Жексенбі, 23 Ақпан 2020
Әбішев ісі 2072 7 пікір 24 Қаңтар, 2020 сағат 12:07

Адвокаттардың жарыссөздегі айғақтары...

Редакциядан. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы президенті Ислам Әбішевтің және федерацияның бұрынғы вице-президенті Серік Түкиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жарыссөз процесстері өтіп жатқанын журналист Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желіде жазған болатын.

Бүгін редакциямыздың электронды поштасына адвокаттар Саян Жүнісбаев пен Алмас Абдрахмановтың сотта келтірген айғақсөздері келіп түсті. Әбішев пен Түкиев ісі қазір қоғам талқысында. Осы ретте біз адвокаттар айтқан айғақтарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Спикерлердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.


Саян Жүнісбаев, адвокат, БҚО Адвокаттар алқасының мүшесі:

- Құрметті сот және іске қатысушылар!

Бүгін үш айдан астам уақытқа созылған басты сот талқылауын аяқталағалы жатырмыз.

Өзімнің жарыссөзімде айыптау тарабының Ислам Алмаханұлы Әбішевті ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен, яғни «аса ауыр қылмыс жасады» деп айыптаудың негізі болып табылатын басты дәлелдерге тоқталып, оларға баға бергім келіп тұр.

Ең алдымен тағылған айыптың қысқаша мазмұнына тоқталсақ:

«Ислам Әбішев қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеті үшін аса ірі мөлшерде пара алу үшін жалпы соммасы 5 980 598 463 теңге болатын «Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту және қосылған ауылдық елдімекендердің тарату желілерін салу, II-кезек» құрылысы бойынша ҚР Су ресурстары комитеті (СРК) мен «Қазбайлық Астана» ЖШС арасында келісімшарт түзу үшін соңғы мекеменің басшыларынан құрылыстың жалпы соммасы 4-5% яғни, 250 000 000 теңге ақшаны «откат» ретінде А.К.Шаймерденов арқылы талап етіп, оның 60 000 000 теңгесін, яғни 10 000 000 теңгесін С.А.Түкиевке беруге, ал параның қалған бөлігі 50 000 000 теңге ақшаны кейін өзі алуға оқталған» деп айыпталуда.

Бұл айыпты растайтын бұлтартпас, даусыз дәлелдері ретінде айыптау тарабы сотқа осы қаралып отырған қылмыстық істің құжаттарын, атап айтқанда: жасырын тергеу амалдарын жүргізу кезінде алынған аудио-видео таспалар (стенограммалар), олар бойынша жүргізілген сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындылары, негізгі куәлар Шаймерденовтің, Жампозовтың, Шындаулетовтың жауаптарын ұсынып отыр.

Бұл дәлелдемелерге тоқталатын болсақ, нақты айыптау тарабы тұжырымдап отырған айып өз дәлелін таппай, теріске шығарылады және бұл дәлелдемелер, керісінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қаншалықты айыптау бағытында жүргізіліп, көптеген өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін растайтын деректер болып табылатыны айқын ақиқат.

Бұл орайда, ең алдымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының (СЖҚК ҰБ)  жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің жасырын тергеу амалдарын жүргізу барысындағы көпе-көрнеу заңсыз әрекеттеріне тоқталғым келіп тұр.

Қылмыстық істің құжаттарына сәйкес Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке және тағы басқа тұлғаларға қатысты жасырын тергеу амалдары 23.12.2018 ж. бастап 14.03.2019 ж. дейін тұрақты түрде үздіксіз жүргізіліп келген. ҚР «Жедел-іздестіру қызмету туралы» Заңының 15-бабында, жедел іздестіру қызметін жүргізу кезінде азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және арандатуға тікелей шектеулер қойылған. Осыған қарамастан ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің жасаған әрекеттері қылмысты иммитациялау емес, арнайы Ислам Әбішевті және Серік Түкиевті құқық бұзушылыққа итермелеуге және парақорлыққа арандатушылыққа анық бағытталған.

Істің мән-жайларына сәйкес, СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері, соның ішінде Исмагулов Жәрдем, Шаймерденовті пара беруші рөлінде ме, әлде куә ретінде ме, әлде жәбірленуші ретінде ме, әлі күнге дейін белгісіз, әйтеуір оны пайдалана отырып, Ислам Әбішев параны алуға ниеттенбесе де, оның қылмыс жасағаны туралы дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Исмагулов пен Шаймерденов, Ислам Әбішевті парақорлыққа арандату мақсатында «Қазбайлық Астана» ЖШС-не қатысы бар адамды танитын А.Макишевке өз бетінше (өз инициативасымен) жолығып, оған: «Ислам Әбішев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 000 000 теңге ақшалай пара талап етіп жатыр» деп жеткізеді. Ал А.Макишев өз кезегінде осы мекемеге ресми қатысы жоқ (бейресми құрылтайшы) А.Тюлегеновке жолығып, хабарлайды. Соңғысы бұған келіспей бас тартады.

Сонымен қатар, пара беру себебін тудыратындай «Қазбайлық Астана» ЖШС мен Су ресурстары комитеті арасында осы шарттың орындалуымен байланысты ешқандай проблемалар болмағанын және ол қалыпты орындалып отырғанын атап көрсетті (30.10.2019 ж. сот тергеуіндегі – пара беруден бас тартқаны және мүлдем ойы болмағаны туралы А.Тюлегеновтің жауабы).

Ең маңыздысы, дәл сол кезеңде И.Әбішев А.Шаймерденовтің бұл әрекеттерінен бейхабар болған. Өйткені қылмыстық істе қылмыстық қудалау органы тарапынан И.Әбішевтің қылмыстық ниетін растайтын бірде-бір дәлелдеме жоқ. Соған қарамастан, Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж. ҚР СЖҚК ҰБ-на жазбаша арызданып, өзінің арызында «03.07.2014 ж. СРК мен «СМП-610» ЖШС араларындағы жасасқан шарты үшін Ислам Әбішевке оның жақын адамы Қалыбеков Ибадулла арқылы 1 млн. АҚШ долларын бергенін және аталған шарт бұзылғаннан кейін Ислам Әбішев сонау «2014 жылы Шаймерденовтен алған парасын Шаймерденовке кері қайтару үшін» «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 млн. теңге пара талап етіп, оның 190 млн.теңгесін Шаймерденовтің өзіне алуын, ал қалған 60 млн. теңгесін әкеп беруін талап етті» деп көрсетеді.

Ал арызда (1-бума, 3-бет) және 22.12.2018 ж. жауабында (15-бума, 1-8 беттер) көрсетілген А.Шаймерденовтің 1 млн. АҚШ долларын Ислам Әбішевке оның жақын адамы Калыбеков Ибадулла арқылы апарып бердім деген уәждері еш дәлелін таппаған, тек қана құр сөз болып шықты.

Өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде анықталып, жауапталған Калыбеков Ибадулла өз жауабында (16-бума, 14-19 беттер) және Шаймерденовпен өткізген беттестіруде (16-бума, 29-беттен басталады) соңғының жауабын толығымен теріске шығарды.

Осылайша Шаймерденовтің бұл жауабы еш дәлелсіз құр сөзге айналады. Сол себепті де тергеу органы 31.07.2019 ж. қаулыларымен И.Әбішев пен И.Қалыбековке қатысты ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлімінің 2-тармағымен, яғни «қылмыс құрамының болмауына орай» қылмыстық қудалауды тоқтатады (28-бума, 176-200 беттері).

Енді ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері «Қазбайлық Астана» ЖШС-тарапынан Ислам Әбішевке пара беруден бас тартуына орай, оны пара беруші рөлінде пайдалана алмайтынын біліп, А.Шаймерденовтің көмегімен әрі қарай қылмысты иммитациялауды сылтауратып, пара алу ниеті болмаса да, Әбішевті парақорлыққа арандатуға кіріседі. Сөйтіп, 24.12.2018 ж. бастап 14.03.2019 ж. жасырын тергеу амалдарын жүргізеді, соның ішінде А.Шаймерденов өзінің денесіне  дыбыс және бейне құралдарын тағып алып, 8 рет С.Түкиевтің, екі рет И.Әбішевтің әңгімелерін жазып алады. «Қазбайлық Астана» ЖШС А.Шаймерденовтың  пара беруге үгіттеуінен бас тартқасын, Ұлттық бюроның жедел қызметкерлері Шаймерденовтің өз бастамасымен демеушілікке бергісі келген ақшаларын пара ретінде пайдаланып, С.Түкиевке 10 млн.теңге беріп, құжаттандырып алады.

Алайда, жасырын тергеу амалдары осы қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру мерзімі ҚР ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағымен, яғни «кінәлі тұлғаның анықталмауына орай» 3 рет көпе-көрнеу заңсыз үзілген аралықтарда жүргізіліп отырған. Атап айтқанда:

1) 24.12.2018 ж. үзілген (1-бума, 19-бет), 10.01.2019ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 21-бет).

2) 10.01.2019 ж. ешқандай тергеу амалдары жүргізілмей мерзім үзілген (1-бума, 23-бет), 20.02.2019 ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 25-бет).

3) 20.02.2019ж. ешқандай тергеу амалы жүргізілмей мерзім үзілген (1- бума, 27-бет), 11.03.2019 ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 34-бет).

Ал ҚР ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағының тікелей мағынасына сәйкес, дәл осы негізбен қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған тұлға анықталмаған жағдайда ғана мерзім үзіледі. Яғни жасырын тергеу амалдарының нәтижелері сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің заңсыз үзілу кезінде алынған.

Бұдан бөлек ҚР Бас прокуратурасының ҚС және АЕ Комитетінің мәліметтеріне сәйкес, үш рет тергеу мерзімін үзу туралы шешімнің тек біріншісі ғана ресми тіркелген, қалған екі шешімі тіркелмеген, яғни мерзімді үзу және қалпына келтіру туралы шешімдердің карточкалары қойылмаған.

Ендігі кезекте жасырын тергеу амалдарының жүргізілу нәтижесінде алынған жазбалардың мазмұндарына көз жүгіртсек, аса ірі мөлшерде пара алуға оқталды деп айыпталып отырған Ислам Әбішевке қатысты ақша туралы мәліметтер мен әңгімелер тек қана екі жағдайда жазылып алынған:

1) 20.01.2019 ж. Риксос қонақ үйінде.

2 07.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы ұшақта.

Бірінші жағдайда, И.Әбішев өзінің «Қазбайлық Астана» ЖШС-нан ақша алған сыңайлы жалған әңгімелер тарқап кеткенін Шаймерденовке айтып, ренішін білдіруде және үшінші тұлғалармен берілетін ақшалай қаражаттар «Қазақ күресі» Федерациясына демеушілік көрсетуге арналғаны А.Шаймерденов, И.Әбішев және С.Түкиев араларындағы үшжақты әңгімелердің мазмұнынан анық көрініп тұр (9-бума, 121-138 беттерде, СПФС қорытындысында көрсетілген).

Екінші жағдайда, И.Әбішев пен А.Шаймерденов араларындағы әңгімелерде біріншісі екіншісінен ақша талап етіп жатқанын көрсететін нақты белгілер жоқ (9-бума, 165 бетте, СПФС қорытындысында). Дәл осы жерде маңызды жағдайларды атап кетсек:

1. Шаймерденовтың арызы бойынша 60 млн.теңге пара талап етті деген Әбішев қоңырау шалып Шаймерденовті кездесуге шақырмаған, кездесу тағайындамаған, ақша мүлдем сұрамаған, ешқашан хабарласпаған. Бұл жағдай Исмагулов пен Шаймерденовтің сотта берген жауабымен де расталады;

2. Сол күнгі, 7 наурыз 2019 жылғы ұшақтағы кездесу Исмагуловтың жоспарымен Шаймерденовтің бастамасымен ғана орын алған, өйткені қорқытып ақша талап етті деген Әбішев ешқашан хабарласпаған соң, оның ұшыққа отырып Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, ұлттық бюроның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем шұғыл түрде әуебилетін алып, Шаймерденовті дереу Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына шақырып алып, сол жерде сағат 14.45-14.50 уақыт аралығында оған «Москит» маркалы диктофонын беріп (13-бума, 29-бетте арнайы құралды тапсыру туралы хаттама), ұшаққа отырғызады. Ұшақта отырып, өзіне хабарласпаған, шақырмаған, Шаймерденовпен кездесу ойында да болмаған Әбішевке байланысқа шығады, өзі сұранып қасына келіп отырып алған;

