Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Аймақ 5871 11 пікір 11 Ақпан, 2020 сағат 11:43

Қостанайға Абайдан гөрі Пушкин қымбат

Қазіргі таңда қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеуге деген дайындық жер-жерде қызу басталып кеткендігін көзі қарақты оқырмандардың жақсы білетіндігі даусыз. Мемлекет басшысы осы айтулы датаға орай арнайы жарлық та шығарды. Ал әлеуметтік желіде былтырғы жылы #Abai175 челленджі басталып кетті. Бұл шараға Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Италия, Мысыр, Түркия, АҚШ, Австралия, Қырғыстан, Франция мен Қытай секілді мүйізі қарағайдай 12 ел қосылды. 

Алайда бір өкініштісі, бүкіл әлем іліп алып кеткен осынау ұлы шараға біздің Қостанайдың тіпті де мән беретін түрі байқалмайды. Біздің өңірде хәкім Абайдан да көрші еліміздің бас ақыны - Пушкин қадірлірек, қымбаттырақ, жанына жақын ба деп қалдық. Оған күні кеше ғана облыс орталығындағы Толстой атындағы облыстық кітапханада басталған Пушкин портреттерінің көрмесі болды. 

«Бақсақ, бақа екен» дегендей бұл шара әлгі ақынның өмірден өткен 10 ақпанда қабырғасы қайысып, еске алу күніне орайластырып өткізіліпті. «Мұрның барда, бір пысқыр» дегендей бұл көрмеге анау-мынау емес, 200 жыл бойы салынған портреттер қойылған екен. Оны ұйымдастыруға тікелей атсалысқан Нұр-Сұлтан қаласындағы ресейлік ғылым мен мәдениет орталығы дегеннің (мұндай да бар екен) өкілі Ольга Скальчуктің мақтана айтуына қарағанда мұнда ақынның көзі тірісінде салынған портреттерінен бастап, қазіргі таңдағы кескіндемелері де толық қамтылған. Қысқасы, Мәскеудегі А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік музейіндегі барлық портреттер толық көшіп келгендігі байқалады

Шындығында да мұнда Пушкиннің неше түрлі бояумен салынған, әртүрлі өмір кезеңдерінен мол хабар беретін сандаған кескіндемелерінен көз тұнады.Оның бейнесін алғаш салғған Орест Кипринский дегеннен бастап Василий Шухаев, Анатолий Зверев, Павел Воля, Геннадий Новожиловке дейін созылып, аяғы қазіргі көзі тірі Никас Сафроновпен аяқталған. Осы орайда «Шіркін-ай, өзіміздің Абайды осындай мол бояу мен неше түрлі сюжеттерді ұштастырып сала алатын біздің суретшілеріміз қайда жүр екен?» деген салмағы ауыр сауалдың да бой көтерері анық.   

Ал енді Пушкинді өз елінде ғана емес, өзге жұрттың төріне әкеліп, шаршамай-шалдықпай насихаттап жүргендерге амалсыз тәнті боласың. Оларға, әрине, Пушкині қымбат. Ал бізге ше?  Ұлы Абайды біз осылайша бағалай алдық па? Бағалау түгілі, бас ақынымыздың мерейтойы кезінде өзгенің қаңсығына тамсынғанымыз нені көрсетеді? Жарайды, Қостанайдың билігінің орысшыл екендігіне әлдеқашан көзіміз жеткен. Ал осындағы зиялы қауымның: «Ау, Ұлы Абайдың мерейтойы жылы алдымен өз ақынымызды насихаттаудың орнына өзге жұрттың ақынын ұлықтауымыз қалай? Бұл не басынғандық?» деп бір дауыс көтеруге де жарамады. Сірә, бұларға «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген ұстаным жанына жайлы ма де қалам. Әйтпесе, осы Қостанайдың Абайға емес, алдымен Пушкинге бүйрегі бұрып тұратындығы бүгінгі болған дүние емес. Бізде оны ерекше қадірлеп, төбеге көтереді. Қаламыздың дәл орталығында Пушкин көшесі «мен мұндалайды». Оны аз десеңіз, сол көшенің бойында, қалалық әкімдіктің қарсы алдында бұл дударбастың қасқиып тұрып өлең оқыған ескерткішін де алыстан байқайсыз. Міне, мұнысымен қоймай, оның портреттерінің облысымыздың бас кітапханасынан ойып тұрып орын алды. Дәл хәкім Абайдың мерейтойы жылында.

