Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3597 0 пікір 28 Қыркүйек, 2011 сағат 07:38

Талғат Мамашев: «...Кешірім сұраймын»

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырза кеше арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп,  6-ншы қыркүйек күні «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел барысында айтқан сөзі (http://old.abai.kz/content/talgat-mamashev-oralmandardy-yrganym-bar  ) үшін кешірім сұрай отырып, былай деді:

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырза кеше арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп,  6-ншы қыркүйек күні «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел барысында айтқан сөзі (http://old.abai.kz/content/talgat-mamashev-oralmandardy-yrganym-bar  ) үшін кешірім сұрай отырып, былай деді:

- Жаңа заң қабылданған тұста әттеген-ай дейтіні - белгісіз себептермен «Этникалық қазақтарға жеңілдік беріледі» деген сөз тіркесі түсіп қалған. Бұл тіркестің түсіп қалғаны, әрине, Қазақстанға келген ағайындарға көп қиындық туғызатыны сөзсіз. Қателікті тездетіп жөндеу керек. Аталған мәселе - екі жылдан бері соңымыздан қалмай, арызданып, бізді жамандап жүрген кейбіреулерге тіпті жақсы сылтау болды. Жап-жақсы өтіп жатқан дөңгелек үстелдің шырқын бұзып, шуылдап шыға келді. Маған дөңгелек үстелдің модераторы, үйлестірушісі ретінде мінез көрсетіп, осы жерде байқап отырмын Ауыт, Рахым сияқты ағайындарға қатты айтуға тура келді. Әркім қазақтың сөзін өз деңгейіне қарай түсінеді. «Ұрғаным бар ма» деген сөз «сендердің у-шуларыңды, арыздарыңды, жала, өтіріктеріңді құлаққа ілмеймін, сендерге дауа жоқ» деген мағынада айтылған. Шу көтеріп, өре түрегелетіндей ештеңе жоқ. Бұл бүкіл оралмандарға емес, бүкіл баспасөз шулап жүргендей, нақты адамдарға айтылғаны онсыз да түсінікті. Абай.кз сайтын оқыған адам «оралмандарды» деген сөзді ол жерден таба алмайды. Оралмандар дегеніміз - бүгін бір миллион адам. Сонша адамға ауыр сөз айту менің өңім түгіл, түсіме де кірмейтін нәрсе. Бүкіл республиканы шулатып, мені қаралауға кейбір БАҚ өкілдері де үлкен үлесін қосып жүр. Мұндай нәрседен сақ болған жөн, ағайындар. Мені танитын ағайындар, әрине, мұндай өтірікке сенбейді. Ал, арандатуға сеніп, қате түсінген ағайындардан кешірім сұраймын!

Баспасөз жиынына Мамашев мырза аттарын атаған «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рахым Айыпұлы мен ақын, «Балдырған» журналының қызметкері Ауыт Мұқибекұлы да қатысты. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының жоғарыдағы сөзінен кейін Рахым Айыпұлы орнынан тұрып, журналистерге қарап:

- Жалпы, қандай әңгіме болса да адамды кінәлауға болады. Бірақ, мен өмірімде Талғат Асылұлымен кездескен, дастархандас болған адам емеспін, - деді. -  Әрине, шетелдегі бес миллион қазақпен бізді рухани жалғайтын тетік болғандықтан қауымдастықтың қызметіне бей-жай қарай алмаймыз. «Жас Алаш» газетіне қауымдастықтың жұмысы жайлы өзімнің ой-пікірімді мақала етіп жазғанмын. Ол жерде Талғат Мырзаға қатысты артық-ауыс ешбір сөз жоқ. Мені ұратындай, құтырма дейтіндей. Құтыру деген не деген сөз, ол есі ауысқан адамға айтылатын сөз. Ал, осындай бейәдеп сөздер Президент Назарбаевтың өзі төрағасы болып табылатын ұйымның тізгінін ұстап отырған адамның аузынан шықса, не деуге болады?! Жарайды, маған-ақ айтқан болсын. Айтсын, сол жиналыста мен де отырдым ғой. Жаңа айтып жатыр: жиналысты бұзды, шу көтерді деп. Ол жерде ешкімнің шу көтергенін көрген жоқпын. Тек қана оралмандардың әрүрлі проблемалары айтылды. Райыс азаматтық алу мәселесінің қиындығын, Ауыт Қытайдан келетін көштің тоқтап қалғандығын оның қиындықтарын  айтты.  Осындай орынды сөздер айтқан жігіттерге қарата «ұрғаным бар» деуге бола ма?!

Біз - құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Егер сол мақалалардың бірде-біреуі Талғат Асылұлының өз сөзі емес болса, бәріне жауап беруге дайынмын. Мәселе қауымдастықтың қызметі мен оны басқарып отырған адамның халыққа деген позициясында. Біз артық кетсек, айтысын: «мынау менің намысыма тиді» деп. Ешқандай реніш жоқ.

Сөйтіп, бір топ журналистер Рахым Айыпұлы мен Ауыт Мұқибекұлын ертіп, сыртқа шықты. Іште қалған Талғат Мамашев бастаған топ мәслихаттартын әрі қарай жалғастыра берді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір