Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020
Қауіп еткеннен айтамын 2250 16 пікір 20 Қаңтар, 2020 сағат 15:44

Бізде парламент сайлауы қашан өтетінін ресейлік БАҚ қайдан біледі?

Әлгінде Кремльдегі көп шендінің диктовкасымен жұмыс жасайтын «Россия 24» дейтін телеарна 2020 жылы әлемде өтуі тиіс деген маңызды саяси оқиғаларға, соның ішінде президенттік және парламенттік сайлауларға шолу жасапты.

«Россия 24»: Сайлау 2020 жылдың наурызында өтеді

Сөйтіп, 1,5 минуттық ақпараттық анонста 2020 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтеді депті. Күнін көрсетпесе де, айын айтыпты. Наурыз да екен...

Президенттік сайлаулар АҚШ, Белоруссия, Тәжікстан мен Боливияда болады десе, парламенттік сайлаулар 14 елде өтеді депті. Соның бірі – Қазақстан-мыс.

Ойда-жоқта айтылған орыс ақпаратына біздің Мәжілістің депутаттары бір-бірлеп пікір айтып, ақпаратты терістеуге тырысыпты. «Zakon.kz» сайты жазған екен.

Депутаттар: Елбасы сайлау конституциялық мерзімде өтеді деген...

«Ресей, айтайын, асығыстыққа салынып отыр. Білесіздер, бізде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлау конституциялық мерзімде, 2021 жылдың ақпанында өтетінін бірнеше мәрте айтты. Ал енді ол жақта ұзаққа созылған жаңажылдық демалыстан кейін кімнің басындағы қандай да бір ойға мен жауап бермеймін», депті Мәжілістегі егде жастағы депутаттардың бірі Владимир Божко.

«Мен ресейлік телеарнаға қатысты пікір айта алмаймын. Оның үстіне, мен ол туралы естіген де, көрген де жоқпын. Бірақ, біздің партияның саяси кеңесінің отырысында Елбасы мен Мемлекет басшысы сайлау конституциялық мерзімінде өтетінін айтқан болатын», дейді Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаева ханым.

«Ешқандай да сайлауға дайындық жасалып жатқан жоқ. Барлығы штаттық режимде. Мәжілісте де солай. Ал «Нұр Отан» партиясының белсендісі ретінде айтарым, жалпы жаңа сайлауалды бағдарлама жазуға дайындық жасалып жатыр. Бұл енді, сайлауға қатысуға ниетті барлық партия жасап жатқан шаруа. Бұл жоспарлы жұмыс.

Сараптайықшы, наурыз айы дейді. Ресей бізге наурызда сайлау өткізіп беретін бопты-мыс. Ендеше, сайлау өтетіні туралы ақпарат қазір жариялануы керек. Содан соң, біз бар шаруаны ысырып қойып, соған қызу кірісуіміз керек. Сондықтан, бұл техникалық қателік және ресейлік журналистердің жауапкершіліксіздігі деп есептеймін», депті Павел Казанцев дейтін депутат.

ОСК: Мәжіліс сайлауын Қазақстан Президенті белгілейді

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы да жаңағы орыс ақпаратын терістеп, «Zakon.kz» сайтына хабар беріпті.

«Конституциялық заңның 85 бабы, 1 тармағына сәйкес, кезекті сайлауды белгілуге Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуы негізгі себеп болып табылады.

Конституциялық заңның 85 бабы, 2 тармағына сәйкес, Парламент Мәжіліс депутаттарының сайлауын Қазақстан Президенті белгілейді. Және ол Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 5 ай бұрын белгіленіп, 2 ай бұрын өткізілуі керек», деп жазылған ресми жауапта.

Ал Қазақстанда соңғы рет парламенттік сайлау 2016 жылдың 20 наурызында өткен. Конституцияға сәйкес, олардың өкілеттік мерзімі 5 жыл. Демек, келер сайлау 2021 жылы өтуі тиіс.

Енді тақырыпты тарқатып жазайықшы, орыс ақпараты жаңағыны неге сүйеніп жазды?

2019 жылдың шілдесінде экс-президент, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Парламенттік сайлау туралы сол жерде сөз болды.

«Алда бастауыш партия ұйымының басшыларының кездесуі бар, саяси кеңестің кездесуі бар, болашақта өңір-өңірлерді аралап, партияны алдымызда келе жатқан электоралды мәселелерге дайындауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл да өз кезегінде парламенттік сайлау додасының жақындай түскенінің дәлелі болса керек-ті.

Сол жылы тамызда партияның кеңейтілген отырысында да осы парламенттік сайлау жайы айтылды. Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай: «Жиында Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық мерзімде өтетін Мәжіліс сайлауына партияның дайындық жұмыстарын бастауды тапырды», деп жазған.

Сонымен, орыс ақпараты парламенттік сайлау – 2020 жылдың наурызында өтеді дейді. Ал биліктегі бас партияның басшылары 2021 жылдың ақпанында дегенінен айни қойғанын естімедік... Парламенттік сайлау қашан өтеді?

Өткен жылы Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өткені белгілі. Бұрынғы Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев президент болды. Сөйтіп, елде президент ауысты. Жаңа президент ескі парламентпен жұмыс жасап жатқалы да жылға жуықтады. Әсілі, парламент ауысады екен деген гу-гу әңгіме әуелі сол кезде-ақ, айтыла бастаған.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың аяғы мен 2019 жылдың басында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев елде кезектен тыс сайлау өтпейтінін айтқан еді. Алайда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлап алдық... Сондықтан, парламент сайлауы «срогынан» бұрын өтіп қалуы мүмкін деген пікірдің де жаны бар. Себебі, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу – қазақстандық сайлаулардың «сәніне» айналғалы қашан?..

7 сайлаудың 5-еуі кезектен тыс өткен

Фактімен сөйлесек, Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихында елде жеті рет парламенттік сайлау өтсе, соның бесеуі кезектен тыс өтіпті. Енді осы сайлаулардың тарихына көз жүгіртейікші, кімдер қатысты, кімдер жеңді?..

Қазақ ССР кезінде парламенттік сайлау 1990 жылдың 25 наурызында өтті. Белгіленген 360 орынның 342-сі коммунистік партияға бұйырды. Қалған орындарды тәуелсіз үміткерлер иеленді.

(1990 жылғы сайлаудың нәтижесі)

Онан соң Тәуелсіз Қазақстанда парламент сайлауы 1994 жылдың 7 наурызында өткен. Сайлаушылардың белсенділігі 73,5 пайызды құраған.

(1994 жылғы сайлаудың нәтижесі)

Арада бір жыл өткенде, тағы да парламенттік сайлау өтті. 1995 жылдың 9 желтоқсанында алғашқы туры, сосын  23 желтоқсанда екінші туры ұйымдастырылды.

(1995 жылғы сайлаудың нәтижесі)

Келесі сайлау 1999 жылдың 10 қазанында ұйымдастырылып, оның екінші туры 24 қазанда өтті.

(1999 жылғы сайлаудың нәтижесі)

2004 жылдың 19 қыркүйегінде тағы да сайлау болды.

(2004 жылғы сайлаудың нәтижесі)

Онан кейінгі кезектін тыс сайлау 2007 жылдың тамызында өткізілді. Электораттың белсенділігі 64,5 пайызды құраса, «Нұр Отан» партиясы 88,5 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

(2007 жылғы сайлаудың нәтижесі)

2012 жылы тағы да кезектен тыс сайлау өтті. «Нұр Отан» 81 пайыздан көп дауыс алды.

(2012 жыл,ы сайлаудың нәтижесі)

Онан кейін 2016 жыл. Ол да кезектен тыс ұйымдастырылды. Тағы да жеңімпаз – «Нұр Отан». 82 пайыз.

(2016 жылғы сайлаудың нәтижесі)

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады. Оның тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.

Егер биыл кезектен тыс парламеттік сайлау өтетін болса біз сөз еткен жоғардағы сайлаулардан өзгеше ештеңе бола қоймас. «Нұр Отанның» басым дауыспен жеңетініне сенетіндер көп. Ұлттық, халықтық мәселелерді біршама көтеріп жүретін «Ақ жол» да 7%-дық межені бағындыратын болар. Ассамблеяға берілген 9 мандатты дәл қазір қайтып алуға құлшынып отырған ешкім жоқ. Демек, бұлар да мәжілістен кете қоймайды.

Ал «Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы» тағы да мәжілістен орын таба ма деген сұрақ маңызды болып тұр. Біздің билік бұл партияны төрге шығарып сыйлап отырғанымен, қарапайым халықтың ықыласы төмен.

Қызыл коммунистер басқарған қызыл империядан тәуелсіздік алып, мәңгілік ел болуды мақсат еткен Қазақстан Республикасының заң шығарушы органында коммунистік партияның отырғанына көз жұма беруге енді болмайды дейтіндер көп.

Келесі Мәжіліс: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және «ЖСДП»...

Айтпақшы, саяси болжам жасаушылар келесі парламенттің сұлбасы бұрынғыдан өзгешелеу болады дегенді де айтып жүр. Олардың айтуынша, Мәжілістегі 107 креслоны қазіргідей үш партия, бір қоғамдық ұйым емес, бес саяси партия бөліске салады-мыс. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және «ЖСДП». Оған қоса, қазір ел ішінде келесі сайлаудың дайындығын бастап кеткендер де бар.

Мысалы, Жанболат Мамай мен Тоғжан Қажалиевалар бір-бір партия құрудың қамына кірісіп кеткені белгілі. Жә, оны уақыт көрсетер...Әзірге біздің көңілімізді күпті еткен сауал – қазақ саясатындағы бізге белгісіз ақпаратты – орыс телеарнасы қайдан алып жүр?

Қайсыбір жылы Ақорданың ауласында жүрген Бағлан Майлыбаев деген адамды «мемлекеттік құпияны жайды» деп соттағаны есімізде. Ол кезде «Майлыбаев Кремльдегілермен астыртын байланыс жасапты» деген...

Енді, міне, орыс телеарнасы қазақстандық БАҚ білмейтін ақпаратты ай-күнін белгілеп айтып, жарияға жар салыпты... Бұл жаңағы, депутаттар айтқандай, орыс журналистерінің саяси сауатсыздығынан болды ма, әлде, олар біліп айтып отыр ма? Гәп осыда!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір