Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 9472 58 пікір 19 Ақпан, 2020 сағат 12:13

Латын әліпбиі: Финалға үш жоба шықты

Бізде осы уақытқа шейін ресми ұсынылған үш әліпби болып еді (диграф, апостров, акут). Елбасы соңғы екеуін бекіткен де еді. Егіз туған қисық-қисық екі нұсқасы тағы келе жатыр еді, жалпыхалықтық талқылауға. Ешқайсысын қолдаған емеспін. Талқылауға бір күн қалғанда, мынаны да талқылаңдар деп тағы бір жоба түсті. Кеш туған кенжемді көрдім де, бірден құладым. Осы ғой бізге керегі! Ұлттық әліпби осы! Енді бұны бәріміз жақсы көріп, қолдауымыз керек. Неге? Әркімнің  өз талғамы, өз ұстанымы бар емес пе?! Түсіндірейін, тарихынан бастайын.

Сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әліпбиімізде пернетақтадағыдан артық-ауыс таңба болмасын деді. Әліпбитүзгіштеріміз  осы бағытты ұстанып алып, жетпейтін таңбаны қос әріп арқылы беріп (Ае=Ә, Oe-Ө, Ng-Ң ) немесе апостроф таңбасы арқылы (U΄-Ү, G΄-Ғ ) немесе акут таңбасы арқылы беріп, бекіттіріп, әліпбиді қоғамға енгізуді бастап жіберді. Бәрі жоғарыдан тез науқаншылдықпен ұсынылғаннан кейін ешқайсысының ғылыми негізі жоқ болатын. Алайда осы жобаларды қош көріп, қолпаштаған ғалымдар болды. Олар табанының бедері жоқ жалтақ азаматтар ретінде болашақтан өз бағаларын алар. Сол кезде бар ғалым бір ауыз боп, мынау болмайды десе, есіл уақыт, есіл қаржы босқа кетпес еді ғой, шіркін... Бұдан өзге 300 жоба келіп түсті елден... Бірақ оларды елеген де, екшеген де ешкім болмады. 

Қош, жарайды. Жаңа президентіміз ғалымдарға қайта қараңдар деді. Әліпби билегіштер онысын акутты жетілдіріңдер деп түсініп, соңғы бекітілген жобаны жамай бастады. Ал акуттың күні өткені қарапайым қазаққа да түсінікті болатын. Қарапайым логикаға салсақ, акут жүйесі қазақ әліпбиін пернетақтадағы бар таңбаға сыйдыру үшін алынған еді. Енді бір дыбысқа бір таңба принципін ұстанып, пернетақтадағы бар таңбамен шектелуден кеткен соң, акуттың қызметі жай төбе түрту боп қалды. Ал ондай қызметке кез келген ноқат таңбалар жарап тұр. Иә, акут жобасы енді қарауға, талқылауға жатпайды. Оны осы уақытқа шейін жиыннан жиынға сүйреп жүргендеріне таңым бар. 

Акут жоба

Көпшіліктің талқылауына ұсынылған екінші жоба умлаут. Бұл да ноқат жүйесі. Әріптің төбесіне, астына ноқат, сызықша қою немесе әріптің бойына қосымша салынған басқа да диакритикалық белгілердің бірқатары мынау: 

Бұндай белгілер ұлттық дыбыстарға классикалық пернетақтадағы латын таңбалары жетпей қалған кезде немесе дауысты дыбыстың ашық, қысаң, екпін түсіре айтылуын білдіру үшін алынады. Мәселен, акут көп елдерде екпін түсетін буынды (дауысты дыбысты) білдірсе, макрон белгісі дауысты дыбыстың созылыңқы айтылуын білдіреді. Умлаут та дауысты дыбыстың тембрін білдіреді. Ал бревис дыбыстардың қысқа айтылуын меңзейді. Яғни әр таңбаның қалыптасқан өз мәні бар.

Талқылауға ұсынылған екінші жобада мынадай үш түрлі диакритикалық белгі қолданылған: 1) Ӓ− Ә, Ӧ– Ө,  2) Ğ− Ғ, 3) Ș–Ш .  

