Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 10824 16 пікір 25 Ақпан, 2020 сағат 11:39

Қазіргі әдебиет қандай болу керек?..

Қазіргі әдебиет қандай болу керек? Мұндай сауал тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ, алдымызға тартылған болатын. Сонда, осы бір өзекті мәселені қарастыруды мұрат еткен бір алқалы жиында, маған төмендегідей пікір білдіруге тура келген еді...

Қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек? Әдебиет хақында пікірлесуді мұрат еткен мәслихаттарға жұртшылықтың қашаннан елеңдеп отыратыны белгілі. Ендеше, күн тәртібіне жәй ғана ағымдағы әдебиет мәселесі емес, «Азат елдің әдебиеті» деген, мәні тереңге кеткен анықтауышы бар ойлы тақырып қойылған бұл мәжіліске әдебиетші қауымның да, әдебиет сүйер көпшіліктің де айрықша назар тігері анық. Өйткені әдебиетті халық өзінің жан-жүрегі деп біледі. Әдебиет пен әдебиетті жасаушылардан бүгінгі күнге сай сөз күтеді.

Ақын-жазушыны құдайдай қадірлейтін, ақын-жазушы қаламынан туған дүниені құдай сөзіндей қабылдайтын халықтың сенімін алдамау үшін не істеу керек? Мұндай сауалға әрқайсымыздың ішкі дауысымыз: «Жақсы жазу қажет», – деп жауап берер еді. Алайда жақсы жазуды жиналыспен үйретуге болмас. Жақсы жазуға ешқандай қаулы-қарармен қол жеткізе алмайсың, жақсы жаза білу, түптеп келгенде, әр қаламгердің өз бойындағы табиғи дарынын, өзінің оқу-тоқу арқылы тапқан жұмысшы философиясын, яғни өмірге деген пәлсәпалық көзқарастар жиынтығын, ғұмыр концепциясын күнделікті ауыр жұмысқа, маңдай терін төге алуға ұштастыра білу дәрежесіне тығыз байланысты шаруа. Олай болса, әлгі сұраққа барды саралап, жоқ тұстарды айқындау арқылы, ел мұқтажына орай суреткерлерге шығармашылық білдіріс, тапсырыс жасау арқылы жауап беруге тырысу ләзім. Жұртшылық үмітін ақтауға бағытталған қадам сонда ғана нақты көрініс табады.

Нағыз әдебиет қоғамнан бөлек жаратылмаса керек, нағыз жазушы қоғамнан тыс тұра алмаса керек.

Рас,  қолға қалам ұстаған қай-қайсымыздың да ұлағат алуға ұмтылатын, тәжірибесіне шұқшия көз салып, пайдалы жағын тірнектеп бойға сіңіруге асығатын классиктеріміздің бұл орайдағы көзқарастары әртүрлі. Айталық, әлем әдебиетіндегі ұстаздарымыздың бірқатары – қаламгер өзінің көркем зерттеу жүргізбек объектін не ұнатып, не ұнатпай, әлде жақсы көріп, әлде жеккөріп, яғни өзінің имандық-адамгершілік көзқарасымен суарылған сүзгіден өткізе отырып суреттеуге тиіс десе, екіншілері жазушыдан салқынқанды сарапшылық қасиетті  талап етеді. Қаламгердің міндеті – өзіндік ой айту тәсілін адал, шын  жүректен орындау делінетін көзқарас та кеңінен мәлім. Сөз шеберлерінің бір тобы – жазар затыңа бейтарап, объективті түрде қарауың керек дейді.  Келесі бір зергерлеріміз бейтараптық пен объективизмді шығармашылыққа кері әсер ететін жат құбылысқа балайды. Олар қаламгерге құштар уағызшы болу жарасатынын айтады. Жалпақ жаһанды мойындатқан тағы бір аса ірі қалам шеберінің ойынша, шынайы  әдебиетке «моральдық міндет» дейтін пәле жүрмейді, көркем шығармашылыққа қайшы келетін мұндай ұғым, тіпті, оқырманды әлдеқандай әрекетке шақыруы ықтимал әдіс біткеннің бәрі әдебиеттен аластатылуға тиіс.

