Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3946 6 пікір 26 Ақпан, 2020 сағат 10:55

"FUD”-тен Жаһандық Магнитский Заңына дейін

Маркетинг, пропаганда және саясатта "FUD" деп аталатын тактика бар. Тарқатып айтсақ, F-fear(үрей), U-uncertainty(белгісіздік), D-doubt(күмән). Демократиялық елдерде саясаткерлер түрлі тәсілмен (дезинформация, журналистік зерттеу, негатив жарнама) қарсыластарын дискредитациялап, сайлаушылардың бойында үрей, белгіздік және күмән туғызу арқылы сайлауда жеңу үшін "FUD"-ке жүгінеді.

Авторитарлық мемлекеттерде де билік "FUD"-ке сүйенеді. Демократиялық елдерден айырмашылығы – авторитарлық жүйедегі билік етуші топ азаматтарды саяси оппонент және сайлаушы деп бөлмейді. Оларға биліктің саясатын сынайтын адамның бәрі жау. Сол себепті биліктен айырылып қалмас үшін авторитарлық билік барлық амалды жасайды.

Заңды да, заңсыз да әрекетке барады. Азаматтарды жазықсыз қамау, құқық қорғау органдары арқылы қудалау және өміріне қауіп төндіру арқылы саяси белсенділердің бойындағы және қоғамдағы үрейді күшейтуге тырысады. Одан қалса автократиялық/диктатуралық елдерде биліктің саясатына қарсы шыққан адамдардың жұмбақ өлімі қалыпты жағдай. Ал бұл тәсілдер “саяси реформалар” үшін құрылатын “Ұлттық сенім кеңесі” және “құқық қорғау органдарын реформалау” секілді бітпейтін саяси уәделермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер.

Сондықтан саяси белсенді Дулат Ағаділдің қазасы марқұмның отбасы мен жақындары үшін ауыр қайғы ғана емес, азаматтық қоғам үшін, Қазақстанның демократияға қарай бет түзеуі үшін өте қауіпті сигнал. Д.Ағаділді ұстап әкету процесі мен бүгін “МВД”-дан жауапкершілікті талап еткен азаматтарды ұстау арқылы билік өз үстемдігін сақтап қалу үшін бәріне дайын екенін тағы да бір рет дәлелдеді.

Дулат Ағаділдің қазасы саяси белсенділердің бірінің бойында күмән мен үрейді күшейтсе, екінші бірінің саяси белсенділігін арттыруына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ осы қайғылы оқиғадан кейін биліктің бойында да өз болашағы үшін қорқынышы артпаса, азая түседі деп ойламаймын. Өйткені саяси белсенділерді “НКВД-ша” қудалау – өз күшіне сенімді мықты биліктің әрекеті емес. Бұл – өзін саяси элита санайтын, өзіне сенімсіз әрі қорқақ адамдардың әрекеті.

Қалай десек те, осындай әрекеттері арқылы билік өзінің түбіне өзі жетуі мүмкін. Биліктің кейбір өкілдері ”FUD”-пен қатты әуестеніп кетіп, бір күні өзінің Жаһандық Магнитский заңы (Global Magnitsky Act) бойынша санкцияланатын адамдар тізіміне кіріп кеткенін байқамай да қалуы мүмкін.

Ол үшін саяси белсенділер және Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын азаматтар Қазақстанның Мәжілісі мен Сенатындағы депутаттармен емес, АҚШ конгрессмендері мен сенаторларымен достасуға күш жұмсауы тиіс. Әсіресе, демократ Бен Кардин және республикалық Марко Рубио секілді сенаторлардың жүрегіне жол табуы қажет.

Мүмкін, сонда ғана өзін “құдай” сезінетін абсолютті билік және оның өкілдері сабасына түсер.

Шалқар Нұрсейттің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

6 пікір