3. Әбішевтің қасындағы адамға өтініш айтып, өз орнын ауыстырып, Әбішевтің жанына келіп отырып алған Шаймерденов ақша туралы әңгімені өзінен-өзі бастаған. Стенограммадағы әңгіме мазмұнында Әбішев Шаймерденовтің ақша туралы әңгімелеріне қолдап жауап қатпаған және ақша талап ету немесе сұрау туралы әңгіме қозғамаған. Ал 50 млн.теңге ақша туралы әңгімелер мүлдем басқа, яғни тақырыпқа қатысы жоқ «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің қос мердігерлігімен байланысты тақырыпта қозғалған;

4. Стенограмма мазмұнына сәйкес, Әбішев Түкиевтің Федерацияға демеушілік ретінде Шаймерденовтен 10 млн. теңге алғанынан да бейхабар болып шыққан. Дәл осы жағдай стенограмма мазмұнымен ғана дәлелденіп қоймай, 31.10.2019 ж. сотта берген Шаймерденовтің және Исмагулов Жәрдемнің өздерінің жауаптарымен расталады. Атап айтсақ, 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. ұшаққа отырғанға дейін бұрын-соңды 50 млн.теңге ақша талап етті деген Әбішев өзінің тарапынан ешқандай да қорқытып пара талап етушілік әрекетін жасамаған, Шаймерденовке хабарласпаған, оны кездесуге шақырмаған. Сол себепті сотта жауапталған жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем 7 наурыз 2019 жылы ұшақта Шаймерденов пен Әбішев араларындағы кездесуді қолдан ұйымдастырғанын растап берді (хотел убедиться...!).

Осылайша ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері бірнеше айға созылған жасырын тергеу амалдарының түпкілікті нәтижесі болмайтынын біліп, 07.03.2019 ж. Әбішевтің Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, Шаймерденовпен кездесуді қолдан ұйымдастырып, оны әуежайға шақыртып алып, оған дыбыс жазба құралын тапсырып, ұшақта Әбішевтің қасына отырып алып, ақша туралы әңгіме қозғауға әдейі итермелеген әрекеттері жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденовтің парақорлыққа арандатушылық-айдап салушылық жасағанының айқын көрінісі. Жедел топ қызметкерлері мен Шаймерденовтің өздерінің әрекеттерімен Әбішевті парақорлыққа арандатқаны жоғарыда көрсетілген дәлелдерден бөлек, Шаймерденовтің Шымкент қаласының әуежайында жедел қызметкерлерімен кездесіп, диктофонға жазылған әңгімелерін талқылап жатқан сөздерінен анық байқалады (танцуйтте, тогда отдам флешку). Алайда дәл осы әңгімелерді сот психологиялық-филологиялық сараптамасының зерттеу объектісіне жедел қызметкерлер әдейі кіргізбей қояды!

Айыптау тарабының келесі уәжіне баға беретін болсақ: «Әбішев хаттың түскенін пайдаланып, Республикалық бюджеттің қысқартылуының Комитетке ешқандай қатысы жоқтығын біле тұра, өзі алдында аса ірі мөлшерде талап еткен параны толығымен алу мақсатында, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің заңды мүдделеріне залал келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп, оларға 28.01.2019ж. №18-3-1-169-КВР хатымен Республикалық бюжеттің қысқартылуы мүмкін екендігіне байланысты 14.11.2018 ж. түзілген №42 келісімшартқа қосымша түзілетін келісімшарт алдағы кезде уақытша тоқтатыла тұруы да мүмкін екенін хабарлап, пара берушіні қорқытып, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің басшыларын өзіне аса ірі мөлшерде пара беруге мәжбүр болатындай жағдайға қасақана қойған» дейді.

Айыптау тарабы бұл тұжырымын Шаймерденовтің жауабымен негіздеген (15-бума, 22-бетте), яғни Шаймерденовтың жауабына сай, ол 2019 жылдың ақпан айының басында Макишевпен кездескен кезде, Әбішев өзіне және Түкиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып жатқанын, әйтпесе СРК «Соколов» су құбырын жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын қысқартып (секвестирование) тастайтынын, соның салдарынан «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін банктік кепіл ретінде берілген 500 млн.теңгесін қайтарып алуға қиындық туғызатынын айтқан сыңайлы. Кейінірек «Әбішев тек қана қорқытып қоймай, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бюджетті қысқартуы (секвестирование) туралы хат жолдаған» дейді.

Алайда 31.10.2019 ж. сот тергеуінде жауапталған Шаймерденов «бұл мәліметтерді Макишевтен естігенін, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өзі 2019 ж. жұмысын жоспарлау мақсатында қаржыландыру жоспарын сұрап, СРК-ға жазған хаты туралы мүлдем білмегенін» айтып қашты.

Дегенмен, айыптаудың бұл тұжырымдары өз дәлелін таппағаны былай тұрсын, істің кезекпен орын алған мән-жайлары мен өзі қабылдаған процессуалдық шешімдеріне қарама-қайшы келеді:

- Егер шын мәнінде Әбішев өзіне және Түкиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып, осы ақшаны иемдену үшін «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бөлінетін ақшалай қаражаттарды қысқартып тастаймын деп қорқытып-үркіту ойы болса, онда неге 2019 ж. ақпан айының басында-ақ әлі «талап еткен параны» алмай жатып, «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен қосымша келісімшартқа отырып, оны 2019 жылға қаржыландыруға жол береді? Яғни, «Қазбайлық Астана» ЖШС мен СРК арасында қосымша келісім еш кедергісіз жасалған.

- «Республикалық бюджеттік қаржыландырылу уақытша тоқтатылуы мүмкін екендігі» туралы хатты СРК «Қазбайлық Астана» ЖШС-не өз тараптарынан жазбаған, керісінше, «Қазбайлық Астананың»  21.01.2019 ж. жазған сұраныс хатына жауап ретінде жазған. Ал «Баймен» ЖШС бұндай сұраныс хат жолдамағасын, оған дәл осындай сипатта жауап хат жазбаған.

- Шын мәнінде Әбішев пара беруді талап еткен болса, онда неге 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. А.Шаймерденовке хабарласып, онымен кездесуді тағайындап, параны сұрамайды. Яғни бұл жағдай Әбішевтің ойында пара алу болмағанын көрсетеді, сондықтан да Шаймерденовке хабарласу мүлдем жоспарында болмаған.

