Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Анық 4939 18 пікір 21 Ақпан, 2020 сағат 13:48

Наурызды жалпыхалықтық мерекеге айналдыруымыз керек...

Елордада «Рухани Жаңғыру» қоғамдық даму институтының алғашқы отырысы өтіп, онда Наурыз мерекесін жалпыұлттық мейрамға айналдыру үшін бірсыпыра ұсыныстар талқыға салынды. 

Атап айтқанда, Наурыз мерекесін 14-інші наурыздан бастап тойлау, түрлі маркетингтік жобаларды жүзеге асыру, Президент құттықтауын Наурыз мерекесінің алдында жариялау т.б. бірқатар бастамалар көтерілді.

Кемелбек Ойшыбаев:

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурыз зор ықыласпен тойланатын мереке болған. Бірақ, соңғы жылдары бұқаралық сипаттан кішкене ажырап, сахналық кейіпке еніп, фольклорлық көріністен аспай жүр.

Сондықтан, Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасына мынандай ұсыныстар енгіздік. Мерекелеуді 14-інші наурызда бастап 22-інші наурызға дейін жалғастырсақ деген, «наурыз-сыйлық», «наурыз fashion week» сияқты маркетингтік шаралар енгізсек деген ұсыныстарымыз бар.

Сонымен қатар, Президенттің телевизиялық құттықтау сөзі наурыздың алдында берілсе деген ұсынысымыз бар, - деді.

Айта кетейік, бұл ұсыныстар әлі бекітілмеген. Алайда, институт өкілдері талқылауға қатысушыларды тыңдап, айтылған ұсыныстарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы Президент әкімшілігіне жібермек көрінеді.

Ал, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов наурыз мерекесін түрлендіріп, халықтың сұранысына сай мерекеге айналдыру керектігін айтқан.

- Азаматтық алаңның» алғашқы отырысында, яғни, күн тәртібінде Наурыз мейрамын мерекелеудің тұжырымдамалық тәсілдерін талқылаймыз.

Өздеріңізге мәлім, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы жарлығына сәйкес, наурыз мейрамы мереке ретінде жарияланды. Осы жылдар аралығында мерекені үш күн тойлау сияқты өзгерістерге ұшырады. 

Дегенмен, дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, мысалы, Еуропа елдері «Рождество» мерекесіне бір-екі ай дайындалады. Идеология тұрғысынан бір-бірін құттықтап, бір-біріне сыйлық береді. Яғни, қоғамда қалыптасқан дәстүрі бар.

Жалпы, әр ұлттың осындай базалық мерекесі болады. Сондықтан, Наурыз мерекесін қалай түрлендіріп, қалай ұлттық нақышымыздағы халықтың сұранысына сай мерекеге айналдырамыз деген мәселені талқылауды ұсынып отырмыз, - деді вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов.

Сонымен қатар, институт өкілдері әзірлеген тұжырымдамада Наурызда қара шаңыраққа сәлем беру дәстүрін жандандыру да қарастырылған. Бұл «ұлттық кодты сақтауға ықпал етеді» дейді олар.

Abai.kz

18 пікір