Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5595 0 пікір 28 Мамыр, 2017 сағат 05:20

Серік Ерғали. Термин қалыптастыру тетігі

Тіліміздің дамуындағы өзекті мәселені термин жайы алып отыр. Терминді қазақшалау лексикалық қорды байыту ғана емес, ең әуелі тілдің ғылыми саласын дамыту көрінісі болып табылады. Сол себепті біз бүгін мәдениеттанушы Серік Ерғали мырзаны сөзге тарттық.

-Серік мырза,  айтыңызшы тілдің лексикалық қоры қаншалықты бай болса да, оның терминдік жұтаңдыққа тап болуы заңды құбылыс па? 

-Терминологияны дамытуға сөздерді "өқлағынан тізіп терминге айналдырудың " қатысы жоқ. Ол ең әуелі сәйкес ғылыми саланың дамуына тәуелді. 

-Басқаша айтқанда...

-Басқаша айтқанда, терминология - белгілі бір ғылыми ойлау жүйесінің  даму нәтижесі. Егер де ғылыми салалар қазақ тілді ғалымдармен қамтылмаса, ал олардың жұмысы өз тіліндегі ғылымды дамытуды қамтымаса, сол саладағы терминология да тоқырайды. Сондықтан терминология саласын біржақты Мемтерминкоммен шешу мәселені жартылай және жасанды жолмен ғана қарастыру болмақ. Сайып келгенде, қазақтілді терминология қазақтілді сәйкес ғылыми салалардың дамуына бірден бір тәуелді объект, сол салаға сәйкес қазақтілді ғылыми орта нығаймай, оның тілін ортасыз дамыту жасандылыққа душар етіп, одан ештеңе шықпайтынына назар аударатын уақыт келді. Біздің кәзіргі терминологияның жайы да осымен шамалас ахуалды бастан кешіп отырғаны жасырын емес. Терминология саласындағы мәселелер шешілуден гөрі кейбір күрмеулі сипатқа ие болып отырғаны да сондықтан. Бұл - бір мәселеден өзге мәселенің туындап отырғанының айғағы.

-Сол туындаған мыселелерді нақты санамалап айтып берсеңіз...

-Бірінші. Қоғамдық ортаның талқылауында термин мен жаңа ұғымдар, сөз тіркестері мен  лексикалық бірліктердің әуесқойлық форматта қаралуында. Терминнің өзі - ең әуелі ғылыми тілдік нысан. Ендеше, оны қарастыратын да, қолданатын да, тіпті дамытатын да ғылыми субъект болуы керек еді. Бұл мәселені шешуден біздің ғылым субъектлері аласталған секілді енжар немесе олардың дауысы ескерілмейді және оларға қазақтілді терминологияны дамыту міндеті толық жүктелмеген болмаса ғылыми лингвистикалық бастаманы алға бастыратын тетік жоқтықтан осындай халды кешіп отырмыз. Ғылыми кеңестердің терминмен айналысу мүмкіндігі мен әлеуеті қарастырылмаған. Содан келіп, бұл күрделі мәселе ғалымдар мен сарапшылардың емес, қарапайым тіл жанашырларының, отаншылдардың оъектісіне айналған.

Өз кезегінде әлгі термин тудырушы «жанашыр топ» қазақтілді термин мен неологизмді қоздатып, терминологияны ұшқары көріністерге ұрындыруда. Сала мамандарының міндетіне қол сұққан әуесқой лингвистер мен тіл жанашырлары аталмыш салалық терминологияға пайдасынан гөрі, қолданымы жарамсыз жасанды «неологизмдерді» балалатып, залалын келтіруде. Ал, бұл жайт аталмыш сала бойынша білім негіздерін қазақ тілінде оқып сіңіруді ауырлатып, білім тұтынушы жастарды қазақтілді білім көздерінен шошытумен бірге қашыруда. Олар амалсыз түрде орыстілді білім көздеріне жүгініп, нәтижесінде қазақ тіліндегі тұрмыстық деңгейді меңгерген орыстілді маманға айналуда.

Терминологиясы әрі-сәрі ЖОМдардағы (жоғарғы оқу мекемесі) білім беретін қазақтілді бөлімдер мемлекеттік тілдегі оқулықтармен, керек-жарақпен қамтылмастан, қазақтілді студенттердің, аспиранттардың орыс тілінде оқуы дағды мен нормаға айналып, ақырында қазақтілді ғылым тілі тоқырауды бастан кешуде.