- СРК «Соколов» су құбырын жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын қысқарту (секвестирование) салдарынан «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін банктік кепіл ретінде берілген 500 млн.теңгесін қайтарып алуға қиындық туғызады деген тергеу органының тұжырымы өтірік болып шықты. Өйткені 2019 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Қазбайлық-Астана» ЖШС қосымша шарт жасау үшін 500 млн. теңгеге ешқандайда банктік кепіл бермегендігі анықталды. Бұл орайдағы банктік кепілді 04.03.2019 ж. тек қана 34 млн. теңгеге берген. Сол себепті де, қосымша шарт жасалмаған күннің өзінде, «Қазбайлық-Астана» ЖШС-не 500 млн тг ақшалай шығын келеді» деген тергеу органының уәжі шындыққа жанаспайды.

Айыптау тарабының тағы бір уәжіне баға беретін болсақ: Айыптау актісінде көрсетілгендей, өз кезегінде, «пара талап етуші Әбішевтің қылмыстық әрекетінен хабарсыз оның туған інісі Қ.Әбішев, Қ.Шындаулетовке хабарласып, онымен 13.03.2019ж. жолығып, А.К.Шаймерденовтен ақша алуды тапсырған» деп айыптайды. Айыптаудың бұл тұжырымы тек қана дәлелсіз болжам болып, тергеу органының істегі процессуалдық шешімінің тұжырымына тікелей қайшы болып шықты. Өйткені Әбішев өзінің туған інісі Қ.Әбішевке, ол өз кезегінде Қ.Шындаулетовке хабарласып, пара нысанын алуды тапсырса, онда неге айыптау тарабы бұл туралы жасырын тергеу амалдары барысында жазылған әңгімелерді сотқа ұсынбады?

Одан бөлек, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының 31.07.2019 ж. қылмыстық іс бойынша жекелеген тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы (28-бума, 176-200 беттер) қаулылары И.Әбішевтің 14.03.2019 ж. Қ.Шындаулетов А.Шаймерденовтен алған ақшаға қатыстылығын жоққа шығарады.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденов ұйымдасқан түрде, арнайы мақсатта, қылмыстық әрекетті имитациялау ұғымын бүркеніп, пара алуға ниеті болмаған Әбішевті парақорлыққа арандату-айдап салу әрекетін жасаған.

Бұл мақсатта қылмыстық әрекеттерді имитациялаушы тұлға ретінде 21.12.2018ж. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне Әбішев пен  Түкиевтің үстінен арызданған мүдделі Шаймерденовті қатыстырған. ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлерінің бұл шешімі кездейсоқ емес. Өйткені іс бойынша пара беруші болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өкілдері Малгаждаров та, Тюлегенов те Әбішевке СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде пара бермек түгілі, ол туралы мүлдем ойларында болмаған, өйткені қосымша шарт еш кедергісіз жасалынған және ол бойынша жұмыстар қалыпты жағдайда орындалып отырған.

Ал ұлттық бюро тергеушілері мен Шаймерденов «Қазбайлық Астананың» директоры деп көрсеткен Макишевтің «пара беруші» болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-на мүлдем қатысы жоқ болып шықты. Сот тергеуінде жауапталған Макишев пара беруге де, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не мүлдем қатысы жоқ екенін анық көрсеткен.

Дәл осы жағдайға қарамастан, ҚР СЖҚК ҰБ-ның лауазымды түлғалары қылмыстық істегі барлық процессуалдық құжаттарда (жасырын тергеу амалдарын жүргізу, сезіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қаулыларда) ресми анықталған мәлімет ретінде іс бойынша пара беруші ретінде «Қазбайлық Астана» ЖШС және оның директоры ретінде Макишевті және соңғы СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде 250 млн.теңге пара беруге келісімін берді» деп көпе-көрнеу жалған мәліметтер енгізіп-көрсетіп, санкция алған, сот органдарын шатастырып, Әбішев пен Түкиевке қатысты қате тұжырым жасауға әкеліп соқтырған.

ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерінің процессуалдық әрекеттері қылмыстық процесстік заң тұрғысынан ешқандай сын көтермейді.

Өйткені сот тергеуінде 28-бумадан тұратын қылмыстық істің құжаттарын зерттеу кезінде қылмыстық қудалау органының Шаймерденовтің қатысуымен «жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы қаулысы қылмыстық іс құжаттары тізімінде (опись) жоқ болып шықты, яғни сотқа ұсынылып отырған қылмыстық істің құжаттарымен Шаймерденовтің қатысуымен жүргізілген жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекеттерді имитациялау туралы әрекеттер заң тұрғысынан негізделмеген болып табылады.

Бұл орайда, ҚР ҚПК-нің 112-бабының 3-бөлігінде, «егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары, сарапшының, маманның қорытындысы, заттай дәлелдемелер, тергеу және сот әрекеттерiнiң хаттамалары және өзге де құжаттар қылмыстық iс материалдарының тізімдемесіне енгізілмесе, оларды айыптау негiзiне жатқызуға болмайды» деп көрсеткен.

Бұдан бөлек қылмыстық істің 14-бумасының 47-49 беттерінде ҚР СЖҚК ҰБ-ның тергеушісі Д.Бахытовтың Шаймерденовтің қатысуымен «қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы тапсырмасында мерзімдері көрсетілмеген. Осылайша қылмыстық істе Шаймерденовтің қатысуымен қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу әрекеттерін қылмыстық процесстік заңнаманың талаптары тұрғысынан заңды және негізді деп танитын ешқандай құқықтық процесстік құжаттар жоқ.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің әрекеттерін қылмыстық әрекеттерді имитациялау емес, пара алуға ниеті болмаған Әбішевке қатысты жасанды дәлелдемелерді қолдан жасау мақсатында парақорлыққа араңдату-айдап салу болып табылады.

ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы №8 нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес, «қылмыстық қудалау органдарының ҚК- нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамды қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз пара алу ниеті туындамайтынын және қылмыстың жасалмағанын айғақтайтын мән-жайлар болған кезде пара нысанасын алуға көндірудің нәтижесінде келісім алынған кезде оған пара беруден тұратын арандатушылық-айдап салушылық әрекеттері өзіне қатысты осы әрекет жүзеге асырылған адам жасаған әрекеттің қылмыстылығын жояды».