Міне осынау жүгіртіңкі шолудың өзінен-ақ ілгеріде өткен сөз зергерлерінің алуан реңкті қаламгерлік позициясы аңғарылары хақ. Бір ғажабы, олардың туындылары уақыт тезіне төтеп беріп, әр заман оқушыларын рухани ләззатқа бөлеуден айнымай келеді. Авторлардың кей ретте біріне бірі мүлдем қарама-қарсы көзқарас ұстанғанына қарамастан бұл солай болуда. Демек, оқырманның рухани мұқтажын өтеу – көркем әдебиеттің бірден-бір парызы.

Сонымен, кітап оқу арқылы әркім әртүрлі дәрежеде адамгершілік сабағын алып келеді. Ал бұл – кітаптың тәрбие ісінде маңызды орыны бар деген сөз. Яғни, адам тәрбиесіне атсалысу – әдебиеттің талай заманнан бері атқарып келе жатқан шаруасы. Жан-жақты, саналы ұрпақ тәрбиелеу сынды абыройлы міндеттің болашақта да әдебиетке жүктеле берері ақиқат. Олай болса, әдебиет жазушының өзіндік ойын жария ету құралы ғана емес. Әдебиетті қаламгердің өзін өзі тануға қолданатын құралы деп те қарауға болмайды. Әдебиетте толыққанды бейне жасау арқылы суреткер адам болмысын түсіндіріп қана қоймай, оны түзету, өзгерту жолын да көркем түрде көрсетіп бере алады. Ендеше әдебиеттің де, әдебиетті жасаушылардың да қазіргі қоғамда алар орыны ерекше болуға тиіс. Сонда оларға қойылар талап та күшейеді.

Бірақ бізге басты мәселені айқындап алған жөн. Қазіргі таңда қоғамымызға, халқымызға не зәру? Біз қандай әдебиетке мұқтажбыз?

Бәрімізге белгілі, артқа тастаған дүбірлі, дүрбелеңді жетпіс жылдың бастауындағы аса ірі оқиға – қазан төңкерісі – оған дейінгі қоғамдық-саяси институттардың бәрін тас-талқан етті. Ізгілік, мейірімділік пен жауыздық, зұлымдық секілді ғасырлық ұғымдардың өзі таптық тұрғыдан жіктеліп, салыстырмалы жағдайда бағаланатын болды. Жеке меншік айыпталды, жойылды. Иңдивидуализм жоққа шығарылды, коллективизм идеясы дәріптелді. Бәрі де жеке қожайындардан тартып алынып, қоғамдық меншікке айналдырылды.

Енді, міне, шалыс басқанымызды мойындап, кері оралудамыз. Кеше «кедейлер, тізе қос жалшымен, байлар мен молданы қойдай қу қамшымен» деп жырлап, «таптық қырағылық» таныттық. Бүгін бір халықты таптық тұрғыдан екіге жарып, өзара жауықтырудың – жәй ғана қате еместігін, адамды адамның жек көруін заңдастыратын қылмыс екенін ұқтық. Қастерлі орында – адамның арын аяққа таптауға мүмкіндік беретін таптық көзқарас емес, әр кісіні асыл қазынаға балайтын адам құқтары тұруға тиістігін парықтадық.

Осындай ахуалда, жетпіс жылғы тоталитарлық құрсаудан құтылып, тәуелсіздік туын көтеру бақытына ие болған ұрпаққа – қандай шығармалар шипасын тигізер еді? Жалпы, Уақыт бізден қандай туынды тосады? Кітаптың қалай жазылуын қажетсінеді? Шығарма оқырманға әлдебір сыр шертіп, ағынан жарылып жатса, төрелігін өзің айт, шыным осы деп тұрса – оқырманын қанағаттандыра ма? Әлде қазіргі кітап – шөңгесін оқушысының зердесіне әсем раушан гүлдің тікенекті сабағындай батыра, тітіркентіп, оятып отыратын, аңыздағы Прометей отындай жылытып, қыздыратын, алдыңғы жақтан шамшырақша жарқырап, жол нүсқайтын, іске, әрекетке шақыратын дәрежеде жазылу керек пе? Бір сөзбен – әдебиеттің парызын қазіргі жағдайда калай түсіну дұрыс? Ал қазіргі әдебиетті жасаушылардың міндеті неде деп білеміз?

Шамасы, мәселеге бүгінгі күн шындығынан қараған жөн шығар.

Азат елдің азаматына, әсіресе болашақ азаматына заманға ылайык тәрбие беруте пәрменді жәрдем тигізе алатын көркем әдебиет қазіргі таңда өте-мөте қажет.

Бірлі-екілі мұқтаждықты ғана атап көрейік. Азат елдің азаматы бойына мемлекеттілікті сезіну, мемлекет үшін, тәуелсіз өз мемлекеті үшін мақтана білу, өз елінің мемлекеттілігін нығайта түсуге құлшыну сезімін ұдайы баулып, қалыптастырып отырған жөн. Санасы енді-енді ғана толысулы өскелең ұрпақты ертең мемлекет тұтқасын қолына тайсалмай ұстайтындай деңгейде әзірлеу керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің азаматы – тәуелсіздік ұғымын терең түсінетін, ел бірлігін сақтау жолында сабырлы әм сауатты әрекет ете алатын. нарықтық экономиканы жатсынбайтын, атомдық-кибернетикалық дәуір жетістіктерін жілікше шағатын, білікті де жан-жақты, жүрегі таза жан болуға тиіс.

Қалай болғанда да, осындай биік мұраттарды нысана етіп барып қағазға шұқшиғанымыз жөн. Қоғамның қаламгерлерге берер әлеуметтік тапсырысы осыған саяды. Қоғамымыздың үлкенді-кішілі мүшелеріне сан-салалы танымды көркем кітаптар бірінші кезекте және мейлінше шұғыл ұсынылғаны жөн.

Бәлкім, өздерінің өлмес те өшпес кітаптарын жазуды қолға алған қаламгерлер мұндай «ұсақ-түйекке» алаңдауды артық көрер, әйтсе де, алдымен өлмес те өшпес мемлекеттің іргетасын нығайтуға атсалысу ләзім, сонда, кім біледі, шын өшпейтін сөз де туып қалар шығармашылық қаламнан. Үмітсіз – шайтан...

Әрине, барша ақын-жазушы танымдық-көркем шығармашылыққа табан астында кірісіп кетер деген ойдан мен аулақпын. Дегенмен, осынау маңызды тақырыпқа бүгінгі күннің аса зәру мәселесі ретінде назарларыңызды бір сәтке аудара алған болсам – алдыма қойған міндетімнің орындалғаны деп білемін. (Семейде «Азат елдің әдебиеті» тақырыбымен өткен  жазушылар конференциясында сөйленген сөз. 25.08.1992).

***

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында cөйленген осы сөзді жаңа мыңжылдық шымылдығын ашқан жаңа ғасырдың екінші онжылдығында қаз-қалпында жаңғыртудың не қажеті бар еді? Қажеті сол – өмірдің өзі көрсетіп тұрғандай, күрт бетбұрыс  жылдары күн тәртібіне шығарылған сауалды бүгін де, еш өзгертпестен,  қайта көтеруге тұрады. Себебі уақыт талабына жауап бере алатын әдебиет тумай жатыр деген сөз әрәдік айтылып қалып жүр.

Ендеше, қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек деген тәуелсіздіктің табалдырығындағы сұрау бүгін де күн тәртібіне сұранып тұр. Егер солай етер болсақ, онда жоғарыдағы жүрекжарды пікірдің қазіргі таңда да белгілі бір дәрежедегі өзектілігін жоймағанын мойындауға мәжбүр болар едік. Дей тұрғанмен, мойындауымыз керек, рас, көкейдегі бар сұраққа ол жауап бере алмайды. Өйткені тәуелсіздіктің жиырма жылдық дамуы барысында қаламгерлердің де, оқырмандардың да әдебиетке деген көзқарастары елеулі өзгеріске ұшырады.

Олай болса, «Қазіргі әдебиет қандай болу керек?» деген сауал бұл жолы алға сол өзгерістерді бағамдай отырып тартылуға тиіс...

***

Иә, қаламгерлердің де, оқырмандардың да әдебиетке деген көзқарастарында елеулі өзгерістер бары анық. Бұл, бәлкім, кеңестік дәуір тұсында қалыптасқан құндылықтарымыздың өзгеруіне байланысты пайда болған шығар. Әлде зымыран заманның өзге құбылыстары әсерінен туындап жатыр ма екен... Қалай болғанда да, әйтеуір бір заманауи енжарлық қазіргі қазақ әдебиетінің даму үдерісін тоқыратып келе жатқандай.

Айтпақшы, әдебиет мүддесі дегенде баршамызды кежегеден кері тартып келе жатқан пәлекет – осынау заманауи енжарлық сынды теріс құбылыс болмасын? Рас, рухани биіктікті  қадірлеген кез болды, бірақ қазіргі күндері ол материалдық байлық тегеуірініне төтеп бере алмай қалған. Кешегі бағаланар құндылық жаңа заманда өзгергендіктен де, көп ретте өткен  дәуірдегі саудагер яки алаяқ деп таңбаланғандардың дәурені жүріп кетті. Бәрі солай деп күнәһар болу жарамас,  бірақ, көп нәрсені сыбайластық пен қалың қалта шешіп жіберетін ахуал дәуірлеп тұрғандай, рух өрісін соған сай заманалық енжарлық, ағымдағы уақыт туғызған жайбарақаттық жайлағандай көрінеді. Бұған келісуге болар да, болмас та.

Дегенмен әдебиет ауылындағы өзіндік жайбарақат жағдай сыры осы айтқандармен байланысып жатқан жоқ па екен деп ойлайсың. Бірлі-жарым оғаштау ой айтылып қалса, оны естімейміз, не айтушының соңына шам алып түсеміз. Тек байыбына баруға тырыспаймыз. Өткендегі үлкен әдебиетімізді уақыт талабы тұрғысынан қайта саралап көруді ойымызға да алмаймыз, сол өткенде жол берілген бір жақты баға беру немесе мүлдем елемеу тәсілі қазіргі күнде де өзгере қойған жоқ.

Жо-жоқ, бұл да соншалықты әділ пікір бола қоймас, өйткені бүгінгі таңда кеңес заманында жабық жатқан аяулы азаматтарымыздың – алаш қайраткерлерінің шығармашылығын зерттеуге айрықша көңіл бөлінуде ғой. Бірақ жоғарыда айтқанымызды сол сауапты шаруамен шұғылданушылардың еңбегін алға тарту арқылы ақтауға да болмас. Өткендегі және қазіргі әдебиеттегі жаңа тұрпатты шығармашылық ізденістерді тауып көрсететін, талдайтын ынта байқалмайды. Өкінішке қарай, кейінгі кездерде ұлттық әдебиет туы астында білікті делінетіндердің  қолдауы мен насихатына бөленген,  эксперименттік-либералдық тәжірибе жолымен жасалып келе жатқан космополиттік өнер асыра дәріптеліп жүр. Тап сондай туындылардың өмірге келуі және соларға қилы әсіре мадақ пен марапат арналып, төбеге көтерілуі біздің заманымызға қандай өнер лайық және оны қалай жасау керек  деген тақырыпты күн тәртібінде ұстау керектігін дәлелдей түседі.