Екінші. Қазақ тілді терминологияны дамыту мәселелері тілдік сұраныстан гөрі, тілдік кембағалдықтан (неполноценность) туындап жатқандай сыңайы бар. Мәселен, терминнің қазақшалануы ғылыми ортаның сұранысынан емес, ең әуелі отаншылдық тұрғыдан тіл жанашырларының араласуынан жаппай қазақша терминдету қозғалысын туындатып жіберді. Бұл сырттай қарағанда, қазақ тілінің лексикалық қорын байытушы, тілді тазартушы сипаттағы үдеріс болып көрінгенмен, терминология мәселесін қарастыру ғылыми үдерістен тыс, маманданған негізде емес, қоғамдық сипатты болғандықтан, керісінше, тілдің лексикалық қорын әлдебір лингвистикалық вируспен былғайтын, тілдік жүйені ыдырататын және тіл тұтынушыларын жирендіретін ахуалға әкеліп соғуда.

Уәжіміз жалаң болмасын, мысал келтірейік. Тілге соңғы жылдары зорлап-зомбылап кіріктірген программа, лидер, рыйнок («рынок» деп орысша жазып жүргенімізді мойындайық) сөздерінің баламасы болып жүрген бағдарлама, көшбасшы, нарық неологемдері арқылы қазақ тілі байыды ма, лингвистикалық жүйесі нығайды ма, сөзжасам қабылеті артты ма?! «Иә» деуге асықпайық! «Ориентир» ұғымын беріп келген «бағдар» сөзі арқылы қазақ тілі «ориентировка» ұғымын беретін «бағдарламадан» қағылып қана қойған жоқ, осындай қатардағы сөздердің қазақша баламасын тудыру үдерісі тұйыққа тірелді. Бұған дейін «аялда» етістігінен «аялдама» зат есімін тудыру қалыптасқан үдеріс болса, енді кемінде 6-7 салалық мағынасы бар «программа» сөзін бір ғана дәйексіз сөзбен баламалау тәжірибесі пайда болды. «Бағдарлама» сөзі белгілі бір бағытты дөрекі түрде бетке алу мүмкіндігі болса, «программа» ұғымы нақты тәсілдер мен мүмкіндіктер қарастырылған қойылған мақсатқа, межеге нақты жету жолы болып табылады. Нәтижесінде қазақ лексикасын «тонайтын» шала терминге тап болып отырмыз.Бұған қоса, тіліміздегі белгілі бір объект (әскер, ел, жол) бойынша басшылықты білдіретін қолбасшы, елбасшы, жолбасшы сөздерінің жасамдары енді белгілі бір лектің ұшы,топтың басы дегенді білдіретін «лидер» сөзіне «көшбасшы» деген жадағай да жасанды сөзді балау арқылы тәрк етілді; «лидердің» ешқандай басшылыққа қатысы жоқтығы ескерілмеді, сөйтіп, тілдің грамматикалық әлеуетіне нұқсан келтірілді.

-Серік мырза, жаңа сөздер арқылы қазақ тілі нығайды ма?

-Енді бір мысалға назар аударайық. Бірнеше ғасырлық тарихы бар «рыночная цена» ұғымын беріп келген нарық сөзі зорлықпен «рынок» ұғымының баламасы болып таңылды. «Сауда орны» ұғымымен бірге «тауар айналымының алаңы» деген ұғымды бере алатын «рынокқа» одан да «базар» сөзі лайық емес пе еді?! Сөйтіп, «нарық-рынок» баламасы арқылы тілдің талай ғасырлық қалыптасқан лексикалық мазмұнын тәркілеу жүзеге аса бастады. Сайып келгенде, бір мәселені шешуге деген жалаң кірісім келесі бір мәселені туындататын түрі бар.

Ондап саналатын бұл нәтижелер тілімізге ене бастаған әлемдік неологемдерден өш алып жүрген  Дон Кихотты  елестетеді. Мұндай көріністердің астарында шын мәнінде, біздің тіліміздің ішкі қуатын күшейтумен айналысудан гөрі, терминологиялық әуесқойлық дағды орын алған, халықаралық ұғымдар мен терминдерді түсінбеуден туатын құрметтемеу  және қабылдай алмау кембағалдығы мен қазақ лексикасын дамыту жолындағы шыдамсыздық пен салақтық жатыр.

