Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3451 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 10:59

Бақыт ТҮМЕНОВА: «Шенеуніктеріміздің тек шетелдерде емделуінен-ақ еліміздің медицинасының жайын ұғуға болады»

Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:

Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:

- Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау (БҰДС) жүйесінің қолданысқа енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алайда қоғамда «іс жүзінде атал­мыш жүйе жұмыс істеген жоқ, тұрғын­дардың емдеу орнын таңдау мүмкіндігі шектелді» деген пікір басым. Осы орайда сіз БҰДС жүйесі өз міндетін орындай алды деп ойлайсыз ба?

- Жоқ, БҰДС жүйесі көздеген мақсатына жетіп жұмыс істеді деп айта алмаймын. БҰДС жүйесі енгізілгенімен, іс жүзінде жұ­мыс толық атқарылған жоқ. Негізі, науқас­тың республика бойынша емдеу орнын өзі таңдауы өте жақсы нәрсе. Тек біз бұл жүйені толығымен жақсы жұмыс істете алмай отырмыз. Негізі, мемлекет тарапынан жыл сайын еліміздегі әрбір тұрғынның емделуі үшін, ауруының алдын алу үшін арнайы қар­жы бөлінеді. Бұл - салық арқылы жинал­ған халықтың өз ақшасы. Яғни мемлекет тарапынан бөлінген бұл қаржы әр науқас­тың игілігіне сай жұмсалып, науқасты айық­тыруға бағытталып, тиісті жеріне жұм­салуы қажет. Аталмыш қаржы аурухана мен емханалар арқылы халықты сауықтыруға бағытталады. Айта кетерлік жайт, бізде ауруханаларға көбірек көңіл бөлініп, тиісінше қаржы да көп аударылады. Осыған сай емханада аурудың алдын алуға аз көңіл бөлініп, ал науқастар ауруы асқынып кеткен соң ғана баратын ауруханаларға көп қаржы бөлінеді. Негізі, бізге асқынып кеткен аурумен күрескеннен гөрі, ауру асқынбай тұрып алдын алған оңайырақ еді. Біз осыны түсінбедік. Қазір осы қателіктен қорытынды шығарып, аурудың алдын алуға көбірек көңіл бөлуге ұмтылудамыз. Сондықтан науқастарға ауруының алдын алып, емделуі үшін емдеу орнын өзі таңдау мүмкіндігі берілуі және мемлекет тарапынан бөлінген қаржының таңдаған емдеу орнына науқас­тың өзімен бірге баруы өте жақсы нәрсе. Оның үстіне бұл жүйе науқас сеніміне, таңдауына сай болуға ұмтылған емдеу мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті де арттырар еді. Емханаға қаражат жер­гілікті басқарушы орыннан бөлінсе, ауру­ханаға қаражат орталық бюджеттен бөлі­неді. Осы жүйені өзгертуіміз қажет.

Ауруханадан гөрі емхананың рөлін арттыру мәселесі 1978 жылы Алматы қа­ла­сында өткен декларацияда айтылған болатын. Артынша бұл көптеген елдерде ең озық жүйе ретінде қолданыла бастады. Ал біздің еліміз мұны өткен жылдан бастап қана қолданысқа енгізе бастады. Кеш те болса қабылданған бұл жүйенің маңызы өте зор. Тек жүйені өз дәрежесінде жұмыс істете алуымыз қажет. Сондықтан ең алды­мен емханаға көбірек қаржы бөліп, оның функционалдық қызметін арттыруға күш салған жөн. Егер емханамыз мықты болса, ауруханаға барар науқастардың да саны азаяр еді. Бізге аурумен күресіп, асқынған ауруды ауруханада емдегеннен гөрі, емха­нада аурудың алдын алған оңайырақ, әрі арзанға түседі. Осыны ұғуымыз қажет. Ал жүйені жұмыс істете алмауымыздың басты себебі - оны енгізуге қоғамымыз дайын болған жоқ.