Умлаут жоба

Екі жоба (акут-умлаут) егіз. Тек Ң дыбысы бірінде Ń, бірінде Ƞ болып белгіленген. Көзшалымға, яғни тез ажырату үшін және жазу үшін төл дыбыстарды ноқат қойып ажырату тиімсіз. Өз жобасын ұсынып, осы мәселеге жанашырлықпен атсалысып жүрген математик ғалым Қуантқан Ванов: Егіз қызды бірдей киіндіріп қойғандағы АȀ деген сыйақты. Оларды бірінен-бірін тек төбесіндегі шәпкісі арқылы ғана ажыратамыз − дейді. Ноқат басқан кезде ұшып кетсе немесе түспей қалса не болады? Улы Сталин болады ғой. Қолмен жазғанда да әр әріптің төбесін түртіп отыру үшін екі қимыл керек (акутқа екі, умлаутқа үш қимыл). Оның үстіне, жоғарыда айтқандай, лингвистикада бұлардың қалыптасқан өз мәні бар. Пернетақтадағы 26-ға сыймаған соң, төбесін түрт, астын сыз, әріптің бойына өзгеріс енгіз, бәрібір жасанды таңба болып есептеледі. Олар үшін бәрібір қосымша бағдарлама жасалады. Сондықтан мен үшінші жобаны қолдаймын. Ондағы Ә мен Ө халықаралық фонетикалық әліпбиде бар, керек десеңіз Ү де бар. Жетпейтін таңбаны аспаннан емес, осы кеңейтілген латын жүйесінен алу керектігі белгілі. Мұны да Қуантқан ағам айтып жүр.

Халықаралық фонетикадағы таңбалау

Иә, Ү мен Ұ-ны жобадағыдан кирилше қалдыруға болмайды. Қазақтың ү және і дыбыстары латынның и мен і таңбаларымен  берілсе, шетел сөздерін тіл жүйесіне икемдеу оңай болар еді: міністір, іністөт, үніберсітет, мүзей, үмілауыт/ ұмылауыт және т.б. Тағы бір келіспейтін нәрсе үшінші жобада (барлық жобада да) 31 таңба бар. Бұл дұрыс емес. Бұрын 42 таңба болған, ақырындап-ақырындап, бірте-бірте 11-і өз үйіріне кетті. Үшеуі қалып қойды (Ф,В,Х( Һ)). Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар вирус, бөтен. Тіл жүйесі тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бұны жобадан-жобаға сүйреп жүрген саясат және саясатқа жалтақтаған ғалымдар. Бұрынғы президент бекіткен жобаларда Ц және Ч таңбалары болған. Олар қазір жоқ. Неге? Өйткені оларды саясат сүйреп жүрген еді. Ғылым қабылдамаған соң кетті.

 Ал мыналар неге жүр? Бұл істе ғылым сөйлеп, саясат тізгінін тартуы керек, әйтпесе бүлдіреді тағы. Бұларды пернетақтадан ешкім шауып тастамайды. Қимай жүргендер содан алып пайдалана берсін, рұқсат. Ал бөтен таңбаны қазақ әліпбиіне енгізіп қою құлдықтан шықпаудың айқын көрінісі.

Бізде латын қарпіне өту қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарады, түркілермен жақындастырады, техналогияны лезде игертеді, ағылшын тілін үйренуге көмектеседі дейді. Бәрі бос сөз. Ең басты мақсатымыз - Ақмет Байтұрсынұлын қамағаннан кейін өзінің ұлттық дамуынан адасып, саясат сілтеген жалған жолға түсіп кеткен тілімізді ұлттық арнаға қайта бұру. Одан басқасының бәрі оныншы, жиырмасыншы мәселелер.

Біздің жігіттер осы үшінші жобаны жетілдіріп, пернетақтадағы 26 таңбаның 20-сын ғана қолданып, қазақтың 28 дыбысын сөйлететін бағдарлама жасапта қойды. 

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

58 пікір