Сенбі, 28 Наурыз 2020
46 - сөз 564 0 пікір 27 Ақпан, 2020 сағат 12:11

Мектептегі медпункт жұмысына көңіліңіз тола ма?

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі мектептердегі медпункттердің медициналық қызметкерлері білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне берілгені мәлім.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес енгізілген бұл өзгерістің басты мақсаты білім алушыларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту болып табылады. Алайда, осы бағытта кейінгі үш жылдай уақыт ішінде атқарылған жұмыс көпшіліктің көңілінен шығып отыр деу қиын. Біз өңірлерде болғанымызда осы жөнінде жергілікті тұрғындар мен денсаулық сақтау қызметкерлері тарапынан орынды сын-ескертпелер айтылды.

Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы
27 ақпандағы №39 бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымдарындағы медициналық пунктке 500 білім алушыға шаққанда 1 мейіргер, шағын жиынтықталған мектептердің медициналық пункті үшін 100 білім алушыға шаққанда 1 мейіргер лауазымын белгілеу көзделген.

Аталмыш бұйрық еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде қалыптасқан демографиялық қолайсыз ахуалды, яғни білім беру ұйымдарындағы оқушылардың саны көп еместігін ескермей қабылданғанға ұқсайды. Соның салдарынан, мектептердегі медициналық қызметкерлердің саны едәуір азайғандығы байқалады. Өйткені, бұрын мектептегі медициналық пункттің мейіргері оқушылардың санына қарамастан, лауазымдық жалақыны толық көлемінде алатын еді. Еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі олардың жалақысының кемуіне алып келді.

Мысал үшін, Павлодар облысының 387 мектебінде 2016-2017 оқу жылында 337 медициналық қызметкер тұрақты жұмыс істеген болса, 2018-2019 оқу жылында олардың саны 314-ке дейін кеміген. Керісінше, елді мекендерде орналасқан фельдшерлік-акушерлік пункттерден жергілікті мектептерге келіп, медициналық қызмет көрсететін медициналық қызметкерлер саны 56-дан 73-ке дейін көбейген.

Жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелері жоғары қауіпті объектілер болып табылатындығына байланысты, балалар денсаулығы мәселелерін жүйелі бақылау үшін әрбір білім беру мекемесінде жеке медициналық қызметкердің тұрақты түрде болуын орынды санайды.

Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрінің аталған бұйрығында медициналық қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуде әділдік қағидаты сақталмағандығын айтқан жөн. Өйткені, білім беру ұйымдарындағы оқушылардың әртүрлі санына қызмет көрсеткеніне қарамастан, медициналық қызметкерлер бірдей жалақы алып жүр. Мысалы, 0,75 мөлшерлеме алу үшін мейіргер шағын жиынтықталған мектепте

75 оқушыға, ал орта мектепте – 375 оқушыға қызмет көрсетуге тиісті.
Осы орайда еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарында орта буын медицина мамандары жетіспейтіндігін де ескерген жөн. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мейіргерлерге сұраныс 2987 бірлікті құрады. Ал елімізде орта буын медицина кадрларын даярлайтын медициналық колледждер саны – 85. Бұл, әрине, аз емес. Мәселе олар даярлайтын кадрлардың сапасында болса керек. Өйткені, 8 медициналық колледжі бар Шымкент қаласында қазір 36 мейіргер жетіспейтін болып шықты. Жергілікті денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, медициналық колледжді бітіріп, диплом алып шықса да, науқасқа дәрі егуді білмейтін шала мамандарды денсаулық сақтау ұйымдары жұмысқа алғылары келмейді.

Осы мәселеге ора Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, мынадай ұсыныстарды енгіздім:
1.Денсаулық сақтау министрінің жоғарыда көрсетілген бұйрығын қайта қарап, орта мектептердегі білім алушылардың санына қарамастан, олардағы медициналық пункттердің әрқайсысына кемінде 1 мейіргер лауазымын белгілеу керек;

2.Еліміздегі орта буын медициналық кадрлар тапшылығын ескере отырып, медициналық колледждерде даярланатын медицина кадрларының саны мен сапасын арттыру мәселесін қарау қажет.

Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

0 пікір