- Ал жүйені енгізбес бұрын қандай дайындық шараларын жасап алуымыз керек еді?

- Біз алдымен отбасылық амбулато­риялардың қатарын көбейтіп алуымыз қажет еді. Егер отбасылық амбулатория жеткілікті болған жағдайда жұрт үйінің қасындағы сол амбулаторияға қаралушы еді. Тіпті жедел жәрдемді көп қажет етпейді де. Бізде осы отбасылық амбулатория­лардың жеткіліксіздігі, әр шағын аудан­дар­да көптеп ашылмауы салдарынан таңдау еркіндігі берілген кезде қала тұрғындары­ның барлығы қаладағы санаулы емханаларға қарай шұбырды. Тұрғындар отбасылық амбулаторияларға бұрыннан тексеріліп жүргендіктен, науқас сырын да жақсы білер еді. Және ауыра қалса үйінің жанынан тез арада көмекке келіп, науқас та кез келген уақытта ұзын сонар кезексіз дәрігеріне кіре алады. Ал қазір науқастар­дың таңдау мүмкіндігі енгізілгенімен, ауыра қалған жағдайда таңдаған емханаңыздан дәрігер келіп қарамайды. Ендеше, дер кезінде көмекке келе алмаған, таңдаған емханаңыздан не пайда?! Сондықтан бұл жерде емхана таңдау еркіндігі тек қана қағаз бетінде ғана қалып тұр. Шындығында, бұл жүйе отбасылық амбулаторияларға арналған. Сондықтан жүйе жұмыс істей алмай, БҰДС жүйесінің басты қағидасы саналатын таңдау еркіндігі шектеліп тұр. 1995 жылдың аяғында отбасылық амбула­то­рияны көбейту қолға алынып, 2000 жыл­­да­ры қалада 1600-дей амбулатория құ­рыл­ған еді. Соның бәрі уақыт өте жойы­лып, бүгінде 20 шақтысы ғана қалды. Біз сол амбулаторияны жоймай сақтап, нау­қас­тар­дың таңдау мүмкіндігін енгізгенімізде ұтатын едік, жүйе де жұмыс істер еді. Бір жаман жері біз жақсы жүйелерді қолға алғанымызбен әрі қарай жалғастырмаймыз. Министрлердің ауысуымен жүйелер жойы­лып, оған бөлінген қаржы желге ұшып, бәрі аяқсыз қалады. Бүгінгі күні осының салда­ры­нан медицина саласындағы мәсе­лелер азаймай отыр. Жаңа министрлердің бәрін басынан бастауы қазақ медицина­сының түбіне жетті. Осының салдарынан медицина саласында реформа деген сөз қорқынышты нәрсеге айналды.

- Соңғы кездері портал мәселесі ушығып тұр. Қала тұрғындары ауы­ра қалған жағдайда жедел жәрдем келіп, жедел медициналық көмек көрсеткенімен, портал арқылы барып емделіңіз деп тастап кетеді екен. Ал порталға күні бұрын тап­сы­рыс беріп, дайындап қою керек. Осы орайда шұғыл жағдайда пор­тал мәселесін қалай шешуге бола­ды?

- Негізі, аяқ астынан сырқаттанып, же­дел медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда жедел жәрдем дәрігері науқасты жедел жәрдем көлігімен ала ке­ліп, ауруханаға жатқызу мәселесін қолма-қол шешуі керек. Ол үшін ешқандай портал керегі жоқ. Портал арқылы тек кезекпен емделетін науқастар ғана тіркелуі тиіс.

- Емханаға барған кезде қандай дәрі-дәрмектер мен медициналық қызмет түрлерінің тегін екенін науқастар білмейді. Емханаға жүрегіңді көрсетуге барсаң, жүрекке қатысты емес басқа да анализдер тапсыруға мәжбүр боласың. Ал жекеменшік клини­каларда мұндай емес. Сондықтан тұрғындар емханаларға қарағанда жекеменшік клиникаларды жаға­лауға әуес. Осы орайда емханада жүйелі жүйе орнатуға не кедергі?