Осы нормативтік қаулының 25-тармағына сай, ҚК-нің 417-бабының 2-бөлігі бойынша парақорлыққа арандату үшін жауаптылық ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамға пара нысанасын беруге әрекеттенген адамның ол адамның параны алуға келісімінің жоқ екенін біле тұра, өзінің әрекетінің қылмыс жасаудың немесе бопсалаудың дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жүзеге асырған жағдайда ғана туындайды».

Осыған орай ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерінің және арызданушы А.Шаймерденовтің әрекеттерінде парақорлыққа араңдатушылық-айдап салушылықты танып, жүргізілген қылмыстық әрекетті имитациялауды заңсыз деп тану туралы сотта жарияланған өтініштерді қанағаттандыруға толық негіз бар деп санаймын.

Ендігі кезекте айыптау тарабының басты дәлелдемелерінің бірі ретінде сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындыларына баға беретін болсақ: Іс бойынша «пара берушінің» де, «пара алушының» да статусы түсініксіз және күмәнді, оның үстіне пара нақты адресатқа жетпеген. Бұндай жағдайда, негізгі дәлел ретінде іске қатысушылардың өзара сөйлескен сөздері және оған сарапшылардың беретін баға, яғни психологиялық-филологиялық сараптама қорытындылары міндетті түрде басты дәлелге айналып шығады.

Қылмыстық істің 8 бумасында ШҚО бойынша сот сараптамасы институтының сарапшысы Г.К.Кудайбергенованың №1348 санды 28.06.2019 ж., №1349 санды 21.06.2019 ж., №1350 санды 25.06.2019 ж., №1351 санды 24.06.2019 ж., сот психологиялық-филологиялық сараптамаларының қорытындылары (СПФС) тіркелген.

Сараптама қорытындыларының сапасы сын көтермейді, онда сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтар өте көп орын алған.

Мәселен, №1351 сараптаманың синтездеу бөлігіндегі Шындаулетовтың сөздері аз болуы себепті, оның пара алуға итермелеу бөлігінде анықтау мүмкін еместігі және құқықтық баға беруге жататыны себепті, СПФС міндетіне жатпайтыны туралы жазылады да, алайда қорытынды бөлігінде СПФС міндетіне жатпайтыны туралы бөлігі қалып қойған. №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлгінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының келісімнің 10% болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасаған.

Біріншіден, сарапшының қорытындысы болжамға негізделмеуі керек, екіншіден, ақша сомасының шыққан тегін анықтау немесе келісімнің қанша пайызына жататыны туралы тергеуші тарапынан сұрақ қойылмаған, соған қарамастан сарапшы Кудайбергенова қойылған сұрақ шеңберінен асып кеткен. Осы сұрақтың зерттеу бөлігінде, Әбішевке тиесілі емес сөзді сарапшы жазып қойған, ондай сөз стенограммада жоқ. Осы сараптаманың №10 сұрағын зерттеу бөлігінде бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырым жасалған, 1. Тараптардың әңгімесі бір-біріне түсініксіз 2. Бір-біріне түсінікті деп, қорытындыға жеткілікті негізделмесе де, екінші кетіп қалған. №1348 санды сараптаманың қорытындысында 5-58 сұрақтарын біріктіре жауап берген сарапшы зерттеу бөлігінде негіздеп, нақты сөздерден мысал келтірмеген.

Әрі қарай осы қорытындысының 25 бетінде, сарапшы Кудайбергенова №12, 19, 25, 31, 37, 44, 51 санды сұрақтарды біріктіріп, бір жауап берген, яғни 7 сұрақ бір сұраққа біріктірілген. Сұрақтың орысша мәтіні тергеуші тарапынан былай (сараптама басында орыс тілінде тағайындалған) қойылған (мысалы №12 сұрақ) «Имеется ли в разговоре между Тукиевым и Шаймерденовым от 03.01.2019 г., (ссылка на диски) со стороны Тукиева, смысловой компонент требования денежных средств и на какие нужды?». Сарапшы біріктірілген сұрақтарға жауап бере келіп, атап айтқанда, Түкиев тарапынан Шаймерденовтен ақша талап ету фактісі жоқ, ақша беруге итермелеу әрекеті бар дей келе, сарапшы сұрақтың ең маңызды тұсын, ол ақшаның қандай қажеттілікке (на какие нужды) сұрағанына жауап бермей кеткен! Ал бұл сұрақтың өте маңызды жері! Себебі, барлық стенограммаларда және басқа да іс материалдарында Түкиевтың Шаймерденовтен 10 000 000 теңге ақшаны «Қазақ күресі» федерациясының спортшыларын Голландияға іссапарға – спорттық жарысқа апару үшін демеушілік ретінде алмақшы болғаны анық көрсетілген! Бұл жерде сарапшы Кудайбергенованың толық емес жауабы істің квалификациясына тікелей әсер ететінін айту керек!

Осыған ұқсас, №1349 санды сараптаманың бірінші бетінде сарапшы Кудайбергенова тергеушінің №1 сұрағы былай қойылғанын көрсетеді (сөзбе-сөз) «Содержит ли текст в разговоре между Абишевым и Шаймерденовым от 07.03.2019 г., (диск №1 папка «69с от 11.03.19 г» файл: 2019 март 07 15- 00.wav) общие темы и позволяет ли лексико-синтаксический анализ текстов беседы говорить о том, что участники ведут разговоры на понятную друг другу тему (общую для них тему) и кто является инициатором встречи, разговора и начала каких-либо тем для разговора?».

Алайда, сараптаманың зерттеу бөлігінде (№8 беті) бізге белгісіз себептермен, сұрақтың соңғы абзацы толығымен түсіп қалған! Яғни, сарапшы Кудайбергенова өз бетінше тергеу тарапынан қойылған сұрақты өзгертіп тастаған!

Нәтижесінде, қорғау тарапы үшін өте маңызды «кездесулердің, әңгіменің жалпы оқиға басталуының себепкері кім?» деген сұрақты сарапшы Кудайбергенова жауапсыз қалдырған!

