Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әліпби 6895 25 пікір 29 Қаңтар, 2020 сағат 10:35

Әліпбиді талқылау қалай өтті?

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдени саясат жөніндегі кеңес пен Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерімен болған кездесуде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңімен көшу мәселелеріне арналған баяндамасында: «Шындығында бізге 30-ға жуық нұсқа келіп түсті. Әрқайсысының ғылыми сараптамасын жасап, талқыға салып, мүмкіндігінше жауап беріп келеміз. Айтылып жүрген 8 нұсқа деген жаңсақ пікір. Біз сол 8-ін жеке-жеке сүзгіден өткіздік, оның ішінен таңдап алатын бірде-бір нұсқа жоқ ...», − деді.

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғ.Мелдешов әліпбиді түзетуге қатысты ұсыныстарды комиссияның талқылап шыққанын, бірақ олардың ішінде пайдалана аларлықтай ештеңе жоқтығын айтқан екен. Алайда пайдалы нәрсені аңғару үшін ұсынылған жоба егжейлі-тегжейлі талқылануы керек қой. Бірақ6 біз қатысқан семинарда мұндай талқылау болған жоқ. Сөзім жалаң болмас үшін «Тіл – Қазына» өткізген семинардағы өз жобамның қаралысына тоқталайын. Онда мен латын әліпбиінде жоқ дыбысты өзінің фонетикалық таңбасымен белгілеу жөніндегі ұсынысымды ортаға салдым. Менің ұсынысыма сараптама жасау екі адамға тапсырылған екен, олар жобама қатысты бірқатар сын айтты. Бірақ мен ол сындардың көпшілігімен келісе алмадым.

Мысалы, менің әліпбиімде фонетикалық таңбалардың болуына қатысты сарапшылардың бірі: «Бұл латын әліпбиіне көшу емес. Елбасы қазақ жазуын мүлде басқа әліпбиге көшіреміз немесе латынмен транскрипциялап жазуға көшіреміз деген стратегиялық жол ұсынбады. Елбасы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіреміз деді», − деген пікір білдірді. Иә, біздікі латын әліпбиі емес, құрамында латыннан басқа да әріптер болатын латын негізді әліпби. Алайда өздері мақұлдап отырған акутты әліпби де латын негізді әліпби ғой. Сонда сарапшыларымыз ноқатты әріптің латын әрпіне жатпайтынын білмей ме?

Сарапшының «Әліпби (менің әліпбиімді айтады − Қ.В.) негізінен ағылшынтілділер қазақ тілінде оқи алу үшін және қазақтілділер ағылшын тілінің транскрипциясын оқи алу үшін жасалған. Бұл – болашақ үшін үлкен қауіп» деген пікірі тіпті қайран қалдырды. Ағылшынтілділердің біздің жазуымызды оқи алғанының несі қауіп? Қазақтар ағылшын транскрипциясын оқи алса, ағылшынша сөйлей алатын болады. Сонда қазақтың ағылшынша сөйлей алғаны қауіпті ме, онда неге ағылшынша үйренуге ұмтылып жатырмыз?

Екінші сарапшы: «фонетикалық таңбаны пайдалансақ, жазуымыз грек, грузин сияқты бөтен тілдікі құсап көрінеді және бұл таңбалар халыққа таныс емес болғандықтан үйренуге қиын тиеді», − деген пікір айтты. Сонда латын әріптері қазақтікі ме еді? Фонетикалық таңбалар жазуымызды латыншадан өзгешелеп тұрса, одан қандай зиян шегеміз? Қайта ұлттық ерекшелігімізді көрсетіп, менің өз әліпбиім деген мақтаныш сезімін тудырмай ма? Сондай-ақ әліпбиді үйрену үшін оның бұрыннан таныс таңбалардан тұруы шарт па? Мысалы, 1-сынып оқушысы мектепке алғаш келгенде ешқандай әріпті танымайды емес пе, бірақ санаулы уақыттарда оқу, жазуды үйреніп алады. Бір қызығы, әліпби үйренуге қиын деген сарапшы семинарға келгенде менің өз әліпбиіммен жазған бірнеше сөйлемнен тұратын мәтінімді кирилшеге аударып және өзі де менің әліпбиіммен мәтін жазып әкеліпті. Менің материалдарым оған бір күн бұрын ғана берілген болатын. Сонда оның бір күн ішінде меңгерген әліпбиін басқалар меңгере алмай ма? Әліпби оқушыларға айлап үйретілмей ме?

Сарапшылардың сындарының тағы біразы нақты әріптерге қатысты болды. Мысалы, «Ж дыбысының таңбасы j әрпі латын әліпбиінде болса да, орнына ʒ фонетикалық таңбасын қолданыпты» деген сын айтылды. Бұл орайда j әрпінің латын әліпбиінде және латынша жазатын елдердің көпшілігінде й деп дыбысталатыны, оны ж деп саусақпен санарлықтай ғана елдің қолданатыны, ағылшын тілінде дж деп, ал испан тілінде х деп дыбысталатыны белгілі. Бүгінгі күнде адамдар аты-жөніндегі ж-ны дж деп оқылып кетпеу үшін (мысалы, Жамбыл – Джамбыл)  j әрпімен емес, zh диграфымен таңбалап жүр. Олай болса, ж-ны j әрпімен таңбалауға болғанмен соны ғана дұрыс деу орынсыз.