Замана сұранысын дөп басарлық пиар жасай білетіндер батыстық бағытқа бас шұлғыған әлдебір туындыны оның шынайы ұлттық әдебиетке жұғыспайтынын, тіпті талғам бұзар залалдылығын елеместен, бұқаралық ақпарат құралдарын улатып-шулатып қолдата алады. Батысшылдық көзқарастарын аспанға көтеретін шығармашылдар  толығымен бейсаяси тұғырнамада тұруды көздейді, олар өз елінің тарихи тағдырына көпе-көрінеу жайбарақат қарайды, немесе әлемдік аренаға шығу керек деген ұранмен, есіл-дертімен жатжұрт дәстүріне құлай берілу бағытын ұстанады. Олардың шығармашылығынан ұлттық мүддені күйттеу, мемлекеттік-отаншылдық көзқарасты ұстану қасиеттерінің табыла бермейтіні аңғарылады.  Осындай құбылыстарды адал, кәсіби талдауға алу әрекеті де байқалмайды. Бұларды қалайша қазіргі таңға қажет әдебиет жасау талабынан бөліп қарарсың? Бұдан әділ, шыншыл сын, әдебиеттану, өнертану сынды шаруалармен шұғылданатын адал кәсіби  мамандарды табу, оларға жол ашу, мүмкіндік беру, шығармашылықтарына жағдай туғызу   қажеттігі туындайды. Бірақ мұндай «абыройсыз», «пайдасыз» іспен кім шұғылданбақ...

Меніңше, қазіргі заман сұранысына жауап бере алатын шығарма жазу үшін қаламгер ең алдымен өз елін сүю, сол асыл сезімді шығармашылығына арқау ету секілді қасиеттерді аса зор қажеттілік ретінде мойындауы тиіс. Сонда ол әлеуметтік маңызы бар тақырыптар мен идеяларды шығармашылығында саналы түрде көтереді. Ұлттық мәдени дәстүр жатсынбайтын кез-келген тәжірибе, ізденістерге бару әр суреткердің өз еркінде, олардың сол реттегі әлдебір жаңа идеяларына, тосын түрлеріне талдау жасай білу керек. Жазушының нысанаға алған объектіне көркемдік зерттеу жүргізу әрекеттері өзіндік әдеби тәсілдермен жымдаса көрініс тапқанда ғана елеулі туынды өмірге келеді. Сондай шығармашылық өнімдерді тілге тиек ету жөн. Біздің әдеби-көркеми әлеміміз мұндайға дайын ба?

Жалпы, жаңа әдебиетте көркем кестеленген отаншылдық бағыт басым болуға тиіс. Сондай сипаттағы әдебиеттің мол болуы тәуелсіздігімізді баянды етеді деп үміт артатын өскелең ұрпағымыз үшін өте маңызды. Сондықтан да оған қолдау көрсету де, оны әділ талдамаға алу да, кеңінен насихаттау да қажет. Егер әдеби басылымдар мен олардың сыншы-авторлары жекелеген топқа, ықпалды командаға жағыну мен жақын болуды мақсат етпей, әр құбылысқа әділдік тұрғысынан қарауды бекем ұстанса, оқырманға көп нәрсе ашып бере алады және көпшіліктің ықыласына ие болады.  Ондайға әзірміз бе?