Ал іс материалдары мен стенограммалар мәтіні сәйкес, жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша себепкер Шаймерденов екені анық көрініп тұр! СПФС жүргізу барысында сарапшы Кудайбергенова әдістемелік және құқықтық сипаттағы қателіктер мен заң бұзушылыққа жол бергені үшін Сот сараптама орталығының 04.10.2019 ж. №20-05-15, 3133 санды рецензиялау нәтижесі туралы хатына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, қорғаушы тарабы ҚР ҚПК-нің 70-бабының 3-бөлігінің 5- тармағының тәртібімен шарттық негізде сараптама өткізіп, 19.09.2019 ж. сарапшы (лицензия №14008132 05.06.2014ж.) А.Г.Есбаевтың қорытындысы алынып, өтініш негізінде сотпен іске жалғанды.

Бұл сараптаманың қорытындысы сарапшы Кудайбергенова жол берген кемшіліктердің орнын толтырып, қорғаушы тарабы үшін маңызды сұрақтарға, яғни 20.01.2019 ж. кездесудегі Әбішевтің әңгімелеріндегі ақша қаражаттары федерацияны қолдауға бағытталғанын және 07.03.2019 ж. ұшақтағы кездесу Шаймерденовтің бастамасымен және бұл әңгімеде Әбішев ақша талап етіп жатқаны байқалмайтыны туралы толық қанды жауап берген.

Айыптау тарабының сотталушыларды кінәлі деп тану үшін ұсынып отырған жеткіліксіз және бір-біріне қарама-қайшы келетін дәлелдемелерін зерттеп баға беру кезінде ҚР ҚПК-нің және ҚР Жоғарғы Сотының «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» 20.04.2006 ж.№4 Нормативтік Қаулысының талаптарын басшылыққа алады деп ойлаймын.

Өйткені ҚР ҚПК-нің 125, 393-баптары мен аталған Нормативтік Қаулының 12, 13-тармақтарының талаптарына сәйкес, әрбiр дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.

Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.

Ал соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, процестік әрекеттердің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.

Сот әртүрлі куәлардың іс жүзіндегі бір мән-жайлар жөнінде қарама-қайшы айғақтарын бағалай отырып, басқа дәлелдемелердің, айғақтардың өзіндегі қарама-қайшылықтарды талдаудың көмегімен, бірі қабылданып, келесілері шындыққа сәйкес келмеуі салдарынан теріске шығарылған дәлелдемелердің уәждерін сот актісінде көрсетіп, оларды шешуі тиіс.

Дегенмен, сот тергеуінде анықталғандай, айыптау тарабы ұсынып отырған басты дәлелдемелері бір-біріне қарама-қайшы келеді және бір-бірін теріске шығарады. Соның ішінде басты куә А.Шаймерденовтың сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот тергеуінде берген жауаптарының өзі бір-біріне және қылмыстық істегі жасырын тергеу амалдарының нәтижелеріне және сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындылары тікелей қарама-қайшы келіп, теріске шығарып тұр.

Атап айтсақ, сот тергеуінде берген А.Шаймерденовтің жауаптарына сәйкес, И.Әбішев одан жасырын тергеу амалдарын жүргізу барысында екі рет кездескен кезде ақша талап етті деп кесіп айтқан.

Олар:

1. 20.01.2019 ж. Риксос қонақ үйінде.

2. 07.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы ұшақта.

Бірінші кездескен кезде, А.Шаймерденовтің айтуы бойынша «И.Әбішев «Қазбайлық Астана» ЖШС араларында келісімшарт түзу үшін соңғы мекеменің басшыларынан құрылыстың жалпы соммасы 4-5% яғни, 250 000 000 теңге ақшаны «откат» ретінде А.К. Шаймерденов арқылы талап етіп, оның 60 000 000 теңге ақшасынан 10 000 000 теңгесін С.А.Түкиевке беруін, ал қалған бөлігі 50 000 000 теңге ақшаны кейін өзі алатынын айтқан».

Куә А.Шаймерденовтің дәл осы жауаптары жасырын тергеу амалдарын жүргізу барысында жазылып алынған әңгімелердің /стенограммалар/ мазмұнына тікелей қарама-қайшы келеді.

Өйткені, стенограмма жазбаларына сәйкес, бұл кездесуде И.Әбішев өзінің «Қазбайлық Астана» ЖШС-нан ақша алған сыңайлы әңгімелер тарқап кеткенін Шаймерденовке айтып, ренішін білдіруде және үшінші тұлғалармен берілетін ақшалай қаражаттар «Қазақ күресі» Федерациясының Голландияда өтетін чемпионатқа барып қайтуға байланысты демеушілік көрсетуге арналғаны А.Шаймерденов, И.Әбішев және С.Түкиев араларындағы үшжақты әңгімелердің мазмұнынан анық көрініп тұр (9 бума, 121-138 беттерде, СПФС қорытындысында көрсетілген).

Екінші кездескен кезде, А.Шаймерденовтің айтуы бойынша, «И.Әбішев 7 наурыз 2019 ж. ұшақта қасына өзі шақырып алып, ақша туралы әңгімені өзі бастап, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен Шаймерденов арқылы ақша талап етуді жалғастырған».

Куә Шаймерденовтің бұл жауаптары жасырын тергеу амалдарын жүргізу кезінде аудиожазба құралына өзі жазып алған әңгімелердің /стенограмманың/ мазмұндарына тікелей қарама-қайшы келеді. Өйткені, аудиожазбадағы әңгімелердің мазмұнына сай, ұшақта Шаймерденов өз бастамасымен сұранып И.Әбішевтің қасына келіп отырып алады да, жалпы ақша туралы әңгімелерді өзінен-өзі бастайды. Ал «Қазбайлық Астана» ЖШС туралы әңгіме ақша сұраумен емес, тек қана қос мердігерлікпен байланысты тақырыпта ғана қысқа-нұсқа қозғалады (9-бума, 165 бетте, СПФС қорытындысында).

Бұдан басқа куә А.Шаймерденов сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде 4 рет берген жауабында «И.Әбішев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен Шаймерденов арқылы ақша талап етуін куә А.Жампозов арқылы жүзеге асырып отырды» дегеніндей бірде-бір сөздері жоқ. Ал сот тергеуінде кенеттен бұрынғы берген жауабын түбегейлі өзгерте отырып, «И.Әбішев Шаймерденовтен ақшаны А.Жампозов арқылы талап етті» деп көрсетеді.