Менің ы дыбысын ә фонетикалық таңбасымен белгілегеніме қатысты «Ә-ны ы дыбысының таңбасы ретінде қабылдау қиын» деген сын айтылды. Бұл сынға қарсы уәждерімді келтірейін. Кирилдегі р, в, і деп оқылатын әріптер латыншада п, б, и деп өзгертіліп дыбысталады. Оларға ешкімнің дауы жоқ, оларды қабылдайды. Сонда ә-ні өзгертіп дыбыстауды неге қабылдай алмаймыз, ә-нің олардан қандай айырмашылығы бар? Оның үстіне ағылшын тілін оқып үйренгенде де ә транскрипциялық таңбасы қолданылып, онда да ы деп дыбысталады. Тағы бір айта кететін жайт: болашақта мектепке жаңа келетін оқушы ә әрпінің кирилше дыбысталуын білмейді. Сондықтан оны қалай дыбысталады деп үйретсе, солай үйренеді.

Мен жоғарыдағыдай және басқа да уәждерімді семинарда айтпақшы болғам, бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Өйткені бізге бөлінген уақыт менің жобамды таныстыруымнан соң екі сарапшының 3-4 минуттан пікір айтуынан артылмады. Тіпті, орфографиялық топтың басқа мүшелерінің де пікірлері тыңдалмады. Семинардан кейін орфографиялық топтың 3-4 мүшесі менің жобамды қолдайтынын білдірді. Одан сарапшылардың айтқан сындары орфографиялық топтың ортақ тұжырымы емес, өздерінің жеке көзқарасы ғана екенін аңғардым. Талқылау деген адамдардың ерсілі-қарсылы пікір таластыруы емес пе еді, пікірталас болса, менікі дұрыс па, сарапшынікі дұрыс па, анықталмас па еді? Бірақ семинарда ондай болмады. Семинар жобаның талқылануы емес, орфографиялық топтың жобамен танысуы деңгейінде ғана қалып қойды.

Мен жоғарыда келтірілген және басқа да сындарға қатысты жауабымды «Тіл-Қазынаға» жіберіп, сарапшылардың дұрыс сараптама жасай алмағанын ескерткенмін. Олар уәждерімді қарап, қайтадан шын мәніндегі талқылау өткізетін шығар деп ойлаған едім. Бірақ «Тіл-Қазына» екі сарапшының пікірін жобаға айтылған үкім ретінде қабылдай салыпты. Сонда сарапшынікі дұрыс болмаса да, дұрысқа есептеле бере ме? Әлде менің жоғарыдағы келтірген уәждерім теріс пе?

Мен жоғарыда келтірілген және басқа да сындарға қатысты жауабымды «Тіл-Қазынаға» жіберіп, сарапшылардың дұрыс сараптама жасай алмағанын ескерткенмін. Олар уәждерімді қарап, қайтадан шын мәніндегі талқылау өткізетін шығар деп ойлап ем. Бірақ «Тіл-Қазына» екі сарапшының пікірін жобаға айтылған үкім ретінде қабылдай салыпты. Сонда сарапшынікі дұрыс болмаса да, дұрысқа есептеле бере ме? Әлде менің жоғарыдағы келтірген уәждерім теріс пе?

Бұл орайда мен ұсынып жүрген нұсқамды мінсіз деп айта алмаймын, кейбір әріптер келіссіздеу де шығар. Бірақ менің дыбысты фонетикалық таңбасымен белгілеу жөніндегі ұсынысымның дұрыс еместігін әзірше ешбір ғалымымыз дәлелдеп бере алған жоқ. Керісінше, менің идеямның дұрыстығын жақын арадағы сұхбатында «Тіл-Қазынаның» атқарушы директоры Е.Тілешовтың өзі мойындапты. Сондай-ақ соңғы көріп жүрген нұсқаларымда ң дыбысын ноқатты ń-мен белгілеудің орнына мен ұсынып жүргендей ŋ фонетикалық таңбасымен берушілер көбейіпті. Тіпті, қ ретінде алынып жүрген q таңбасы да фонетикалық таңба деп қарастырғанда ғана қ деп дыбысталып, ал латын таңбасы десек, к деп оқылатыны белгілі. Сондықтан мамандар идеямызды жетілдірсе, үйлесімсіз деген әріптерді бірігіп түзетсек деген едік, бірақ жаңа нәрсенің қажеті болмай шықты. Меніңше, семинар жаңа, жақсы ұсыныстар іздеу үшін емес, әлеуметтік желіде тыныштық бермей жүрген адамдардың «жобасы қаралды» деп айту үшін ғана өткізілген сияқты.

Мен әліпби жобамды ұсынуды әлі тоқтатқан жоқпын. Оның себебі жобаны мыңдаған адамдарға (көпшілігі мұғалімдер) таныстыра жүріп, олардың қолдауын сезіндім. Иә, әліпбиімді алғаш көргенде шошып кететіндер де бар. Бұл тың ұсынысты қабылдаудың оңай еместігінен шығар. Дегенмен түсіндіргеннен кейін пікірлері оңға өзгеретінін көріп келемін. Тіпті, құзырлы адамдарға «бастауыш сынып пен қазақ тілі пәнінің мұғалімдерін жинап, маған семинар жүргіздіріңіз, сонда әліпбиімнің қалай қабылданатынына көз жеткізесіз» деп те ұсыныс тастаған болатынмын. Бірақ әліпбиді балаға үйретіп жүрген, ертеңгі күні жаңа әліпбиді де үйрететін мұғалімдерден гөрі бір-жар ғалымның үстіртін айта салған пікірі салмақтырақ болып есептеледі екен. Алайда менің ұсынысым кез келген халықтың әліпбиін түзгенде қолдануына болатын тәсіл болғандықтан түбінде біреулердің пайдаға асыратынына сенем.

Қуантқан Ырзаұлы Ванов

Abai.kz

25 пікір