Қазіргі заманғы кітап оқуға деген ынтаның жалпы төмендеуін, оқырмандарға талғам мәселесінде жәрдем берудің жолға қойылмағандығын, дәлірек айтқанда, баспасөзде адал талдама, сындарлы сын, танымдық шолулар ұшыраса қоймайтынын еске алғанда – оқу дағдарысына ұшырамағандардың өздері кітаптар мұхитында оп-оңай адасуы ықтимал екенін еріксіз мойындайсыз. Әрі бұған елімізде жарық көріп жатқан жаңа туындылардың саны нөпір, таралымы мардымсыз екенін қосыңыз. Кітап базарында елең етерліктей нендей жаңалық барын көп оқырман білмей де қалады. Осы орайда еңбектерін атамай кетуге болмайтын нағыз мәдениет қызметшілері жайында бірер сөз айту ләзім. Олар – кітапханашылар. Осыдан біраз уақыт бұрын бізге алыста тұратын досымыз газет қиындысын салып жіберіпті. Онда Атырау қаласындағы облыстық кітапхана осы жолдар авторының «Жақсы көрем» атты әңгімелер мен повестер жинағы бойынша оқушылар конференциясын өткізгені туралы ақпарат басылған екен. Соны көргенде, таралымы аз болғандықтан қалың оқырманның қолына тимейтін, мықтағанда, еліміздегі кітапханалардың бір ширегіне ғана жетуі ықтимал мемлекеттік тапсырыс өнімдерінің өзі, кітапханалардың майталман қызметкерлері  кітап насихатына дұрыс көңіл бөлген жағдайда – оқушы қатарын елеулі түрде молайта алады-ау деген ой келді. Осындай риясыз ұйымдастырушыларға рухани да, материалдық та қолдау көрсету біздің билік тарапынан ескеріліп жүр ме екен?

Сөз жоқ, мәдени үдерісті мемлекет өз қолына батылырақ алу керек,  қазіргі заманға лайық әдебиет жасау әдістерін абайлап іздестіріп, сол жұмысқа білгірлікпен басшылық жасауға тиіс. Шүкір, біздің елдегі мәдени мұраға көңіл бөліну дәрежесі талайларға үлгі. Әйтсе де, замана талабына қызмет ететін туындыларға, олардың қастерлі де қасиетті ұлттық құндылықтарды арқау ететіндеріне көңіл бөлу, қаламгерлердің отаншылдық тақырыптағы ізденістерін ынталандырып отыру маңызды болмағын әрдайым есте тұтқан жөн. Рас, бұл бір нәзік шаруа. Мұны істелмей жатыр деп айта да алмайсың, тек көзге көрінер, разы етер тұсы шамалы болғандықтан ғана қынжыласың.

Бүгінгі дәуірімізді айқын түсініп, бүгінгі дәуіріміздің азаматтарының рухани азығы болуға жарайтын  әдебиет жасаушылар қатарын жасақтау қажет шығар, бәлкім? Қалай? Қайтіп?  Мүмкін, өткенімізді ұмыттырмай, оның тәуір тұстарынан сабақ алуға үндеп отыру жолымен де, яғни, өткен дәуірдегі туындыларды сараптап, бері тарту арқылы да бүгінге қажет әдебиет қатарын толықтыруға болар? Мәселен, кешегі қызыл галстукті балалардың отаншылдық, әдептілік, сыпайылық, өзгеге көмек беруге әзір тұрушылық қасиеттерін бейнелеген кітаптардың жас ұрпаққа бүгін де жақсы адамгершілік сабағын беруі ықтимал емес пе? Қазіргі әдебиет жоспарлы түрде жүргізілген өткендегі шаруашылық  адамдары жайында сыр шерте алмай ма? Олардың азаматтық қасиеттерінің  кәдеге асар жақтары  болмағаны ма? Немесе, бәсекелі өндіріс жасаушылардың бейнелерін неліктен ұтымды да өнегелі етіп көрсете алмай жүр? Мұндағы кілтипан неде?

Бүгінде бәрі бар деседі, солай да сияқты. Тек өзіміздікі емес. Тиісінше, толып тұрған молшылықты өзіміз жасамайтындықтан, жұмыссыздық жыртылып айрылады. Сөйте тұра енді ұлан-байтақ жерімізді өзгелерге игертпекпіз. Қазіргі әдебиет мұндай құбылыстарды тақырып ете ала ма? Неге ете алмасын, жазылып та жүр, бірақ... Қызығы, бүгінде дүкендерде кітап көп. Солардың іштеріндегі өзіміздікі дей аларымыз саусақпен санарлық қана. Біздің рухани кеңістігімізді шетел өнімдері басып кеткен. Жергілікті жазушылардың азын-аулақ туындылары елге жетпейді. Қазіргі заманғы оқырманға қажет әдебиет қатарын толықтыра алмағандықтан емес... Бұл да ойланатын шаруа.