Бұлай жауап беруінің себебі, айыптау тарабының куәсі А.Жампозов сот тергеуі барысында ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкері Ж.Исмагуловтың және куә Шаймерденовтің тарабынан бірнеше рет қоңырау шалып, қысымшылықтар мен қорқытулар көрсетілулеріне қарамастан, олардың ықпалынан шығып, сотқа келіп, тергеудегі жауабын қолдамай теріске шығарып, сотта шынайы жауап беріп, тергеу органының лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттерін әшкерелеп беруінде.

Сондай-ақ куә А.Шаймерденовтің жауабы бойынша «И.Әбішев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен шарттың сомасының 4-5 пайызын талап етті» десе, сот психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысында пара сомасы 10 пайыз деп көрсетілген. Әрі қарай айыптау актісінде, 12.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан қаласына (сол кездегі Астана қаласына) К.А.Әбішевтің танысы Түркістан облысының тұрғыны К.К.Шындаулетов келген. Өз кезегінде, «пара талап етуші» И.А.Әбішевтің «қылмыстық әрекетінен» хабарсыз оның туған інісі К.А.Әбішев, И.А.Әбішевтің «қылмыстық әрекетінен хабарсыз К.К. Шындаулетовке хабарласып, онымен 13.03.2019 ж. жолығып, А.К.Шаймерденовтен ақша алуды тапсырған. 14.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан қаласы (сол кезде Астана қаласы), Тұран көшесі №33 мекен-жайдағы «Традиционал» мейрамханасында И.А.Әбішевтің «қылмыстық әрекетінен» хабарсыз К.К.Шындаулетовке қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында, әрі қарай И.А.Әбішевке берілуі тиіс пара беруші ретінде қылмыстық әрекетті имитациялаған А.К.Шаймерденовтен 49 000 000 теңгесі муляж, 1 000 000 теңге шынайы ақша, жалпы соммасы 50 000 000 теңге ақшаны қолма-қол алу барысында ұсталған», деп көрсетіп қойған.

Айыптау тарабының дәл осы тұжырымдары расталмағаны былай тұрсын, өздері сотқа ұсынып отырған дәлелмелер мен құжаттарға қарама-қайшы келеді. Қ.Шындаулетов 14.03.2019 ж. 50 млн.теңгені И.Әбішев үшін алып жатқаны дәлелденбеген. Ал И.Әбішев болса Шындаулетовке немесе Қаныбек Әбішевке А.Шаймерденовтен 50 млн.теңге ақшаны алып келуін тапсырғаны жөнінде, яғни араларындағы байланыс ешқандай аудио-бейне жазба дәлелдерімен расталмайды, ал жасырын тергеу амалдары соңғы күнге дейін үздіксіз жүргізіліп келген. Сол себепті де 31.07.2019 ж. Шындаулетов пен Қ.Әбішевке қатысты іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына орай, ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлімінің 2-тармағымен ақталатын негізде тоқтатылған болатын.

Дегенмен, ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері мен А.Шаймерденовтің дәлелдерді қолдан жасау мақсатында парақорлыққа арандатушылық-айдап салушылық әрекеттерінің айқын көрінісі – Қ.Шындаулетов әлі Астана қаласына келмей жатып, онымен ақша туралы сөйлеспей жатып, Шаймерденов ҰБ-ның қызметкерлерінен алдын ала 11.03.2019 ж. 50 млн. теңгені Шындаулетовке беру үшін қара сөмкеге салып алып, 3 күн бойы өзімен ұстап күтіп жүрген. Бұл көрініс А.Шаймерденовтің арандатушылық әрекетін жасағанының көрінісі ғана болмай, соңғы СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерімен тығыз байланыста болғанын растайды.

Өйткені, Шаймерденов құқық бұзушылыққа бейім болып қана қоймай, бұрын СЖҚК ҰБ-да аса маңызды істер бойынша инспектор болып жұмыс жасаған және осы ведомстваның жедел қызметкерлерімен байланысын жалғастырып келген.

Айыптау тарабының осыншама бір-біріне қарама-қайшы келетін және бірін-бірі теріске шығаратын жеткіліксіз дәлелдемелері соттың назарынан тыс қалмай, тиісті бағасын алады деп ойлаймын.

Сондықтан да, өз жарыссөзімді аяқтай келе, жоғарыда көрсетілген деректер мен айғақтардың негізінде ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері мен А.Шаймерденовтің әрекеттерінде арандатушылық-айдап салушылық белгілерін тани отырып, сотталушылар И.Әбішев пен С.Түкиевті ақтауды сұраймын.

Алмас Абрахманов, адвокат, Нұр-Cұлтан қаласы Адвокаттар алқасының мүшесі:

- Құрметті сот және іске қатысушылар!

Мен өз жарыссөзімде айыптау тарабының Әбішев пен Түкиевке тағылып отырған айыптаудың мән-жайын растайтын дәйектеріне, нақты айтсам дәлелдеме ретінде куәләрінің жауаптарына тоқталып, баға бергім келеді.

Өз кезегінде айыптау тарабы өзінің қолдап отырған айыбын сотта жауапталған куәлардың жауаптарымен бекіткісі келген. Алайда айыптау тарабының көптеген куәлары айыптау актісінде көрсетілген мән-жайларды растамақ түгілі, оларды теріске шығарып, қорғау тарабының пайдасына жауаптарын берді.

Атап айтсақ, мұндай куәлардың қатарында Жампозов, Макишев, Тюлегенов, Малгаждаров, Шындаулетов және тағы басқалар бар.

Аталған куәлар сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде тергеу хаттамаға енгізіп қойған жауаптарының мазмұны мен мәтіндерін қолдамай теріске шығарып, сотта шынайы жауап берді.