- Мемлекет тарапынан халқымыз­дың әрқайсысына денсаулығын сақтау үшін ар­найы қаржы бөлінгенімен оның рақатын кейбір жағдайларда тұрғындар көріп отырған жоқ. Бізде қазір орталықтанған бюджетке қоса жергілікті бюджет бар. Жер­гілікті бюджет арқылы негізінен емханалар қаржыландырылса, ауруханалар орталық­тан­ған бюджетке қарайды. Осы орайда айтарым - біз қаржының басым бөлігін ауруханалардан гөрі емханаларға бағыт­тауымыз керек. Өйткені науқастың ауруы асқынбауы және ауруханаға жатып қал­мауы үшін емхананың дәрігерлері бар күш- жігерін жұмсауы тиіс. Ал емханада науқас­тың ауруы одан әрі асқынбасы үшін барлық жағдай жеткілікті түрде жасалынуы керек. Негізінен, емхана дәрігерлерінің арасында бәсекелестік туғызуға тырысқан жөн. Жаңа жүйеге сай науқастың ізінен мемлекет тарапынан бөлінген қаржы еріп жүретін болғандықтан, алдағы уақытта науқастар өзі қалаған емханасына тіркелуге тырыса­ды. Егер емхананың тұрғындарға көрсетер медициналық қызметі жоғары болса, алда­ғы уақытта ол емханаға тіркеле­тін науқастар саны да арта түседі. Тіркелген науқас саны­на қоса мемлекет тарапынан бөлінген қар­жының да елеулі бөлігі сол емханаға аудары­лады. Ал емхана басшысы бөлінген қаржыға жаңа заманға сай меди­циналық қондырғыларының санын арттыра түсіп, тұрғындарға одан әрі қолайлы жағ­дай туғызуға тырысып бағады. Сондай-ақ егер науқастың ауруы асқынып, ауруханаға жатып қалатындай болса, онымен келген қаржының бірге кететінін білгендіктен емхана дәрігерлері науқасты өз емханала­рында емдеп шығуға тырысады. Осылайша, емдеу мекемелерінің арасында бәсекелес­тіктің әсерінен де кәсіби деңгейлері де арта түседі. Бүгінде емханаға болмашы қаржы жергілікті жерден бөлінетін болғандықтан, емхананың дәрігерлері жұмыс істеуге құлықсыз. Ауруды емдеуге де құлықсыздық танытып, «ауырсаң - ауруханаға бар» деп жібере салады. Аурухана дәрігері де жаса­ған операциясының санына қарай үстеме ақы алып, жұмысын жасап жүре береді. Сондықтан біз аурухана мен емхана дәріге­рінің арасында бәсекелестік тудыруды үйренуіміз қажет. Біз бүгінде дәрігерлердің өз мамандығына салғырт қарауға жағдай туғызып отырмыз.

