Сенбі, 28 Наурыз 2020
1131 8 пікір 18 Ақпан, 2020 сағат 15:29

Қордайда полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолдану ісін тергеу аяқталды

Қордай ауданының полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықты тергеу аяқталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

- 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе аулында жол полициясы қызметкерлерінің патрульдеу кезінде Л.Воингуйдің басқаруындағы «Хонда Одиссей» автокөлігі тоқтатылған.

Көліктің тиісті құжаттары болмағандықтан, Л.Воингуйға полиция бөліміне бару ұсынылған.

Алайда, ол офицерлердің талаптарын орындамай, үйіне қарай бет алған және кейіннен ағалары А. Воингуй және М. Воингуймен бірлесіп полиция қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық жасаған.

Осы оқиғаның видеосы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таратылды.

Аталған факті бойынша Бас прокуратураның арнайы прокурорымен Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Үш айыпталушы өз кінәларын толық мойындап, тергеу сотымен қамауға алынды.

Ағымдағы жылдың 14 ақпаны күні қылмыстық іс айыптау актісімен Қордай аудандық сотына жолданды, - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Abai.kz

8 пікір