Сенбі, 20 Сәуір 2024
3261 19 пікір 15 Ақпан, 2020 сағат 13:32

Сирия парламенті Ердоғанға жауап ретінде армян геноцидін мойындады

Сирия парламенті бейсенбі күні "Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясының армяндарды жаппай өлтіруін геноцид деп мойындау жөніндегі" резолюцияны қолдап дауыс берді.

Бұл Анкара мен Дамаск арасындағы қарым-қатынас ушығып тұрған тұста орын алды. Сирияның солтүстік-батыс аймағындағы Идлиб провинциясында екі елдің армиясы бірнеше рет қақтығысып қалды.

Сирия парламентінің спикері бейсенбі күні "армян халқына қарсы қылмысты Ердоғанның ата-бабалары жасады" деп мәлімдеді.

Апта басында Түркияның Идлибтегі бақылау бекетіне шабуыл жасалған. Оннан астам түрік сарбазы қаза тапқан. Анкара Мәскеуді Сирия президенті Башар Асадқа ықпал етуді сұраған.

Сирия үкіметінің армиясы бірнеше аптадан бері Идлибте қарулы оппозициялық күшке қарсы соғыс жүргізіп жатыр.

2014 жылы Сирияда террористік топтарға қарсы АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалиция күресті басталған. Бұл коалиция Сириядағы демократиялық оппозициялық күшке қолдау көрсетеді. Ал Ресей әскері 2015 жылдың қыркүйегінде Сирияға кірді. Коалиция Мәскеуді Башар Асад режимін қолдайды деп айыптайды. Ал батыс елдері Башар Асад адам құқықтарын жаппай бұзып отыр деп айыптап келеді.

Abai.kz

19 пікір