Терминологиямен айналысатын тиянақты ғылыми-мемлекеттік құрылым жоқ. Кәзіргі ғылыми сипаттан алшақ үдерісті қолданып, қазақша термин тізімдерін бекітумен айналысатын Мемлекеттік терминологиялық коммиссияны ғылыми алқаға да, мемлекеттік құрылымға да, тіпті, термин мәселесіне тиянақты араласатын қоғамдық ортаға да жатқыза алмаймыз. Бір қызығы сол - мемтерминком бекіткен терминдердің міндетті қолданымдық құзыры жоқ. Оның үстінде бұл комиссияның атауында «мемлекеттік» анықтауыш болғанмен, терминді мемлекеттік тұрғыдан қарастыратын мемлекеттік құрылым емес, себебі, жылына анда-санда жиналып, қолға түскен термин жобасын талқылайтын бұл құрылым форматы жағынан қоғамдық алқаға жатады. Мемтерминкомның термин мәселесін жүйелі шешетіндей қауқары да, мүмкіндігі де жоқ. Ғылыми салалық кеңестермен де, қоғамдық ортамен де тығыз қатынас орнатылмаған. Ұсынылған баламаларды алдын ала талдайтын, сараптайтын зертхана жоқ. Термин жобаларын жариялы түрде талдауға арналған заман талабына лайық бұқаралық ақпарат-жаршы құралы тағы жоқ. Нәтижесінде қарастырылған терминдер субъективтік сипаттан әріге аса алмауда, бекітілген терминдер лингвистикалық ортаның сенімінен шыға алмай, көбіне күмән мен дау тудыруда.

Жалпы, Мемтерминком - Кеңестік талап пен тоталитарлық қоғам тудырған және ақпараттану қарқыны бәсең кезеңге тән өткен шақтың құрылымы. Оны заман мен тілдің даму талабына сәйкестендіруді ойластыратын уақыт келді. Қысқасы, Мемтерминкомның кәзіргі ахуалы қазақ тілінің терминологиясына үлес қосатындай тіл талабы мен заман қарқынына ілесетіндей құрылым бола алмай отырғанын мойындау - әлдекімдерді жазғырудан туындаған жайт емес, мемлекеттік тілдегі тоқыраған ғылым тілін  ғылыми ортаның жанды қатынас құралына айналса деген аңсардан туындаған ортақ уәж.

-Сонымен қазақ терминологиясын дамыту үшін не істеу керек?

-Біздің пайымымызша, ол үшін төмендегідей ұстанымдар ескерілгені жөн:

-  термин - ғылыми объект, бірақ жалпыға ортақ тұтыным сипаты бар лексикалық бірлік;

-  термин дамыту мәселесі - мемлекеттің араласу міндеті болып табылатын мемлекеттік тілді дамыту саласы, бірақ термин қалыптастыру - тілді қолдану үдерісіндегі қоғамның ортақ міндеті.

Аталмыш ұстанымдарды ескерсек, терминологияны дамыту құрылымы төмендегіше өзінен өзі туындайды.

Біріншіден, қазақ терминологиясын дамыту тұжырымдамасы мен сәйкес нормативтік акт қажет.

Екіншіден, белгілі бір ғылыми кеңес, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеме мүдделі бола тұрып, нақты терминді қазақшалауға немесе неологемдік сұраныс жасайтындай алгоритм орнығуы керек.

Үшіншіден, белгілі бір терминді қазақшалауға немесе неологемдік ұсыныс жасауға сәйкес түрде салалық ғылыми кеңес, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеменің,тіпті, жекедара сарапшының қақы болуы тиіс.

Төртіншіден, мемлекеттік тараптан терминологияны дамытуға бағытталған, жаңа терминдер мен неологемдерді зерделейтін ғылыми  терминологиялық зертхана (Тілбілім институты жанында) болғаны жөн.

Бесіншіден, сұранысқа сәйкес түскен ұсыныстардың талқыламасы жариялық сипатта жүруі керек, ол үшін арнайы электрондық бюллетень (сайт, портал) лайықты құрал болар еді.

Алтыншыдан, Терминологиялық зертхана мен ғылыми кеңестердің талқысынан өтіп, сұрыпталған ақырғы терминдік бірліктер сәйкес министрлік (Білім және ғылым) құзырымен сынақтық мерзімге қолданысқа ұсынылғаны жөн.

Жетіншіден, сынақтық мерзімнен өткен терминдер үкіметтік терминологиялық комиссия қаулысымен бекуі тиіс. Бекітілген терминдер барлық қазақтілді басылымдар арқылы тіл тұтушыларына жеткізіліп отырғаны мақұл.Дәл осы жоба кезінде Эстонияда жүргізіліп, эстон тілінің терминологиясы айтарлықтай алға басып кетті.

Осылайша құрылған терминологиялық ғылыми-мемлекеттік-көпшілік құрылым жалпы тіл тұтынушылары мойындайтын және баянды да дәйекті терминологияны дамытып қана қоймай, бұл саладағы ұшқарылық пен тоқырауды жояды деген ойымыз бар.Әрине, кез келген мәселені шешудің тыңғылықты да жүйелі жолы қарастырылмайынша, әркім өз жолын ұсына беретіні сөзсіз, қандай тетік жасалса да, ол белгілі бір қисын мен заңдылыққа негізделгені мақұл

Пікірді жазып алған Abai.kz порталының тілшісі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601