- Жыл сайын халық денсаулы­ғын жақсартуға миллиондаған қаржы аударылуда. Оның сыртын­да халық денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламалар арқылы да мемлекет тарапынан қыруар ақша бөлінуде. Осы орайда осынша қаржы аударып, қабылданып жатқан бағдарламалардың әсері болып жатыр деп ойлайсыз ба?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, халық денсаулығын жақсартуға бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 7-8 пайызын құрауы тиіс. Ал бізде бұл әлі де 3-4 пайыздан аспайды. Алайда осы 3-4 пайыздың өзінің қызығын, пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Алдымен мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізуіміз керек. Немесе халық денсаулығын жақсарту үшін мемлекет тарапынан бөлін­ген қаржыны әрбір адамның есепшотына салып беретіндей жүйе орнатуымыз керек. Және ол қаржы міндетті түрде әрбір халық­тың денсаулығын жақсартуға ғана жұмса­луы тиіс. Басқа мақсатқа жұмсауға рұқсат жоқ. Егер ауырмаса ол қаржыны жұмсамай, жыл сайынғы мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны жинап көбейтуге де болады. Бұл адамдардың өз денсаулығын сақтауға деген қызығушылығын да тудырады. Ауырмаған жағдайда мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға ең болмаса жыл сайын тісін жөндетіп тұруға болады. Сондай-ақ егер жақын жуығы немесе танысы сырқат­танып, шетелде емделетіндей жағдайда өз денсаулығына арналған қаржыны жақы­нына аударуға да мүмкіндік тудыру керек. Өйткені бүгінде кішкентай балалар сырқат­танып, жедел арада шетел медицинасына жүгіну қажет болған жағдайда ақша таппай қиналып жатады. Ал әлгіндей жүйе енгізсек оларға қаржы жинау қиын болмас еді. Ол үшін алдымен денсаулықты мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу керек. Мемлекет тек жұмыспен қамтылмаған азаматтарды сақтандырса, жұмыс істейтін азаматтарды жұмыс істейтін мекемесі жала­қысынан ұстап отыру арқылы сақтан­дырылуы тиіс. Айта кетер жайт, тегін нәр­сенің қадірі болмайтыны секілді, адамдар өз денсаулығының қадіріне жете бермейді. Сондықтан болашақта міндетті медицина­лық сақтандыру жүйесін іске қосу қажет. Оның ішінде қоғамдағы әрбір адамның мүмкіншілігіне қарай денсаулығын сақтан­дыруға жағдай туғызуымыз қажет. Сонда әрбір адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі күшейеді. Егер қалтасынан қаржы шығарып, жыл сайын өз денсаулы­ғын сақтандырып отыратын болса, адамдар денсаулығын күтуге де айрықша көңіл бөлер еді.

- Сіздердің жедел желі жүйеле­ріңіз арқылы медицина саласының кемшін тұсын дөп басып табуға болатын секілді. Сіздерге ең көп түсе­тін арыз-шағым түрлері қандай?

- Дәл қазіргі таңда порталға қолы жетпеген науқастардың арызы көп. Сондай-ақ портал алып болғаннан кейін ауруханаға жете алмай, ауруын асқындырып алып жат­қандар мен емханада невропатолог, эндокринолог мамандардың жетіспеуші­лігін айтып, шағымданатындар көп. Жеке­меншік клиникалардың қателігін айтып шағымданатындар да баршылық. Тағы бір жиі түсетін арыз - дәрігерлердің науқастан орынсыз ақша талап етуі. Диагнозды дұрыс қоя алмаған дәрігерлердің үстінен арыз түсіретін науқастар көп кездеседі. Және дәрігердің қателігі салдарынан жақын-жуығы қайтыс болғандар жиі арыз жазады. Айта кетер жайт, бізде осындай арыздарды қарау кезінде тәуелсіз сарапшылар жетісе бермейді. Бізде «тәуелсіз сарапшы» деген аты ғана. Тәуелсіз сарапшы тағайындалды  деп айтады, шын мәнінде ол сарапшының өзі бір ауруханада дәрігерлік қызмет атқа­рады. Айналып келгенде, «қарға қарғаның көзін шұқымай», бәрі сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Ал дәрігердің қателігін сол мамандықтағы адам ғана таба алады. Басқа ешқандай маманға дәрігердің қате­лігін тауып алу мүмкін емес. Сондықтан нау­қастар тарапынан түскен арызға меди­циналық сараптама жасау кезінде міндетті түрде қоғамдық сарапшы да тағайын­дал­ғаны жөн дер едім. Біздің «Аман-саулық» қоғамдық қорымызға үш жарым жылдың ішінде 14 мыңнан астам шағым келіп түсті. Науқастар мен медицина қызметкерлері арасындағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында алдағы уақытта да жедел желі жүйесі жұмыс істей бермек. Медицина саласына қатысты арыз-шағымдары бар азаматтар біздің жедел желі жүйесінің (8(7272)320851, 8(7272)320852 теле­фон­дарына хабарласуына болады.