«Қазіргі әдебиет қандай болу керек?» деген сауалға орай ортаға салуды ниет еткен кей ой-толғамдар 2011 жылғы 27 сәуірде осылай қағазға түскен-ді...

***

Бұл жолдар жазылғалы да он шақты жылға айналып барады екен. Осы уақыт ішінде елде небір өзгеріс болды. Көңіл алаңдатар құбылыстар орын алды. Мұнайшылар арасында ұзаққа созылған экономикалық ереуіл қанды қырғынмен басылды. Елдің әр жер-әр жерінде этносаралық жанжалдар (күні кешегі Қордай қақтығысына дейін) бой көрсетіп жатты. Оларды ретке келтіру билік пен саясаткерлердің шаруасы шығар, солай екені нақты істерінде көрініп те жатыр ғой, дегенмен сол келеңсіздіктердің себептерін дәл ұғындыру және әлі де тууы ықтимал  сондай оқиғалардың алдын алу ісіне пәрменді түрде атсалысуды қазіргі кезеңдегі әдебиетіміздің де міндеті деп білген абзал.

Осы орайда мен өзімнің көптен ұстанатын концепциямды жоғарыдағы ой-толғамдарымның жалғасы ретінде тағы да ортаға тастағым келеді. Азаматтарды, әсіресе жас ұрпағымызды тарих арқылы, тарих болғанда да, тәуелсіздіктің арқасында ғана ашық айтыла бастаған өткеніміздің қасіретті  белестерінің себеп-салдарларын жан-жақты, көрнекі түсіндіру арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Әдебиет осыны алдына міндет етіп қойса,  яғни қазіргі таңда «өнер – өнер үшін» деген байырғы тамаша да сұлу девизді кері ысыра тұрып, нақтылықты тілейтін «өнер – өмір үшін» ұранын ту етіп көтерсе дұрыс болар еді. Сөйтіп жедел түрде көпшілікке көркем-танымды туындылар шоғырын, белгілі мақсат көздеген кешенді жаңа әдебиет туындыларын ұсынуды жүзеге асырған жөн.

Сонда елімізді мекендеген сан ұлт өкілдерінің тарихи әділеттілік дегеннің не екенін жан-дүниесімен сезініп, қазақ төңірегіне саналы түрде топтасуына, мемлекеттік тілді сөзсіз мойындап, құрметтеуіне, тіршілікте қолдануына және, әрине, билік өкілдерінің қазақ мүддесі дегеннің шын мәніндегі мемлекет мүддесі екенін терең ұғынуына септесе алар ма едік, қайтер едік...

Кезінде кітап ұстаған жас адамды совет заманының символы  деп білгенбіз, енді бүгінде заманауи қалтафонды қолынан тастамайтын жастарды қазіргі дәуірдің айшықты белгісі, жаһандану  дәуірінің  символы ретінде танитын түріміз бар. Ал бұлар – қалың қауым. Мың-сан ұлбала, қызбала, қыздар мен жігіттер. Еліміздің болашағы. Тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс ұрпақ. Ендеше оларға берер рухани азығымыздың жай-күйін ойламауға мүмкін емес. Оларды қазіргі таңда қайтіп кітап оқуға тартуға болады, және оларға ұсынатын кітап қандай болу керек деген сауал әдебиет қызметшілерін бейжай қалдырмасы анық, терең толғандырып жүрген де болар. Және бұл жәйтті қалай жолға қою қажет деген мәселеге  көпшіліктің ой қосқаны қажет-ақ...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600