Сенбі, 20 Сәуір 2024
2507 1 пікір 29 Қаңтар, 2020 сағат 10:43

Трамп Таяу Шығысты реттеу жөніндегі жоспарын жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп ұзақ уақыттан бері уәде еткен Таяу Шығысты реттеу жөніндегі жоспарымен таныстырды. Ол Иерусалимді Израильдің "бөлінбейтін" астанасы ретінде сақтап қалуға уәде етті. Ал Шығыс Иерусалим Трамптың ойынша, Палестина астанасы болуы тиіс.

Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің қатысуымен сөйлеген көзінде АҚШ президенті оның бейбіт жоспары палестиндықтар үшін "соңғы мүмкіндік" болуы мүмкін деді.

BBC телеканалының хабарлауынша, бұл жоспар құпия түрде Трамптың қызы Иванканың күйеуі Джаред Кушнердің қадағалауымен жазылған.

Трамп өзінің 80 беттік жоспарын жан-жақты қарастырылған толық жоба деп атап өтті.

"Бүгін Израиль бейбітшілікке қарай үлкен қадам жасап жатыр. Иерусалим Израильдің бөлінбес астанасы болып қалады. Әлем ортақ шешімді қажет етеді. Біз Израильден ешқашан қауіпсіздік мәселесінде мәмілеге келуді сұрамаймыз",- деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, ол Палестина автономиясының төрағасы Махмуд Аббасқа хат жолдаған. "Мен оған Палестина мемлекетіне тиесілі территория төрт жыл бойы қазіргі жағдайда қала беретінін, осы уақыт ішінде өзгерістерге дайындық жасау үшін пайдалану қажеттігін айттым. Палестиндықтардың өзінің мемлекеті болуы қажет", - дейді Трамп.

Таяу Шығыс тез өзгеріп жатыр, біз болашақ ұрпақ қамын ойлауымыз керек деген Трамп "Ислам мемлекеті" толық жойылғанын, оның лидері әл-Бағдадидің өлтірілгенін айтты.

"Ислам әлеміне 1948 жылы жасаған қатесін түзетіп, Израильді мойындауы керек. Уақыт келді", - деді Трамп.

Трамп Оман, Бахрейн мен Біріккен Араб Әмірлігін бейбіт жоспарын қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді.

Израиль премьері Биньямин Нетаньяху сөз алып, жобаны дайындаушыларға алғысын білдірді.

Нетаньяху Трамп мәлімдеме жасаған 28 қаңтарды "ұлы күн" деп санайтынын, ол 1948 жылдың 14 мамырын да "ұлы күн" ретінде еске алып, сол кездегі АҚШ президенті Гарри Трумэн Израильді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындаған еді деді.

Израиль премьері осы уақытқа дейінгі Таяу Шығысты реттеу жобаларының бірде бірінің жүзеге аспауы тараптардың мүдделерін ойламауынан деп түсіндірді.

Израильде, АҚШ және Еуропалық мемлекеттерде террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы Ақ үйдегі Трамп мәлімдемесін теріске шығарды. Сейсенбі күні мыңдаған палестиндік бұл жобаға қарсы наразылық білдірген.

Abai.kz

1 пікір