Ал енді осы көрмені ашқан Нұр-Сұлтандағы әлгі ресейлік орталық дегеннің тағы бір өкілі - Константин Воробьев қыза-қыза келе «Әрқайсымыздың өз Пушкиніміз бар» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Сірә, көрменің қызығына түсіп кетіп, өзін Ресей жерінде тұрмын деп ойлап қалса керек. Ал біз болсақ «Осы біздің әрқайсымыздың өз Абайымыз бар деп айта аламыз ма?» деген ойға қалдық.

Айтпақшы, бұл көрме осы кітапхананың бірінші қабатында бір ай бойы көрсетілетін көрінеді. Сосын төртінші қабатқа көтеріліп, Пушкинді көре алмай арманда қалғандар үшін тағы да біраз тұрады. Сосын Қазақстанның басқа қалаларын аралауға шығатын көрінеді. Сонда биылғы жыл - Абай жылы емес, Пушкин жылы болғаны ма?

Жалпы, қостанайлықтар тек Пушкинді ғана емес, орыс жазушыларының барлығын да ерекше қадірлеп, төбесіне көтереді. Олардың маңдайына шаң тигізбейді, атына дақ түсірмейді, есімдерін мәңгілікке сақтауға тырысады. Ал,  хәкімге олардың ортасында орын жоқ. Бұған былтырығы жылғы Назарбаевқа көше беру керек деп ұран көтерілгенде, қала орталығында Гоголь, Чехов пен Толстой секілді кең да әсем көшелер тұрғанда, жалғыз Абай даңғылының атын өшіреміз деп әлек салғандығын ұмыта қойған жоқпыз. Сонда да, зиялы қауым дегеннің біреуінің ең болмаса «Бұл қалай?» деген сұрағандығын естіген де, көрген де емеспіз.

Мұны да аз десеңіз, Абай атын ең болмаса бір мекемеге беруге де қимайды. Осында өзге ат құрып қалғандай «Тобыл» деген аттан аяқ алып жүргісіз. «Тобыл» футбол командасы, осы аттас баскетбол командасы, Тобыл стансасы, СПК «Тобол» деген секілділер толып жатыр. Тіпті жақында ғана осындағы Затобол деген кентті «Тобыл қаласы» деп өзгерте салды. Оған «мерейтой қарсаңындағы біздің де сыйлығымыз болсын деп Абай атын берейік» деген де бір жан табылмады. Ал қазір осындағы бүкіл теледидар Тобылды өздерін «Табыыл» деп атап, өздерінше бұрмалап, мәз болып жатыр. Ал «Абай қаласы» десек, қай тілде де дұрыс та әсем айтылар еді-ау. Е, қайсібірін айтарсың...

Ұлы Абайға жақсы бір ескерткіш те бұйырмай қойды. Өзгелерге көл болғанда, өзімізге шөл бола қалатындығымызды қайтерсіз. Бізде ескерткіш дегеннің неше атасы бар. Әсіресе француздарға деген ықылас ерекше. Орталыққа келсеңіз, тәштиіп, шіренген Наполеонды, алайлатып-жалаулатып тұрған Жанна д. Аркты, кинодан ғана көрген Мэри Поппинс деген бикештің, темір балқытып жатқан добалдай кеншінің ескерткішін айналып өте алмайсыз. Тіпті сайқымазақ Чарли Чаплинге де орын табылған.Ал бұл жерден Абайдың бейнесін іздеп, әуре болмаңыз. Қостанайлықтар хәкімді әзірше қажетсініп тұрған жоқ. Мың жерден мерейтойы болса да.

Жайберген Болатов

Abai.kz

11 пікір