Жұма, 19 Сәуір 2024
2912 0 пікір 29 Қаңтар, 2020 сағат 11:15

ИМ тобының мүшесі Парвиз Саидрахмонов Сириядан Тәжікстанға экстрадицияланады

"Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық тобының идеяларын насихаттаушы деп танылған Парвиз Саидрахмонов ("Абу Довуд") жақын күндері Сириядан еліне экстрадицияланады. Бұл туралы 28 қаңтарда Тәжікстан бас прокуратурасының ресми өкілі Музаффар Юсуфи мәлімдеді.

Оның сөзінше, тәжік билігі Саидрахмоновты экстрадициялауға керекті барлық құжатты дайындап біткен.

"Бұл мәселе оң шешіліп, жақын күндері ол Тәжікстанға жеткізіледі деп үміттенеміз. Саидрахмоновтан басқа тәжік азаматтарын террорлық ұйымдардың қатарына азғырған ИМ тобының басқа мүшелері де экстрадицияланады", - деді ол.

Тәжікстанның бас прокуратурасы Юсуф Рахмон Сирия түрмелеріндегі басқа тәжік содырлары, оның ішінде Абу Усама Нораки деген атпен танымал Тожиддин Назаров та экстрадицияланатынын жеткізді.

"Сирияда қамауда отырған барлық содырлар Тәжікстанға жеткізілгеннен кейін сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Рахмон.

Ақпаратқа қарағанда, душанбелік 35 жастағы Парвиз Саидрахмонов (Абу Довуд) былтыр Идлиб провинциясындағы Багуз қыстағынан шығып келе жатқанда ұсталған.

Түркиядағы дереккөздің мәліметінше, Сирияда тағы бір тәжікстандық жихадшы Тожиддин Назаров та қамауға алынған. Қазір ол Дейр-эз-Зор қаласындағы түрмеде екені айтылады.

Abai.kz

0 пікір