Нақты тоқталатын болсақ, сот тергеуінде жауапталған:

Куә А.Жампозов тергеу кезінде берген 4 бірдей жауабынан толық бас тартып, өзіне тергеу тобының көрсеткен қысымы туралы ашық мәлімдеді. Ең шынайы жауап биылғы жылдың ақпан айында тергеуші Идрисовке берген жауап алу хаттамасын тергеутобының жетекшісі А.Агибаев мамыр айында жыртып тастап, Идрисовтың атынан алынған жауапты қайта жасақтап, соған қол қоюға мәжбүрлеген. (Куә сөзінің жауабы, сол хаттамада жауап алған тұлға ретінде Идрисовтың көрсетіліп, хаттама соңында Агибаевтың қол қоюымен құжат түрінде де расталады!). Одан кейінгі  жауаптардың бәрін де тергеушілер өздері жасақтаған, Ол тек қолын қоюмен ғана шектелген. Тергеу тобы іс сотқа жеткеннен кейінде қысым көрсетуін қоймаған.  Олар куәні өздеріне шақыртып, телефон арқылы қорқытқан, «ватсап» арқылы 4 жауап хаттамасын жолдап, сотта сол хаттамаларда жазылған сөздерді ғана қайталап айтып, ал адвокаттар сұрағына «есімде жоқ» деп айтуын тапсырған. Куәнің ол сөздері өзі сотқа ұсынған және іс материалдарына жалғанған тергеу тобы мүшелерінің жазған СМС хабарламаларымен толық дәлелденді. Куәнің жазбаша өтініші бойынша сот оған қорғау тағайындап, қорғауды ҰҚК қызметкерлеріне тапсырды. Өзінің өміріне және денсаулығына қауіп төндіріп отырған тұлғалар ретінде куә сотта СЖҚК Ұлттық Бюросы қызметкерлері мен осы іс бойынша арызданушы А.Шаймерденовты атап көрсетті және оған нақты дәлелдерін ұсынды.

Ал сотта берген куә Макишевтің жауабына назар аударсақ, тергеуде берген жауаптарынан бас тартып, өзінің тек қана А.Шаймерденов пен «Қазбайлық» ЖШС басшыларын таныстыру мақсатында ғана әрекет еткенін, ешқашан ешкімнен ақша алып, оны Шаймерденов немесе басқа біреуге беру ойы болмағанын, сонымен қатар өзінің ешқашан «Қазбайлық» ЖШС директоры болмағанын және ешкімге директорымын деп айтпағанын көрсетті. И.Абишев пен С.Түкиевке қатысты ақпаратты тек қана А.Шаймерденовтен естігенін, ол ақпараттардың басқа ешқандай дереккөзі болмағанын атап өтті. Одан басқа, тергеу органдарының оған қатысты «Қазбайлық» ЖШС директоры ретінде ЖІШ (жедел іздестіру шаралары) жүргізгенін білмегенін, ол жалған ақпарат екенін, арызданушы А.Шаймерденов оның директор емес екенін жақсы білетінін көрсетті.

Бұдан басқа айыптаудың басты куәләрінің бірі Тюлегеновтің сотта берген жауабы айыптаудың мән-жайын тіпті толығымен теріске шығарып тастады. Яғни Абишев одан ешқашан пара талап етпегенін, тірідей оны сотта бірінші рет көріп тұрғанын, Макишевтің ұсынысына пара беруден мүлдем бас тартқанын және пара беру ешқашан ойында болмағанын, СРК-мен қосымша келісім ешқандай кедергісіз жасақталғанын, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процессуалдық шешімнің қабылданғаны туралы сотта бірінші рет естіп тұрғанын көрсетті.

Дәл сол сияқты айыптаудың басты куәсінің бірі Малгаждаровта осы сипатта жауап берді, олда сотта Абишев пара талап етпегенін, СРК-мен қосымша келісім еш кедергісіз жасақталғанын, Секвестирование туралы хатты СРК-не 2019 жылға қаржылық жұмыс жоспарын жасақтау мақсатында ғана жолдағанын, тіпті Макишевті де, Шаймерденовті де танымайтынын атап көрсетті.

Сотта айыптау тарабының бір ғана куәсі өз жауабын өзгертсе, ол кездейсоқтық немесе куәнің жеке мүдделі себептермен өзгертуі мүмкін деп баға беруге болатын еді. Алайда сот тергеуінде өздеріңіз куә болғандай айыптау тарабының бір ғана куәсі емес, қатарынан бірнеше басты куәләрі  тергеуде берген жауаптарын қолдамай, сотта шынайы жауаптар беруі, ол кездейсоқтық емес, ол тергеу органының осы куәләрдің жауаптарын айыпты күшейту мақсатында хаттамаға әдейі бұрмалай отырып енгізген деген жалғыз тұжырым жасауға итермелейді.

Жоғарыда аталған куәләрдің сотта берген жауаптарын сот басшылыққа алып, тиісті бағасын береді деген сенімдемін. Өйткені бұл дәлелдер айыпты растауға жеткіліксіз. Керісінше сотталушылардың кінәсіздігін растауға жеткілікті дәлелдемелер деп бағалауға жатады.

Бұл тұрғыда ҚР ҚПК-нің 125, 393-баптарының талаптарына сәйкес, әрбiр дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.

Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.

Ал соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, процестік әрекеттердің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.

Сот әр түрлі куәлардың іс жүзіндегі бір мән-жайлар жөнінде қарама-қайшы айғақтарын бағалай отырып, басқа дәлелдемелердің, айғақтардың өзіндегі қарама-қайшылықтарды талдаудың көмегімен, бірі қабылданып, келесілері шындыққа сәйкес келмеуі салдарынан теріске шығарылған дәлелдемелердің уәждерін сот актісінде көрсетіп, оларды шешуі тиіс.

Дегенмен сот тергеуінде анықталғандай, айыптау тарабы ұсынып отырған басты дәлелдемелері бір-біріне қарама-қайшы келеді және бір-бірін теріске шығарады.

Сондай-ақ сот тергеуінде қосымша куә ретінде шақыртылып, жауапталған Ұлттық бюроның қызметкерлері Аташев, Агибаев, Идрисов және Исмагуловтар сотта Шаймерденовтің нақты статусын анықтай алмай, оны арызданушы немесе пара беруге делдал немесе пара беруші деп әр түрлі сипатта жауап беріп, шатаса бастады. Бұл жағдайда соттың назарынан тыс қалмай, баға беріледі деп сенемін.

Сөйтіп өзімнің жарыссөзімді аяқтай келе Абишев пен Тукиевтің кінәсін растайтын дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына, ал істегі бар дәлелдмелер бір-біріне қарама-қайшы келіп, теріске шығауына орай сот ақтау үкімін шығарады деп сенемін.

Қосымша: Бұл адвокаттар Саян Жүнісбаев пен Алмас Абдрахмановтың соттағы жарыссөзде сөйлеген сөздері...

Abai.kz

7 пікір