- Қалтасында қаржысы барлар реті келсе шетел асып емделуге әуес. Осы орайда дәрігерлеріміздің біліктілігіне қандай баға берер едіңіз?

- Дұрыс айтасыз. Қалтасында ақшасы барлар да, шенеуніктеріміз де емді тек шетелде алады. Еліміздің медицинасының қандай күйде екенін осыдан-ақ білуге бо­ла­ды. Мен бұдан артық баға бере алмай­мын. Қалтасында ақшасы бар азаматтар елімізде емделмейді. Бұл жағдай еліміздегі медициналық көмек көрсетудің нақты көр­сеткіші деуге де болады. Яғни қазақ меди­цинасының талапқа сай еместігінің айғағы. Елімізде тек шетелге шығуға шамасы жоқ­тар ғана емделеді. Бүгінде халқымыздың орташа өмір сүру жасын ұзарту туралы әңгіме қозғалуда. Жапондар неге ұзақ өмір сүреді? Өйткені олар дер кезінде дәрігерге көрініп отыруды әдетке айналдырған. Рас, басқа да факторлар бар шығар, бірақ қай ауру болмасын, бірінші сатысында анықтап, емдеп, сауықтырып алудың маңызы зор. Бізде ауру әбден асқынып, үшінші, төртінші сатысына барғанда ғана дәрігерге жүгіреді. Ал асқынған ауруды емдеп жазудың үміті аз. Біз Кеңес заманынан қалған «ауырсам дәрігер кінәлі», «балам жаман оқыса ұстазы кінәлі» деген психологиядан әлі арыла алмай жүрміз. Дәрігер аурудан арашалап қалмайды, тек аурудан айығуға көмекте­седі. Осыны ұмытпау керек. Әркім өз ден­саулығына өзі жауапты.

- Соңғы кездері еліміздегі аурулардың түрі «жасарып» барады. Біз аурудың алдын алуға қауқарсыздық танытып отырмыз ба, әлде басқа да себептері бар ма?

- Денсаулық тек қана медицина сала­сына қатысты дүние емес. Ең алдымен, адам­ның өзіне, денсаулығын күтуіне, жеген тамағына тікелей қатысты. Сондықтан дені сау болып ұзақ өмір сүргісі келген адам өз денсаулығын өзі күтуі керек. Медицина тек сол денсаулық сыр бере бастаған кезде аттар табалдырық саналуы тиіс. Ал оған дейінгі жағдайдың барлығы әр адамның өзіне байланысты. Аурулардың жасаруына экологиялық ахуал секілді басқа да дүниелер әсер етеді. Алайда адамдардың өз денсаулығын сақтай білуі көп нәрсеге әсер етері сөзсіз.

Алашқа айтар датым бар...

Елімізде жағдайы бар адамдар балаларын шетелге оқуға жіберуге әуес. Ал шетелге оқуға барған балалар ебін тауып, сіңісіп сонда қауға тырысады. Яғни олар біздің еліміздің болашағына сенбей отырғандай. Елімізде халық саны онсыз да аз. Рас, Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай бір миллиондай оралманды елімізге көшіріп алып келдік. Алайда елімізге, атажұртына қайтып келгісі келетін қазақтардың саны тым аз. Алыс шетелдегі қазақтар елімізге көшіп келуге құлықсыз. Осы уақыт ішінде Моңғолиядан, Өзбекстаннан қандастарымыз қайтып келді. Ал Еуропадан қайтып келген қазақтар жоқтың қасы. Мұның өзі біздің еліміздің көрсеткіші бола алады. Талантты, дарынды жастарды шетелдіктер өздері сатып алып, грантымен оқытып жатса, қалғандары өз күштерімен шетелге кетіп жатыр. Бүгінде еліміздің болашағына сенетіндерден гөрі сенбейтіндердің қатары басым секілді... Мені осы бір құбылыс қатты қорқытып, толғандырады.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522