандосұлы Оразға сол таяқ жеген қырғыз шалдың өзі айтқан» деген анықтама бар.

Ел ішінен әдеби мұраларды жинау жұмысы мемлекет тарапынан енді қолға алынып жатса, Ілекең сияқты халқына жан-жақты қызмет сіңіре білген Алаш азаматтары бұл салада ғасырға жуық уақыт бұрын-ақ елеулі еңбек ете білген. Өкініштісі сол, дер кезінде қамтылған құнды дүниелердің әлі күнге ел-жұртқа жетпей, «Шаң басқан архивтерден табылмай», ізделмей, зерттелмей, тіпті, еленбей жатқандығында. Мәдени, әдеби мұраларды жинауға үлес қосқысы келетіндер ат арытып, тон тоздырмай-ақ, осы мұрағат сөрелерінен көп олжаға кенелері анық. Тек алғашқы ізді кім салғанын, кімнен алғанын ұмытпаса болғаны.


Ажар Баратқызы, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының жоғары санаттағы маманы.

(«Қазақ әдебиеті» газеті,  №18, 7. 05. 2004 жыл).

Материалды көшіріп дайындаған «Абай-ақпарат»

0 пікір